Accessibility links

Алматы маңындағы ауылдарда жайылым тапшы


Мал бағып жүрген адам. (Көрнекі сурет).
Мал бағып жүрген адам. (Көрнекі сурет).

Алматы маңындағы ауылдардың тұрғындары жайылым тапшылығына шағынады. Жергілікті әкімдік өкілдері жердің көбі жеке меншікте екенін айтады.

«АУЫЛДА МАЛ БАҒАТЫН ЖЕР ЖОҚ»

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылының іргесінде отыз қаралы жылқы бағып жүрген Ділмұхамет жайылым жоқтығынан малды ауыл ішінде жаюға мәжбүр екенін айтады.

- Бұрын басқа жерде мал баққан едім. Осы ауылға биыл көшіп келдім. Бірақ мұнда мал бағатын жер жоқ. Мына жатқан бос жерлердің түгел иесі бар. Әзірге көктемгі егіс басталмағандықтан осы жерге бағып жүрміз. Бірақ иесі келсе малды ауылдың ішіне қарай айдап әкетемін, - дейді ол.

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Қайрат төрт жылдан бері Жалғамыс тұрғындарының сиырын бағады екен.

Ауыл маңында жүрген жылқылар. Жалғамыс ауылы, Алматы облысы.
Ауыл маңында жүрген жылқылар. Жалғамыс ауылы, Алматы облысы.

- Ауыл үлкен болғанымен жайылымға шығатын сиыр аз. Себебі жайылым жоқ. Сондықтан тұрғындар қолына бір-екі сиырдан артық ұстай алмайды. Мысалы, 500-ге жуық түтіні бар ауылымызда екі-ақ табын – жүз қаралы сиыр бар, - дейді Қайрат.

Бақташы жайылымдық жердің біртіндеп тарылып келе жатқанын, қазірдің өзінде малды біреудің меншік жеріне «ұрлап» жайып жүргенін айтады.

«БӘРІ ЖЕКЕ МЕНШІКТІҢ ҚОЛЫНДА»

- Бұрын мына жаққа бағатынбыз, - дейді Қайрат Жалғамыстың оңтүстік-шығыс жағын нұсқап көрсетіп, - бұл жақтағы 90 гектар жерді қаладан бір әйел сатып алыпты. Биыл келіп «мал жаймаңдар» деп кетті. Ал жолдың қарсы бетіндегі жерлердің де иелері бар, 1-1,5 гектардан бөліп алған. Арасында келіп-кетіп жүреді. Әзірге мал қайыруға шектеу қойған жоқ.

Жалғамыс ауылынан өріске шыққан ұсақ мал көрінбейді. Оның себебін сұраған Азаттық тілшісіне Қайрат «жайылым болмағандықтан ұсақ малды түгел тауға, отарға қосып жіберетіндерін» айтты.

Ауыл іргесінде жайылып жүрген сиырлар. Алматы облысы.
Ауыл іргесінде жайылып жүрген сиырлар. Алматы облысы.

Талғар ауданына қарасты іргелес жатқан Еламан, Жалғамыс, Төңкеріс ауылдарын аралап шыққанымызда жыртылған, егістікке дайындалған жерлердің өте көп екенін, ал бос жатқан жердің сирек екенін байқадық. Бұл үш ауыл қарайтын Қайнар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ардақ Құрманов ауыл тұрғындарының үй шаруашылығына арналған жайылымдық жердің жоқ екенін айтты.

- Қайнар ауылдық округіне қарасты он бір ауыл бар. Шаруа қожалықтарындағы малды қоспағанда тек ауылдардан 2680 ірі қара, 4074 қой мен 300 ешкі өріске шығады. Бірақ бұларға арналған ешқандай жайылымдық жер жоқ, ауыл маңындағы жерлердің барлығы жекеменшікке өтіп кеткен. Солардың пайдаланылмай жатқан жерлеріне иесімен келісіп бағып жүр. Ал жайылымдық жер мәселесін аудан әкімі шешеді, - деді Ардақ Құрманов.

«ЖЕР ИЕЛЕРІМЕН КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАУДАМЫЗ»

Қазақстанда өткен жылы ақпанда қабылданған «Жайылымдар туралы» заңда екі жыл бойы мал бағуға пайдаланылмаған жайылымдық жер учаскелері мемлекет қорына алынатыны айтылған. жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау үшін елді мекендер шегінде жайылымдар беру Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің шешімдерімен жүзеге асырылады.

Талғар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Ермек Маңғазұлының айтуынша, үй шаруашылығы малдарына арналған жайылымдық жер былтырға дейін 2002 жылы шыққан «Ветеринария туралы» заң негізінде реттеліп келген.

Өрісте жайылып жүрген мал.
Өрісте жайылып жүрген мал.

- Ол заңның 10-бабының 1-тармағы бойынша әр елдімекеннің жанынан сол ауылдың малына арналып жер бөлініп, бекітілуі тиіс болатын. Бірақ ол заң сол күйі орындалған жоқ. Қазіргі күні жердің барлығы жекеменшікте. Тізім бойынша түгел қарап шықтық, жайылымдық жер қалмаған. Сол себепті бүгінде пайдаланылмай жатқан жердің иелерімен бір-екі жылдық мерзімге келісімшарт жасалынып жатыр, - дейді ол.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 6,7 миллион ірі қара, 18,3 миллион қой-ешкі, 2,4 миллион жылқы, 188,4 мың түйе бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген жауабында елде жалпы көлемі 180,4 миллион гектар жайылымдық жер бар деп көрсетілген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 71,2 миллион гектар, ал елді мекен шегіндегі жайылым 20,8 миллион гектарды құрайды.

XS
SM
MD
LG