Accessibility links

Мұхтар Жәкішевті анасының жерлеуіне жібермеді


Мұхтар Жәкішев.
Мұхтар Жәкішев.

Түрмеде отырған "Қазатомпром" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішева өмірден өтті. Ал түрме басшылығы Мұхтар Жәкішевке анасының жерлеуіне баруға рұқсат бермеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бұл шешімі қоғамда сынға ұшырады. Түрме басшылығы заңға сай әрекет жасағанын айтады.

Түрме басшылығы Мұхтар Жәкішевке анасының қайтыс болғанын естіртіп, көңіл айтқан. Бұл туралы Азаттыққа Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов айтты.

Қыркүйектің 18-сі күні Раиса Жәкішева ауыр науқастан көз жұмды. Ол қарашаның 3-і күні 80 жасқа толар еді. Раиса Жәкішева көзі тірісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған. Хатында денсаулығының нашарлағанын айтып, ұлын түрмеден босатуды сұраған.

ЕКІ РЕТ ЖАЗЫЛҒАН ӨТІНІШ

Ресми ақпарат бойынша, Мұхтар Жәкішев түрме басшылығына екі рет өтініш хат жазған. Біріншісінде қатты ауырып жатқан анасымен кездесуге рұқсат сұраған. Екінші хатында өмірден өткен анасының жерлеуіне қатысу үшін сұранған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Жәкішевтің екі өтінішіне де рұқсат бермеді.

Жәкішевтің хатында не жазылғаны белгісіз. Бірақ адвокаты Нұрлан Бексекеев Ішкі істер министрі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасына өтініш жазған.

Заңгер қыркүйектің 15-і күні жолдаған құжатта Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 1-тармағына сілтеме жасап, Жәкішевті анасымен кездесуге жіберуді сұраған. 113-баптың 1-тармағына сай, "жазасын өтеуші жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретіндей қатты ауыруына байланысты, бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге түзету мекемесінен шығуына" құқығы бар.

ҚАЖК адвокаттың екі өтінішін де қолдамады. Комитет бұл әрекетін Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағымен түсіндірген. Бұл тармақта "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп көрсетілген.

"АДАМДЫҚҚА ЖАТПАЙДЫ"

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің пайымдауынша, заң сақталу керек, бірақ Жәкішевтің жағдайында ҚАЖК "қулыққа басқан".

— Қылмыстық-атқару кодексінің 113-бабы 3-тармағында сотталушының түрмеден уақытша шығуға құқық берілмейтін себептері айтылған. Бірақ бұл тармақта сотталушының жалғыз шығуы туралы айтылған. Дегенмен, бұл заң сотталушыны арнайы жасақпен шығу құқығынан айырмайды. Мысалы, ауырып қалған сотталушы арнайы жасақпен ауруханаға шығарады ғой, сол сияқты жасауға болар еді, - дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы және журналист Сергей Дувановтың айтуынша, ҚАЖК мен түрме басшылығының ісі "адамдыққа жатпайды".

— Мен түрмеде отырғанда әкем қайтыс болды. Мені де жібермеді. Бұл – бұрыннан бар жағдай. Жәкішевтің ісі сияқты шулы, саяси астары бар жағдайда "шегіну" деген болмайды. Адамға қысымды соңына дейін жасайды. Адамдық тұрғыдан қарағанда оны жарты күнге апарып келуге болар еді. Бұл түрмеде ұстау жағдайын бұзбас еді, - дейді Дуванов.

Соңғы уақытта Жәкішов ісіне қатысты мәлдеме жасап жүрген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пайымдауынша, билік "өз адамдарына" келгенде заңды өзгерте салады, ал "басқаларға" келгенде заңға сүйеніп, өз қалауларынша шешім шығарады.

Мәжіліс депутаты Владислав Косарев түрменің әрекетін "гуманизмге жатпайды" деп санайды.

— Ол (Жәкішев – ред.) қандай адам болса да ел азаматы, анасы ауырып жатқанда бірнеше күнге жіберуге болар еді. Анасының жанында болар еді, жерлеуіне қатысар еді. Бұл адамгершіліктің жоқтығын көрсетеді. Бұл әрекеттер ел басқарушының беделіне нұқсан келтірмейді. Бұл елді қорғайтын жүйенің беделіне сын, - дейді депутат.

Жәкішевтің туысқаны 58 жастағы Шалқар Аханов Азаттық тілшісіне "кез келген адам қайда болмасын ата-анасын соңғы сапарға шығарып салуға құқығы бар" деп санайды.

Мұхтар Жәкішевтің 81 жастағы ағасы Ерсін Жәкішев те Раиса Жәкішевамен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған.

— Адамгершілік жасап, оны анасымен қоштасуға жіберу керек еді, - дейді ол.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, 2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG