Accessibility links

Жүйені өзгерткісі келген кеншінің талпынысы немен аяқталды?


Шахтерлерге қойылған ескерткіш. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы.
Шахтерлерге қойылған ескерткіш. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы.

Қарағанды облысында тұратын жас кенші Николай Девяткин кенжарда техника қауіпсіздігі талаптары бұзылғанын басшылыққа жеткіземін деп, жұмысынан айырылып қалғанын айтады. Ал бұрынғы жұмыс берушісі Qarmet компаниясы Девяткин тыйым салынғанына қарамастан шахтаға ұялы телефон алып кіріп, "тәртіп бұзғаны үшін" жұмыстан шығарылды деп түсіндіреді. Жұмыссыз қалған кенші шахтадағы қауіпсіздік талабы қалай бұзылғанын түсірмек болдым дейді.

23 жастағы Николай Девяткин Қарағанды облысының Шахтинск қаласында тұрады. Ол қазір күнкөріс үшін жерлеу бюросында көр қазумен айналысады. Осы өңірдегі ер азаматтардың көпшілігі секілді Николайдың да мамандығы кенші, үш жылға жуық Qarmet компаниясына қарасты шахталардың бірі "Шахтинск" кен орнында электрослесарь болып жұмыс істеген. Ол кезде компания "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) деп аталатын.

2023 жылдың желтоқсан айында кәсіпорын Девяткинді жұмыстан шығарған. Компания оның себебін жұмысшы кеншілер өміріне қатер төндіруі мүмкін әрекетімен жұмыс тәртібін бұзды деп көрсеткен. Николай кенжарға ұялы телефон алып кірген, ал АМТ ереже бойынша оған рұқсат жоқ деген уәж келтірді.

Кенші бұл әңгіменің бір бөлігі ғана дейді.

Шахтер Николай Девяткин өзін жұмыстан шығарған Qarmet компаниясын сотқа беріп, жеңіліп қалды.
Шахтер Николай Девяткин өзін жұмыстан шығарған Qarmet компаниясын сотқа беріп, жеңіліп қалды.

Тәртіп бұзудың көкесі Николайдың басындағы шырағданға бекітілген камераның жазбасын көргеннен кейін анықталған. Компанияның талабы бойынша, барлық жұмысшы кенжарға осындай шырағдан тағып түседі. Кенші видеоны зерттеуді өзі табандап сұрағанын айтады, ол басындағы видеоқұрылғы шахтадағы қауіпті жайттарды түсіргенін алға тартып, оларды ретке келтіруді талап еткен.

– Өртке қарсы қолтықтар мен гидранттар жоқ екені, босаған өрт сөндіргіштер, таспада ұнтақ толып қалғаны, өрт сөндіру қондырғысында су болмауы, терезенің ашық тұруы түсірілген. Датчиктер төмендеп тұрғанын да хабарладым. Ол несімен қауіпті десеңіз, мәселен, газ шыға бастағанда датчик төмендеп тұрса, ол мұндай жағдайда өшіп қалмайды. Ал басқа жағдайда өшеді. Осылайша адамдар өледі, – деп түсіндірді Девяткин.

Тексерушілер видеоны зерттей бастағанда кеншінің қолында ұялы телефон барын көріп қалған. Девяткин мұны жоққа шығармайды: айтуына қарағанда, жер астындағы кезекті қауіпсіздік талабын бұзуды көргенде оның уақытын көрсетпек болған.

Дегенмен, компания оның түсініктемесін салмақты себеп деп қабылдамай, Николайды жұмыстан шығарған.

– Бірдеңені өзгертуден гөрі, мені жұмыстан шығарып жіберу оңай болды. Сотта шахтада түсірген видеоның бәрін көрсетпей, неліктен тек қана қолымда телефон бар сәтті көрсетті? Өйткені, онда көп адамның зардап шегуіне алып келуі мүмкін көптеген талап бұзу көрсетілген, – деді Николай.

ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТУ ТАЛПЫНЫСЫ

Девяткин айтып отырған сотта оның бұрынғы жұмыс берушісіне талабы қаралған: бұл уақытта компания атауы Qarmet болып өзгерген еді.

Жұмыстан қуылған кенші еңбек келісімшартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жойып, жұмыстан мәжбүрлі түрде аластатылған күндерінің ақысын төлеуді талап еткен.

Николай бірінші сотта-ақ жеңіліп қалды, апелляция да оның талабын қанағаттандырмады.

