Accessibility links

Алматы мен Нұр-Сұлтанда рұқсат етілген митингілер қалай өтті?


Алматыдағы наразылық. 30 маусым 2019.
Алматыдағы наразылық. 30 маусым 2019.

Маусымның 30-ы күні таңертең Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының артында бірнеше жүз адам қатысқан митинг өтті. Онда елдегі саяси жүйені өзгерту, жаңа Конституция қабылдау, саяси тұтқындарды босату, Арыс оқиғасы және тағы басқа мәселелер айтылды. Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда да билікшіл белсенділер митинг өткізді.

Алматыда таңертеңгі сағат 10-да басталған шараға алғашында ондаған адам жиналды. Түске таман оған қатысқан адамдардың саны 800-900-ге барып жығылды. Бұл - соңғы жылдары алғаш рет биліктің рұқсатымен өтіп жатқан митинг.

Көп алдында алғашқылардың бірі болып сөйлеген қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы халықты "алғашқы митингімен" құттықтап, "бұл халық жеңісі" деді. Ол халықпен бірге биліктің де "көзін тырмалап ашып, оянып жатқанын" айтып, халықтың өз құқығын талап етуді үйренуі қажет екенін айтты. Ол елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "сәлем" жолдап:

"Ақсақал, 30 жыл бойы халық мойнына мініп келдіңіз. Енді халық мойнынан түсіңіз, биліктен толық кетіңіз. Өзіңізбен бірге билік қолшоқпары болған ішкі істер министрі, прокуратураны да алып кетіңіз" деді.

Ол бірінші президенттің "билікке жармаспай" биліктен мүлде кетуін, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елді басқаруға кедергі келтірмеуін талап етті. Кейінірек сөйлеген кейбір азаматтар да осыған ұқсас пікір айтты.

Алматыда рұқсат етілген митинг қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00

Журналист Гүлжан Ерғалиева "осыдан 15 жыл бұрын оппозицияның осы жерде митинг өткізуден бас тартып, биліктен орталықта өткізуді талап еткенін" еске алып, мұндай шараны орталықта өткізу қажеттігін алға тартты.

Экономист Айдар Алибаев "Біздің талабымыз нақты болуы керек, ең бастысы саяси талап. Онсыз ештеңе жасау мүмкін емес. Осы талаптан ауытқымауымыз керек" деді.

- Бүгін билік бізге митинг өткізуге рұқсат еткенмен "Сарыарқа" базарын жауап тастап, сондағы сатушылардың құқығын бұзды. Сондықтан біз билік қолындағы қуыршаққа айналмауымыз керек. Біздің тұтастығымыз бір ғана нәрсеге бағытталуы керек – Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұрған кезде ешқандай әділет болмайды. Қоғамдық күрестің, талаптың негізгі бағыты осы болуы тиіс, - деді "Ақиқат" ЖСДП партиясының төрағасы Ермұрат Бапи.

ВИДЕО: Алматыдағы митингіде не айтты? (30 маусым 2019 жыл).

Instagram-да тікелей эфирден ақпарат таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, митингіге екі сағат уақыт берілген. Сондықтан қатысушылар бір-біріне ойын қысқа да нұсқа жеткізуді, бір-бірін қайталамауға шақырды. Митингіде "осы күнімізге шүкір" деп сөйлеген спикерді көпшілік шулап, тоқтатып тастады. Алматы қалалық мәслихатынан келіп сөйлеген депутаттарға да халық "қысқа да нұсқа" деп айғайлап, "уақытты алмаңдар" деп айғайлады.

Шарада әртүрлі мәселелер қозғалды: азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығының тапталып жатқаны, сайлау нәтижесінің бұрмаланғаны, жер мәселелері, елде саяси-құқықтық реформа жүргізу қажеттігі, саяси жүйені өзгерту, борышкерлер мәселесін шешу, Арыс оқиғасы, билікті халыққа қайтару және өзге де мәселелер.

Экономист Айман Тұрсынхан елде конституциялық реформа жүргізудің маңызын атап өтіп, Қазақстанға жаңа Конституция қажет екенін айтқан. Желтоқсаншы Хасен Қожаахмет те билік мүддесіне қарай бұрмаланған заңдарды халық мүддесіне қарай өзгерту қажеттігін айтты. Ол халық билікке "жалынышты болмай", өз құқықтарын батыл талап етуі тиіс, осылайша "қорғанудан шабуыл жасау позициясына көшуі керек" деді.

Жиында сөйлеген азаматтардың бірі сайлау кезіндегі тәуелсіз бақылаушылардың қимыл-әрекетін мақтап, "бізге партия керек емес, елде "тыныш сайлау революциясын" жасаған бақылаушылар ұйымы сияқты тәуелсіз кеңес керек, олардың ұйымын тек сәл жетілдіре салса болғаны" деді. Алматы тұрғынының бірі "заңдары өрескел бұзылмайтын, соты әділетсіз шешім шығармайтын саяси-экономикалық тұрғыда "дені сау" еркін мемлекетте тұрғым келеді, сол үшін осы жерге келдім" деді.

Алматыдағы митингіге қатысушылар. 30 маусым 2019 жыл.
Алматыдағы митингіге қатысушылар. 30 маусым 2019 жыл.

Митингіде ондаған адам сөйледі. Олардың арасында қарапайым тұрғындар да, қоғамға белгілі танымал азаматтар да, бірқатар оппозициялық саясаткерлер де болды.

Жиын соңында құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова жұрт алдында митинг резолюциясын оқып берді. Жиналғандардан "қолдайсыздар ма?" деп сұрап еді, бәрі "қолдаймыз" деп жауап берді. Шамамен бір жарым беттік резолюцияда саяси жүйені өзгерту, саяси тұтқындарды босату, сайлау заңын өзгерту сияқты талаптар жазылған. Резолюция мәтіні бір күн бұрын белсенді Әлнұр Ильяшевтің Facebook-тағы парақшасында да жарияланды.

Жиында "Шындықтан қашып құтылмайсың" атты ән шырқалып, саяси мазмұндағы өлеңдер оқылды. Шара уақыты бітіп, тарау қажеттігі жайлы айтыла бастағанда қатысушылар "Жарайсыңдар!" деп айғайлап, митингіні ұйымдастырған жастарға алғыс айтты.

Бұл күні кинотеатр маңындағы "Сарыарқа" базары жабылып қалған. Базар күзетшілері Азаттық тілшісіне сауда орнының митингіге байланысты жабылғанын, түстен кейін ашылатынын айтты. Кинотеатр маңынан полиция көліктерінің тұрғаны байқалды.

Азаттық тілшісі митинг аяқталысымен базардың ашылғанына куә болды. Журналист Вадим Борейко Facebook-тағы парақшасында митинг болған уақытта кинотеатр маңындағы Family-park саябағының да жарты күнге жабылып қалғанын жазды.

НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ МИТИНГ

Дәл осы күні Нұр-Сұлтанда да билік рұқсат еткен митинг өтті. Бірақ ол Алматыдағы шарадан бір сағат кеш басталды. Оны билікшіл белсенділер ұйымдастырды. Оқиғадан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қаладағы "Жерұйық" саябағында өткен шараға шамамен жүз шақты адам қатысқан.

Митингіде түрлі мәселелер оның ішінде Арыс оқиғасы, елде атом электр станциясын салмау, мемлекеттік тіл ахуалы, елдегі партиялардың жағдайы, заңбұзушылықтар, заңдарды өзгерту мәселесі айтылған. Шараны ұйымдастырушылар сөйлеген азаматтардың дәл уақытында сөзін аяқтауын қадағалап отырды.

Тікелей эфирді көріңіз:

Шара басталғаннан кейін шамамен 40 минут өткен соң жиналғандардың бір бөлігі "Болатбек!" деп айғайлап, сол маңда жүрген белсенді Болатбек Біләловтің сөйлеуін талап етті. Сәлден соң мінберге шыққан Біләлов Арыстан түнде келгенін, шараға дайындалып үлгермегенін айтты.

"19 наурызға дейін біз "Шал кет!" деп айғайлап жүрген едік, енді "Шалдар кетіңдер!" деп айғайлаймыз" деді ол. Бұдан соң шулап кеткен жиналғандарға шараны ұйымдастырушы Азаматхан Әміртай "Болды! Болды! Жауапкершілік менің мойнымда" деп көпті тыныштандыруға тырысты.

Нұр-Сұлтандағы наразылық. 30 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы наразылық. 30 маусым 2019 жыл.

Шамамен екі сағатқа созылған шара түскі 13.00 шамасында аяқталған.​

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі "Байтақ-Болашақ" экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртайға, Алматы әкімдігі белсенді Әлнұр Ильяшевке 30 маусым күні бейбіт митинг өткізуге рұқсат берген.

Әлнұр Ильяшев бұған дейін әкімдікке митинг өткізуге 35-рет өтініш жазып, рұқсат ала алмаған еді.

Қазақстан заңына сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат етілген митингіні ғана заңды деп есептейді.

Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда "мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны" жазылған.

1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.

​Осы заңның 11-бабында "әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы" деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат алу қиын. Жергілікті әкімдіктер "митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның дерегінше, 2012 жылдан бері елде бейбіт жиын саны бес есеге азайған.

9 маусым Қазақстан президентін сайлау күні Алматыда халық билікке қарсы наразылыққа шыққан. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі бұл митингіне "заңсыз" деп атап, мыңнан астам адамды ұстаған. Кейін президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews телеарнасына берген сұхбатында елде бейбіт митингіге рұқсат беріле бастайтынын айтқан.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG