Accessibility links

 
Мамандығы – ветеринар, кәсібі – кондуктор. Білім грантымен оқып, басқа кәсіпті таңдауға не себеп?

Мамандығы – ветеринар, кәсібі – кондуктор. Білім грантымен оқып, басқа кәсіпті таңдауға не себеп?


Уақытша жұмысқа адам жалдауға келген кісімен сөйлесіп тұрған жұмыс іздеушілер. Архивтегі сурет.
Уақытша жұмысқа адам жалдауға келген кісімен сөйлесіп тұрған жұмыс іздеушілер. Архивтегі сурет.

Қазақстан биыл жоғары оқу орындарында бакалавр дәрежесін алуға 53 мыңнан астам студентке грант бөлді. Оның әрқайсысын төрт жыл оқытуға кемінде 1,6 миллион теңге жұмсалады. Есесіне дипломды кондуктор, жоғары білімді жұмысшы көбейді. Сарапшылар мамандықтардың оқу мерзімін қысқартып, маманға сұранысты анықтау механизмін түбірімен қайта қарау керек дейді.

"ТІГІНШІ МАМАНДЫҒЫН ТӨРТ ЖЫЛ ОҚЫТУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

25 жастағы Жанар Үсенова үш жыл бұрын Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (ТарМУ) бітірген. Төрт жыл конструктор-технолог мамандығына оқығанымен, ол салада мүлде жұмыс істемеген.

– Оқуға грант үшін түстім. Диплом алған соң жұмыспен қамту басқармасына барғанмын, бірақ мені балабақшаға іс жүргізуші етіп жіберді. Ол жақта дипломың болса жеткілікті екен, – дейді Жанар.

Диплом алған соң жұмыспен қамту басқармасына барғанмын, бірақ мені балабақшаға іс жүргізуші етіп жіберді.

"Бұл кәсіпті меңгеруге төрт жыл тым көп деп ойлаймын, бір жыл жеткілікті еді. Бір тақырыпты жыл сайын қайталап өттік. Мынау өткен жылғы материал ғой деп айтып жүретінбіз" дейді ол.

Жанардың грантта оқуына мемлекет 1 миллион 440 мың теңге жұмсаған.

Оның курсындағы 23 студенттің бәрі мемлекеттік грантпен оқыған. Бүгінде олардың кейбірі басқа салада жүр, кейбірі мектепте технология пәнінен сабақ береді, оның өзі оқыған мамандыққа сай емес дейді Жанар. Қазір ол Тараздағы орталықтардың бірінде менеджер болып жұмыс істейді.

Жанар Үсенованың тобы тәжірибеден өткен кәсіпорынның бірі – Тараздағы "Айвенго" тігін фабрикасы. Жетекшісі Любовь Попова отыз жылдан бері тігін саласында жұмыс істейді, қазір оның қарамағында отызға жуық тігінші бар. "Айвенго" оқу орындарымен келісіп, студенттерді еңбек тәжірибесінен өткізіп тұрады.

"Айвенго" тігін цехында конструктор-технолог жас маманға үйретіп тұр, Тараз қаласы, 8 қазан 2020 жыл.
"Айвенго" тігін цехында конструктор-технолог жас маманға үйретіп тұр, Тараз қаласы, 8 қазан 2020 жыл.

Любовь Попованың сөзінше, конструктор-технолог, модельер дайындайтын оқу бағдарламалары тым ұзақ.

– Жақсы базада дайындаса, конструктор-технолог болып шығуға екі жыл жеткілікті. Батыста жеңіл өнеркәсіптегі осындай мамандарды жоғары оқу орнында емес, көбіне кәсіби мектептерде оқытады, оған сұраныс та көп. Оқытатын мамандар практик болуы керек, ұзақ оқытқан тиімсіз, – дейді "Айвенго" тігін цехының иесі.

Жақсы базада дайындаса, конструктор-технолог болып шығуға екі жыл жеткілікті.

Екі жыл бұрынғы өзгеріс бойынша, жоғары оқу орны оқу бағдарламасын дайындауда Білім және ғылым министрлігінен дербестік алған. Енді әрбір білім беру мекемесі оқу бағдарламасын өзі құра алады. Дегенмен, олардың оқу мерзімін қысқартуға, мемлекеттік стандарттағы міндетті пәндерді алып тастауға қақысы жоқ.

– Мемлекеттік стандарт бойынша, студент төрт жыл оқып, әр семестр сайын 30 кредиттен (пәннің ауқымын білдіретін халықаралық өлшем бірлігі – ред.) алуы керек. Мемлекет анықтаған қазақ тілі, тарих, шет тілі тәрізді жалпы білім беру пәндері бар. Қандай жоғары оқу орны болса да, бұл пәндер оқытылуы тиіс. Ал кәсіби пән бойынша қалғанын өзіміз құрастырамыз, – дейді ТарМУ-дың академиялық саясат бойынша департамент директоры Алдаберген Мәлібеков.

Оның айтуынша, қазір студенттер нақты бір мамандықты емес, сол саланы толық қамтып оқиды:

– Бұрын нақты мамандық бар еді, қазір оны "дайындау бағыты" деп өзгертті. Нақты кәсіпті түлек жұмыс орнына барғанда таңдап алады. Мысалы, тек "конструктор-технолог" деу дұрыс емес, бұл ұлттық біліктілік жүйесі бойынша кәсіп атауы ғана. Ал жоғары оқу орнында тек кәсіпке емес, сол салаға оқытады. Яғни технологияны ғана емес, жобалауды, пішуді, өлшеуді – бәрін меңгереді. Бағдарламаның жұмыс берушімен ақылдаса отырып әзірлейміз. Мұнда өңірдегі жұмыс берушілердің талабы, түлектің жұмыс таба алу мүмкіндігі ескеріледі.

КОНДУКТОРҒА АЙНАЛҒАН ВЕТЕРИНАР

Тілектес Нұрсейіт Жамбыл облысы Рысқұлов ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжінің ветеринария факультетінде "ветеринар-фельдшер" мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқыған. Үш жыл, тоғыз ай оқып, 2017 жылы дипломын алған ол кейінгі үш жылда мамандығы бойынша мүлде жұмыс істемеген. "Жиырма бес студенттің ішінде он бестейі мамандығымен жұмыс істеп жатыр деп естідім. Бірақ мен ветеринардан гөрі жалақысы көбірек жұмыс таптым" дейді Тілектес.

Алматы көшесіндегі автобус. Көрнекі сурет.
Алматы көшесіндегі автобус. Көрнекі сурет.

Ол қазір Алматыдағы автовокзалда автобусқа жолаушы жинауды кәсіп етеді. Өзі мемлекеттік грантпен оқыған "ветеринар-фельдшер" мамандығына қайта оралғысы жоқ.

Халқының 60 пайыздайы ауылда тұратын Жамбыл облысында түлектердің бұл саладағы мамандық бойынша жұмыс істемеуіне жалақының аздығы, жұмыстың ауырлығы себеп.

Жалақысы жұмысына сай емес, сондықтан жастар көп келмейді.

– Ауылдарда жоғары білімді мал дәрігері аз. Олар қорада, малдың ортасында жүріп емдейді. Бірақ жалақысы жұмысына сай емес, сондықтан жастар көп келмейді. Қазір айлықты көтеру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.

Оның айтуынша, жас мамандарды алып қалу үшін олармен "студент кезінен байланыс орнату керек". Коронавирус пандемиясы болғандықтан, Жамбыл облысынан сыртқа барып оқып жатқан студенттер алысқа ұзамай, өз ауылында тәжірибеден өтуге ниетті. Жамбылдық студенттерге "орын тауып, жағдай жасамақпыз, кейін оқу бітірген соң оларды өзімізге жұмысқа шақырып, алып қалғымыз келеді" деген Ербол Жиенқұлов Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен осы бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.

Еңбек жәрмеңкесінде жұмыс берушімен сөйлесіп тұрған адамдар. Көрнекі сурет.
Еңбек жәрмеңкесінде жұмыс берушімен сөйлесіп тұрған адамдар. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысындағы әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының мәліметінше, 2019-2023 жылдар аралығында облысқа ветеринария саласы бойынша 87 маман керек. Облыстық білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, кейінгі үш жылда кәсіптік колледждерге бөлінген гранттар арасында ауыл шаруашылығы мамандықтарының үлесі – 14-17 пайыз.

Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға Жамбыл облысы бюджетінен де қаржы бөлінген. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, былтырғы оқу жылында облыстан бөлінген 30 шәкіртақының 15-і ауыл шаруашылығы саласына арналған, бірақ бірде-бір студент құжат тапсырмағандықтан, қаржы кері қайтарылған.

Жастардың "қажетсіз" мамандықты оқығысы келмейтінін биліктегілер де растайды.

"Былтыр ветеринария мамандығына бөлінген 200 гранттың 50-і игерілмей, мемлекетке қайтарылды" дейді Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

ГРАНТ БӨЛУДЕГІ СӘЙКЕССІЗДІК

Білім министрлігінің мамандары "грант бөлгендегі негізгі критерий – еңбек нарығындағы сұраныс" дейді.

Студент университетте оқитын төрт жыл ішінде нарық өзгереді, ол мамандық бойынша жұмыс табу қиындайды немесе кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін.

– Жыл сайын еңбек министрлігінен, басқа мекемелерден ақпарат аламыз. Әр аймақтың қажеттілігін де қарастырамыз. Әрбір әкімдік өңірге қандай, қанша маман керек екені туралы ақпарат жібереді. Соның бәрін зерттеп, орташа санын анықтай отырып, жыл сайын грант бөлеміз, – деді Білім және ғылым министрлігі өкілі Әділет Тойбаев.

Сарапшылар мемлекеттік білім грантын бөлу мен мамандыққа сұранысты анықтау арасында байланыстың нашар болуы кесірінен қажетсіз мамандықтарға грант бөлініп, ақша текке кетеді деп санайды.

– Білім гранттары аймақтардан келген сұраныс негізінде бөлінеді. Дегенмен аймақтағы жұмыстың қаншалық сапалы жүргізілетіні белгісіз. Өзгертпестен жыл сайынғы статистиканы қайта беруі де мүмкін, – дейді "Қазбілім" республикалық білім беру орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы.

Тігін цехында бұйымдардың пішімін өлшеп жатқан маман. Тараз, 8 қазан 2020 жыл.
Тігін цехында бұйымдардың пішімін өлшеп жатқан маман. Тараз, 8 қазан 2020 жыл.

Облыстағы білім гранттарының дұрыс бөлінуін қадағалайтын "Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Нәзима Жуандықованың айтуынша, кәсіпкерлерден сауалнама алу механизмі де дұрыс ойластырылмаған.

– Зерттеу жүргізгенде кәсіпкерлер сол уақытта өзіне қажет деген маман санын айтады. Студент университетте оқитын төрт жыл ішінде нарық өзгереді, ол мамандық бойынша жұмыс табу қиындайды немесе кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Әрі кәсіпкерлер ұсыныс айтқанымен, жас маманды жұмысқа алуға міндетті емес, – дейді ол.

Жамбыл облыстық білім басқармасының түсіндіруінше, жыл сайын аудан әкімдері мен басқармаларға, жергілікті ірі кәсіпорындарға ресми хат жіберіліп, соның негізінде еңбек нарығына қажет мамандықтар тізімі дайындалады.

"ТАУ-КЕН КОЛЛЕДЖІ ШАШТАРАЗ ДАЙЫНДАЙДЫ"

2018 жылы Жамбыл облысында жемқорлықпен күресті күшейту үшін өңірлік жемқорлықпен күрес департаментінің жанынан "Жамбыл – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі құрылған. Бұл мекеме биыл сәуір-мамыр аралығында аймақтағы білім гранттарының қаншалық тиімді бөлініп жатқаны, оқу орындарының маман дайындау сапасын тексерді.

Жобалық кеңсе жетекшісі Нәзима Жуандықованың айтуынша, оқу орындарында білім беруге дұрыс жағдай жасалмауы – басты мәселелердің бірі.

– Мемлекеттік грантпен оқытатын оқу орындарының тұрақты базасы жоқ. Ауыл шаруашылығын оқытатын коллежде тігінші мен шаштараз, тау-кен колледжінде аспаз бен шаштараз даярланады. Бір колледж базасын әр саладағы бірнеше мамандыққа арнайды. Осыларды қайта қарап, кәсіптік-техникалық оқу орындарын орталықтандыруды ұсындық. Олар базасын бір салаға арнап дайындаса, оқу сапасы артады, мүмкіндік те көбейеді, – дейді Жуандықова.

Жамбыл облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде 23 колледж бар. Талас ауданының орталығы Қаратаудағы "Қаратау тау-кен колледжі" шаштараз мамандығын оқытпайтынын айтты, Қордай ауылшаруашылық колледжінде тігінші мен шаштараз емес, фермер, агроном, ветеринардан бөлек, электрмен дәнекерлеуші де оқытылады.

Қаратау қаласындағы технология, білім және бизнес колледжі, Жамбыл облысы. 7 қазан 2020 жыл.
Қаратау қаласындағы технология, білім және бизнес колледжі, Жамбыл облысы. 7 қазан 2020 жыл.

Қаратау технология, білім және бизнес колледжінде техник-бағдарламашы, техник-механик, электрик, брокер, маклер, сақтандыру агенті мамандықтарымен қоса, бастауыш мектеп мұғалімі, мәдени шаралар ұйымдастырушы, гувернант, бастауыш мектептегі шет тілі мұғалімі тәрізді мамандар да даярланады. Колледж директоры Данияр Сәрсенбековтің сөзінше, колледж бірнеше саладағы мамандықты қатар дайындау үшін ашылған.

Ол сырттай оқу формасын алып тастағалы педагогика бойынша оқитындар азайып кеткенін айтты.

"Оларға колледжді сырттай оқып, жұмысын үздіксіз істей берген ыңғайлы еді" деген директоры колледждің техникалық мамандықтар бойынша жұмыс орындарымен келісіп, өндіріске қажет мамандар дайындап жатқанын хабарлады.

Бұл білім орнында қазір 150-ден астам студент оқиды. Көпшілігі ақылы бөлімде. Былтырғы және биылғы оқу жылдарында электр дәнекерлеуші, техник-бағдарламашы мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс алған.

Білім министрлігінің өкілдері әртүрлі саладағы мамандықтарды оқытатын оқу орны "тексеріліп, кейбірінен лицензия қайтарылып алынып жатқанын" айтады.

– Технологиялық колледждерде педагогика мамандықтарын дайындап жатқаны кездеседі. Көпшілігі лицензия алу оңай болған кезде алып алғандар. Қазір олармен сөйлесіп, лицензияны кері қайтаруға, оны беру талаптарын күшейтуге күш салып жатырмыз, – дейді Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашев.

Оның сөзінше, оқу орнының материалдық-техникалық базасы жылына екі рет тексеріліп тұрады. Сәйкессіздік анықталса, Әкімшілік құқық бұзу кодексіне сай хаттама толтырылып, ескерту жасалады, айыппұл салынады.

– Жаңа мамандық ашу үшін білім беру мекемесі біліктіліктің 18 талабына сай болуы керек. Онда оқытушы саны, олардың ғылыми дәрежеcі, медициналық көмек көрсету мүмкіндігі, зертханалары барлығы электронды құжатта көрсетіледі. Лицензия алу үшін оқу орны сол талаптың барлығына сай болуы керек, – дейді Жұмашев.

Статистика комитетінің 2019-2020 оқу жылында жариялаған мәліметі бойынша, Қазақстанда 604 мың студент бар. Олардың ішінде 30 пайызға жуығы, яғни 180 мыңдай адам мемлекеттік білім грантымен оқиды.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG