Accessibility links

Ауызсуға зәрулік адамдарды көшеге шығарды


Ақжар-2 елдімекенінің жалпы көрінісі. Ақтөбе. 10 шілде, 2018 жыл
Ақжар-2 елдімекенінің жалпы көрінісі. Ақтөбе. 10 шілде, 2018 жыл

Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 елдімекенінінің тұрғындары он күннен бері ауызсусыз отыр. «Ақшасын уақытында төлеп отырмыз» деген наразы ақжарлықтар жергілікті биліктен су талап етеді.

«БАҚША СУАРМАҚ ТҮГІЛІ ІШЕТІН СУ ТАППАЙ ОТЫРМЫЗ»

«Жаздың ыстығында сусыз қалдық» деген тұрғындар шілденің 10-ы күні ауылдағы асфальт төселген жалғыз көшенің бойына жиналды. Ақжарлықтар, алдымен, ауызсуға жауапты «Ақбұлақ» мекемесі мен Ақтөбе қалалық әкімдігіне хабарласқан. Бірақ мәселелері оң шешімін таппағаннан кейін бас қосып, наразылық білдіруге мәжбүр болғандарын айтады.

Ауызсуға зәру Ақжар елдімекені
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

- Осы ауылдағы монша мен балабақшада ешқашан су тоқтамайды. Ал қарапайым халық ішерге су таппай қиналып отыр. Бұл қалай?! «Ақбұлаққа» хабарлассақ, «бақша суарып, ауызсуды ысырап етіп жатсыңдар» деп өзімізге тарпа бас салады. «Отыз түп помидор екті екен» деп халықты зар жылатуға болмайды ғой. Бақша суарсақ, суды тегін алмаймыз. Ақысын төлеп отырмыз. Осы Ақжарға бақша салайық, шаруашылықпен айналысайық деп көшіп келдік қой. Әйтпесе, орталықтағы тас үйде отыра берер едік, - дейді ауыл тұрғыны Айжамал Қарабалина.

Ақжар-2 - негізінен жеке үйлер шоғырланған сектор. Бұл маңнан он жыл бұрын халыққа баспана салу үшін жер беріле бастаған. Халыққа су беретін ұңғыма да сол жылы іске қосылған. Ақжарға алғашқылардың бірі болып көшіп келгендер әу баста әр көшенің бойында құдық болғанын айтады.

Су мәселесіне қатысты наразылық. Ақжар-2. Ақтөбе, 10 шілде 2018 жыл
Су мәселесіне қатысты наразылық. Ақжар-2. Ақтөбе, 10 шілде 2018 жыл

- Су тасып іше қояйын десек, қазір ауылымызда құдық та жоқ. Қыста қатып қалып, жұртты әбігерге түсіргесін қалалық әкімдік осыдан алты жыл бұрын құдықтарды алып тастады. Бәрімізді мәжбүрлеп, үй басына құбыр тартқызды. Оның да қайырын көре алмай отырмыз, -деп шағынды Ағайна Жолдаева есімді тұрғын.

Оқи отырыңыз: Патша кезіндегі құдыққа кіріптар ауыл

«Жаз кезінде жеміс-жидек өсіріп, картоп жинап алатын едік» деген тұрғындар бау-бақшаларының қурап жатқанына алаңдайды.

- Бау-бақшаны ұмыттық. Бақша суармақ түгілі өзіміз ішетін су таппай отырмыз. Осының бәрін о баста халыққа жер берген басшылар ойламай ма? «Халық саны көбейеді-ау», «ауыз суға деген сұраныс артады-ау» деп ойламағандықтан біз соның зардабын шегіп отырмыз, -дейді Алтыншаш Үсенова.

«АУА ҮШІН АҚША ТӨЛЕЙМІН БЕ?»

Наразы топта эмоцияға ерік бере сөйлегендер көп болды. Әсіресе «Ақбұлақ» мекемесінің вице-президенті Жұлдызбек Бисембиннің қарасы көрінген сәтте жұрт бір-бірін тыңдамай, шулап кетті. Ақсақалдар жағы әкімдік пен суға жауапты мекеме өкілдеріне «жұмыс істей алмасаңдар, орындарыңды босатыңдар!» деп айқайлады. Су мәселесі талқыланған жиында жолдың нашарлығын, аялдамалар мен тротуардың жоқтығын, автобус қатынасының қиындығын да еске түсіріп, ашуға мінгендер болды.

- Су келіп қалар ма екен деген үмітпен үйдегі крандарды ауық-ауық ашып қараймын. Краннан пысылдап ауа шығып тұр. Судың орнына ауа шыққан кезде су есептегіш құрал зырылдап айнала жөнеледі. Сонда мен ақшаны ауа үшін төлеп отырмын ба? Міне, бүгін оныншы тәулік ауыз сусыз отырмыз. Ақтөбеде 40 градус ыстық болып тұр. Мал-жанымызбен әбден қиналып кеттік, -дейді ақжарлық тұрғын Ербол Тілеумағамбетов.

Cу мәселесіне қатысты наразылыққа жиналған адамдар. Ақжар-2. Ақтөбе, 10 шілде 2018 жыл
Cу мәселесіне қатысты наразылыққа жиналған адамдар. Ақжар-2. Ақтөбе, 10 шілде 2018 жыл

Халық жинала бастағаннан-ақ Ақжарда қызметтік көлік мінген полиция қызметкерлері күрт көбейді. Жиналған жұртты сырттай бақылаған полицейлер наразы топ әбден тарқағанша жүрді. Қара көзәйнек киген жас жігіттер журналистер мен белсенді тұрғындарды қалта телефонына түсіріп жатты. Ауыз судың зардабын тартып отырған жұрт ешкімді елеместен «Ақбұлақтың» вице-президенті Жұлдызбек Бисембинді қоршап, сұрақтың астынан алды. Бисембин сөзін «бұл проблемамен өте жақсы таныспын» деп бастады. Себебі «өзі де Ақжар-2 елді-мекенінің тұрғыны».

- Қазіргі таңда Ақжар-2 елді-мекеніне үш «насос» су айдап тұр. Басында үш насостың қуаттылығы 90 текше метр су айдауға жететін. Халықтан арыз-шағым көбейгеннен кейін соңғы екі тәулікте екі насосты ауыстырдық. Қазір үшеуі 170 текше метрге дейін су айдап тұр. Соның өзінде халыққа ауыз су жетпей жатыр. Жоспар бойынша, бұл елдімекенге ай сайын 20 мың текше метр су берілуі керек. Тұрғындар одан екі-үш есе көп тұтынып отыр. Сондықтан су қоймалары толып үлгермейді. Біз ертең халыққа берілетін суды толық тоқтатып, әрқайсы 500 кубтық үш су қоймасын толтырып алмақшымыз. Су қорын жасаған соң да мәселе шешілмесе, үшінші су сорғыштың қуаттылығын арттырамыз, - деді Жұлдызбек Бисембин халыққа.

Жұлдызбек Бейсембин
Жұлдызбек Бейсембин

Оқи отырыңыз: «Жарықсыз, газсыз, сусыз, қорлық көріп отырмыз»

«Ақбұлақ» мекемесінің мәліметінше, қазір Ақжар-2 елдімекеніндегі үйдің 50 пайызы ауыз сусыз отыр. Акционерлік қоғамның есебінше, бұл елдімекенде 1470 абонент бар. Демек, әр үйде үш адамнан бар деп есептегеннің өзінде он тәуліктен бері шамамен екі мыңнан астам тұрғын ауызсусыз отыр. Жергілікті билік пен «Ақбұлақ» мәселесі шешілгенше тұрғындарға суды арнайы көлікпен тасып беруге уәде етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG