Accessibility links

 
«Сириядағы жиһадшы 150 қазақ» әлеуметтік желіні тіксінтті

«Сириядағы жиһадшы 150 қазақ» әлеуметтік желіні тіксінтті


Сирияға жиһадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)
Сирияға жиһадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

YouTube-те жарияланған «Сирияға жиһад жасауға барған 150 қазақ» туралы материал қызу талқылана бастады. Кейін YouTube видеоны сайттан алып тастады. Онда мынандай көріністер бар.

Арабша субтитрлер жазылған, қазақ және орыс тіліндегі шағын сұхбаттардан тұратын видео өткен сенбі және жексенбі күндері қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ілініп, қызу талқылауға түрткі болды. Видеода өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар - ред.)» деп сипаттайтын топқа қатысты қазақстандық интернет кеңістігінде қатаң айыптаудан бастап, мүсіркеуге дейінгі аралықта пікірлер айтылып жатыр.

«ШАМҒА КЕЛГЕН 150 АДАМ»

Тақырыбы араб тілінен аударғанда «150 адамдық мұсылман отбасы Шамға көшіп келді» деген мағынаны білдіретін, ұзақтығы 20 минуттық бұл видео YouTube-те 15 қазан күні жарияланған. Ал дүйсенбіге қараған түні видео сайттан алынып тасталды, YouTube оның "зорлық-зомбылықты жарияламау туралы сайт ережесіне қайшы екендігін" ескерткен.

Видеоның иесі - бес ай бұрын араб елдерінің біріндегі соғыс, зорлық-зомбылық көріністерін, қару-жарақ пен қырып-жоюды насихаттайтын видеолар жариялай бастаған toran wahood есімді қолданушы. Ол осы видеоға «Шамға жету үшін мыңдаған шақырым жүріп, көп ақшасын жұмсаған 150 адамның мұндай қиын сапарға шығуына не себеп болды?» деген сипаттама жазған. Видеоны қазанның 20-сына дейін 9 мыңға жуық адам көріп үлгерген.

Видеоның бас жағында аула ішіндегі кішілері еңбектеп жүрген, ересектері жеті-сегіз жас шамасындағы 20-30 жас бала көзге түседі. Ұлдар да, қыздар да видеода

"Сирияға жиһад жасауға барғанын айтқан" адамдардың балалары. (YouTube видеосынан скриншот)
"Сирияға жиһад жасауға барғанын айтқан" адамдардың балалары. (YouTube видеосынан скриншот)

дауыстап Құран оқиды.

Үш-төрт жастан асқан кішкентай қыз балалардың бәріне қара түсті хижаб кигізіп, тіпті кейбірінің бетін көзі ғана көрінетіндей етіп бүркеп қойған. Видеода бойжеткен қыздар мен әйел адамдар мүлдем көрінбейді.

Биіктігі бір метрден астам тас, не балшық дуал ішінде отырған жас балалардың бірі, жасы жетілер шамасындағы ұл бала:

- Мына заман өзгерді,
Аттанатын кез келді.
Жүректерде иман оянды,
Найза қанға боянды.
Біздер шықтық, мінеки,
Мақсат етіп арманды, - деп өлең оқиды.

Видеода ұл балалардың етпеттеп, қол күштерін шынықтырып жатқан сәті де көрсетіледі.

«ЖИҺАД ЖАСАУ», «ШАҺИД БОЛУ» ЖӘНЕ «АЛЛАҺТЫҢ ПРИКАЗЫ»

Бұл видеода бет-жүздері ашық бес ер адам сөйлейді. Ең әуелі қазақша сөйлеген, сақал-мұртсыз, ақ көйлек киген жігіт (титрде есімі Абд-ул-Рахман әл-Казақи деп жазылған):

«Хижра қылып, Шам жеріне хижра қылып (көшіп - ред), жиһадқа келдік. Аллаһ тағала жиһадтың исламның ең биігі екенін көрсетті. Құранда айтады мужахидтер туралы, олардың наградалары туралы айтады, жемістері ақиретте не болатыны туралы оларға» дей келе, Құраннан аят оқи бастайды.

Бұдан кейін видеода шұбарала кеудеше мен қалпағы бар сақалды жігіт (аты-жөні - Абу-Халид әл-Казақи) орысша сөйлейді. Ол да «Құдайға құлшылық етудің

"Сирияға барған қазақбыз" деушілер амандасып жатыр. (YouTube видеосынан скриншот)
"Сирияға барған қазақбыз" деушілер амандасып жатыр. (YouTube видеосынан скриншот)

шыңы – жиһад» деп, Сирияға барғандағы мақсаттарын «иншаллаһ, мұнда Аллаһ жолында жиһад қылуға келдік» деп сипаттайды.

Видеода бұдан кейін екі қабатты ақ үйдің жанында жаңағы сөйлеген кісілер мен сақалды адамдардың құшақтасып амандасып жатқан сәттері көрсетіледі. Ол көріністегі ер адамдардың көбінің асынған қарулары бар және жүздерін бүркегендері бірен-саран ғана.

Бұдан кейін қазақша сөйлеген жігіттің есімі арабша «Сайф ад-дин әл-Казақи» деп жазылған. Ол да «бүкіл мұсылмандарға қазір жиһад жасау - фард (парыз - ред)» дей келе, өздерінің Сирияға бару себептерін: «Бір қадам жерге жау кірсе, бүкіл мұсылмандар қорғануға фард болады. Ал егер қорғануға шамасы келмесе, қастарындағы соседный жерлерге көшеді, сөйтіп бүкіл жер шарын алады» деп түсіндіреді.

Одан кейін сөз алған сақалы бар қарулы жігіт (Нұх әл-Казақи) «құрметті бауырлар мен діндегі сестраларын» «жәннатқа кіруге, Аллаһпен кездесуге асығуға» шақырады.

Бұл видеода сөйлеген адамдардың бәрі «осы жолда шаһид болғылары келетіндерін», «жәннатты қалайтындарын», «Аллаһтың приказын орындап, наградасын іздейтіндерін» айтады.

Видеоның соңында 30 қаралы ересек ер адам (араларында бірнеше бала да бар) түнде үйдің алдында топтасып отырып, арасынан біреуі сөйлейді.

Мынандай құралдарымызбен (автоматын көрсетеді – ред.) жиһад қылуға шықтық. Және өзіміздің бауырларға, араб бауырларға сәлемдемеміз бар.
Видеодағы беймәлім адам.


«Міне, біз бауырларымызбен, бала-шағаларымызбен, отбасыларымызбен жиһад қылуға хижра қылдық. Аллаһ тағала бізге малдарымызбен, жандарымызбен жиһад қылуды бұйырды. Әлхамдуллиллах, міне, мынандай құралдарымызбен (қолындағы автоматын көрсетеді – ред.) жиһад қылуға шықтық. Және өзіміздің бауырларға, араб бауырларға сәлемдемеміз бар» дейді ол адам.

Видеода бұдан кейін бомба түсіп жарылған қала көрінісі, сол сәтте «Аллаһу әкбар» деп шулаған жұрттың дауысы, әлдебір ер адамның арабша сұхбаты көрсетіледі.

Азаттық видеодағы өздерін «Қазақстаннан Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылдық» деп суреттеген, қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтін адамдардың кімдер екенін анықтап жатыр. Әзірге олардың сөздерін растайтын бейтарап ақпарат иесі табылған жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ТЕРРОРИЗМ» МЫСАЛДАРЫ

Бұған дейін Сириядағы соғысқа сырттан келіп қосылушылар арасында бұрынғы Совет Одағы аумағы елдерінің азаматтары да бар екені туралы әлденеше рет айтылған.

Жуықта Қырғызстан ақпарат құралдары Сириядағы Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан топтар қатарында көптеген қырғыз азаматтары бар екенін хабарлаған.

Биыл мамырда Тәжікстан үкіметі де Сириядағы соғыс қимылдарына қатысқан үш тәжік азаматының исламшыл көтерілісшілер жағында соғысып жүріп қаза тапқанын мәлімдеген.

Бірақ Сирияда Қазақстан азаматтары соғысып жүргені туралы дерек еш жерде айтылмаған.

Қазақстанда «исламшыл шетелдік ұйымдар» туралы деректер елдің бірнеше аймағында (Астанада, Ақтөбеде, Атырауда) жарылыстар, шабуылдар мен атыстар болған 2011 жылы жария бола бастады.

2011 жылы 21 қазанда «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») деп аталған «исламшыл» топ араб телеарнасына видеожазбасын шығарып, Қазақстанды дін

"Джунд әл-Халифат" ("Халифат сарбаздары") ұйымы Қазақстан билігіне доқ көрсеткен мәлімдеме жасап тұр. 2011 жыл.
"Джунд әл-Халифат" ("Халифат сарбаздары") ұйымы Қазақстан билігіне доқ көрсеткен мәлімдеме жасап тұр. 2011 жыл.

туралы заңының күшін жоюға шақырған. Ол видеода беттерін бүркемелеген қарулы 4 жауынгер Қазақстан үкіметінен жаңа қабылданған дін туралы заңның күшін жоюды талап еткен. Топ мүшелері «бұл заңда мемлекеттік орындарда намаз оқып, орамал тағып жүруге тыйым салынған, егер бұл ұстанымдарыңыздан бас тартпасаңыздар, біз сіздерге қарсы әрекет ете бастаймыз» деген.

Іле-шала Атырауда қазанның 31-і күні екі жарылыс болып, оның жауапкершілігін «Джунд әл-Халифат» «өз мойнына алды». Атыраудағы жарылыстарға «бұл ұйымның қатысы бар екенін» бір аптадан соң Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков те растай қойған. Ол айыпталушы азаматтардың «шетелдегі террорлық топқа қатысы барын» айтқан.

Кейін бұл топ 2011 жылы қарашаның 12-сінде Таразда болған «террористік шабуылдың» жауапкершілігін де «өз мойнына алған». Сол жылы 30 қарашада Атырау қаласының соты бұл топты террористік ұйым деп танып, оның Қазақстан аумағында әрекет етуіне тыйым салған.

Қазақстанда 2011-2012 жылдары бірнеше антитеррорлық операция (Алматы қаласының Ақкент ауданында, Алматы маңындағы Таң және Боралдай ауылдарында, Ақтөбе және Атырау облыстарында) өтіп, ол шабуылдардан қаза тапқан адамдарды құқық қорғау органдары «бандиттер мен терроршылар» деп жариялаған.

Соңғы бірнеше жыл көлемінде елде ондаған адам «терроризм мен экстремизмді насихаттады», «жиһадқа шақырды» деген айыптармен топтап сотталып жатыр.

XS
SM
MD
LG