Accessibility links

"Геосаяси қауіпке реакция". Валюта нарығындағы толқу және ойыншылар қаупі


Ұлттық валютаға сенімі сарқылған жұрт жаппай доллар сатып ала бастады.
Ұлттық валютаға сенімі сарқылған жұрт жаппай доллар сатып ала бастады.

9 наурызда қор нарығының сарапшылары теңгенің долларға шаққандағы бағамы 700:1 болады деп болжап, ұлттық валюта одан сайын құлдырайды деп күтті. Нарық валюта саудасын жіті бақылап отырды, бірақ жұрт болжағандай қатты өзгеріс болған жоқ. Тек Ұлттық банк франкфурт аукционын өткізгеннен кейін ғана доллар бағамы 510 теңге төңірегіне тұрақтады. Қаржы реттеушінің саудаға қатысу үлесі – 94,4 пайыз, валюта интервенциясының көлемі 198,9 миллион доллар болды. Бұл нені білдіреді және ары қарай не болмақ?

ҰЛТТЫҚ БАНК ПОЗИЦИЯСЫ – ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҒУ

Экономистер пікірінше, қазір Қазақстанның валюта нарығы қиын жағдайда деуге әбден негіз бар. Ресейге тәуелді болу Қазақстан экономикасына жарылғыш іспетті әсер етті: ұлттық валютаға сенімі сарқылған жұрт жаппай доллар сатып ала бастады. Билік теңгеге төнген қауіп-қатерге жауап ретінде шетел валютасын биржада үйреншікті әдіспен сатып алу мүмкіндігін шектеп, франкфурт аукционын бастады.

– Франкфурт аукционы кезінде қазақстандық компаниялар маған 10 доллар не миллион доллар керек деп өтініш береді. Ұлттық банк бұл өтініштерді қарап, бүгін доллар сатып алып, ертең үстіне ақша қосып қайта сатқысы келетін спекулянттарды алып тастайды. Қаржы реттеуші өтініштерді саралап, қанша доллар сататынын анықтайды. Орташа бағам осылай қалыптасады, – дейді қаржы бойынша кеңесші Расул Рысмамбетов.

Рысмамбетов мұны "төтенше әдіс" деп атайды:

– Сауданы осы әдіс бойынша жүргізеді, өйткені адамдар үрейге салынып, өзіне қажет болмаса да доллар сатып ала бастауы мүмкін деген қауіп бар. Қазақстандық ойыншылар осылай жасайды. Ресейлік ойыншылар да "рубль – теңге – доллар" транзитін жүзеге асыруға тырысады. Қазақстан экономикасы шағын. Ресейліктердің әрқайсы бір доллардан сатып алған күннің өзінде сұранысты қанағаттандыра алмай қаламыз. Оларда бәрі жабық болғандықтан, заңды тұлғалар Қазақстандағы делдалы арқылы доллар сатып алуы мүмкін. Қазір ресейліктер нарығымызды тақыр-таза қылмас үшін шектеулер енгізіп жатырмыз.

9 наурыздағы саудаға KASE-нің 13 мүшесі (банктер мен брокерлік ұйымдар) қатысқан. 198,9 миллион доллар сатқан Ұлттық банк басты ойыншы болды. Барлығы 210,7 миллион доллар сатылған, Ұлттық банктің үлесі – 94,4 пайыз. Ұлттық банк теңге одан әрі құнсызданбауы үшін интервенция жүргізіп жатыр.

Ұлттық банк теңгені қолдау жайлы шешімін бірден қабылдамаған: әуелде таңға белгіленген сатылымдар кейін сағат 15:00-ге ауысқан. DAMU Capital Management компаниясының бас директоры, экономист Мұрат Қастаев қаржы саудасы уақытының өзгеру себебін былай түсіндіреді:

– Басты себебі – Мәскеу биржасының қалай ашылатынын көру болды. Ресейде доллар өсіп, рубль әлсіреп жатыр, бірақ валюта көп адам күткендей қатты құнсызданған жоқ.

Расул Рысмамбетов Қазақстан Ресейге салынған санкциялардың ел экономикасына қаншалық әсер ететінін білмейді, сондықтан әліптің артын бағып, күтіп отыр деп есептейді.

– Ең ірі сауда әріптесіміз Ресей рубльдің долларға шаққандағы құнын анықтай алмай отыр. Мәскеу Совет одағындағы саясатқа ұқсас шектеуі көп арнаулы валюта режимін енгізді. Біздің монетарлы билік пен экономикалық блок Ресейдегі жағдай қалай өзгеретінін білмейді, ресейліктер санкциялардың ең ауыр салдарын әлі көрген жоқ. Ресей үкіметі әзірге санкциялардан келетін шығынды есептеп жатыр, сондықтан экономиканы қандай соққы күтіп тұрғаны түсініксіз. Бұл жағдайдың бізге қалай әсер ететіні тағы белгісіз. Қазақстан мен Ресей арасында рубльмен жасалған келісімдер бар, оларға қандай бағам қолданылатынын білмейміз. Қазір олар рубль бағамын белгіледі, бірақ ол әр сағат сайын өзгеріп жатыр. Түсініксіз жағдай. Рубль есеп айырысатын валюта болудан қалды. Оның құнын анықтау қиын, қазір әскери-саяси бағам орнаған. Рубль жинақ функциясын жоғалтып алды, теңге жинау да қиындап барады. Сауда балансы қалай қалыптасатыны, ресейлік тауарларды кімдер сатып алып, Ресей керек-жарағын қайдан импорттайтыны және рубль құны бір айдан кейін белгілі болады.

"Өмір сүру қиындай түседі". Теңге тағы құнсызданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00

"КӨПВЕКТОРЛЫ БАҒЫТҚА ОРАЛУ"

9 наурызда Қазақстан экономикасы омақасуы мүмкін еді. Статистика комитетінің дерегінше, 2021 жылы экспорттың 62,9 пайызы – отын-энергетика саласы тауарларына (мұнай мен газға) тиесілі болған. Ресми дерек бойынша, республикалық бюджеттің 44 пайызы мұнайдан түскен табыстан құралады.

– Батыс елдері Мәскеуден мұнай сатып алуды тоқтатса, Ресейге қарсы санкциялар бізге де жанама әсер етуі мүмкін деген негативті сценарий болған. Өйткені Қазақстан мұнайы Ресей құбырлары арқылы тасымалданып, солардың шикізатымен араласып кетеді. Мұнай сата алмасақ, экономика да күйрейді. 9 наурызда АҚШ қаржы министрлігі ресми түрде Қазақстан мұнайының негізгі бөлігін тасымалдайтын Каспий құбыры консорциумына санкциялар әсер етпейтінін мәлімдеді.

Консорциумның негізгі қатысушылары – ресейлік "Транснефть" (24 пайыз акция), Lukarco (12,5 пайыз), қазақстандық "ҚазМұнайГаз" (19 пайыз) және америкалық Chevron (15 пайыз) компаниялары. Тығыз экономикалық байланыстарды ескерсек, Қазақстанның шетелден алған тауарларының 40,8 пайызы Ресей арқылы жеткізіледі. Сондықтан Қазақстанға Ресейдегі экономикалық жағдайдан тыс қалу қиын. Соған қарамастан, қазақстандық экономистердің біразы билікті Мәскеуден іргесін аулақ салуға шақырып отыр.

Мұрат Қастаев Қазақстан Ресеймен экономикалық одақтан шығуы керек деп есептейді.

– Кейінгі жылдары Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан Ресейге жақындай түсті. Бұл қате шешім болғанын, негізгі сауда әріптесіміз іс-әрекетін болжап біле алмайтын агрессор екенін көріп отырмыз. Қазақстан экономикасы мен валютасын тұрақтандыру үшін Еуразия экономика одағынан шығып, тәуелсіз сауда, экономикалық саясат құруы керек. Мемлекеттің міндеті – шығын көлемін азайту. Қазақстан Еуразия экономика одағына (бұрынғы Кеден одағы) қосылу кезінде стратегиялық қателік жібергендіктен, санкциялардың салдарын мүлде сезінбеу мүмкін емес. Қысқа мерзімді перспективада бірнәрсе жасауға болар, бірақ Ресеймен одақтан шықпайынша, экономикамызды нығайтып, тұрақтандыра алмаймыз, – дейді ол.

Мұрат Қастаев Қазақстан көпвекторлы бағытқа оралып, өз экономикасын дамытса, теңге де, экономика да күшейеді деп есептейді.

– Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы елге қанша доллар келіп, қаншасы кетіп жатқанына байланысты. Тиісінше, экспортты дамытып, мықты валютамен, яғни доллармен табыс табу керек. Керісінше, доллар сыртқа кетпесі үшін импортты қысқартып, отандық өндірісті дамытып, шетелден келетін тауарлардың орнына жергілікті өнімді пайдалану қажет. Осы екі бағытта жұмыс істесек, ұлттық валютамызды ұзақ мерзімге тұрақтандыруға болады. Бірақ Ресеймен бір экономикалық кеңістікте отырып, мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Үкіметтің міндеті – бұрынғы көпвекторлы саясатқа оралу. Бұрын батыс елдерімен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да әлемдік күш орталықтарымен жақсы әрі тепе-тең қарым-қатынаста едік.

Қазақстан үкіметі ешқандай саяси мәлімдеме жасаған жоқ. Мемлекет бейтарап позиция ұстанады. Ұлттық банк батыл болжамдар жасамайды. 9 наурызда қаржы реттеуші баспасөз хабарламасын жариялап, валюта саудасын шектеу, базалық мөлшерлемені көтеру және оны 13,5 деңгейінде ұстау шарасын "геосаяси қауіптің артуына реакция" деп атады.

"Базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешімнің өз себебі бар. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі Ұлттық банктің геосаяси қауіпке және инфляциялық процестердің жеделдеуіне реакциясын көрсетеді. Ішкі және сыртқы макроэкономикалық ахуал нашарлаған жағдайда монетарлық шарттарды қатаңдату қолға алынады. Сыртқы секторда тұрлаусыздық басым. Ғаламдық экономика геосаяси қауіптің қысымына ұшырап отыр" деп жазды Ұлттық банк.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG