Accessibility links

Жаңа ипотека Қазақстандағы тұрғын үй мәселесін шеше ме?


Астанадағы Мәңгілік ел даңғылы. (Фото атворы - Илья Никитин.)
Астанадағы Мәңгілік ел даңғылы. (Фото атворы - Илья Никитин.)

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасының шарты бойынша пәтерді табысы тұрақты, өз атында баспанасы мен ипотекалық несиесі жоқ азаматтар сатып ала алады. Жылжымайтын мүлік нарығы мамандары бағдарлама шартын өзгертпесе, күткен нәтиже бермейтінін айтады.

"Баспана" ипотекалық ұйымы "7-20-25" бағдарламасы көптеген қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесетініне сенімді. Азаттық тілшісі жаңа бағдарламамен үй сатып алғандар және оған күмәнданып жүргендермен ипотека бағдарламасының оң және теріс жақтары туралы сөйлесті.

Мәкішевтер отбасы үш жылдан астам уақыт бұрын Өскеменнен Астанаға көшіп келген. Бірақ олардың астанадан пәтер алуға биыл жазда ғана қолдары жетті. Әлия Мәкішеваның айтуынша, екі ұлының үлкені Ілияс бала кезінен мүгедек, сондықтан отбасы табысының көп бөлігі баланы емдеу мен сауықтыруға кетеді. Әлияның өзі 25 жылдық тәжірибесі бар мұғалім, күйеуі Ризабек – зауытта қарапайым жұмысшы.

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша үй алған Мәкішевтер отбасы. (Әлия Мәкішева ұсынған сурет.)
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша үй алған Мәкішевтер отбасы. (Әлия Мәкішева ұсынған сурет.)

- Орташа табысы бар қарапайым қазақстандық отбасымыз. Ипотекамен пәтер сатып алуға табысымыз жетпейді. Ақша жинауға мүмкіндік болмады, баламыздың денсаулығына көп қаржы жұмсаймыз. Ілияс бала кезінен мүгедек. Бекер әуреленген жоқпыз, бала сауықты. Қазір ол 24 жаста, білім алды, жұмыс істейді. Ақырындап ақша жинай бастадық. Бірақ банктердегі ипотекалық несие пайызы біз үшін ауыр соқты. Жаңа ипотекалық бағдарламаны ("7-20-25") естіген кезде оның бекітілуін күттік. Жазда оны қабылдады. Ипотека беретін банкке бардық, лайықты пәтер таптық, қажетті құжаттар жинадық. Бірнеше жыл жинаған ақшамыз бастапқы 20 пайызға жетті, - дейді Әлия Мәкішева.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі мамандармен және банк менеджерлерімен кеңескен соң Мәкішевтер "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотека рәсімдеуді ұйғарған. Қазір отбасы өз пәтерінде тұрады, ипотека үшін алған несиені қайтару үшін ай сайын 209 мың теңге төлейді.

Мәкішевтер – жаңа ипотекалық бағдарлама талаптарына сай келіп, пәтер алған 1877 қазақстандық отбасының ("Баспана" акционерлік қоғамының 2018 жылғы 26 қыркүйектегі дерегі) бірі.

КҮМӘН БАР

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасына қатысқысы келетін қазақстандықтар саны күн санап артып келе жатқанына қарамастан, баспанасы жоқ кейбір адамдар ипотекалық жобаның шартына күмәнмен қарайды.

Азаттықпен әңгімелескен Елдар (фамилиясын атамауды және суретке түсірмеуді сұрады – ред.) сегіз жылға жуық уақыт бұрын Астанаға отбасымен көшіп келген. Содан бері Елдардың отбасы пәтер жалдап тұрады. Өз айтуынша, отбасының табысы жетпегендіктен және шарты қолайлы ипотека жобасы да болмағандықтан ипотекалық несиеге ешқашанда қатыспаған. Елдар жаңа "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасына да күмәнмен қарайды.

- Неліктен бұл бағдарламамен жаңа және дайын үйді алу керек? Құрылыстың бастапқы сатысына қаржы сала алмаған жандарға салынған үйлердің қалған-құтқаны – қолайсыз қабаттар, квадратура тиеді. Бұл үйлердегі пәтер бағасы да құрылысқа үлес ақша салғандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Екіншіден, ипотека төлей отырып, пәтер жалдауға екінің бірінің мүмкіндігі жетпейді. Неліктен бағдарламаға пайдалануда болған тұрғын үй нарығын қосуға болмайды, онда таңдау көп және бағасы да арзанырақ, - дейді Елдар.

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша жәрмеңке. Астана, 22 қыркүйек 2018 жыл.
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша жәрмеңке. Астана, 22 қыркүйек 2018 жыл.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман, Астанадағы риелторлық компаниялардың бірінің өкілі Әсем Идришева Азаттыққа берген сұхбатында клиенттері арасында "7-20-25" бағдарламасына назар аударатындар саны аз екенін айтты, оның ойынша бағдарлама толықтыруды қажет етеді.

- Біріншіден, пәтер сатып алғысы келетіндердің бәрі бірдей кірісін ресми түрде дәлелдей алмайды. Өзін-өзі қамтамасыз ететіндер тізімнен шығады. Екіншіден, жылжымайтын мүлік нарығында бұл бағдарлама бойынша сатып алуға болатын жаңа пәтерлер саны аз. Үй берілген кезде, 85-95 пайызы сатылып қойған болып шығады. Пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алғысы келетіндер көп емес, ипотекамен алуға әркімнің шамасы келе бермейді. Менің ойымша, бағдарламаны кеңейтіп, толықтыру керек, тым болмағанда пайдалануда болған тұрғын үйлерді қосу керек. Сонда клиенттер таңдау жасай алады. Бірақ олай бола қоймас. Бағдарламаны қабылдаудағы бір себеп – пайдалануда болған тұрғын үй нарығын емес, құрылыс саласын қолдау болса керек. Бастапқы жарнаны да азайтса болар еді. Бағдарламаға түзетулер енгізбесе, тиімді болмайды, - дейді жылжымайтын мүлік жөніндегі маман.

"7-20-25" ИПОТЕКАСЫ КІМДЕРГЕ ТИІМДІ?

Бағдарламаға түзетулер енгізіп, қолжетімділігін арттыру керектігіне бағдарлама операторы – "Баспана" ипотекалық ұйымы жасап жатқан қадамдар да дәлел болады. Ұйымның бас маманы Шолпан Бигелдиеваның Азаттыққа айтуынша, Шымкентте "7-20-25" қосалқы бағдарламалары – "Жас арман" және "Қамқор баспана" пилоттық жобалары іске қосылған, ол жас отбасылар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне арналған.

"Баспана" ипотекалық ұйымының бас маманы Шолпан Бигелдиева тұрғындарға кеңес беріп отыр. Астана, 22 қыркүйек 2018 жыл.
"Баспана" ипотекалық ұйымының бас маманы Шолпан Бигелдиева тұрғындарға кеңес беріп отыр. Астана, 22 қыркүйек 2018 жыл.

- "Баспана" ұйымы мен қала әкімдігі арасында қыркүйектің 3-і күні тиісті меморандумге қол қойылды. Ол бойынша, Шымкент әкімдігі қайтарылатын бірінші жарнаға биыл 500 миллион теңге құйды, келер жылы бір жарым миллиард теңге субсидия бөлмек, - деді "Баспана" өкілі.

"7-20-25" бағдарламасы бойынша пәтерлер саны аз ғой" деген Азаттықтың сауалына жауап берген Шолпан Бигелдиева жаңа ипотекалық бағдарламаның мерзімі шектелмегенін, алдағы уақытта ипотекаға берілетін пәтер саны жеткілікті болатынын айтты:

- "7-20-25" мерзімі көрсетілмеген, бүгін-ертең жабылмайды. Ол енді басталды, тұрғын үйлер салынып жатыр, алдағы жылы ипотекалық бағдарламамен берілетін пәтер саны көбейеді. Салушылар оған қызығушылық танытып отыр. Оларға пайда керек, біз экономикамыз дамыса дейміз, ал тұрғындарға баспана керек.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Жан Рыспаев Азаттық тілшісіне "7-20-25" ипотекалық бағдарламасынан шағын құрылыс компаниялары пайда көретінін айтты:

- Бағдарлама нысанды пайдалануға бергенге дейін пәтерлерді сата алмаған шағын құрылыс компанияларына көмектеседі. Олардың дәурені жүреді. Әр құрылыс компаниясы "7-20-25" бағдарламасына қатыса алады, "Баспана" мен банкке алдын ала мақұлдауға өтініш бере алады. Құрылыс нарығының ірі ойыншылары құрылыстың бастапқы сатысында-ақ пәтерлердің негізгі бөлігін сатып тастайды, ал шағын компаниялар "7-20-25" арқылы, яғни, тұрғын үйді пайдалануға берген соң сатуға мүмкіндігі артады, - дейді Рыспаев.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Жан Рыспаев. Астана, 22 қыркүйек 2018 жыл.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Жан Рыспаев. Астана, 22 қыркүйек 2018 жыл.

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасын Қазақстан 2018 жылдың 19 маусымында бекітті. Бағдарлама атауында оның басты шарттары көрсетілген: несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 7 пайызға төмендетілді, бастапқы жарна – 20 пайыз, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін. Бағдарламаны әзірлеушілердің айтуынша, осындай жарты ғасырға созылатын ұзақ мерзімде ай сайын төлем жасап, отбасылық бюджетке түсетін салмақты азайтуға болады.

Қыркүйектің 24-і күні "Баспана" ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі ұйым жетекшісі Қайрат Алтынбековтың атынан қазақстандықтарға арнап бес кеңес жазылған ақпарат таратты. "Баспана" басшысы мұқтаж азаматтарға табандылық танытып, тұрғын үй іздеуге салмақты қарауды ұсынады, "7-20-25" ипотекасы туралы ақпараттың бәрін тексеріп, үй салушылармен саудаласудан ұялмаңыз дейді.

Алтынбековтің айтуынша, "азаматтардың көбі "7-20-25" тек 25 жылға беріледі деп ойлайды. "Олай емес, 25 жыл – несиенің ең ұзақ мерзімі. Ал қысқа мерзімі шектелмеген. Ипотеканы 1 жылға, 5 немесе 10 жылға алсаңыз да болады. Уақытын тек өзіңіз анықтайсыз" дейді ол. Қаржылық мүмкіндігі жетіп тұрса, несиені мерзімінен ерте төлеп тастауға да болады.

Қыркүйектің 26-сына дейін "7-20-25" бағдарламасына 2805 қазақстандық өтініш білдірген, соның 1877-сіне 35 миллиард теңгеден астам сомаға несие берілген. Бағдарлама шарты туралы адамдар көбірек білуі үшін "Баспана" үй салушылармен және банктермен бірге тұрғын үй жәрмеңкесін өткізе бастады, бірінші акция өткен демалыста Астанада өтті.

Қазіргі кезде "7-20-25" бойынша ипотекалық несиені ЦентрКредит банкі, АТФ Банк, Цесна Банк, RBK Bank пен Евразия банкі береді. Halyk Bank өткен аптадан бастап өтініштер қабылдай бастады, қыркүйектің 25-і күні Forte банк та өтініш қабылдауды бастады, Тұрғын үй құрылыс банкі бағдарламаға қазан айынан бастап қосылады.

ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

finprom.kz сараптамалық порталының зерттеуі бойынша, қазақстандықтар тұрғын үй тапшылығынан жапа шегуі мүмкін. "Тұрғын үй құрылысының қарқыны азайып кетті, жарты жылдың қорытындысы бойынша +5 пайыздан аз, бір жыл бұрын ол көрсеткіш +11 пайыз еді. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда небәрі 5,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген", - дейді зерттеушілер.

Астанадағы құрылысы бітпей қалған тұрғын үй кешендерінің бірі.
Астанадағы құрылысы бітпей қалған тұрғын үй кешендерінің бірі.

finprom.kz сайтының ​дерегі бойынша, 2017 жылы бір қазақстандыққа 21,6 шаршы метрден келген. БҰҰ стандартына сәйкес, тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі әр адамға 30 шарты метрден болуы керек. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бұндай көрсеткішке 2035 жылға дейін жетпейді.

Оған қоса, бір қазақстандыққа жылына бір шаршы метр, яғни, 18 миллион адамға жыл сайын 18 миллион шаршы метр құрылыс салынуы керек. Ресми деректер бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 11 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған.

Қазақстандықтар үшін тұрғын үй мәселесі әлі де ең өзекті мәселе болып отыр. Ranking.kz сараптамалық қызметінің бағалауынша, 2017 жылы 2,5 миллион қазақстандық тұрғын үйге мұқтаж болған, бұл елдегі барлық халықтың 14 пайызын құрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG