Accessibility links

Соғыс жайлы бір ауыз сөз айтылмаған концерт. Оралда ресейлік мерекені қалай атап өтті?


Ресей халықтары бірлігі күніне арналған Оралдағы концертке «Берегиня» украин хоры да қатысты. 3 қазан 2022 жыл.
Ресей халықтары бірлігі күніне арналған Оралдағы концертке «Берегиня» украин хоры да қатысты. 3 қазан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс жалғасып жатқан тұста Ресей халықтар бірлігі мерекесін тойлап жатыр. Бұл мереке әскери даңқ күнімен де тұспа-тұс келеді. Әскери даңқ күні 17-ғасырда Мәскеуден поляк әскерін шығарған оқиғамен байланыстыратын, бірақ қазір бұл атаулы күнде Ресей бүкіл әскери жеңісін еске алады. Мәскеудегі Қызыл алаңда Екінші дүниежүзілік соғыстағы қорғаныс жайлы көрме өтсе, басқа да көрме орталықтарында патриоттық фестиваль, мектептерде ашық сабақ болды. Бұл мереке Қазақстанның Ресеймен шекаралас қаласында да тойланды.

СОҒЫС ТУРАЛЫ БІРАУЫЗ СӨЗ АЙТЫЛМАДЫ

Фойеде әскери оркестр. Музыканттар "Халықтар достығы – елдің дамуының негізі" деген жазуы бар плакаттың жанында музыка ойнап отыр. Залға кіреберісте казак формасындағы еркектер мен ұлттық киімдегі әйелдер тұр. Оралдағы Островский атындағы драма театр ресейлік мерекеге арналған тегін концертке келгендерді осылай қарсы алды. Бұл театр – мемлекеттік мекеме әрі бюджеттен қаржыландырылады.

Оралдағы драма театрдың фойесіндегі әскери оркестр.
Оралдағы драма театрдың фойесіндегі әскери оркестр.

Залға жиналғандардың көбі – зейнеткерлер. Сахнада да залда тұрған халықтар достығы жайлы лозунг ілулі. Залдан Ресей үйі мен Қазақстан халқы ассамблеясының символикасы да бар. Ресей үйі – "Россотрудничествоға" қарайтын орыс тілі мен орыс мәдениетін шетелге таратуымен айналысатын "жұмсақ күштің" бірі. Ал Қазақстанның ассамблеясы – президент жанындағы кеңесші орган. Бұл ұйым елдегі ұлтаралық қақтығыстар кезінде және ресейлік саясаткерлердің Қазақстанның жеріне қатысты қатқыл мәлімдемелері кезінде көбіне үнсіз қалады.

Кеш жүргізушісі концерт тақырыбы "Ресей халықтарының бірлігі күні" деп атады. Атырау облысынан да шығармашылық топ келген бұл концерттің демеушісі – Ресей консулдығы. Ал концертті Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған.

"Келісім мен мәмілені көздейтін бүгінгі күн – тамаша мереке, бұл күн барлығымызды біріктіреді" деді ассамблеяның Батыс Қазақстан облысындағы бөлімі басшысының орынбасары, "Вайнах" шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данильбек Саратов.

Қазақстан халқы ассамблеясы БҚО бөлімшесі басшысының орынбасары Данильбек Саратов (сол жақта), Ресей вице-консулы Хаджимурат Атмурзаев (оң жақта екінші) концертте. Орал, 3 қараша 2022 жыл.
Қазақстан халқы ассамблеясы БҚО бөлімшесі басшысының орынбасары Данильбек Саратов (сол жақта), Ресей вице-консулы Хаджимурат Атмурзаев (оң жақта екінші) концертте. Орал, 3 қараша 2022 жыл.

"Достық пен тату-тәтті көрші – негізгі мәселелер. Біздің достығымыз түрлі пиғылдар мен кедергілерге қарамастан жыл сайын кеңейіп, дамып, тереңдей түскенін қалаймыз. Біз қазақстандықтарды жанымыздағы жақсы досымыз әрі көршіміз деп білеміз" деді сахнаға шыққан Ресейдің вице-консулы Хаджимурат Атмурзаев.

Консул кім кедергі келтіріп жатқанын ашық айтпады. Ресейдің одақтасы саналатын Астана Мәскеудің интеграциялық бастамаларын қолдайды және Қазақстан – Ресейдің ықпалы мол ҰҚШҰ әскери альянсына мүше. Қазақстан билігі Мәскеудің Украинаға басқыншылығын ашық айыптаған жоқ, бірақ Украинаның аннекцияланған аймақтарын Ресейдің территориясы деп мойындамайды.

Ақорданың сыртқы саясатқа қатысты батыл мәлімдемелерінен соң ресейлік пропагандистер Қазақстанды "сатқын" деп айыптады да. Мәскеулік кейбір саясаткерлер келесі "денацификацияны" Қазақстанда жүргізуге де шақырды. Астана бұл "шабуылға" ешқандай реакция танытпады, бірақ зерттеушілер кейінгі уақытта Қазақстан Мәскеуден алшақтай түскенін айтады.

Оралдағы концертте ән де айтылды, би де биленді. Орыс халық дуэті, казак әндері ансамблі өнер көрсетті. Украиндық "Берегиня" хоры сахнаға украин ұлттық киімінде шығып, украин тілінде ән орындады, кейін орыс және украин тілінде достық пен бейбітшілік туралы әнді айтты.

Оралдағы концертте казак хоры да өнер көрсетті.
Оралдағы концертте казак хоры да өнер көрсетті.

Театрдағы шара кезінде тоғыз айдан бері жалғасып жатқан әрі мыңдаған адамның өмірін қиған Украинадағы соғыс жайлы бір ауыз сөз айтылмады.

ҚАРСЫЛАР МЕН ЖАҚТАУШЫЛАР

Концерттен бірнеше күн бұрын оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров Facebook парақшасында бұл шараға қарсы екенін жазды. Оның постының астына ондаған адам пікір жазып, шараға қарсылық білдірді.

"Орал Ресей мерекесін тойлайтын Ресейдің губерниясы ма? Бұл не бассыздық?" деп қарсылығын білдірді пікір жазғандардың бірі.

— Қазақстанда мұндай пропагандалық шара ұйымдастыру арқылы қазіргі Еуропадағы ең қорқынышты және агрессиялы соғысты бастаған Ресей пропагандасының диірменіне су құямыз, — дейді Ахмедияров Азаттық тілшісіне.

Ахмедияровтың постын концерт кезінде Данильбек Саратов мінеп өтті. Ол журналистің атын атамаса да, бұл шараға біреу "ашуланып жатыр" деді.

"Бәріміз желіде, интернетте отырамыз, кейбір аля-патриоттар осындай шараларға қарсы шығып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Мұндай адамдар – өз еліндегі халық немен тыныстап, қандай қоғамда өмір сүріп жатқанын білмейтіндер" дейді Саратов.

Орыс әнін айтқан дуэт.
Орыс әнін айтқан дуэт.

Ал Қазақстан халқы ассамблеясы ресейлік мерекені Қазақстанда тойлаудың артықтығы жоқ деген пікірде.

— Бұл – біздің достық мерекеміз. Халықтар бірлігі мерекесі, ресейлік мереке. Біз бұл ресейлік мереке деп емес, достық мерекесі деп санаймыз. Қазақстан мен Ресей – мәңгі достар, мәңгі көрші елдер. Ресейдің бес облысымен шекараласпыз, — деді ассамблеяның Батыс Қазақстан облысындағы бөлімшесінің жетекшісі Медхат Камбетов.

Бұл концертте облыс әкімдігінің шенеуніктері де отырды.

Оралдағы концертке жиналған жұрт.
Оралдағы концертке жиналған жұрт.

4 ҚАРАШАДА ҚАНДАЙ МЕРЕКЕ?

4 қарашада Ресей идеологиялық мерекені тойлайды. Бұл – бірлік күні әрі әскери даңқ күні. Иван Грозныйдың өлімінен кейін басталған бүліктен соң 1612 жылы поляк әскері Мәскеуден шығарылған еді. Ресей әскери даңқ күнін 2005 жылдан бері атап өтеді. Бұл мереке 1917 жылы Қазан төңкерісіне арналған салтанатты шараны алмастырды, себебі Совет одағы құлаған соң постсоветтік елдердің кейбірінде Қазаң төңкерісіне деген қарама-қайшы пікірлер айтыла бастаған еді.

"Орыс маршына" қатысушылар. Мәскеу. 4 қараша 2014 жыл.
"Орыс маршына" қатысушылар. Мәскеу. 4 қараша 2014 жыл.

Ресейде 4 қарашадағы мереке құрметіне "орыс маршы", "Ресей орыстар үшін" деген шерулер ұйымдастырылады. Былтыр 4 қарашада Ресей президенті Владимир Путин аннексияланған Қырымға барып, "біздің еліміз тарихи бірлікке қол жеткізді. Бұл үзілмейтін байланыс Қырымда, Севастопольде сезіледі. Қырым енді Ресеймен мәңгі бірге, себебі бұл адамдардың қалауы, халқымыздың қалауы" деген еді.

Биыл Ресей Украинаның төрт аймағының біраз бөлігін аннексиялап алды. Ал Путин Украинадағы соғыс басталғалы Ресей "батыспен соғысып жатыр" деумен келеді.

Ресей президенті Владимир Путин Қырымда. 4 қараша 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Қырымда. 4 қараша 2021 жыл.

Ресей биыл Халықтар бірлігі күнін дүркіретіп тойламақ. Мәскеудегі көрме орталығында патриоттық фестиваль өтпек, ал Қызыл алаңда Мәскеудің Екінші дүниежүзілік соғыстағы қорғанысы жайлы интерактивті көрме болмақ. Мектептерде арнайы ашық сабақтар ұйымдастырылды. Зерттеушілер мен белсенділер шаралар кезінде Ресейдің "Киевтегі нацистік режимге" қарсы тұруға жіберілген күштер мен қарулар жайлы айтылуы мүмкін деп санайды. Сарапшылар Украинадағы соғысқа аз ұлттардан көп жіберіліп жатқаны жайлы айтыла қоймас деп топшылайды.

— Қазақстанда нені пропаганда жасауға жол ашып жатырмыз? Ресейдің қандай әскери күші? Шындығына келгенде Ресейдің Украинаға әскери агрессиясы жайлы айтуымыз керек. Ресей өз аумағын агрессия жолымен кеңейтетін елге айналды, — дейді Лұқпан Ахмедияров 3 қарашада өткен концерт жайлы.

Ал шараны ұйымдастырушылар концерт өте маңызды деп есептейді. Қазақстан халқы ассамблеясы Азаттыққа жауабында Ресейдің халықтарының бірлігі күні Оралда бес жылдан бері тойланып жатқанын жеткізді.

Лұқпан Ахмедияров бұрын бұл мерекенің Оралда аталып өткенін естімегенін айтады. Бірақ Ресей Украина соғыс ашқан соң мұндай мерекені тойлау қорлау деп санайды.

— Бұған дейін Ресей пропагандасының көп ісіне мән бермедік, себебі аса маңызды емес еді. Ал қазір соғыс барлығын қайта ойлануға мәжбүрлеп жатыр, — дейді журналист.

XS
SM
MD
LG