Accessibility links

Жаңа ережені «БАҚ еркіндігін шектеудің сылтауы» деп атады


Тұрғындардың құжатын тексеріп тұрған полицейлер. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Тұрғындардың құжатын тексеріп тұрған полицейлер. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде БАҚ-тың жұмыс істеу ережелері күшейтілді. Баспасөз еркіндігін қорғаушы Тамара Калееваның Азаттыққа айтуынша, бұл шаралар биліктің ауысуына ұласқан Киевтегі қарсылық қызып тұрған тұста қабылданған.

Қазақстан үкіметінің төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану ережелерін бекіткені туралы хабар сәуірдің 2-сі күні тарады. Бірақ «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның Азаттық тілшісіне айтуынша, үкімет бұл ережені бекіту туралы қаулыны қаңтардың 28-і күні қабылдаған.

Баспасөз еркіндігін қорғаушы «Қазақстан билігінің бұл шарасы – төрт айға жуық уақытқа созылып, президент Виктор Януковичті биліктен тайдыруға ұласқан Киев Майданындағы наразылық шерулеріне байланысты реакциясы» деп бағалайды. Тамара Калееваның пайымдауынша, Украинаның Қырым түбегін Ресей бөліп алған соң Қазақстан билігі төтенше жағдай кезінде бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ) қызметін шектеуді «мүлде өзекті мәселе» деп есептеуі мүмкін.

Ережеге сәйкес, БАҚ-тың меншік иелері шектеу енгізілген сәттен бастап бір тәулік ішінде жазба басылымдары мен радио және телехабарлардың мазмұнын жергілікті комендатурамен келісуге міндетті. Ақпараттық материалдың міндетті даналары жарияланардан немесе эфирге шығардан бір тәулік бұрын, ал бұл шартты орындау мүмкін болмаса (егер шұғыл жаңалықтар шығып қалса) тікелей жарияланар алдында немесе эфирге шығар алдында комендатураға ұсынылуы тиіс.

Егер жазба басылымдары, радио және телехабарлар келісілмей шығарылса, жергілікті комендант БАҚ иесіне ақпарат құралының қызметін не оның өнімдерін таратуды уақытша тоқтату және/немесе мүлде тоқтату туралы бұйрық жолдауға
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 19 қараша 2012 жыл.
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 19 қараша 2012 жыл.
құқы бар. Төтенше жағдайлар кезіндегі қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану ережелері 2003 жылы күшіне енген «Төтенше жағдайлар туралы» заң негізінде қабылданған.

– Енді билік Жаңаөзен оқиғалары кезіндегі сияқты төтенше жағдайлар кезінде БАҚ-ты шектегені үшін еш ақталмастан әрекет ете алады, – дейді Тамара Калеева.

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ

Қазақстанда соңғы рет төтенше жағдай 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзен қаласында жарияланған еді. Ол кезде жергілікті мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілінің соңы зорлық-зомбылыққа ұласып, полицейлер шерушілерге қарсы қару қолданған. Ресми дерекке сәйкес, ол кезде 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2011 жылдың 17 желтоқсанынан 2012 жылдың 31 қаңтарына дейін Жаңаөзенде төтенше жағдай режимі орнады. Жаңаөзенде ұялы байланыс пен интернет жұмыс істемей,
Полицей азаматты тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Полицей азаматты тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.
ақпараттық блокадада қалған тұрғындармен желілік телефон арқылы да сөйлесу мүмкін болмады.

Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимі кезінде өзге шектеулермен қатар «көшіру-көбейту техникасын, радио және телехабарлар тарату аппаратурасын, аудио және видеожазба техникасын пайдалануға» шектеу қойылды немесе тыйым салынды.

Арасында осы мақала авторы да бар журналистерге Жаңаөзенге қанды оқиғадан екі күн өткен соң – 2011 жылдың 18-19 желтоқсаны күндері ғана кіруге рұқсат берілді. Олардың автобусын полиция қадағалап, өздерін Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мамандары ертіп жүрді. Журналистерді Жаңаөзеннің орталық ауруханасы мен мәйітханаға апарып, қала коменданты, полковник Аманжол Қабыловпен және ішкі істер министрі, генерал Қалмұханбет Қасымовпен кездесу ұйімдастырды. Журналистерді желтоқсанның 17-сі күні бейбіт шеру кезінде полицей тұрғындардың бірін атып өлтіріп, бірнешеуін жаралаған Шетпе станциясына апарды.

Билік журналистердің Жаңаөзен және Шетпенің қарапайым тұрғындарымен кездесуіне бөгет жасап бақты. Бірақ полицейлердің әйелдерді тексермейтінін
Арнайы жасақ. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Арнайы жасақ. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
пайдаланған кейбір журналист қыздар негізгі топтан бөлініп кетіп, жергілікті тұрғындармен араласып, қаза болғандар мен жараланғандардың туыстарымен кездесті. Ал Жаңөзен қаласына толып кеткен қарулы полицейлер ер адамдарды күніне бірнеше мәрте тоқтатып, тексергендіктен, журналист жігіттер мұны жасай алмады. Бұл жайында Азаттық жазған.

Ол кезде журналистер мен блогерлерге шабуыл жасалғаны туралы да хабар тараған еді. Шетпе станциясында видеосюжет жасамақ болған блогер Мұрат Тұңғышбаевты полицейлер жерге жығып, жеке куәлігін тартып алып, өздері автобусқа бекініп алды. Мұны көрген журналистер автобустың жолын бөгеп, полицейлердің кетіп қалуына жол бермеді. Журналистер кейін келген полиция полковниктерінің көмегімен ғана блогердің құжатын қайтарып алды.

Тамара Калееваның айтуынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде БАҚ қызметін шектеуге заңды тұрғыдан жеткілікті негіз болған жоқ. Ол Жаңаөзен оқиғасы кезінде интернетті өшіруді де заңсыз деп таниды.

– Кейін билік «интернетті ақау шығып өшірдік, бір тәуліктен кейін бәрі қосылды» деп ақталды. Бірақ оны заңсыз өшіріп тастағанын бәріміз білеміз, – дейді «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРАКТИКА

Батыс елдерінде әлеуметтік толқулар кезінде қолданылатын әлдебір іс-әрекеттер туралы қабылданған заңдардың мазмұны әр қилы. Бірақ қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, ол жақта не болып жатқанын жұртқа ашық көрсетеді. Тамара Калееваның айтуынша, «мысалы, АҚШ-та қандай жағдай болса да сөз еркіндігін шектеуге заң жүзінде тыйым салынған».
Ол жақта қанша қырғын болса да, наразылық білдіруге шыққан бейбіт тұрғындарға қарсы оқ ату немесе бұл туралы ақпаратты бұғаттау туралы ой ешкімнің ойына да келмейді.
Тамара Калеева.


– Бұған Грекиядағы көз үйренген немесе жуырда Испаниядағы зорлық-зомбылыққа ұласқан жаппай қарсылық манифестациялары мысал. Бәрін теледидардан ашық көрсетіп жатыр. Ол жақта қанша қырғын болса да, наразылық білдіруге шыққан бейбіт тұрғындарға қарсы оқ ату немесе бұл туралы ақпаратты бұғаттау туралы ой ешкімнің ойына да келмейді, – дейді «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі.

Тамара Калеева төтенше жағдай кезінде ақпарат құралдарына қатысты қолданылатын қосымша шаралар мен уақытша шектеулер туралы мазмұны бұлдыр қазақстандық ережелерді билік енді кез келген уақытта өз қалауынша пайдалануы мүмкін деп алаңдайды.

Құқық қорғаушының айтуынша, Қазақстанда журналистердің құқығын таптау мен сөз еркіндігін шектеу түрлі сылтаумен жалғасып келеді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG