Accessibility links

АЭС, референдум, су және басқалар. Тоқаев жолдауында Қаңтар оқиғасы туралы тіс жармады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жолдау жариялап тұр. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жолдау жариялап тұр. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстанда АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумға шығарылады. Бұл туралы 1 қыркүйекте парламентте президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Бірақ мерзімін айтпады. Бұдан бөлек ол жаңадан екі министрлік құрылатынын, ең төменгі еңбекақы мөлшері көбейтілетінін, экономикаға өзгерістер қажет екенін және басқа да мәселелерді айтты. Ал қоғамда сөз болып жүрген кейбір тақырыпты қозғаған жоқ.

АЭС САЛУ МӘСЕЛЕСІ

Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналған. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданады. Жұма, 1 қыркүйекте парламентте халыққа кезекті жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

"Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар" деді ол.

Мемлекет басшысы қоғамда даулы тақырыпқа айналған мәселеде тоқетер сөзді халық айтады деп ескертті.

"Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз" деді Тоқаев.

АЭС салуға қолайлы орын деп танылған Алматы облысы Үлкен ауылында осыдан бір апта бұрын биліктің бастамасымен өткен жария талқылауға қатысушылар бір-бірімен дауласып, орта пікірге келе алмай тарасқан.

Кейін энергетика министрлігі "Үлкен ауылының тұрғындары АЭС салуды қолдайды" деп мәлімдеген еді. Ал АЭС салуға қарсылар одан қоршаған орта мен адам өміріне зор қауіп көреді. Бұл мәселені Қазақстан халқы шешу керек деп есептейтін олар Совет одағы тұсында 40 жыл бойы атом қаруы сынақтан өткізілген Семей полигонының зардабы әлі көпке дейін білінетінін алға тартады.

"Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет" деді жұма күні парламентте Тоқаев.

Ол бұған дейін де, 2019 жылы АЭС тақырыбын билік қайта қозғаған кезде, "қажет болса, осы мәселе бойынша референдум өткіземіз" деп мәлімдеген. Бірақ биыл жазда энергетика министрлігінің өкілдері даулы мәселе бойынша референдум өткізудің қажеті жоқ дегеннен кейін "Тоқаевтың бұрын берген уәдесі қайда?" деген наразы үндер естілген.

Президенттің бүгінгі сөзінен кейін кейбір сарапшылар "Референдум әділ өте ме?" деген сұрақ қойды.

Кейбір белсенділер Қазақстанда АЭС салуға ресейлік "Росатом" мемлекеттік компаниясы мүдделі деп біледі. Сарапшылар егер қазақ жерінде атом станциясын "Росатом" салатын болса, Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағаны үшін Батыс елдерінің санкциясына түскен Мәскеу Қазақстанға саяси ықпал ету тетігіне ие болады деп есептейді.

Бақылаушылар Қазақстанда кейінгі уақытта ресейлік бизнестің пайдалы қазба кеніштеріне ие болып, күшейіп бара жатқанына назар аударады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстігіндегі Буденовск уран кеніші былтыр "Росатомның" иелігіне өткен. Ал ресейлік мыс компаниясы Абай облысындағы Айдарлы кенішін игеру құқына ие болды.

Парламенттегі сөзінде Тоқаев кен өндіруші өнеркәсіп экономика өсімінің қайнары болып келгенін еске салды және солай болуы тиіс деді. Жұмысшылардың өндірісте қаза тауып, мертігетіні жиілеп кеткенін де тілге тиек еткен президент бұл сөзімен Қарағанды облысында жұмыс істеп жатқан "АрселорМиттал Теміртау" компаниясындағы оқыс оқиғаларды меңзегендей болды. Тегі үнді британ миллиардері Лакшми Миттал иелік ететін компанияда тамызда бес жұмысшы қаза болғаннан кейін Қазақстан билігі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Қазақстаннан кететіні жөнінде саяси шешім қабылданғанын мәлімдеген. Жергілікті басылымдар үкімет ресейлік "Северсталь" компаниясымен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының активтерін сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр екен деп жазған. Алайда компания тарапынан бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме болған жоқ.

Тоқаев бүгінгі жолдауында өндіруші саланың әлеуетін арттыруға "жеке инвестицияны көптеп тарту керек" екенін де айтты.

СУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ ЕКІ ЖАҢА МИНИСТРЛІК

Парламенттің жаңа сессиясының ашылуында сөйлеген Тоқаев "еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес" деді. Ол елде су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп білетінін, сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құруды ұсынатынын айтты.

"Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. "Қазсушар", "Нұра топтық су құбыры" және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады" деді президент.

Ерекше ыстық болған биылғы жаз Орталық Азия елдерінің ортақ проблемасына айналған су мәселесі аймақта барған сайын қиындап бара жатқанын тағы да бір рет аңғартты. Қырғызстандағы Киров су қоймасында су азайып, бұрын-соңды болмаған деңгейге түскеннен кейін, Қазақстанның оңтүстігінде суармалы жері күйіп кеткен шаруалар орасан зор шығынға батты. Жамбыл облысындағы бірнеше аудан төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (мінберде) парламентте халыққа жолдау жариялап тұр. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (мінберде) парламентте халыққа жолдау жариялап тұр. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.

Тоқаев жолдауында жария еткен енді бір жаңалық – жаңадан көлік министрлігі құрылатын болды.

"Үш жылдың ішінде көлік-логистика саласының ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады" деді президент.

Ол Транскаспий бағытын дамыту қажет екенін тағы да сөз етті. Ресей Батыс елдерінің санкциясына ілінгеннен кейін Қытайдан Еуропаға Ресейді айналып баратын бағыттар жаңа серпін ала бастаған. Тоқаевтың сөзінше, осы бағыттармен тасымал көлемін бес есе ұлғайтуға мүмкіндік бар. "Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар" деп мәлімдеді ол.

Тоқаев "ең алдымен, Достық-Мойынты, Бақты-Аякөз, Дарбаза-Мақтаарал бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар. Қазақстан көлік саласында Ресеймен, Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді" деді.

АРНАЙЫ ТӨЛЕМ, ЕҢ ТӨМЕНГІ ЕҢБЕКАҚЫ, ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ

Тоқаев Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері 85 мың теңгеге (қазіргі бағаммен 185 доллар шамасында) дейін көбейтілетінін хабарлады. Қазір ең төменгі еңбекақы – 70 мың теңге шамасында.

Президент денсаулыққа зиян өндірістегі жұмысшыларға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленетінін айтты. Үкімет мұндай ұсынысты парламентке енгізген. Алайда оның жай-жапсары әзірше белгісіз.

Кейінгі жылдары шахтерлер, металлургтер және зиянды өндірісте еңбек ететін басқа да жұмысшылар зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін жиі көтеріп жүр. Қазір олар басқа салаларда жұмыс істейтін адамдармен бір уақытта – 63 жаста (әйелдер 61 жастан) зейнетке шығады. Билік зиянды өндірісте еңбек ететін адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетуге ықылассыз сияқты – олар тек арнауы төлем туралы уәде беріп отыр, бірақ оның мөлшері қандай болатынын айтпады.

АҚОРДА МЕН ҮКІМЕТТІҢ ӨКІЛЕТІ. ТОҚАЕВ АЙТПАҒАН ЖАЙТТАР

Қазақстан президенті елде экономикалық саясатты іске асырудың барлық жауапкершілігі үкіметке жүктелетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, үкімет "экономикалық саясаттың іске асырылуына толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, президент әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс".

Тоқаевтың айтуынша, президент әкімшілігі "саяси штабқа" айналып, "күш-жігерін мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс пен қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне жұмылдыруы" керек.

Үкімет мүшелері мен аймақтар басшылары халыққа жолдау жасаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қолпаштап отыр. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.
Үкімет мүшелері мен аймақтар басшылары халыққа жолдау жасаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қолпаштап отыр. Астана, 1 қыркүйек, 2023 жыл.

Президент әкімдерді сайлау туралы да айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда белсенділер мен құқық қорғаушылар қолданысқа енгізуді ұсынып жүрген аймақтар мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларын төте дауыс беру жолымен сайлау жуық арада болмайтын сияқты. "Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз" деді Тоқаев.

Тоқаев банк саласындағы күрмеулі мәселелерді де сөз етті.

"Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн" деп мәлімдеді ол.

Алайда қай елден, нақты қандай банктерді әкелмекші, оларға Қазақстан нарығы несімен тартымды – президент бұл туралы ашып айтпады.

Тоқаев экономиканы әртараптандырудың маңызы туралы да айтты. Қазақстанда пайдалы қазбаларды игеруге тәуелді ұлттық экономиканы әртараптандыру туралы әңгімелер айтылып келе жатқанына ондаған жыл болған, бірақ бұл бағытта айтарлықтай өзгеріс байқалмайды.

Қазақстанды отыз жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін президент қызметіне келгеніне төрт жылдан асқан Қасым-Жомарт Тоқаев содан бері кезеңде алтыншы рет "халыққа жолдауын" жариялап отыр. Ол билікке келгеннен кейін Қазақстан тарихында болған ең ірі қантөгіс – 238 адамның өмірі қиылған Қаңтар оқиғасы туралы ләм-мим деп тіс жармады. Қаңтар қырғынына дейін Назарбаевтың "сара жолынан" таймайтынын үнемі мәлімдеп келген Тоқаев бұл жолы оны мүлде ауызға алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG