Accessibility links

Евгений Жовтисті қолдау акциясының эстафетасы Орал мен Бішкекте жалғасты


Евгений Жовтисті қолдау акциясы. Орал, 12 қазан, 2009 жыл.
Евгений Жовтисті қолдау акциясы. Орал, 12 қазан, 2009 жыл.

Қыркүйекте басталған Евгений Жовтисті қолдау акциясының эстафетасын қазанның 12-сі күні Орал мен Бішкектегі құқық қорғаушылар жалғастырды. Олар белгілі құқық қорғаушыға шығарылған сот шешімінің әділ еместігін қазақ билігіне тағы бір мәрте ескертті.

Бішкектегі акция барысы туралы Азаттық радиосына әңгімелеп берген «Азаттық үні» қорының өкілі Сардар Бағышбековтың айтуынша, наразылық шарасы таңертеңгі сағат 11-де басталған. Алайда акция басталғанына небәрі 5 минут өткенде таң азаннан бері елшілік маңын торуылдап жүрген милиция қызметкерлері оларға шараны жалғастыруға мүмкіндік бермеген.

Сардар Бағышбеков: «Таңертең елшілік алдына келген кезде шамамен 15 милиция қызметкері тұрды. Біз елшілікке жақындап, плакаттарымызды жайдық. Бірақ 5 минуттан соң-ақ милиция қызметкерлері жақындап, акцияны тыйып тастады. Плакаттарымызды тартып алып, бәрімізді Ленин аудандық ішкі істер басқармасына алып кетті. Онда бізге ескерту жасалды, алайда ол ескертудің көшірмесін бізге берген жоқ. Мұнан соң бізді босатып жіберді»

Олар осының салдарынан елшілік үшін даярлаған үндеулерін де табыстай алмапты. Сардар Бағышбековтың пікірінше, құқық органдары қызметкерлерінің бұл әрекеті заңсыз. Оның айтуынша, бейбіт шараларды тоқтатуға тек соттың ғана құзыреті жетеді.

БІШКЕК БИЛІГІ АКЦИЯНЫ ИППОДРОМДА ӨТКІЗУДІ СҰРАҒАН


«Азаматтардың бейбіт жиналу құқығы туралы» Заңға сәйкес, азаматтар қандай да бір бейбіт жиын өткізердің алдында, 12 күн бұрын жергілікті билікті ескертуі тиіс. Акцияны өткізу орны, мақсаты т.б туралы. Біз заңға сәйкес, Ленин аудандық әкімшілігіне ескерттік. Олар бізге тыйым салған жоқ, тек «акцияны басқа арнайы орында өткізіңдер» деді. Әкімшіліктің айтып отырған жері, бұл - қалалық ипподром. Ол қаладан алшақ жатыр. Онда тек аттар ғана бар. Ол жерге кім барады? Заңға сәйкес, егер билік бұған қарсы болса, акция мерзімінен 6 күн бұрын сотқа шағым түсіруі керек. еді. Ал сот болса, үш күннің ішінде акцияға рұқсат беру яки бермеу туралы шешім шығаруы керек. Яғни, әкімшілік те, милиция да, прокуратура да акцияны тоқтата алмайды»,-дейді Сардар Бағышбеков.

Енді қырғыз құқық қорғаушылары бұл үшін жергілікті милицияның үстінен сотқа шағым түсірмекші.
Акцияны ұйымдастырушылардың бірі Қырғызстан Омбудсмені жанындағы құқық қорғаушылар кеңесінің өкілі Алмас Есенгелдиев: «Прокурордың ескерту қағазында біздің акцияны ескертпей өткізіп жатқанымыз турасында айтылады. Біз оған әкімшілікке жолдаған ескерту хатын көрсеткенімізбен, «мен ақпаратты тікелей жергілікті басқарма жетекшісінің өзінен алдым» деп түземей қойды. Осыған қарағанда әкімшіліктің құжат айналымында былықтар көп»

ОРАЛДА ҮНСІЗ ҚОЛДАУ АКЦИЯСЫ БОЛДЫ

Ал Қазақстанның батысындағы Орал қаласында Жовтисті қолдаушыларға флэш-моб үнсіздік акциясын өткізуге мұрсат берілді. Мұнда да әкімшілік акцияның көпшілік назарынан аулақ болғанын қалаған көрінеді.
Оралдағы Евгений Жовтисті қолдау акциясына қатысушылар. Орал, 12 қазан, 2009 жыл.


Павел Кочетков, Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің директоры:

«Біз әкімшілікке жолдаған хатта акцияны орталық алаң яғни, Абай алаңында немесе облыстық соттың жанындағы саябақта өткіземіз деп көрсеттік. Бірақ бұған тыйым салды. Қаланың басқа бір бөлігіндегі саябақта өткізуге рұқсат берді»

Мұнда акцияға қатысушылар өз пікірлерін әрқалай жеткізіпті. Павел Кочетков:

«Адамдардың қолында алдын ала дайындаған плакаттар мен «Азаматтық және саяси құқық туралы» Халықаралық пакті, ҚР-сының Конституциясы, ҚР Қылмыстық-процесуалдық Кодекс болды. Және де әрқайсымыздың мойнымызға ілінген әріптерді қосқанда «Жовтиске бостандық берілсін!» деген сөйлем шығатындай плакаттар да болды. Кейбір саяси партиялар өздерінің үндеулерін айтып жатты. Біз қазір акцияны қорытындылап, үндеу даярлап жатырмыз, оны Жоғарғы сотқа бүгін жолдаймыз»

Оның айтуынша, құқық органының қызметкерлері акция барысын бақылап, тек суретке түсіріп отырған.

Жовтисті қолдау акциясы Орал мен Бішкекте осымен екінші рет өтіп отыр. Бұл тәріздес акциялар Алматыда әр сәрсенбі сайын өтіп тұрады. Өткен сәрсенбіде Жовтисті қолдау акциясын «Азат» партиясы төрағасының орынбасарлары Маржан Аспандиярова, Петр Своик және партияның Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Қадыржан Асқаров өткізген болатын. Осыған дейін мұндай акция өткізушілерге Алматының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әртүрлі көлемде айыппұл салған болатын. Петр Своиктің айтуынша, құқық қорғау қызметкерлеріне алдын ала хаттама дайындап әкелгендіктен, әзірге сотқа шақыртпапты.

Евгений Жовтис — 1993 жылдан бері Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институты мен адам құқығы бойынша бюросының сарапшысы, Дүниежүзілік демократиялық қозғалыстың мүшесі.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. «Жовтис ісі» бойынша апелляциялық шағым 20 қазанда қаралады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG