Accessibility links

"Жоқшылық қайыр тілеуге мәжбүр етті"


Мешіт алдында қайыр сұрап отырған әйел. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.
Мешіт алдында қайыр сұрап отырған әйел. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.

17 қазан - халықаралық қайыршылықты жою үшін күрес күні. Қазақстанда ресми есеп бойынша, 2 миллон адам кедейлік шегінде тұрады. Олардың арасында табысы қажетіне жетпейтін, жоқшылық пен жұмыссыздықтан қайыр тілеуге мәжбүр болғандар да бар. Азаттық тілшісі Шымкент көшесінде тіленшілікпен айналысатындарды сөзге тартты.

КӨП БАЛАЛЫ ТІЛЕНШІ

Шымкенттегі Ордабасы алаңы маңындағы Қаттани мешітінің ауласында жерге жайылған ескі төсеніштің үстінде ақ көйлек киіп, басына ақ орамал тартқан әйел отыр. Өткен-кеткен жұрттан қайыр сұрап отырған ол алдындағы кішкентай ыдысқа ұсақ ақша тастаған адамдарға "Қабыл болсын!" айтып, бетін сипайды. Аяғы ауыр келіншектің жанында төрт және бес жасар екі қызы ойнап отыр.

Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны 34 жастағы Айгүл Ермекбаеваның (аты-жөні өзгертілді – ред.) сөзінше, мешіт алдына келіп, қайыр сұрау – соңғы жеті айдан бергі "кәсібі". Күйеуі Айгүлді ауылдан көлікпен түс мезгілінде әкеліп, құптан намазы біткеннен кейін түн ортасында алып кетеді екен.

Қайыр сұрап тапқан ақшасын санап отырған әйел. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.
Қайыр сұрап тапқан ақшасын санап отырған әйел. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.

Әйел отбасында күйеуі, жетпістен асқан енесі, өзінен туған алты бала және күйеуінің екінші әйелінен туған бес бала – барлығы 14 жан барын, балаларға үкіметтен айына 42 мың теңге жәрдемақы алатынын, бірнеше жыл бұрын жол-көлік апатынан кейін денсаулықтан айрылған күйеуінің жұмысқа жарамайтынын айтады. Отбасындағы ересектердің мамандығы, білімі жоқ.

Айгүлдің үлкен баласы 9-сыныпта оқиды. Балалардың кенжесі – екі жастан енді асқан төртем. Бес баласын күйеуіне тастап кеткен екінші әйелден туған төрт жасар егіз қыз балабақшаға барады.

Айгүл ауылда отбасының үй-жайы барын, азын-аулақ тауық, мал ұстайтындарын айтады. Бірақ отбасына түскен кіріс тамаққа жетпегендіктен қайыр сұрауға мәжбүр болдым деп түсіндіреді.

- Төртеміммен үйде отырғанда дүкенге қарызға баттық. Дүкенге кепілге берген құжатымды әлі ала алмай жүрмін. Тірнектеп жинаған шамалы ақшаға қысқа көмір алдым. Үстіміздегі киімнің бәрін мешіт берді. Үйге тамақ, мектепте оқитын балаларыма күздік киім алуым керек. Кейде ауылдағы адамдар қайыр сұрап отырғанымды көріп қойғанда намыстан өлгім келеді. Намыстанғанда не істеймін? Амал жоқ, ақша жетпеген соң тіленшілікке шығамын, - дейді Айгүл.

Айгүл Ермекбаева жарылған қолын көрсетіп отыр. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.
Айгүл Ермекбаева жарылған қолын көрсетіп отыр. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.

Айгүл мешітке кіріп-шыққан адамдардың кейбірі берген ақшаны алып, қалың киімдері салынған сөмкесіне салады. Ол бұл жерге күнара келетінін, кей күндері мүлде аз ақша тапса, кейде 10-15 мың теңге жиналатынын айтады.

КРЕДИТІН ҚАЙЫР СҰРАП ӨТЕЙТІН ЗЕЙНЕТКЕР

Айгүлге қарама-қарсы бетте қайыр сұрап отырған 69 жастағы Шырын Шағырбаеваның төрт қыз, бір ұлы бар. Көзіне таққан көзілдірігін қайта-қайта сүртіп отырған зейнеткердің алдындағы түбін таспен бастырып қойған ескі целлофан пакетке түскен ақша да көп емес.

Зейнеткер Шырын Шағырбаева. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.
Зейнеткер Шырын Шағырбаева. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.

Шырынның сөзінше, күйеуі қайтыс болған соң жалғыз баспанасын кепілге қойып алған кредитін төлей алмай қалған. Айына алатын 60 мың теңге зейнетақысынан кредитті жабуға 45 мың теңге төлейтінін, күнделікті тірлігіне қажетті нан-суды қайыр сұрап тапқан ақшаға алатынын айтады.

"Бұлай отырамын деп кім ойлаған? Күйеуім тірі болғанда мұндай күйге түспейтін едім" дейді сөзінің соңын жұтып, көзіне жас алған зейнеткер. Әйткенмен сәлден соң "далада отырғаным жоқ, әйтеуір басымда баспанам бар, соған да тәуба" деп шүкіршілік етіп қояды.

- Қартайғанда қара басым қаңғырып қалды. Кейде өз-өзімді жегідей жеймін. Балаларымды дұрыс тәрбиелемедім. Оларға қамқоршы бола алмадым. Жоқшылықтан қырыққа таяса да жалғыз баламды үйлендіре алмадым. Жетпеген соң кейде базардағы әжетхананы тазалаймын. Сыртым бүтін болғанымен, ішім түтін, қайтемін енді? Мені күйдіріп отырған – кредит, - дейді зейнеткер.

Кезінде облыстық ауруханада әдіскер болып жұмыс істеген Шынар Шағырбаеваның банкке берешегі - 1 миллион 800 мың теңге. Дәм-тұзым таусылмаса алдағы жеті жылда банк кредитін төлеп бітіремін деп үміттенеді.

"Кредитімді жабуға көмектесетін адам табылса, мұнда бір күн де қайыр сұрап отырмас едім" дейді ол.

"ЖОҚШЫЛЫҚ ИТЕРМЕЛЕДІ"

Шымкенттегі мешіттердің маңынан бөлек жерасты өткелдерінде, қоғамдық көлікте кейбірі құран сүрелерін оқып, кейбіреуі кішкентай баласын көтеріп, алақан жайып қайыр сұрап жүрген адамдар жиі ұшырасады.

Бес жасар баласын қалың киіндіріп, бауырына басып ұстаған Нәзира (аты-жөні өзгертілді – ред.) Рысқұлов көшесінің бойында Күншығыс ықшамауданы маңындағы жерасты өткелінде қайыр тілеп отыр. Өз сөзінше, отбасымен бірге Ташкенттен Шымкентке нәпақа табу үшін келген келіншек бұл жерде таңертеңгі сағат сегізден түс ауғанша отырады.

Нәзира бес жасар баласымен қайыр сұрап отыр. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.
Нәзира бес жасар баласымен қайыр сұрап отыр. Шымкент, 9 қазан 2019 жыл.

Нәзираның төрт баласының үшеуі мектепте оқиды, үлкен қызы - 12 жаста. Әйел отбасының Шымкентте айына 15 мың теңге төлеп пәтер жалдап тұратынын, күйеуінің әмбебап дүкенде жүк тасып тапқан 40 мың теңгесі күнкөріске жетпейтінін айтады. Нәзира бұрын асханада ыдыс жуушы болып жұмыс істепті, жұмыс беруші оның еңбегіне күніне мың теңге төлепті.

- Екеулеп тапқан ақшамыз жетпеді. Жоқшылықтан қиналған соң амалсыз қайыр сұрауға шықтым. Күніне 2-3 мың теңге түседі, оған тамақ сатып аламын. Осылай күнкөріс қамымен қайыршы болып кеттім, - дейді келіншек жүзін төмен салып.

"БАЛАСЫН ҚАЙЫР СҰРАУҒА МӘЖБҮРЛЕЙТІНДЕР ДЕ БАР"

Шымкенттегі "Сана сезім" қоғамдық бірлестігінің өкілі Раушан Худайшукурованың сөзінше, қайыр сұрайтындар арасында тіленшілікті ақша табудың оңай жолы деп санайтындар да кездеседі.

- Кейде мамандығы, жұмыс істеуге шамасы жететін адамдар да қайыршылыққа барады. Өкініштісі, олар қайыршылықты жұмыс істеп жанын қинамай оңай ақша табатын кәсіп деп санайды, - дейді ол.

Раушан Худайшукурова бұдан бөлек балаларын тіленшілік қылуға, әсіресе аптаның жұма күндері қоғамдық орындарда қол жайып, жұрттан қайыр сұрауға мәжбүрлейтіндер де кездесетінін айтады. Қоғамдық ұйым өкілінің сөзінше, мәжбүрлі түрде қайыршылыққа салынғандар адам саудасы құрбандары санатына жатқызылады.

"Олар балаларын табыс табу үшін пайдаланады. Баласын қайыршылыққа салғаны үшін заң бойынша жауапкершілікке тарту қарастырылған" дейді ол.

Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері қайыр сұрағаны үшін 13 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 28 адам Қазақстан аумағынан шығарылған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, биылғы жылдың тоғыз айында 417 мың отбасына немесе 2 млн 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Алайда кей сарапшылар көмекке мұқтаж адамдар саны бұдан әлдеқайда көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG