Accessibility links

"Дәрігер емес, шенеунік ұйғарады". Диабетпен ауыратын науқастардың жанайқайы


Қант диабетімен ауыратын науқастар қабылдайтын инсулин препараты.
Қант диабетімен ауыратын науқастар қабылдайтын инсулин препараты.

Әлемде эндокринология саласы дамып жатқанда, Қазақстан қант диабетін емдеу әдісі бойынша кенже қалып барады. Осы мәселені көтерген диабет қауымдастығы елде науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту нашарлап, кәсіби маман тапшы екенін айтады. Мамандардың сөзінше, мемлекет бюджет қаржысын үнемдейміз деген күдікті сылтаумен науқастарға түпнұсқа препараттың орнына арзан баламасын бере бастаған.

Қазақстанда "қант диабеті" диагнозы қойылған 370 мың адам немесе халықтың 2 пайызы есепте тұр. Шын мәнінде салдары ауыр дертке шалдыққандар одан да көп, тек көп адам қант диабетімен ауыратынын білмейді.

Қазақстандағы диабет қауымдастығының басшысы Руслан Зәкиевтің айтуынша, эндокринді жүйенің ауруынан зардап шегетін науқастардың жағдайы жыл өткен сайын нашарлап келеді. Осы айда Руслан Зәкиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, "еститін мемлекет" концепциясының авторына қант диабетімен ауыратын отандастарының қандай қиындыққа тап болғанын жеткізуге тырысты.

"НАУҚАСТЫҢ МҮДДЕСІ ЕСКЕРІЛМЕЙДІ"

2020 жылдың басында Қазақстандағы қант диабетімен ауыратындарға "Лантус" түпнұсқа препаратының орнына Үндістаннан шығатын "Басалог" деп аталатын арзан баламаны (биосимиляр) бере бастаған. Руслан Зәкиевтің айтуынша, адамдарды бір дәріден екіншісіне жаппай ауыстырудың теріс әсері байқалған: науқастарға диабеттің орнын толтыру жүйесін қайта құруға (күнделікті пайдаланатын өнімдерді ескеріп, инсулин мөлшерін дұрыс есептеу), өмір сүру үшін маңызды препаратты мемлекеттің көмегінсіз сатып алуға тура келген.

Осыған қарамастан, қант диабетіне шалдыққан науқастарды қазір тағы да басқа биосимилярға ауыстырғалы жатыр. Ұсынылып отырған балама Қарағандыдағы фармацевтика кешенінде (кәсіпорын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызымен құда болған кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен оның ресейлік серіктестеріне тиесілі) өндіріледі. "СК-Фармация" компаниясымен (мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор) сәтті жұмыс істеген қарағандылық кәсіпорын арзан баға ұсынып, мемлекеттік сатып алу байқауында тағы да жеңіске жеткен. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі биосимилярға өту "дәріні еркін алу мүмкіндігін арттырып", "бюджет қаржысын үнемдеуге көмектеседі" деп есептейді.

Руслан Зәкиев бұл шешім қант диабетімен ауыратындарды қиын жағдайда қалдырғанын айтады. Оның сөзінше, әр науқастың азғасына қажетті инсулин мөлшері (осы гормонның бөлінуі бұзылған жағдайда, адам қант диабетіне шалдығады) жеке есептеледі. Бірақ отандық препаратты қалай ішу керегі түсініксіз.

Қан құрамындағы глюкоза мөлшерін өлшеу.
Қан құрамындағы глюкоза мөлшерін өлшеу.

– Қазақстанда биосимилярлар өндіріле бастады. Бірақ әлі күнге науқасты түпнұсқа препараттан биосимилярға қалай көшіру керегі туралы ортақ түсінік жоқ. Инсулин мөлшері әр науқастың жеке коэффициенттеріне байланысты есептеледі. Кей жағдайда инсулинді ауыстыру диабеттің орнын толтыру процесін бұзып, дерттің асқынуына әсер етеді. Сирек жағдайда жаңа препараттың науқасқа мүлде пайдасы болмайды, – дейді қауымдастық басшысы.

Диабет қауымдастығы бұған әр науқасқа жеке әдіс қолданбаған денсаулық сақтау министрлігі кінәлі деп есептейді.

– Біздің қауымдастық [2020 жылы науқастарды түпнұсқа препараттан Үндістаннан шығатын биосимилярға ауыстыру туралы] шешімге қарсы шыққанда олар науқастарды бір дәріден екіншісіне көшірудің алгоритмін дайындай бастады. Бірақ әлі бекітілмеген нұсқа қатаң сынға ұшырағаннан кейін британдық гайдлайндарға (медициналық көмек стандарттары – ред.) қарап қайта жазып шықты. Оның өзінде ішінен қажет дегенін ғана іріктеп алған. Өздеріне ұнағанын алып, ұнамағанын есепке алмаған. Британдық гайдлайнда науқастардың бәрін бірдей түпнұсқа препараттан биосимилярға ауыстыруға болмайтыны жазылған. Олар бұл ескертуді елемеген. Науқасты биосимилярға ауыстыруды дәрігер ұйғаруы керек деген бөлімді де енгізбеген.

Денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа "науқастарды басқа инсулинге бір уақытта ауыстыру туралы шешім қабылдануы мүмкін емес" деп жауап берді.

Министрлік жауабында "Қант диабеті, оның ішінде инсулинге тәуелді форма ем тағайындау, препарат ауыстыру немесе жаңа дәрі қосу, әсіресе, инсулинотерапияға өзгеріс енгізу кезінде әр науқасқа жеке әдіс қолдануды талап етеді. Инсулин жазып беру немесе басқа инсулинге ауыстыру туралы шешімді қант диабетінің екінші типін анықтау және емдеу туралы клиникалық қаулыға сәйкес, емдеуші эндокринолог дәрігер ғана қабылдайды" делінген.

– Бірақ "Лантус" инсулинін пайдаланып келген барлық науқасты медициналық анықтамасына қарамай, жаппай биосимилярға ауыстырып жатыр. Бізде бүкіл жүйе солай жұмыс істейді: барлық препарат бойынша ұйғаратын дәрігер емес, шенеунік. Олардың қазіргі жағдайға көңілі толады, сондықтан ештеңені өзгерткісі келмейді. Науқастардың мүддесі ескерілмей отыр. Қағаз жүзінде бәрі жақсы, іс жүзінде мәселе көп, – дейді диабет қауымдастығының президенті.

Қазақстанның фармацевтика нарығында дженериктер мен биосимилярлар (түпнұсқа препараттардың баламасы) жетіп-артылады. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда жергілікті кәсіпорындар өндіретін 935 дәрілік препарат тіркелген. Олардың 865-і – дженерик, 9-ы – биосимиляр және 70-і – түпнұсқа препарат.

Түпнұсқа препарат пен дженерик құрамындағы негізгі әсер етуші зат бір болғанымен, екеуінде екі түрлі қосымша заттар қолданылады. Осыған байланысты препараттардың әсері де әртүрлі болады.

Ағзасына препараттың арзан баламасы жақпаған адам түпнұсқа дәріні қабылдауды жалғастыруы керек. Заң бойынша, ел азаматтары бұл жағдайда да мемлекеттен көмек алуға құқылы.

– Дәрігер қымбаттау тұратын басқа препарат ішуді ұсынса, бірлесіп төлеу (дәрінің бағасы мен кепілдендірілген медициналық көмек аясында бекітілген шекті баға арасындағы айырмашылықты төлеу – ред.) құқығын пайдалануға болады. Бізде бірлесіп төлеу туралы жарлық бар, бірақ оны жүзеге асыру механизмі жоқ. Заң декларативті сипатқа ие, оны "бізде бірлесіп төлеу мүмкіндігі бар" деп айту үшін ғана қабылдаған.

"ҚИСЫНСЫЗ" ШЕШІМ, "БІТПЕЙТІН" РЕФОРМА ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАРЛАҒАН НАУҚАС

Диабет қауымдастығы үш жыл бұрынғыдай шенеуніктерді ұйғарымын өзгертуге көндіре алатын шығармыз деп үміттенеді. 2017 жылы республикалық дәрілік препараттарды саналы қолдану орталығы қант диабетімен ауыратын науқастар үшін маңызды "Глюкогон" препаратын (бұл дәрі қанында глюкоза мөлшері төмен науқастың бетін бері қаратады) сатып алуды доғару керек деп ұйғарған. Олар мұны "препарат көп адамда сақталу мерзімі аяқталғанша пайдаланылмай жатады" деп түсіндірген.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

– Бұл міндетті түрде қабылдау керек дәрілердің қатарына жатады. Бірақ оны алып тастады. Үш жыл бойы денсаулық сақтау министрлігімен күресіп, өз ойымыздың дұрыс екенін дәлелдеп шықтық. Төрт жыл бойы адамдар бұл препаратты пайдалана алмады. "Бұл реформа не үшін керек болды?" деген сұрақ туады. Олар осы арқылы ақша үнемдегенін айтты. Көбіне олардың ұйғарымы ақылға қонбайды.

Сарапшылар жаңа реформалардың енгізілуін министрлердің ауысуымен байланыстырады. Қазақстанда денсаулық сақтау министрі өз қызметінде орташа есеппен алғанда екі жыл ғана отырады. Дәрігер, медицина ғылымдары кандидаты Қайырғали Көнеевтың пікірінше, реформалар науқастардың мүддесіне жасалмайды.

– Кейінгі бес-алты жылда бітпейтін реформа денсаулық сақтау жүйесін тығырыққа тіреді. Осы уақыт ішінде реформалар медицина ұйымы (жекеменшік және мемлекеттік ауруханалар) иелерін материалдық мүддесі бар азаматтарға айналдырды. Емхана басшыларының мүддесі ғана ескеріліп, дәрігерлер мен науқастар елеусіз қалады. Ал негізі керісінше, денсаулық сақтау жүйесі науқасқа қызмет етуі керек.

Руслан Зәкиев те "жүйеде үздіксіз реформа жүргізілгенімен", жағдай жақсара қоймағанын айтады. Ол әсіресе, эндокринолог маман тапшылығына алаңдайды. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 373 мың адамға 671 эндокринолог қызмет көрсетеді.

– Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ең төменгі нормативтердің өзі елде халық санына шаққанда маман тапшы екенін көрсетеді. Ал инсулин салуға арналған құрылғымен жұмыс істей алатын сала маманы саусақпен санарлық. Бір өңірде инсулин салғызатын 150 балаға аталған құрылғыны пайдалана алатын бір ғана дәрігер қызмет көрсететін жағдай да кездеседі. Кейде бұл дәрігер өз алдына жұмыс істей бастаса, ата-ана құрылғыға өзгеріс енгізу үшін ақша төлеуге мәжбүр болады. Мұндай өзгеріс екі аптада немесе айына бір рет енгізіледі.

Министрлік эндокринологтар тапшылығын жоққа шығарады. Ведомствоның жауабында "Қауіпті басқару жүйесі" ақпараттық жүйесінен 2021 жылдың басында алынған ресми дерекке сәйкес, елде 671 эндокринолог бар. 10 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 0,36 құрайды. Бұл дәрігермен қамтудың ең төменгі нормативіне сәйкес келеді [ең төменгі норматив – 0,2]" делінген.

Бірақ жалпы статистика кей өңірде маман жетіспейтінін жоққа шығармайды.

Министрлік "инсулин салуға арналған құрылғымен жұмыс істей алатын маман тапшылығына аурухана басшылығы жауапты, өйткені оларда дәрігерлерді оқытуға өтініш беруге мүмкіндік бар" деп есептейді.

Белсенді дәрігер Қайырғали Көнеев кадр тапшылығының себебін тиімсіз басқару мен дәрігердің үстінен қарайтын менеджерлердің көптігімен байланыстырады.

– Бір дәрігердің айналасында ондаған менеджер жүреді. Бірде есеп жүргізіп көргенбіз. Міндетті медициналық сақтандыру қорынан отбасы дәрігерінің бір науқасты қабылдауына 900 теңге бөлінеді. Бір күнде дәрігер жоспар бойынша 30 шақты науқасты қарайды. Сонда айына бір отбасы дәрігерінің өзі кассаға миллион теңге өткізеді. Ол осы ақшадан 120 мың теңге ғана жалақы алады (түскен табыстың 12 пайызы). Осы ақшаның бәрі дәрігерге қалатын болса, медицина қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік мәртебесін көтеруге ақша жетер еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылғы дерегіне сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі бойынша 189 елдің ішінде 174-орын алған. Ұйым денсаулық сақтау саласына жалпы ішкі өнімнің қанша пайызы бөлінетінін есептейді. Салыстыру үшін, бұл рейтингте Қырғызстан – 96, Ресей – 121, Украина – 75, Өзбекстан 93-орында тұр. Жалпы ішкі өнімнің аз бөлігін құрайтын бюджет жемқорлық кесірінен одан әрі азаяды.

Төрт жылда қант диабетімен ауыратын науқастар үштен бірге көбейген. Бірнеше медицина жоғары оқу орны мен зерттеу орталығының ғалымдары "Қазақстан Республикасы үшін диабет ауыртпалығы" деп аталатын зерттеу жүргізіп, жыл соңында "диабетке шалдыққан науқастардың жұмысқа жарамсыздығынан жалпы ішкі өнімге келетін жанама шығын көлемі 128 миллиард теңгеге (шамамен 300 миллион доллар) жетеді" деген қорытындыға келген.

Руслан Зәкиевтің 3 ақпанда Facebook парақшасында жариялаған президент Тоқаевқа хатына диабетпен ауыратын ондаған науқас пен сырқат балалардың ата-аналары пікір қалдырып, хатта көрсетілген мәселелерді растап, қауымдастық басшысының сөзімен толықтай келісетінін жазған. Үш апта өтсе де, Ақорда бұл хатқа ресми реакция білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG