Accessibility links

"Жаппай талан-тараж" жайлы айтқан президент үкіметті сынады


Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлегенін тамашалап отырған журналистер. Астана. 9 ақпан, 2018 жыл. Баспасөз орталығының мониторынан түсірілген сурет.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлегенін тамашалап отырған журналистер. Астана. 9 ақпан, 2018 жыл. Баспасөз орталығының мониторынан түсірілген сурет.

Астанада Қазақстан үкіметінің кеңейтілген отырысына президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, үкімет жұмысын тағы да үйреншікті түрде сынға алды.

Жиын басында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан «қиын әрі түбегейлі өзгерістер уақытында үкіметтің дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында ғана драмалық сценарийлерден айналып өткенін» айтты. Президент кеңейтілген жиында үкіметтің өткен жылғы жұмысына алдымен соң бағасын беріп, соңынан үкімет мүшелерін бір-бірлеп сынауға көшті.

ҮКІМЕТ СЫНАЛҒАН КҮН

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы мәліметтерді келтіріп еді, президент оған «Баяндаманы жақсы жасадың, бірақ өзіңді сынамағансың» деді.

Жиында министрлер мен өзге де ведомство басшылары кезегімен баяндама жасап, тиісінше сыналып жатты. Нақты саласы ретінде бекіген цифрландыру мәселесіне қатысты вице-премьер Асқар Жұмағалиев те сынға ұшырады. Цифрландыруды түсіндіруде қарапайым болуға шақырған президент оның сөзін "шопан, механизатор тұрмақ, білімді адамның" да түсінбейтіндігін айтты.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановты да сынаған президент тексеруді азайту тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмай отырғанын айтып, министрдің ендігіде соңғы ескерту алуы мүмкін екенін білдірді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Назарбаев міндетті медициналық қамсыздандыруды кейінге шегеруге тура келгенін тағы бір мәрте еске салды. "Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеу керек. Олар салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Былайша айтқанда, «көлеңкеде» жүр. Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін,-" деген Нұрсұлтан Назарбаев. Ел басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қарата: "Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім тығыз айналысып жатқан жоқ. Министр Дүйсеноваға да талай рет айттым. Не болды? Тамара, ал айтшы? Әлде шаршадың ба мына жұмыстан?», - деген.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекті де сынаған президент осы саладағы қаржының жымқырылуына бас назар аударды. "Мемлекетте ақша көбейсе, тәбеттері де ашылады. Министрлік не үшін керек? Мемлекеттік қаржының жұмсалуын қадағалауы қажет. Бұл - сенің жұмысыңдағы кемшілік», - деді президент министрге қарата.

Ел басшысы мәжіліс төрағасы Нұрлан Ныматулиннен Ұлттық банктің бақылаушылық аясын кеңітетін заңды тезірек қабылдауды талап етіп, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің осыған қатысты ұсыныстарды баяғыда өткізуге тиіс болғанын айтты.

СОТТАЛҒАН ӘБЛЯЗОВ ТА СЫНҒА СЕБЕП БОЛДЫ

Президент Астанадағы үкімет жиынында банк секторындағы жағдайды сынап, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, өзін Назарбаевтың саяси қарсыласы санайтын Мұхтар Әблязовті де сөз қылды. Әблязов былтыр БТА Банкінен қаржы жымқыру ісі бойынша сырттай 20 жылға сотталған.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің баяндамасына байланысты Назарбаев «Мұны қашан тоқтатамыз? Әблязов бастаған БТА банк көз алдымызда мемлекет пен халықтың ақшасын жаппай талан-таражға салып, ұрлады. Біз мұның мемлекет қаржысын тонау екенін қазір бүкіл әлемге көрсетіп, дәлелдедік. Ал қазір не болды? Банк құрдық, оған сендік, халық, ұлттық компаниялар барды, енді бұл акционерлер ол жерден ақшаны шығарып жатыр, ал Ұлттық банк жай ғана бақылап отыр» деді.

Ақышев баяндамасында кем дегенде екі коммерциялық банкті тексеру кезінде акционерлерге немесе солармен байланысы бар адамдар мен компанияларға несие берілгені анықталғанын айтты.

Қазақстанда мемлекет өзін барлық салаға қожа екендігін көрсететін режим орнатуға тырысатын советтік саяси жүйе қайтадан қалыптасып жатыр.

«Лицензиясынан айырылған «Дельта банкте» несиенің жүз пайызы дерлік банк акционерлеріне бағынышты компанияларға берілген. Банк есебінде бұл көрсетілмеген және ол тексеру кезінде ғана анықталды. Бұл банктің 60 пайыз міндеттемесін квазимемлекеттік құрылымдар есепшоты құраған. Bank RBK-да 90 пайыз несие банк акционері немесе солармен байланысы бар төрт қарыз алушыға берілген» деді Данияр Ақышев.

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды терістеп, керісінше билікті өзінен БТА Банкті тартып алды деп айыптайды. Әблязов басшысы БТА Банк басшысы болып тұрғанда банк елдегі активі көлемі бойынша ең ірі банк болған. Әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жүргізіп тұратын Мұхтар Әблязов бұған дейін Назарбаев пен Қазақстан үкіметін дебатқа да шақырған.

Әблязов ақпанның тоғызында президент Назарбаевтың сынына Facebook парақшасында жауап берді.

"БТА банкін басқарған кезімде төлемдерге немесе салымшының қаржысын қайтаруға қатысты қиындыққа ұшырағанын айтатын зардап шегуші бір де бір салымшы, я заңды тұлға жоқ" деп жазды ол.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов үкімет жиынында президенттің Әблязовті жайдан-жай еске алмады деп санайды.

- Назарбаев және оның төңірегіндегілер өздеріне Мұхтар Әблязовтің анық қауіпті екенін жақсы түсінеді. Олар Әблязовтың билікті құлату ниетінің де кәдімігідей екенін біледі. Олар көптеген адамдардың Назарбаев билігіне де риза емесін де, уақыты келгенде өздерінің де биліктен айрылатынын түсініп отыр, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Талғат Мамырайымов таяу арада "бұранданың қаттырақ бұралуы" мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Ол президенттің өз қарамағындағыларды сынауы жиі қайталанатынын, ал үкімет отырысының көбіне қалай өтері болжанғанын айтады. Саясаттанушының пайымдауынша, Қазақстанда мемлекет өзін барлық салаға қожа екендігін көрсететін режим орнатуға тырысатын советтік саяси жүйе қайтадан қалыптасып жатыр. Бұл құбылысты Талғат Мамырайымов «неототалитаризм» деп атайды.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың премьерден бастап үкімет мүшелерін сынауы және одан тиісінше қортынды шықпауы үйреншікті жайға айналып келеді. Мәселен, 2013 жылы президент Назарбаев сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов үкіметін сынағаннан кейін ресми БАҚ бастап, "Үкімет қайда қарап отыр?" айдарымен мақалалар жариялады. Ал әлеуметтік желіде #Үкімет қайда қарап отыр? хэштегі әжуаға да себеп болған.

XS
SM
MD
LG