Бірнеше бейбіт наразылық шарасына қатысқан алматылық белсенді Марат Тұрымбетовті түрмеге қамап жатыр. Наурыздың 15-і күні сот "пробация шарттарын бұзғаны" үшін белсендінің шартты жазасын шынайы жазамен алмастыру туралы шешім қабылдады. Белсендіге апелляциялық шағым түсіруіне 15 тәулік уақыт берілді.
Екі жыл бұрын өзін кінәлі деп тапқан "алаяқтық ісін" қолдан жасалған деп санайтын Марат Тұрымбетов пробация шарттарын "бұзды" деген айыппен келіспейді. Оның айтуынша, аптасына үш рет гемодиализ процедурасына баратындықтан, пробациялық бақылау қызметіне міндетті түрде барып тұру талабын орындай алмай қалған. Ал соттың пікірінше, азаматтық белсенділердің шараларына барып, көп балалы аналардың кездесуіне қатысып, "қалада емін-еркін жүрген" Тұрымбетовтің пробациялық бақылау қызметіне бармай қалатындай дәлелді себептері болмаған.
Марат Тұрымбетовтің жақтастары (процеске оншақты адам келді, бірақ оларды сот залына кіргізбеді) сот шешіміне наразы. Олардың айтуынша, белсенді бүйрек дертінің ауыр түріне шалдыққан, ал бұл оны жазаны өтеуден босатуға негіз болуы тиіс.
50 жастағы Марат Тұрымбетовті соңғы бір жыл ішінде бірнеше рет ұстаған. Ақпанның 20-сы күні Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындарға "есеп беріп" жатқанда оншақты белсендімен қоса Тұрымбетовті де полиция бөлімшесіне алып барып, бірнеше сағат ұстаған соң босатты. Оның серіктерінің бірі Әлнұр Ильяшев сол күні үйінің алдын полиция "торуылдап" жүргенін айтты. Басқа белсенділер де есік алдында "бақылау" орнатылғанын хабарлады. Белсенділердің кейбірін үйінен шыға бергенде ұстаған. Алматы полициясы мұны әкімнің қатысуымен болған жиынның "шырқын бұзбақ болғандарға қарсы шара" деп атаған.
Әкім кездесуіне келген белсенділерді полиция ұстады (Алматы, 20 ақпан 2019 ж.)
Наурызда, жаңа партияның құрылтай съезін өткізу жоспарланған күні саяси ұйым құру бастамасын көтергендердің бірі ретінде Тұрымбетовті үйінің алдынан ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Сосын ешқандай айып тақпастан босатып жіберді. Партия съезі өтеді деп жоспарланған жерге полиция патрулі жиналды. Олармен бірге полицияның арнайы жасағы мінген екі автобус тұрды. Ал жиынның өзі өтпей қалды.
Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасынан кейін Ішкі істер министрлігін реформалауды талабымен шеру өткізуге рұқсат сұрап 32 рет жазған өтінішін билік қанағаттандырмаған соң Алматы қаласы әкімдігіне қарсы талап арыз беру бастамасын көтерген белсенділердің арасында да Марат Тұрымбетов бар. Ол әлеуметтік желілерде осы процестен тікелей репортаж жүргізді. Ақыры белсенділер сот процесінде жеңіліп тынды.
- Мұны [соттың мені колонияға жіберу туралы шешімін] азаматтық белсенділігіммен байланыстырамын. Бейбіт митингілер өткізуге рұқсат бермегендерге сот арқылы қарсылық білдірдік. Мен "Наше право" партиясын құру туралы бастама көтергендердің арасында бармын. Біз Қазақстанда бейбіт шеру өткізуге де, партия құруға да мүмкіндік берілмейтінін дәлелдегіміз келді, - деді Марат Тұрымбетов Азаттыққа берген сұхбатында.
"СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ҚЫСЫМ ТЫМ КҮШЕЙІП КЕТТІ"
Биліктің болжауынша Қазақстанда белсенділер наразалық шараларын өткізеді деп жоспарлаған күндері оларды полиция бөлімшесіне алып кету жұртты көп таңқалдырмайтын болды. 2018 жылы желтоқсанның 16-ы – Тәуелсіздік күні Қазақстан қалаларында ондаған адам қамауға алынды, бірақ олардың неге ұсталғанын ешкім нақты айтқан жоқ. Белсенділердің көбі прокурорлардан "рұқсат етілмеген митингілерге қатысуға болмайтыны" туралы ауызша және жазбаша ескертулерді жиі алып отырады.
Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталды (Алматы, 16 желтоқсан 2018 ж.)
"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі және саяси тұтқындар бойынша сарапшылар кеңесінің үйлестірушісі (билік Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ деп санайды) Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, күн өткен сайын адамдарды қамау формасы "қисынсыз" болып барады.
– Полицейлер өздерін таныстырмайды, адамдарды машинаға күштеп салады. Ал мұндай іс-әрекеттерге "адам құқықтарын бұзу" деп қарсылық білдіруден түк шықпайды. Соттар үнемі полицияны жақтайды. "Корпоративтік ынтымақтастық" сияқты, – дейді ол.
Билікті үнемі сынап жүрген Бақытжан Төреғожинаны да белсенділігі үшін полицейлер талай рет тұтқындаған, бірақ ол Қазақстан соттарында өзінің заңсыз қамалғанын бірде-бір рет дәлелдей алмады. Билік БҰҰ Адам құқықтары комитетінің шешіміне де назар салмады. Комитет 2010 жылғы флешмобтан кейін Бақытжан Төреғожинаны қамауға алып, айыппұл салған Қазақстан өкіметі оның бейбіт жиын өткізу құқығын бұзды деген ұйғарым шығарды.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның ақпараттық мониторинг орталығының жетекшісі, журналист Сергей Дувановтың айтуынша, соңғы кездері азаматтық белсенділерді қуғындау күшейіп кеткен.
- Белсенді азаматтарды қорқытып, үркіту әдістері бұрын да болған. Бұл жаңалық емес. Бірақ соңғы жылда күшейіп кетті. Және бұл халықтың жалпы наразы көңіл-күйіне байланысты. Кез келген авторитарлық режим классикалық схема бойынша дамиды. Қауіпті көбірек сезінген сайын қысым күшейе түседі, саяси алаңды тазалап, басқаша көзқарасты басып-жаншиды, – дейді Сергей Дуванов.
БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАУ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Дувановтың айтуынша, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап жатқандықтан, мемлекеттік аппарат басқаша көзқарасты ерекше басып тастап жатыр.
- Халық шаршады, соның ішінде саяси басшыдан шаршады. Тәуелсіздік жылдары олар шыдап, үміттеніп келді, себебі билік жағдай жақсарады деп уәде берумен болды. Билікке мойынсұнбайтын пікірлер (мұны оппозициялық пікір демес едім) көбірек айтылып келеді. Халық қорықпайтын болды. Наразылық күшейді және ол тек әлеуметтік желіде ғана емес. Билік мұны сезіп, біліп отыр. Олар жасырын социологиялық зерттеу жүргізіп, жағдайдың қатерлі екенін біліп отырған болар, – дейді журналист.
Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, авторитарлық елдерде азаматтық белсенділікті басып тастау – "әлсіздіктің белгісі", билік сол арқылы қоғаммен және саяси қарсыластарымен диалогқа дайын еместігін айқын аңғартады. Қазақстан билігі өз жағдайының солқылдақ екенін білгендіктен, қуғындау және басып тастау саясатын жүргізіп отыр, себебі жылдар бойы "тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамудың иллюзиясын жасаумен" алдап келді дейді Төреғожина.
Дувановтың сөзінше, өкімет "ырыққа көнбейтін наразылықтан" қорқады. Ол биыл ақпанда Астанада өткен көп балалы аналардың билік өкілдерімен кездесуін мысалға келтірді. Сол кездесуде аналар шенеуніктердің пікіріне құлақ салмастан, өмір сапасын жақсартуды эмоциямен талап етті.
– Осыдан жүз есе көп халық алаңға жиналды деп елестетіп көріңіз. Сондықтан билік адамдардың кез келген шағын жиыны жаппай наразылыққа айналып, ұлғайып, басқа қалаларға да жайылып кетеді деп қорқады. Өкімет, мәселен, он адамға митинг өткізуге рұқсат берсек, оларды ешкім қуып жатпағанын көрген басқалар келіп қосылуы мүмкін деген принцип ұстанады. Жаппай ұстау видеоларына көңіл бөліңіздер. Көбіне наразылық білдіргендерге қарағанда, жай қарауға келгендердің саны көп, оларға бәрі қалай бітетінін көрген қызық, - дейді ол.
АСТАНА СЫНМЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Қазақстан өкіметі халықаралық бақылаушылардың, құқық қорғау ұйымдарының, Батыс елдерінің "сыни пікірдегі азаматтарды қуғындау әдістері қолданылып жатыр" деген айыптауларына көп құлақ аспайды.
Осы аптада Еуропа парламентінің депутаттары Астананы "мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен олардың негізгі бостандықтарын сақтауға" және "барлық формадағы саяси қуғын-сүргінді тоқтатуға" шақырған қарар қабылдады. Онда "Қазақстан құқық қорғаушыларды, азаматтық қоғам ұйымдарын және оппозициялық саяси қозғалыстарды негізсіз қамау, репрессия жасау мен қуғындаудың барлық түрін" тоқтатуы керек делінген.
АҚШ мемлекеттік департаментінің наурыздың 13-і күні жарық көрген адам құқықтарының жағдайы туралы есебінде Қазақстанда бейбіт жиын және ұйымдарға бірігу еркіндігіне үкіметтің "біршама қол сұққаны" атап өтілген.
Астана Еуропарламент қарары мен АҚШ мемлекеттік департаментінің есебіне ресми жауап берген жоқ. Халықаралық сынға анда-санда беретін жауабында Қазақстан көбіне "елде адам құқықтары қорғалады" деген уәж айтады.
2019 жылдың ақпанында БҰҰ-ның Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар комитетінің Женевада өткен отырысында Астананың есебін талқылау кезінде Қазақстан Бас прокуратурасы басқармасының бастығы Сәкен Самет мемлекет мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындауда шаралар қолданып жатыр деді.
– Соңғы бес жылда 15 мың адам бейбіт жиын өткізу құқын пайдаланып, 516 бейбіт жиын өткізді. Олардың көбі заңда көрсетілген тиісті процедураларды сақтамастан, стихиялы түрде ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакті мен Сиракуз принциптері негізінде бұл бағыттағы барлық заңнамалық актілер қабылданған. Яғни, қазіргі бар шектеулер де осы халықаралық келісімдерде қарастырылған, – деді Сәкен Самет.
Былтыр ВВС-ге берген сұхбатында Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми Астананың ұстанымын білдірген. Ол Қазақстандағы адам құқықтары жайына сыни баға берген халықаралық ұйымдардың кейбір пайымдарымен келіспейтінін айтқан.
HARDtalk хабарының жүргізушісі Стивен Сакурға ол "Демократияның аздығы туралы айтып, Қазақстанды сынаған пікірлеріңіздің барлығымен келісе алмаймын" деп жауап берді. Британ журналисінің тіпті аз ғана адамның наразылық шарасын полиция басып тастайтыны туралы сөзіне жауабында Тоқаев бұл жағынан Қазақстан басқалардан ерекше емес деді.
– Мұндай жағдай шетелде де, Батыс елдерінде де болып жатады. Әркім өз жұмысын істейді. Бұл – демократия не оның бұзылуы туралы емес. Егер олар заңға қарсы шықса я заңдарды бұзса, полиция өз жұмысын істейді, – деді сенат спикері.
Мемлекеттегі екінші адам саналатын Тоқаев Қазақстанның тұрақтылық пен демократияны дамытуда тепе-теңдікті сақтай алғанын, ел үшін тұрақтылықты сақтаудың өте маңызды екенін айтты.
СССР тарағанға дейін-ақ билік тізгінін қолына алған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр сәуірде мемлекеттің өз даму жолы бар екенін, оның сол жолмен демократияға бара жатқанын мәлімдеген. Назарбаевтың айтуынша, бұл – "біз өркениеттен алыстаймыз" деген сөз емес. Бұл – мемлекет "мыңдаған жылдар қалыптасқан тәртіптен" бір күнде аттап кете алмайды деген сөз.
Алматылық белсенді Марат Тұрымбетов қоғамдық мәселелерді "тек қарақан басым үшін көтеріп жүрген жоқпын" дейді.
– Бәріміздің балаларымыз өсіп келеді. Қазақстан – баршамыздың ортақ еліміз, біз өмір сапасын көтеруіміз керек. Қазақстандықтар қазіргідей жемқорлық пен құқықтық жөнсіздіктен өлместің күнін кешудің орнына жақсы өмір сүруге лайық, – дейді белсенді. Қазір ол қарт анасын, кәмелетке толмаған үш баласын асырап отыр. Олардың бірі – ерекше мұқтаждығы бар бала. Белсенді сот шешіміне қарсылық білдіруді жоспарлап отыр. Бірақ жоғарыдағы инстанциялардың оның сөзіне құлақ аса қоятынына күмәні бар.
ПІКІРЛЕР