Accessibility links

Кездесуден қуылған белсенділер және жаңаөзендіктер талабы


"Өзенмұнайгаз" компаниясына талаппен келіп тұрған тұрғындар. Көрнекі сурет
"Өзенмұнайгаз" компаниясына талаппен келіп тұрған тұрғындар. Көрнекі сурет

Осы аптада аймақтық басылымдар Қазақстанның бас қалаларында ғана емес, өзге өңірлерінде де көп балалы аналардың наразылығы өршіп отырғанын жазды. Әкімдердің тұрғындармен кездесуі және жұмыс сұраған жаңаөзендіктер жайлы да мақалалар жарық көрді.

Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын "Уральская неделя" басылымының жазуынша, ақпанның 13-і күні Орал қаласында билік өкілдерімен кездесудің кейінге қалдырылғанына қарамастан елуден астам ана әкімдік ғимаратына келіп, әлеуметтік мәселелеріне шағымданған. Наразы әйелдердің алдына шыққан әкімдік өкілдері олармен драма театрының жеке залында сөйлескен. "Әйелдер өздерінің шағымдарын өте эмоциялы түрде жеткізді" деп жазды басылым.

ВИДЕО: Оралдағы аналардың шағымы (13 ақпан 2019 жыл)

Сайттың жазуынша, “көп балалы отбасыларды толғандырған негізгі сұрақ – баспана және әлеуметтік төлемдер” болған.

“Біздің балаларымызды бағуға жағдайымыз жоқ – тұратын жеріміз жоқ. Көбінің үш-төрттен баласы бар, пәтер алуға мүмкіндіктері жоқ, жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүрміз” деген ашынған аналар.

Тұрғындармен сөйлескен қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Ғабидолла Оспанқұлов әйелдерге сұрақтарын жазбаша жазып қалдыруды сұраған.

Дәл осыған ұқсас "наразылық шаралары" осы аптада Қазақстанның өзге өңірлерінде де өтті. Мысалы, Pavon.kz сайтының жазуынша, ақпанның 14-і күні Павлодарда да көп балалы аналар және тұрмысы нашар отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар жиналып, қала әкіміне шағымдарын жеткізген.

"Біздің негізгі үш мәселеміз бар: баспана, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері және бір жасқа дейінгі балаларға төленетін төлем. Өзім жалғызбасты анамын, төрт балам бар, мемлекет ұсынған мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмаймын, себебі бастапқы жарнаны төлеуге шамам жетпейді" деді Павлодар тұрғыны Динара Салықова.

Әйелдер сонымен бірге төрт-бес балаға мемлекет тарабынан шамамен 10,5 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілетінін, оның ештеңеге жетіспейтінін айтып шағымданған. Ал облыс әкімі Болат Бақауов "бірде-бір мәселенің ескерусіз қалмайтынын айтып", мәселелерді жергілікті деңгей бойынша да, үкімет деңгейінде де шешеміз деп көпті сендіруге тырысқан.

ӘКІММЕН КЕЗДЕСУДЕН ҚУЫЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР

"Уральская неделя" басылымының жазуынша, 14 ақпанда Орал қаласы әкімі және облыс әкімімен кездесуге келген белсенді Әлібек Ерғазиевті полиция қызметкерлері көптің көзінше жиын өтіп отырған залдан күшпен ұстап алып кеткен. Қолындағы екі плакатты да тартып алған.

Оның бірінде - "Қазақстанда саяси реформалар жүргізілуін талап етемін", ал екіншісінде - "Арсыз судьяларды жауапқа тарту керек" деген жазу болған. Белсенді кейінірек басылымға өзін полицияда үш сағат ұстағанын, ешқандай хаттама толтырмағанын, бірақ телефонына түсіріп алған видеолар мен аудиофайлдарды полиция қызметкерлерінің өшіріп тастағанын айтқан.

Басылымның жазуынша, бұдан бөлек, дәл осы кездесудің алдында полиция қызметкерлері өзге белсенді Мақсат Айсауытовты да ұстаған. Полицейлер оның да "Әкімді ұнату - бұл халықты тонаумен келісу" деген жазуы бар плакатын тартып алған.

Ақпанның 15-і күні Шымкентте қала әкімімен кездесуге жиырмаға жуық адам кіре алмағанын Азаттық жазған еді. Әкімдік өкілдері оларға сарайға жақын маңдағы драма театр ғимаратында онлайн-трансляция жүріп жатқанын айтып, алып кетпекші болған. Бірақ тұрғындар қарсы болған.

Аймақтық басылымдардың жазуынша, Ақтауда қала әкімімен кездесуде негізінен тариф, коммуналдық төлем мәселесі қозғалса, Қарағандыда облыс әкімімен кездесуде тұрғындар дәрігерлер санының аздығын, жас мамандардың баспана мәселесін көтерген.

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Ақтаулық Lada.kz сайтының хабарлауынша, Жаңаөзен тұрғындары бірнеше күннен бері әкімдікке келіп, жұмыс тауып берулерін сұрап келеді. Мақалаға тіркелген видеоларда бір топ адамның жергілікті билікке келіп, шағымданғаны көрсетілген. Видеодан тұрғындардың ашулы екені, эмоцияға беріліп сөйлегені көрінеді.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері тұрғындардың мұнай саласында 200 мың теңгелік жалақысы бар жұмыс сұрап отырғанын, мұндай талапты орындай алмайтынын жеткізген. Олар азаматтардың әлеуметтік саладағы 60-80 мың теңгелік жалақысы бар жұмыстарға келіспей отырғанын айтады.

"Мысалы, бізге мүгедектігі бар бір адам келді, әйеліне жұмыс тауып беруін сұрады. Әйелі декретте болған, қазір жұмысқа шығуға дайын екен. Ол мұнай саласындағы жұмысты сұрайды, бірақ дәл сол салада жұмыс істей алатынын дәлелдей алатын ешқандай құжаты жоқ. Әйеліне басқа жұмыс ұсындық - бірақ бас тартып отыр" деп басылым әкімдік өкілі Сәнім Танаеваның пікірін келтірген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG