Accessibility links

Атырауда адам құқықтары шарасы өтпей қалды


Қоғамдық белсенді Әсел Нұрғазиева. Астана, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Қоғамдық белсенді Әсел Нұрғазиева. Астана, 10 желтоқсан 2013 жыл.

Белсенділердің адам құқықтары туралы презентациялар мен қарапайым азаматтарға кеңес беру шарасын өткізуден жалға алынған ғимарат иесі соңғы сәтте бас тартқан.

Желтоқсанның 10-ы күні Атырау қаласында халықаралық адам құқықтары күніне орай бірқатар шаралар өтеді деп хабарланған. Оның ішінде аймақтардағы адам құқықтары жағдайына байланысты фотокөрме, презентациялар мен қарапайым азаматтарға арналған тегін құқықтық кеңестер ұйымдастырылуы тиіс болатын. Алайда бұл шаралардың бірде-бірі өтпей қалды.

Ұйымдастырушылардың бірі, «Заман» қоғамдық қорының жетекшісі Әсел Нұрғазиеваның айтуынша, бір күн бұрын яғни, желтоқсанның 9-ы күні түске қарай шара өтеді деп жоспарланған «Дана» қонақ үйі оны өздерінің ғимаратында өткізе алмайтындықтарын айтып, ақшаларын қайтарып берген.

- Алдын-ала келісіп, ақшасын төлеп, бәрі дайын болғанда кеше түске таман «кешіріңіздер, бізде жылу жүйесі бұзылып қалды, өткізе алмайтын болдық» деп айтып отыр. Бірақ директорымен сөйлескен кезде «кешіңіріздер, бұл саяси шара, оны «Дана» қонақ үйінде өткізуге рұқсат етпеймін» деп ашық айтты, - дейді Әсел Нұрғазиева Азаттық тілшісіне.
Кешіңіріздер, бұл саяси шара, оны «Дана» қонақ үйінде өткізуге рұқсат етпеймін.

Оның айтуынша, Атырауға 10 облыстан құқық қорғаушылар мен заңгерлер жиналуы тиіс болған. Қонақ үй бас тартып, шараны өзге жерде ұйымдастыру мүмкін емес екені белгілі болған соң жиынды өткізушілер қатысушыларға шараның өтпейтіні туралы хабар беріпті.

Жиынға қатыспақ болған «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ұйымының жетекшісі Зәуреш Батталова да мұны растайды.

- Мені Атырауға шақырған. Бірақ кеше түске таман болмайтыны туралы айтылды, - дейді ол.

Шараны ұйымдастырушы азаматтар сейсенбі күні тым болмағанда тегін құқықтық кеңес алуға келген қарапайым тұрғындардың уақыты босқа кетпесін деп қонақ үй фойесінде немесе ауласында құқықтық кеңес өткізбек болыпты. Белсенділердің сөзінше, қонақ үй әкімшілігі оған да рұқсат бермепті.
Әкімдік алдына наразылық өткізуге барған тұрғынды полиция ұстап тұр. Алматы, 4 қазан 2013 жыл. Көрнекі сурет
Әкімдік алдына наразылық өткізуге барған тұрғынды полиция ұстап тұр. Алматы, 4 қазан 2013 жыл. Көрнекі сурет

- Шара басталуы тиіс уақытта бірнеше адам келген. Оларға ауызша болса да, жартылай кеңес бердік. Көшеде өткізейік десек, оған салқын ауа райы мүмкіндік бермеді. Осыған қарап-ақ Қазақстандағы адам құқығының жағдайы қалай екенін білуге болады. Бұл ешқандай саяси шара емес-тұғын, - деп кейиді Әсел Нұрғазиева.

Ол бұл шараға жергілікті билік өкілдерін шақырғанымен «қалалық және облыстық әкімшілік шақыртуды қабылдау уақытының бітіп кетуіне байланысты қабылдамай қойғанын" айтады.
Осыған қарап-ақ Қазақстандағы адам құқығының жағдайы қалай екенін білуге болады.

«Дана» қонақ үйінің директоры Амантай Тоқсанбаев Азаттық тілшісіне бұл жайтқа байланысты «еш түсініктеме бере алмайтынын» айтты.

Ал Атырау облысы әкімі аппаратының басшысының орынбасары Игілік Айдарұлы өздеріне ешқандай шақырту түспегенін айтып, шара жайлы тілшінің өзінен сұрады.

- Өз басым ондай шақыртуды көрген емеспін. Бірақ барлық шақыру біз арқылы өтеді ғой. Ал қонақ үйге «өткізбейсіңдер» деп айта алмаймыз ғой. Ондай тапсырма бере алмаймыз, - деді облыстық әкімдік өкілі.

Азаттық тілшісі Атырау қалалық әкімшілігіне хабарласқанмен әзірге, жауап ала алмады.

Халықаралық адам құқықтары күніне арналған шара басқа бірқатар облыстарда аталып өтіп жатыр. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында жергілікті қоғамдық белсенділер мен журналистер осы өңірде болған адам құқықтарына қатысты акцияларды бейнелейтін фото-көрме ұйымдастырды.

Желтоқсанның 10-і күні бүкіл әлемде адам құқығын қорғау күні аталып өтеді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда "адам құқығының нашарлап бара жатқанын" айтып жиі сынап келеді. Елдегі заң бұзушылықтар қатарында кісі өлтіру, адам өліміне соқтыратын әскердегі әлімжеттік, тұтқындалғандар мен сотталғандарды азаптау, түрмедегі жағдайдың нашарлығы, заңсыз тұтқындау және қамауға алу, азаматтардың жеке өміріне заңсыз араласу, дін бостандығын шектеу, саяси партияны тіркемеу сияқты жайттар аталады.

Бірақ Қазақстан билігі бұл айыптардың "негізсіз" екенін үнемі қайталаумен келеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG