Accessibility links

Тағы бір тұтқын түрмеден ауруханаға түсті


Заречный түрмесі.
Заречный түрмесі.

Заречный түрмесіндегі жазасын өтеушіге Қапшағай қалалық ауруханасында операция жасалды. Туыстары оның "түрмедегі азаптаудан құтылу үшін амалсыз бұрандама жұтып алғанын" айтады. Колония басшылығы "сотталушы түрме тәртібіне қарсылық білдірді" дейді. Оқиғаны ІІМ тексере бастады.

Қапшағай тұрғыны Айдана Саттарова, Заречныйдағы ЛА 155/12 колониясында жазасын өтеп жатқан ағасы Самат Саттаровтың, Қапшағай қалалық ауруханасында "шалажансар күйде, тілге әрең келіп жатқанын" айтады.

- Ол ауруханаға түсу үшін металл жұтып алыпты. Осылайша ұрып-соғудан қашпақ болған. Оны қинаған, дауысын ешкім естімес үшін үш күн жабық ұстаған. Өлімші етіп сабаған, оны қорқытқан, кеше (қыркүйектің 11-і күні - ред.) ауруханаға алып келген, кейін қайта түрмеге алып кетіп, түнде жағдайы күрт нашарлаған соң ауруханаға қайта әкеліп, операция жасады, - дейді Айдана Саттарова.

Қыркүйектің 11-і күні кешке жазасын өтеуші жұтып қойған бұрандаманы алу үшін операция жасалған. 28 жастағы Самат Саттаров 2010 жылы Қылмыстық кодекстің 96-бабы (адам өлтіру) бойынша 19 жылға сотталған. Ол Қарағандыдағы АК 159/7 түрмесінен биыл сәуір айында Заречныйдағы ЛА 155/12 түрмесіне көшірілген. Айдананың сөзінше, ағасын мұның алдында Қарағанды түрмесінің қызметкерлеріне қарсы жазған арызынан бас тарту үшін азаптап жатыр.

- Қарағандыдағы түрмеде де оны ұрып, азаптаған. Сол бойынша қылмыстық іс қозғалып, ағам жәбірленуші деп танылған. Заречныйға келгеннен бері оны азаптап келеді, тіпті кеше палатада да оны ұрды, мен кеше бірнеше видео түсіріп YouTube-ке салдым, - деді Айдана Саттарова.

Заречный түрмесінің тұтқыны Самат Саттаровты (арбада отыр) Қапшағай ауруханасына әкелген сәт. Айдана Саттарова YouTube-те жариялаған видеоның скриншоты
Заречный түрмесінің тұтқыны Самат Саттаровты (арбада отыр) Қапшағай ауруханасына әкелген сәт. Айдана Саттарова YouTube-те жариялаған видеоның скриншоты

Айдана Саттарова жариялаған төрт видеоның бірінде, арбада отырған Самат Саттаровты әскери киімдегі бірнеше адам аурухананың палатасынан әкетіп барады. Бір көзі көгерген, беті домбыққан Саттаров: "Мен өлімге дайынмын!", "Менен ақша бопсалаған түрме қызметкерлеріне қарсы арыз жазуды талап етіп жатыр" деп айқайлайды. Ал палата есігінің сыртынан түсірілген келесі видеодан оның: "Мені азаптап жатыр! Өлтірсеңдер де, куәлік етпеймін!" деген дауыс естіледі, ал есіктегі саңылаудан әскери киімді адамның ары-бері жүргені байқалады.

Қапшағай қалалық ауруханасы басшысының орынбасары Қайрат Иманғалиев сотталушы Самат Саттаровқа операция жасалғанын растады.

- Оның бізде екенін растаймын, оған операция жасалды, қазір барлық ем-домы жасалып жатыр. Ал жағдайы, қандай операция жасалғаны туралы, және өзге ақпаратты біздің кодекске сай, айта алмаймын, - деді дәрігер.

Оның сөзінше, Саттаров бөлек палатада жатыр.

- Әдетте мұндай операциядан кейін науқас жеті күннен кейін жіберіледі. Дегенмен олар (түрме әкімшілігі - ред.) ертерек те алып кете алады. Себебі өздерінің госпиталі бар, - деді Қайрат Иманғалиев.

"ТҮРМЕ РЕЖИМІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ"

Заречныйдағы ЛА 155/12 колониясының басшысы Сырымбет Нұрмұхамбетовтің Азаттыққа хабарлауынша, ауруханадағы Саттаровтың "жағдайы жақсы, оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр".

- [Саттаровты] ешкім ұрған жоқ, сотталушылар арасында жанжал болған, оны біз жасырып жатқан жоқпыз. Ол кісі қатаң жағдайдағы режімде болған, сол режиммен келіспегендіктен болт жұтқан. Үш сантиметр дейді дәрігерлер. Мен таңертең ауруханаға бардым, жағдайы жаман емес, - деді түрме бастығы.

Айдана Саттарованың YouTube-те жариялаған видеосын көргенін айтқан майор Сырымбет Нұрмұхамбетов, тұтқынды "палатада түрме қызметкері ұрды" деген айыптаумен келіспейді.

- Тарап жатқан ақпаратта Әлихан Молдыбаев туралы айтады, "ол ұрды" дейді. Ол - менің орынбасарым. Ол видеода сіз көріп тұрған жоқсыз ғой, оның ұрып жатқанын. Дауыстары естіліп жатыр, иә, бірақ мен де [палатаның] ішінен "мені ұрып жатыр" деп айқайлай аламын. Видеода Әлихан деген глазокта көрініп тұр, арғы жағында "мені ұрды" дейді. Ұрып-соғу болған жоқ, қалай ұрады ол ауырып жатқан адамды? Ал жалпы төбелес сотталғандардың өз арасында болған, - деді Нұрмұхамбетов.

Түрме бастығының сөзінше, Саттаровты колонияға "дәрігерлер рұқсат берген кезде ғана" қайтармақ.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметінің өкілі Ғалымжан Хасеновтің Азаттыққа айтуынша, бұл факт ІІМ-нің есеп кітабына тіркелген. Қазір қызметтік тексеру басталған, ол кемінде он күнге созылады.

Самат Саттаров - Заречный түрмесінен ауруханаға түскен алғашқы тұтқын емес. Тамыздың аяғында ЛА-155/14 түрмедесінде жазасын өтеп, ауруханаға түскен тұтқын Қайрат Егімбаев қайтыс болған еді. Туыстары оның "түрмеде таяққа жығылғанын" айтып шағымданған.

Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы Қазақстан халықаралық азаматтық және саяси құқық пактісі мүшесі ретінде өз азаматтарының, оның ішінде жабық мекемелердегі азаматтарының өмірін қорғау жөнінде міндеттеме алғанын ескертіп, тергеу органдарын мұндай шағымдарды шұғыл, жан-жақты әрі әділ тексеруге шақырады. Қазақстан билігі аракідік түрме әкімшілігі қызметкерлерін "өкілетін асыра пайдаланғандары үшін" қылмыстық жауапқа тартады, бірақ көп жағдайда азаптау фактілерін теріске шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG