Accessibility links

Авторитаризмді сынаған сөзді еске салған ақын акциясы


Ақын, азаматтық белсенді Рамиль Ниязов Абай ескерткішінің алдында плакат ұстап тұр. Алматы, 18 шілде 2019 жыл.
Ақын, азаматтық белсенді Рамиль Ниязов Абай ескерткішінің алдында плакат ұстап тұр. Алматы, 18 шілде 2019 жыл.

Ақын әрі азаматтық белсенді Рамиль Ниязов өзін алаңға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған плакатты ұстап шығуға не итермелегенін айтып, елдегі саяси жағдайдың поэзиядан көрініс табуы жайлы ойымен бөлісті.

Шілденің 18-і күні Рамиль Ниязов Алматыдағы Абай ескерткішінің алдына Қазақстанның бұрынғы президентінің "Ашықтық авторитарлы [биліктің] пасықтығын әшкерелейді. Назарбаев, 1987" деген сөзі жазылған плакат ұстап шықты. Біраз уақыттан кейін жас ақынды алаңнан әкеткен полиция оны бөлімшеде бірер сағат ұстаған. Рамиль Ниязов өз акциясы арқылы Қазақстанда болып жатқан жағдайға наразылық білдіргенін, бұлай жасамасқа басқа амалы қалмағанын айтады.

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДАҒЫ АКЦИЯ

18 жастағы Рамиль Ниязов көп ішінен бірден көзге түседі. Қара бас киім киген жас жігіт екі орамалдың бірін мойнына, екіншісін қолына байлап алған. Оң қолына "Адамдарды гүлмен атамын" деген сөз жазылған білезік таққан. Өзінің сөзінше, бұл сөздер өлең жолдарынан алынған. Рамиль гүлді қарудан артық көретінін айтады. Ол әңгімесін неліктен алаңға Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған плакат алып шыққанын түсіндіруден бастады.

- Түпкі себептеріне келсек, бұл - қазір болып жатқан оқиғаларға білдірген наразылығым. Осы арқылы өзім бақылап отыратын азаматтық белсенділікке қолдау көрсеткім келді. Көп белсендіні танимын. Сондықтан ортақ іске кішкентай үлес қосқым келді, - дейді Рамиль Ниязов.

Ақын әрі азаматтық белсенді Рамиль Ниязов. Алматы, 19 шілде 2019 жыл.
Ақын әрі азаматтық белсенді Рамиль Ниязов. Алматы, 19 шілде 2019 жыл.

Рамиль алаңға шығуға аздап қорыққанын, өйткені [Қазақстандағы] жүйе қандай қылық көрсетері белгісіз аңға ұқсайтынын айтады.

- Метафорамен түсіндірсем, кейде билік бетінен ұрса да үндемейді. Ал кейде жанды жеріне тиіп кеткенде, ашуға мінеді. Әр жолы бір-біріне қайшы осы екеуінің қайсысы орындаларын білмейсің. Бірден босатуы да, не ұзақ уақытқа түрмеге қамауы да мүмкін. Соңғысы, әсіресе, Қазақстанның бұрынғы президенті туралы айтқанда орындалады, - дейді ол.

Рамиль Ниязов плакатқа жазылған сөзді Нұрсұлтан Назарбаевтың 1987 жылы Мәскеуде шығатын "Дружба народов" журналына берген сұхбатынан алған. Сұхбатта сол кездегі Қазақстанның болашақ президенті авторитарлы басқару жүйесін сынап, Қазақ ССР-інің бұрынғы басшысы Дінмұхамед Қонаев туралы айтқанда, "басшы жоғары шенді бір қызметте ондаған жыл бойы отырмауы керек" деген.

Рамиль "Ашықтық авторитарлы [биліктің] пасықтығын әшкерелейді" деген сөзді бекер таңдамағанын айтады. Оның пікірінше, билікте 30 жыл болған бұрынғы президент Назарбаевтың 32 жыл бұрын берген сұхбатындағы сөзін қазір демократияны қолдаушылар оның өзіне қарсы айтып жүр.

"ОЛ ДА СЕН СИЯҚТЫ АҚЫМАҚ"

Ниязов қолына плакат ұстаған күйі Абай ескерткішінің алдында шамамен 40 минут тұрған.

- Ары-бері өткен адамдармен сөйлесу қызық болды. Ыстық күн астында тұрғанымды көрген бір адам қолдау білдіріп, сусын берді. Кейбіреуі "Мұнда неге плакатпен тұрсың? Сені полиция ұстайтынын білесің ғой?" деп сұрады. "Саған осы үшін ақша төлей ме?" деп келеке қылғандар да болды. Оларға ескерткіш алдына плакат алып шығу өз бастамам екенін, ол үшін ешкімнен ақша алмайтынымды айттым, - дейді белсенді.

Ақын, азаматтық белсенді Рамиль Ниязов. Алматы, 19 шілде 2019 жыл.
Ақын, азаматтық белсенді Рамиль Ниязов. Алматы, 19 шілде 2019 жыл.

Көп ұзамай Рамиль Ниязовты Алматының Медеу аудандық полиция басқармасына әкеткен. Жас белсендіні бөлімшеде үш сағатқа жуық уақыт ұстап, түсіндіру жұмысын жүргізген, сөмкесіндегі заттарды тексерген. Ниязовтың айтуынша, полиция одан ескерткіш алдына қандай мақсатпен шыққанын баяндап, психологиялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрмағанын, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (Қазақстанда тыйым салынған тіркелмеген ұйым - ред.) қатысы жоғын растайтын түсініктеме жазуды сұраған.

- Қаулы толтырмай, қиындықсыз босатты. Менің әрекетіме мән бермеген сияқты. Мені жас бала көріп, "Сен кенже ініме ұқсайсың. Ол да сен сияқты ақымақ" деді. Не үшін шыққаны, қандай мақсаты бары және немен айналысатыны белгісіз, бос жүрген адам деп қабылдағандай болды. Түсіндіру жұмыстары кезінде олар мені Айдана Айдарханмен (тұтқындағы ақын, диссидент Арон Атабектің қызы. Абай ескерткіші алдында әкесінің өлеңдерін оқып тұрғанда ұсталған - ред.) салыстырып, "Ол шынайы себеппен, әкесі түрмеде отырғандықтан шықты, ал сен не мақсатпен шықтың?" деп сұрады.

Рамиль алаңға шығу мақсатын ата-анасына айтпаған. Олар бұл туралы жаңалықтардан естіп-білген.

- Әкем мені "ақымақ" деп, неге бұлай жасағанымды түсінбеді. Анам хабарласып, "Бұл акция үшін біреу саған ақша төледі ме?" деп сұрады. "Ешкім ақша берген жоқ. Маған сенбейсің бе?" дедім. Анам "Саған сенемін, бірақ менің ойымша, бұл - ақымақтық" деп қысқа қайырды, - дейді Ниязов.

Ақын, азаматтық белсенді Рамиль Ниязов. Алматы, 19 шілде 2019 жыл.
Ақын, азаматтық белсенді Рамиль Ниязов. Алматы, 19 шілде 2019 жыл.

Рамиль Ниязовтың әкесі - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері. Қазір жеке кәсіппен айналысады. "Мемлекетпен байланысы жоқ, кезінде шекара училищесін бітірген, қысқасы, органдағы қызметінен ерте кеткен әскери адам" дейді ұлы.

- Әкем - "советтік" адам. Бұрын комсомол болған, қазір ораза ұстайды (мұсылмандардың бес парызының бірі – ред.). Кейін ол бас тарту мүмкіндігі болғанына қарамастан, өз еркімен Таулы Қарабаққа (Кавказдағы этносаяси қақтығыс аймағы – ред.) барды. Әкемді жақсы көремін, бірақ сөзі мен ісін тым авторитарлы және патриархалды деп санаймын, - дейді Ниязов.

"ПОЭЗИЯНЫ АЙНАЛАДАҒЫ ОҚИҒАЛАРДАН БӨЛІП ҚАРАМАЙМЫН"

Рамиль Ниязов өткен жылы мектепті бітіріп, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түскен. Бірақ бірнеше айдан кейін сабаққа баруды қойған. Рамиль оны "Өмірімде қиындықтар кездесіп, ұзаққа созылған күйзеліске тап болдым. Сабаққа бара алмағаным үшін мені оқудан шығарып жіберді" деп түсіндіреді.

Қазір Рамиль Ниязов Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің еркін өнер және ғылым факультетіне оқуға қабылданған. Жақында Санкт-Петербург қаласына кетуге дайындалып жүр.

Ниязовтың сөзінше, өзін және басқа белсенділерді "Мұның орнына нақты іспен айналыспай ма?" деп сынайтындар көп. "Нақты істер" туралы сөз қозғалғанда Рамиль ерікті болған тәжірибесін еске алып, азаматтық позициясын метафорамен түсіндірді.

- Жоғары сынып оқушыларының "Арай" клубына мүше болғанымда онкологиялық ауруға шалдыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап мерекелік шаралар ұйымдастыратынбыз. Қазақстандағы "саяси күрес" жайлы позициям 20-ғасырдың сұмдық оқиғаларының алдын-алуға қауқарсыз "ескі мәдениеттен" көңілі қалған постмодернистер ұстанымына ұқсас. Менің ойымша, ақпарат құралдары аз, жабық қоғамды "ЛГБТИКАП - қоршаған ортаны қорғайтын, демократиялық және профеминистік каюта" деп елестетсек, ол жалғыз өзі "Титаникті" құтқара алмайды. Өйткені құтқару қайықтары баршаға ортақ, - дейді Ниязов.

Рамиль бірнеше жылдан бері өлең жазады. Оның пікірінше, поэзия мен шығармашылық азаматтық белсенділік пен өз құқығыңды қорғау жолындағы күреспен жақсы үйлеседі.

- Елде болып жатқан оқиғаларға араласу не араласпау – әркімнің жеке ісі. Өйткені суретшілер мен ақындардың бәрі бірдей емес. Мәселен, Вергилий императорды мадақтаған. Бірақ біз мектепте шығармаларымен танысқан жазушылардың көбі күрескер тұлғалар болған. Лермонтов пен Абай – күрескер, Міржақып Дулатов пен Осип Мандельштам концлагерьде көз жұмған. Ал Шәкәрім мен Лорка атылған. Сондықтан поэзияны айналада болып жатқан оқиғалардан бөліп қарамаймын. Саясат – теледидардан түспейтін бейнелер мен төрт жылда бір рет дауыс беру ғана емес. Саясат біздің өмірімізге әртүрлі жолмен әсер етеді. Осының бәрін дәл сипаттауға көбіне поэзия тілі керек, - дейді белсенді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG