Accessibility links

"Табиғи қуат іздеу" һәм "даңғойлық жәрмеңкесі"


Expo-2017 көрмесінен көрініс.
Expo-2017 көрмесінен көрініс.

Президент Назарбаев EXPO көрмесі қорытындыларына "тамаша" деген баға берді. Ал сарапшылар оларды әрқилы бағалайды.

«Астана EXPO-2017» көрмесін жабу рәсімінде президент Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық, саяси және ғылыми-техникалық тұрғыдан алғанда, көрмені өткізудің игі әсері болды әрі «болашақ энергиясы» саласындағы озық идеялар мен технологияларды дамытуға серпін берді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Қазақстан «жасыл» технологияларды дамыту идеясын қолдайтынын EXPO көрмесін өткізу тағы бір мәрте көрсетті.

Президент Назарбаевтың сөзінше, көрменің жабылуы бірнеше жаңа әрі ауқымды жобаларды – әсіресе «қаржылық хабқа, инвестиция тарту орталығына айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орнын алуы тиіс» «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосудың басы болады.

Бірақ сарапшылар EXPO-2017 көрмесін өткізу нәтижелерін әр қилы бағалайды.

EXPO «ШЕТ АУДИТОРИЯҒА» АРНАЛДЫ МА?

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, EXPO-2017 көрмесі мен оны дайындау, өткізу мен аяқтауға байланысты айтылған сөздер мен атқарылған шаруалардың бәрі «сыртқы аудиторияға» бағытталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жолдауын көбінесе халықаралық қауымға арнауын саясаттанушы дұрыс әрі қазіргі заманға сай деп санайды.

– Меніңше, ең бастысы – EXPO Қазақстанның халықаралық аренадағы позицияларын күшейтті және еліміздің ашықтығына, еліміздің басшылығына деген сенімін ұлғайтты, инновацияларға қабілетті, қазіргі заман трендтерінің тікелей ортасында болуға деген ұмтылысын көрсетті, – дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев EXPO көрмесінде. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев EXPO көрмесінде. Астана, 9 маусым 2017 жыл.

Ал президент Назарбаевтың EXPO елдің жасыл технологияларды дамыту идеясын қолдайтынын көрсетті деген мәлімдемесіне қатысты саясаттанушы Нұрмұхамедов «әлгі мәлімдемеге шүбәлануға негіз жоқ» дейді, бірақ оның сөзінше, жоспар құру мен оларды іске асырудың арасында үлкен айырмашылық бар.

Ертеректе билік EXPO «еліміз мен «Қазақстан» брендін ғаламдық кеңістікке танытудағы жаңа асқар шыңға» айналады деген болатын.

Саясаттанушы Нұрмұхамедовтің EXPO-ны өткізудің ішкі аспектісіне қатысты пікірінше, халқының саны аз Қазақстан үшін халықаралық еңбек бөлінісінде өз орнын тапқаны өте маңызды. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда EXPO-2017 көрмесі сияқты шараларды өткізуге қабілетті екенін көрсетуі өте маңызды.

Осыған орай көрме Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің саммитін өткізіп жатқанда ашылғанын, ал ашылу рәсімі саммитке келген шетелдік саясаткерлердің қатысуымен өткенін еске түсірген орынды. Ал Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері саммитімен тұспа-тұс келген көрменің жабылу рәсімі шетелдік делегациялардың қатысуымен өтті. Екі саммит арасында дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, қилы мәдени шаралар мен спорт жарыстары өтті. Оның ішінде көкпардан чемпионат пен қазақша күрестен жарыс өтті.

ВИДЕО: EXPO-2017 қалай өтті?

ӨЗГЕ ПІКІРЛЕР

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демокартиялық партия басшыларының бірі, экономист Айдар Әлібаев EXPO жабылып, «даңғойлық жәрмеңкесі аяқталғанына қуандым» дейді. Айдар Әлібаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрме қорытындыларына берген бағасы туралы «ол кісі айтуға тиіс сөздерді айтты» дейді.

– Ол [президент Назарбаев] бұдан даусыз позитив көреді, өйткені бұл – өзінің бастамасы; бұл - ел мен бюджетке күштеп таңылған шара; бұл – нақ сол кісінің бастамасы. Қилы деректерге, қилы дереккөздерге сәйкес, бұл шараға 3 миллиардтан 4 миллиардқа дейін АҚШ доллары жұмсалған. Ал тағы да сол қилы дереккөздерге сүйенсек, нақты қайтарымы жарты миллиард доллардан аспайды, 300-400 миллион шамасында ғана болады екен. Мұндай сәттерде шенеуніктеріміз асырып айтуға шебер екенін білгендіктен, мен тіпті сол цифрлардың өзіне күмәнданамын, – дейді Айдар Әлібаев.

Оның сөзінше, EXPO инфрақұрылымы негізінде құру жоспарланған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) келешекте сәтті жұмыс істеп кетеріне де күмән бар. Әлібаевтың пікірінше, АХҚО сәтті жұмыс істеп кетуі үшін EXPO-дан қалған ғимараттар, тіпті Ұлыбританияның қаржы саласына қатысты заңдарының өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Оның сөзінше, қаржы нарығы мен шынайы демократия ажырағысыз, ал қаржы нарығы мен авторитаризм керісінше үйлеспейтін ұғымдар. Оның сөзінше, авторитарлы билік осыны түсінбейді.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: EXPO көрмесіндегі тамақтың бағасы

«ЖАСЫЛ» ТЕХНОЛОГИЯЛАР» ЖАЙЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯЛАР

«Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов Азаттықпен әңгімесінде «жасыл» технологиялар тұрғысынан алғанда, EXPO-2017 көрмесінен жаңа ештеңе тапқан жоқпын дейді. Елеусізов «қалпына келетін энергияның бар-жоғы төрт түрі бар, олар – жел, күн, су және жерасты жылуы, ал көрмедегі дүниенің бәрі осы төртеуінің төңірегін шиырлады» дейді.

Елеусізовтің айтуынша, биліктің «жасыл» технологияларға ұмтылысын мәлімдеген декларациясы мен оның нақты істерінің ара-жігін ажырата білу керек. Мэлс Елеусізов Қазақстанның «жасыл» технологиялар саласындағы нақты жетістіктерін болмашы деп санайды. Бірақ ол Қордай асуы аузында (Алматы жақтан барғандағы) желдің күшімен энергия өндіретін қондырғылар орнатылған, ал бұл қалпына келетін энергияны қолдану саласындағы болмашы жетістік деп санайды.

Бірақ экологтың айтуынша, егер ел басшылығы «жасыл» технологиялар идеясын шынымен қолдаса, ол (Елеусізов) Жоңғар қақпасы тұсында (Қазақстан-Қытай шекарасында) «жел диірмендер» орнату идеясын қос қолдап қуаттар еді, өйткені ол жақта қатты жел тынбай соғып тұрады.

– Кезінде, 20 жыл бұрын біз ол жақта жел үзбей соғады, оның күшімен көп қуат өндіре аламыз, сондықтан электр станцияларын қою керек деп айтқанбыз. Ол кезде Қазақстанға қажет энергияны өтеуге Жоңғар қақпасы желінен өндіретілетін энергияның бір пайызы да жетеді дегенбіз, – дейді Мэлс Елеусізов.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов.
«Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов.

Экологтың айтуынша, Қытай Жоңғар қақпасы аузында өз жағынан көптеген «жел диірмен» ортнатып тастаған.

– Ал біз жақта әлі ештеңе жоқ, – деп қынжылады «Табиғат» экологиялық қозғалысының лидері Мэлс Елеусізов.

Мэлс Елеусізов осы тұжырымдарына байланысты және Қазақстанда экология министрлігі жойылғандықтан, ел басшылығының «жасыл» технологияларды дамыту идеясын шынымен қолдамақ ниеті барына күмәнданады.

EXPO-2017 көрмесі 10 маусымда салтанатты түрде ашылған. Үш айдан кейін оны салтанатты түрде жапты. Көрме жабылар қарсаңында халықаралық көрмелер бюросы «Астана EXPO-20170» көрмесін өткізуге атсалысқаны үшін алғыс белгісі ретінде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алтын медаль табыстады. «Астана EXPO-20170» ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов кәсіби біліктілігі мен халықаралық қатысушыларға қолдау көрсеткені үшін құрмет медалімен марапатталды.

Көрмеге дайындық процесі Қазақстанда ірі коррупциялық жанжалдар мен «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшыларының үстінен қылмыстық істер қозғауға ұласқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG