Accessibility links

Жамбыл кентіндегі жер дауы


Жамбыл кенті маңындағы тікенек сыммен қоршалған жер. Батыс Қазақстан облысы, ақпан 2018 жыл.
Жамбыл кенті маңындағы тікенек сыммен қоршалған жер. Батыс Қазақстан облысы, ақпан 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы Жамбыл кентінің тұрғындары бірнеше шаруа қожалығына жалға берген жерлерін қайтарып алуға тырысып жүр. Сот сергелдеңі 2005 жылы басталған, бірақ тұрғындар жерге қатысты құқығын әлі күнге дәлелдей алмаған. Аудан шенеуніктері бұл істе заң бұзылмаған деп санайды, ал заңгер мұны прокуратура тексеруі тиіс деп санайды.

120 шақты үйі бар Жамбыл деген шағын кент Орал қаласынан 12 километр жерде орналасқан. Кент Совет Одағы кезінде "Орал" совхозы болған Мичурин ауылдық округіне қарайды.

1990 жылдары жүргізілген жекешелендіруде бұрынғы совхоз территориясында тұрған немесе жұмыс істеген әр тұрғынға 5,4 гектар көлемінде шартты жер үлесі берілген. Тұрғындардың жер үлестерін шаруа қожалықтары жалға алып, егістіктен түскен өніммен есеп айырысып келген. Жұрт жер құқығынан айырылып қалғанын 2000 жылдардың ортасында естіген, бірақ үлестерінен дәл қалай айырылғандарын әлі түсіне алмай дал.

ӘКІМДІК АРЫЗДЫ ҚАБЫЛДАМАЙ ҚОЙДЫ

2004 жылы "Уланова" шаруа қожалығы басшысы Елена Уланова мен Жамбыл кенті тұрғындары коммандитті серіктестік (сенім тұрғысында құрылған серіктестік - Азаттық) құруды ұйғарып, оған ауыл адамдары жер үлестерімен кірмек болған.

Шаруа серіктестігінің басшысы Елена Уланова. Батыс Қазақстан облысы, ақпан 2018 жыл.
Шаруа серіктестігінің басшысы Елена Уланова. Батыс Қазақстан облысы, ақпан 2018 жыл.

- Біз шаруа қожалығымызға жақын маңдағы Жамбыл және Октябрь кенті тұсынан бір мың гектар жер алғымыз келді. Коммандитті серіктестікке әуелі өзіміз жақсы білетін, біздің қожалықта жұмыс істеген тұрғындар кіргісі келді. Бірақ түптеп келгенде, серіктестікке кіргісі келетіндер әлдеқайда көп болып шықты, - дейді Елена Уланова.

Жер телімдерін сұрап, өтініш беруге болатын мерзім 2005 жылғы 1 қаңтарда біткен. Уланованың сөзінше, олар өтінішті уақытында беріп үлгерген. "Елена және "Цветущие сады“ компаниясы" коммандитті серіктестігі БҚО әділет департаментінде 2004 жылғы желтоқсанның 28-і күні тіркелген, ал 31 желтоқсанда серіктестік мүшелері шартты жер үлестері есебінен жер телімін беруді сұрап, Зеленов ауданы әкімдігіне арыз берген. Құжаттарға қарағанда, құрылтайшылық келісім-шартқа 414 адам қол қойған.

Бірақ әкімдік "арызды 2005 жылғы 1 қаңтардан кейін, яғни өтініш қабылданатын соңғы күні бердіңдер" деген уәжбен жер беруден бас тартқан. Елена Уланова сотқа жүгініп, әкімдік шешімінің күшін жойдыртқан.

- Қисынға сүйенсек, сот шешімнің күшін жойғандықтан, әкімдік арызды қайта қарауы тиіс қой, бірақ олар әлгі арызды қарамай қойды. Ақыры бізге әлгі жерлер [өзге шаруа қожалықтарына] өтіп кетті, олардың қолында мемлекеттік актілері бар деп мәлімдей бастады, - деп еске алады Елена Уланова.

БҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты шешімінде "қалыптасқан жағдайға байланысты, шартты жер үлестері иелерінің басым көпшілігі жер телімін алу құқығын 1998-2001 жылдары құрылған "Диметра", "Марат", "Бекқожиев", "Есенғалиева" шаруа қожалықтарына, "Шовда", "Строитель" өндірістік кооперативтеріне, "Артстрой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдалануына берген" деп жазылған.

Сергей Юрченко, Жамбыл ауылының тұрғыны. Батыс Қазақстан облысы, ақпан 2018 жыл.
Сергей Юрченко, Жамбыл ауылының тұрғыны. Батыс Қазақстан облысы, ақпан 2018 жыл.

Бірақ кей тұрғындар жерлерін жеке меншікке бермегенін мәлімдеп, кейбір құжаттар бұрмалануы мүмкін деп топшылайды.

- Мен сотта талай сөйлеген болатынмын, сол кезде күлкім келген, - деп еске алады Жамбыл ауылының тұрғыны Сергей Юрченко. – Жер үлестерін жалға берген 20-дан аса адамның тізімі болған әрі [құжаттарда] дәл кімге бергені жазылған. Аяқ асты құжаттардан "жалға беру" деген әлгі сөз жоғалып кетті, оны өшіріп тастаған, оның орнына "ақысыз" деген сөз пайда болды. Мен оларға өшіріп тастағандарыңыз әр құжаттан көрініп тұр ғой, сараптама неге жүргізбейсіздер дедім. Прокуратура да, сот та ләм-мим демейді, - дейді Юрченко.

ӘКІМДІК ПЕН ПРОКУРАТУРА: БӘРІ ЗАҢДЫ

Жамбыл ауылы тұрғындарының жер үлестеріне қатысты жағдайын Зеленов ауданы әкімдігі өкілдері біледі. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Қайрат Төлегеновтің сөзінше, әкімдік заң талаптарына және сот шығарған шешімге сәйкес әрекет етіп отыр.

- Бұл мәселе 2005 жылдан бері қозғалып келеді, оны жоғарғы сот та қараған, сот шешімі де бар, бірнеше рет тексеру жүргізілген, бәрі заңды, - дейді Төлегенов. – [Азаматтар өздерінің пайларын] 2005 жылға дейін заңдастыруы тиіс болған, бірақ олар құқығынан әлдеқашан айырылып қалған.

Ал Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы Елена Улановаға 2016 жылы жолдаған жауабында "Зеленов ауданы әкімдігінің әрекетінен ешқандай заң бұзушылық таппадық" деп мәлімдеген. Батыс Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарушы Т.Найманов Улановаға: "Жер телімдері ("Диметра", "Марат", "Бекқожиев", "Есенғалиева" шаруа қожалықтарына, "Шовда", "Строитель" өндірістік кооперативтеріне, "Артстрой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне – Азаттық) заңды түрде берілгенін Батыс Қазақстан облысы территориялық жер ресурстарын басқару басқармасы мамандары 18.05.2007 жылы жүргізген тексеру актісі растайды" деп жазған.

ҚАЗАҚСТАНДА ШАРТТЫ ЖЕР ҮЛЕСІНЕН АЙЫРЫЛҒАНДАР КӨП

Жамбыл кентіндегі жер дауын белгілі қазақстандық заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек те зерттеп көріпті. Оның пікірінше, Қазақстанда мұндай оқиғалар көп кездеседі

- Жерге қатысты заңдардың осалдығына, яғни жалға берілетін жер телімдерінің шекті мөлшерін белгілеу ережелері мен жер сату механизмдеріндегі олқылықтарға байланысты 1990 жылдардың аяғы – 2000 жылдардың басында ірі жер иеленушілер - латифундистер проблемасы ушыққан болатын. Заңның кем-кетігі кесірінен орасан зор жер телімдерін жеке азаматтар мен заңды тұлғалар иеленіп алған, - дейді ол.

Ал Жамбыл кенті тұрғындарының жер мәселесіне қатысты заңгер облыстық және аудан прокуроры даулы жер мәселесінің материалдарын көтеріп, аудандық жер қатынастары бөлімі мен "Жер шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы" (жұрт "НПЦ-зем" деп атайды - Азаттық) департаменті жұмысын тексеруі тиіс деп санайды.

- Егер тексеру шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен тұтыну кооперативтеріне жер телімдері шынымен процедуралық нормалар мен жер заңдары талаптарын бұзу арқылы берілгені анықталса, онда, меніңше, тексеруге мүмкіндік туады әрі бұл қылмыс құрамы бар әрекет болып шығады. Сол кезде қызметтік өкілетін асыру, қызмет бабын теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау қажет. Егер сотқа арыздану мерзімі өтіп кетпеген болса, бұл жаңадан ашылған жайттар бойынша іс қозғауға негіз болады әрі шартты жер үлестері иелері әлгі шешімдерге қатысты сотқа шағымданып, шартты жер үлестеріне құқығын қалпына келтіре алады, - дейді Бақытжан Базарбек.

XS
SM
MD
LG