Accessibility links

Шығыстан жер алған компания «Сапарбаевты білмейтінін» айтты


"Бәтуа" компаниясындағы үлесі бар "Дәрімет" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрлан Биәділов. Астана, 19 қазан 2016 жыл
"Бәтуа" компаниясындағы үлесі бар "Дәрімет" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрлан Биәділов. Астана, 19 қазан 2016 жыл

Астана соты әкім Сапарбаевтың белсенді Егеубаевқа қарсы шағымын қарап жатыр. Бүгінгі сотта ондаған мың гектар жерді жалға алған компанияның құрылтайшысы да сөйледі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «астаналық белсенді Айдын Егеубаев YouTube әлеуметтік желісінде жариялаған видео арқылы ар-намысыма нұқсан келтірді» деп мәлімдеп, одан өзіне қатысты мәліметтерді терістеуін және моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге өндіріп бергізуді сұрап сотқа шағымданған. Ол видеода 2009-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысына әкім болған Бердібек Сапарбаевтың «Қытай азаматтарының да үлесі бар «Бәтуа» компаниясына жалға жер беруге араласқаны» айтылған.

Белсенді Айдын Егеубаев. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.
Белсенді Айдын Егеубаев. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

ШАҒЫМДАНУШЫ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ

Қазанның 19-ы күні Астананың Алматы аудандық сотында өткен сот талқылауына шағымданушы Бердібек Сапарбаевтың өкілі Сағадат Әміре, жауапкер тараптан белсенді Айдын Егеубаев пен оның өкілі Әсел Абсадықова келді. Судья Бағдагүл Биахметова жүргізген сотқа журналистер мен «Алаш жолы» қозғалысының белсенділері де қатысты.

Шағымданушының өкілі Сағадат Әміре бүгінгі соттағы сөзінде белсенді Айдын Егеубаевтың биыл шілдеде жарияланған видеода айтқан сөзін – «2010 жылдары Үржар ауданындағы 87 мың 437 гектар ауыл шаруашылығы жері қытай азаматтарына Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен берілгені» жайлы мәліметті терістеді.

Бердібек Сапарбаевтың өкілі Сағадат Әміре. Астана, 19 қазан 2016 жыл
Бердібек Сапарбаевтың өкілі Сағадат Әміре. Астана, 19 қазан 2016 жыл

– Әкім тікелей тапсырма бермеген. Тікелей бергендігі жөнінде ешқандай дәлел-құжаттары жоқ. Ол құзырлы мекеме болғаннан кейін, облыс әкімі болғаннан кейін тапсырма құжат жүзінде болуы керек. Қаулы, өкім, келісім болсын – ешқандай дәйек ұсына алмады. Негізсіз айтылғаннан кейін сол себептен талап беріп отырған жайымыз бар, – деді Бердібек Сапарбаевтың өкілі Сағадат Әміре.

Бүгінгі сот отырысында Бердібек Сапарбаев әкім болған кездеШығыс Қазақстан облысынан жер алды делінген «Бәтуа» компаниясының құрылтайшыларының бірі Нұрлан Биәділов те сөйледі.

– Соя өсіретін «Бәтуа» компаниясының екі құрылтайшысы бар. Оның бірі «Дәріметке» – «Бәтуаның» 55 пайызы, «Уэйз Групп» компаниясына 45 пайызы тиесілі. «Уэйз Групп» – Алматыда тіркелген компания. Ол компанияның құрылтайшылары – Қытай азаматтары емес, Қытайдың заңды тұлғалары, – деді «Дәрімет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрлан Биәділов.

Оның айтуынша, қазір 30 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық жерін жалдайтын «Бәтуа» соның 5,3 гектардайын жеке меншігіне алған.

– Ол жерде ауыл шаруашылығы компаниясының базалары, қоймалары, кеңселері салынады. Заң бойынша құрылыс жасау үшін ол жерді жекеменшікке алу керек болды, – дейді Нұрлан Биәділов.

Нұрлан Биәділов «Бердібек Сапарбаевты білмейтінін және ешқашан кездеспегенін» айтты.

ЖАУАПКЕР ЖАҚТЫҢ СӨЗІ

Бүгінгі сот талқылауында жауапкердің – белсенді Айдын Егеубаевтың өкілі Әсел Абсадықова да сөйледі. Жауапкер жақ Шығыс Қазақстан облысына Бердібек Сапарбаев әкім болған кездері «Бәтуа» компаниясына Үржар ауданынан 87 мың 437 гектар жер жалға берілгені» жайлы ұстанымдарын дәлелдеуге тырысты.

– Қазір жер қатынастары басқармасы актілері бойынша «Бәтуа» компаниясына өтіп кеткен жерлер заңсыз өтіп кеткендігі туралы Шығыс Қазақстан облысы экономикалық сотында іс қаралып жатыр. Талапты ауыл шаруашылығы министрлігі беріп отырғандықтан сол соттың шешімі Айдын Егеубаевтың сөзін растайтын құжат болуы мүмкін, – дейді белсендінің өкілі Әсел Абсадықова.

Айдын Егеубаевтың өкілі Әсел Абсадықова. Астана, 19 қазан 2016 жыл
Айдын Егеубаевтың өкілі Әсел Абсадықова. Астана, 19 қазан 2016 жыл

Жауапкер тарап бүгінгі сотта «Бердібек Сапарбаевтың шетелдік инвестиция тартуға шақырған» сұхбаттары жарияланған газет материалдарын да ұсынды. Олар Сапарбаевтың «2009-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі ретінде шетелдіктердің үлесі бар компанияларға жердің жекеменшікке өтуіне жауапты» екенін айтып, жер кодексінің 14-бабын алға тартты.

Заңгер Әсел Абсадықова Айдын Егеубаевтың Бердібек Сапарбаевты наразы еткен сөздеріне филологиялық сараптама жасату туралы сот төрағасына өтініш жасады. Бірақ судья Судья Бағдагүл Биахметова ол өтінішті қанағаттандырмай, 27 қыркүйекте басталған бұл соттың шешімін ертең шығаратынын хабарлады.

Судья Бағдагүл Биахметова. Астана, 19 қазан 2016 жыл.
Судья Бағдагүл Биахметова. Астана, 19 қазан 2016 жыл.

Бұған дейінгі алдын ала тыңдау кезінде жауапкер тарап Үржар ауданының бұрынғы әкімі Бауыржан Жанақов пен оның орынбасары Жарқынбек Байсабыровтан және Үржар ауданы жер қатынастары бөлімі басшысы Құдайберген Сейілхановтан жауап алу туралы өтініш жасаған.

Үш шенеунік бұл іс бойынша жазбаша жауап жолдап, «жер беру туралы Бердібек Сапарбаевтан ешқандай тапсырма алмағандарын», «бәрін заң шеңберінде атқарғандарын» мәлімдеген.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе, 6 маусым 2016 жыл.

Қазақстанда «жерді жекеменшікке және шетелдіктерге жалға беруге» қатысты дау биыл сәуірден бастап күшейген. Жұрт жер кодексіндегі биыл шілденің 1-інен бастап күшіне енуі тиіс кей баптарға наразы болған. Жер мәселесіне байланысты наразылық үдеп, бірнеше қалада шеру өткен соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне әуелі 2016 жылдың соңына дейін, кейін бес жылға мораторий жариялаған.

XS
SM
MD
LG