Accessibility links

Қазақстан 9 мамырды әртүрлі лентамен қарсы алмақ


Георгий лентасының не мәні бар?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

28 панфиловшылар саябағында Георгий лентасы таратылды. Азаттық тілшісі тұрғындардан бұл лентаның мәнін сұрап көрді. Алматы, 6 мамыр 2014 жыл.

Украинаның елдегі сепаратистік күштер символына айнала бастаған Георгий лентасынан бас тартқаны хабарланды. Ал Қазақстанда әркім өзіне ұнаған лентаны таңдап жатыр.

Мамырдың 6-сы күні Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар паркінде «екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету» ретінде қара және сарғыш жолақтардан тұратын Георгий лентасы тегін таратылды. Лентаны таратып жүрген азамат – өзін «Almaty Paper компаниясының қаржы директорымын» деп таныстырған Евгения Кадикова Украинадағы оқиғаларға байланысты бұл лентаның даулы пікірлерге өзек болғанын біледі.

– Ресейді қолдаушылар Қырымда осы лентаны не үшін таққанын білмеймін. Қазақстан өте сауатты саясат жүргізіп отыр. Сол себепті елімізде бұл лентаға теріс көзқарас болады деп ойламаймын. Біз саяси мақсат көздемейміз, бар ойымыз – соғыста қаза болған аталарымызды еске алу, – дейді ол.

Евгения Кадикованың сөзіне қарағанда, ол жұмыс істейтін компания мұндай акцияны осымен үшінші жыл өткізіп отыр. Ол биыл әрбірі 12 теңге тұратын 100 мың лентаны Мәскеуден сатып әкеліп, Қазақстанның барлық өңірлеріне тегін таратып жатқанын айтты. Кадикованың сөзінше, бұл іске 500-ден астам ерікті және бір ақпарат құралы кіріскен.

FACEBOOK-ТЕГІ ЛЕНТА

Қазақстанда жеңіс күні мерекесі ретінде аталатын 9 мамыр жақындаған сайын Георгий лентасына қатысты дау да үдей түсті. Интернет қолданушылар бұл белгіні Мәскеу Қырымды аннексиялаған кезде ресейшіл күштер қолданғанын, қазір Украинаның шығысындағы сепаратистер тағып жүргенін де ескертеді.

Бұған дейін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің атрибуты ретінде айтылатын бұл лентадан бас тартып, «қазақтардың сол соғыстағы ерлігін дәріптейік» деушілер 9 мамырда басқа белгі тағуды ұсынды.

Facebook қолданушылардың кейбірі парақтарына іліп қойған "қазақстандық" лента.
Facebook қолданушылардың кейбірі парақтарына іліп қойған "қазақстандық" лента.
Мамырдың 5-інде Facebook әлеуметтік желісіндегі қазақтілді қолданушылардың кейбірі басты фотоларын жаңа белгіге (Қазақстан туының түсімен бірдей көкшіл лентаның ортасына ту шетіндегі ою сары бояумен басылған – ред.) ауыстыра бастады. Солардың бірі – былтыр мамырдың 31-інде саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне орай арнайы лента жасаған қоғамдық белсенді Қасым Аманжолұлы.

– Биылғы лентаны мата түрінде шығарған жоқпыз. Бірер ай бұрын Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының басшылары Георгий лентасының орнына Қазақстанның көк туына сәйкес лента жасайтыны жөнінде уәде берген, қаражат табатын болып, арнайы байқау өткізетін болған. Бірақ оның бәрі жайына қалған сияқты, – дейді Қасым Аманжолұлы.

Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы Азаттық тілшісіне лента жайындағы шаралардан бейхабар екендерін айтты.

ПЕТРОПАВЛДАҒЫ ЛЕНТА

Бірақ 9 мамырға орай «қазақстандық сипаты бар» лента жасап жатқан әкімшіліктер де бар. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Гүлия Салтықованың айтуынша, әкімдік мереке қарсаңында арнайы лентаға тапсырыс беріп, оны тегін тарату туралы шешім қабылдаған.

– Қалалық жастар ұйымдарының белсенділері әкімдік пен ардагерлер кеңесіне келіп, Жеңіс күніне «Құрмет және даңқ» лентасын жасауды сұрады. Бұл бастаманы ардагерлер кеңесі де қолдады. Мереке кезінде әдеттегідей Георгий лентасын таққысы келгендерге де шектеу қойылмайды. – дейді ол.

Гүлия Салтықованың сөзінше, «Құрмет және даңқ» лентасы қызыл, қара, көк түсті бес жолақтан тұрады.

Көлік айнасына байланған Георгий лентасы. Алматы, 6 мамыр 2014 жыл.
Көлік айнасына байланған Георгий лентасы. Алматы, 6 мамыр 2014 жыл.
Қазақстандағы Георгий лентасы жайлы сөздердің кешелі-бүгін өршуіне украиналық бір сайттың «Назарбаев Георгий лентасына тыйым салды» дейтін мақаласы да әсер етті. Бірақ Азаттық тілшісімен сөйлескен Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Аймаханов бұл мақалада айтылған деректі жоққа шығарды.

Қазақстан 9 мамырдағы мерекені әртүрлі лентамен атап өтуге кірісіп жатқанда «Украина қазір елдегі ресейшіл сепаратистер пайдаланатын Георгий лентасын Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс рәмізі ретінде қолданбайды» деген хабар тарады. Оның орнына 9 мамырдың ресми эмблемасы ретінде украин халқының азаттық күресін бейнелейтін белгі жасалған.
XS
SM
MD
LG