Ақтөбе қаласындағы 2-сот қыркүйектің 13-і күні облыстың Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында тұратын ағалы-інілі Самат пен Санат Қожаниязовтардың облыстық ішкі істер департаментіне қарсы шағымын қарай бастады.
Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде болған қарулы шабуылдан соң аты-жөндері мен фотолары іздеу жарияланған «күдікті терроршылар тізіміне» іліккен Қожаниязовтар полициядан және сол ақпаратты жариялаған жергілікті газеттен 10 миллион теңгеден өтем талап етеді.
«ӘР КҮНІМІЗ УАЙЫММЕН ӨТІП ЖАТЫР»
Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында тұратын Самат Қожаниязов әуре-сарсаң Ақтөбеде қарулы шабуыл болған күні басталғанын айтады.
– Алтыншы маусымға қараған түні үйіме арнайы жасақтың сарбаздары келіп, құжаттарымды тексерді. Бірақ «бізбен бірге жүріңіз» деген жоқ. Сірә, алдын ала мен туралы мәлімет жинап алса керек. Бесінші маусым күні інім екеуміздің ауылда болғанымызды жұрттың бәрі біледі. Сол күні былтыр қайтқан әкем Мінәжаттың жылдық асын бергенбіз, – дейді Самат Қожаниязов.
Саматтың інісі Санат Қожаниязов өзінің «күдікті терроршылар тізіміне» қалай еніп кеткенін білмекке 13 маусым күні – террористік қауіптіліктің қызыл деңгейі сарыға ауысқан соң Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіне келген.
– Ғимараттың кіреберісінде бір сағаттай күтіп, экстремизммен күрес жөніндегі басқарма бастығы Серік Сейсембиннің кабинетіне кірдік. Ол кісі кейін қызметі өсіп, департамент бастығының орынбасары болыпты. Серік Сейсембин қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Біз тексерудің хабарын үш бойы ай күттік, – дейді Санат Қожаниязов.
Санат полицияға жеңгесімен – Самат Қожаниязовтың жұбайы Гүлзима Қалыбековамен бірге барған. Кеше басталған сотқа куәлік етуге келген Гүлмиза Қалыбекова «соңғы үш айда қате ақпараттың азабын көп көргендерін» айтады.
– Кәмелет жасына толып, Мұғалжарға төлқұжат алуға барған қызымыз «менің әкем террорист емес» деп жылап келді. Әскердегі ұлымызға да әкесіне қатысты көп сұрақ қойылған. Қайын інім Санат поштаға барса, ондағылар да біраз әуре-сарсаңға салған. Жақында Маңғыстаудың Бейнеу ауданына қыдырып барған жолдастарымыз «Самат пен Санаттың суреті вокзал жақта әлі ілулі тұр» деп келді. Қашанғы шыдауға болады? Әр күніміз уайыммен өтіп жатыр, – дейді Самат Қожаниязовтың жұбайы Гүлмиза Қалыбекова.
Самат Қожаниязовтың енесі Рәзия Шандирова күйеу баласы мен құда баласының «терроршылар тізіміне» енгені жайлы хабар олардың аналарына ауыр тигенін айтады. Ол әуелі құда баласы Санат Қожаниязовтың «қарулы шабуыл кезінде оққа ұшқанын» естіген.
– Балаларым «интернет шулап жатыр» деп оқып берді. Санаттың суретін көрсетті. Аласапыран кез ғой. «Тағы не боп қалды?» деп қатты уайымдадық. Бізді қойшы, Саматтың шешесі Меруерт құдағиымның екі көзі уайымнан су қараңғы боп қалды. Бесінші маусым күні кездескенімізде екі көзі сап-сау болатын. Жасы ұлғайған адам ғой. Жылап-жылап көзі көрмей қалған. Дәрігерге қаратайын десе, екі ұлының «террорист» деген аты бар. Ауылдан аттап шыға алмайды. Содан 9 маусым күні Ресейдің Уфа қаласына құдағиымды мен апарып келдім, – дейді Рәзия Шандирова.
Ақтөбе қалалық 2-сотында Самат пен Санат Қожаниязовтардың шағымы бойынша басталған сот процесіне 260 шақырым жердегі Жағабұлақ ауылынан арнайы келген адамның бірі – зейнеткер Серік Әбуов. Ол 250 түтіні ғана бар ауылдың байырғы тұрғындары Қожаниязовтар әулетін жақсы білетінін айтады.
– Әкелерімен құрдас едім. Екеуі де – қолда өскен балалар. Ешқашан басбұзарлықтарын көрген емеспін, – деді Серік Әбуов сотта.
«ІІД ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ WHATSAPP-ПЕН ТАРАТУЫ ЕКІТАЛАЙ» ДЕРЕК
Ағайынды Қожаниязовтардың шағымы бойынша басталған сотқа куә ретінде қатысқан Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысының бірінші орынбасары Серік Сейсембин олардың «күдікті терроршылар тізімі» жария болған соң қабылдауына келгенін растайды.
– Мен экстремизммен күрес жөніндегі басқарма басшысы боп тұрған кезімді бұл кісілер қабылдауымда болды. Сол кезде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын, тексеру қорытындысы бойынша біздің қызметкерлер кінәлі боп шықса, кешірім сұрауға дайын екенімізді айттым, – дейді Серік Сейсембин.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары ағалы-інілі Қожаниязовтардың аты-жөндері енген «күдікті терроршылар тізіміне жергілікті полицияның түк қатысы жоқ» екенін айтады. Оның айтуынша, бұл нұсқа полицияның сайты немесе баспасөз қызметі арқылы тараған ресми ақпарат емес.
– Министрліктің бұйрығына сай біз жұмыс орнымызда фото-видео камералары бар смартфондар ұстамаймыз. Яғни бұл мәліметтің Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінен WhatsApp арқылы тарап кетуі екіталай нәрсе. Білуімше, осы дерек бойынша ішкі істер министрлігі тексеру жүргізіп, бір адамдарды жазалады. Бірақ ол Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері емес, – деді Серік Сейсембин.
WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілерде таралып кеткен нұсқамада ағайынды Қожаниязовтардың туған жылы мен айы, мекенжайы, аты-жөндері ешбір қатесіз берілген. Осыған қарап шағымданушы Самат Қожаниязов «бұл ресми органнан тараған мәлімет екеніне күмәні жоғын» айтады.
Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуыл жасап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша жеті адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері болғанын» және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғанын хабарлаған.