Сот отырыстарында Qarmet бастапқы ұстанымынан қайтпады. Жерасты жұмысына телефон, фото-, видео-, аудиотехника алып кіруге болмайды деп мәлімдеді. Тек арнайы мақсаттағы аппаратураға ғана рұқсат бар. Компания өкілдері сотта Девяткиннің еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау нұсқаулығын бұзғанын табандап айтумен болды, алда-жалда телефон жарылса, "жұмыс орнындағы барлық жұмысшының өмірін" қауіпке тігер еді деген уәж келтірді.

Николайдың "тіркеуші құрылғы түсірген видеоны менің талап етуімнен кейін тексерді" дегенін Qarmet компаниясының өкілдері жоққа шығарды. Сотта куәгер ретінде жауап берген "Шахтинск" шахтасы бас инженерінің техника қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары кеншілердің камерасын тұрақты түрде іріктеп алып көретінін айтты. Сөзіне қарағанда, ол Девяткиннің талапты бұзғанын солай біліп, баяндаған.

Николай мен оның өкілі, заңгер Андрей Лукин компания уәжіне жауап ретінде шахталарда ұялы телефонның әсерінен болған жарылыс тіркелмегенін мәлімдеді. Лукин Девяткиннің қызметтік нұсқаулығында ұялы телефонды пайдалануға тыйым салынбағанын және оның мамандығы Төтенше жағдайлар министрінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының жұмысшыларына арналған ережелерді бекіту туралы бұйрығы аясына кірмейтінін де айтты.

– Шахтадағы қауіпсіздік талабы бұзылғанын айтып, оларды жоюды сұрадым, өзімнің және әріптестерімнің өмірін ойладым. Басшылық бізге ештеңе айтқан жоқ дейді, бірақ қолымда дәлел бар, баянхат жазғаным, сөйлескеніміздің аудиожазбасы бар. Сот оны қабылдамады, – деді Девяткин сот отырыстарының бірінде.

Ақыры екі сот та компанияның Николай Девяткинді жұмыстан шығаруын заңды деп тауып, шағым иесінің өзі "жұмыс тәртібін бұзған" деген ұйғарым жасады.

– Мақсатыңыз қандай екеніне, ниетіңіз түзу екеніне қарамастан, бір тәртіп бұзуды екіншісімен шешуге болмайды, түсінесіз бе? Егер техника қауіпсіздігі бұзылып жатыр деп санасаңыз, уәкілетті органдарға жазыңыз, олар келіп тексерсін, өз бетіңізбен зерттеу жүргізудің керегі жоқ, – деді сотта апелляция алқасының шешімін Девяткинге түсіндірген судья Жақсылық Баймолдин.

ЕНДІГІ ҚАДАМ ҚАНДАЙ?

Николай Девяткин Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіре алады. Алайда, одан да үміті аз. Екі кішкентай баласы бар Николай үшін бұрын көр қазу қосымша табыс көзі болса, қазір ақша табудың жалғыз мүмкіндігіне айналды.

Девяткин болған іске өкінбейді: отбасын асыраудың басқа да мүмкіндіктерін қарастыратынын, ешқандай өкініші жоғын айтты.

– Қаншама кеншінің қазасын көрдім. Қаза болғандардың денесінен не қалғанын көрдім. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Менің өлгім келген жоқ, жолдастарым да өлмесе екен дедім. Сол үшін де үнсіз қалмайын деп ұйғардым. Шындықты айтып едім, жұмыс істетпеді. Мені ешкім ашық қолдай алмады, жалғыз қалдым. Бәрі қорқады. Иә, мен жұмысымнан айырылдым, бірақ үнсіз қалмағаныма өкінбеймін, – деді Николай Девяткин.

Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің суреті. Қарағанды, 5 желтоқсан, 2023 жыл.
Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің суреті. Қарағанды, 5 желтоқсан, 2023 жыл.

Компания "АрселорМиттал Теміртау" деп аталған кезде оның шахталарында қауіпсіздік талабы бұзылып жатқанын түрлі жағдай салдарынан зардап шеккен кеншілер де, қаза болған кеншілердің туыстары да, тау-кен саласындағы құтқарушылар да әлденеше рет айтты. 2023 жылдың қазан айында АМТ отыз жылға жуық тарихындағы ең көп адамның өліміне әкеп соққан қайғылы оқиға болды. Қарағандының Костенко шахтасындағы жарылыстан 46 адам қаза тапты.

2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан билігі компанияның иесі ауысқанын жариялады. Британдық миллиардер Лакшми Митталдың орнына қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев келді. Иесі ауысқаннан кейін компания атауын Qarmet деп өзгертті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG