Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен президент сайлауы нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, билік органдарына шағым түсірген тәуелсіз бақылаушы Серік Әбішев өзін "заңсыз ұстап, психологиялық қысым жасаған" белгісіз адамдардың әрекетіне байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Алматы қалалық департаменті іс қозғағанын хабарлады. Тәуелсіз бақылаушының айтуынша, оны жеке пәтерге алып кетіп, түн ортасына дейін ұстаған әлгі адамдар өздерін "ҰҚК қызметкеріміз" деп таныстырған.
"ЖЕКЕ ПӘТЕРДЕ ТҮНГЕ ДЕЙІН ҰСТАДЫ"
Алматы қаласының тұрғыны, 44 жастағы тәуелсіз бақылаушы Серік Әбішев өзінің басынан өткен жайтты Азаттыққа айтып берді.
- Маусымның 19-ы күні маған белгісіз біреу телефон шалып, "бақылаушы едім, қолымдағы хаттамаларды сізге тапсырсам" деп өтініш айтты. Мен келісіп, сол күні күндізгі сағат төрттен кете кездесуге бардым. Сол жерде маған үш адам келді, екеуі өздерін таныстырған жоқ, үшіншісі әрең дегенде ҰҚК қызметкерінің куәлігін көрсетті. Олар мені бір пәтерге алып барып, түнгі сағат бірге дейін ұстады. Олар сайлау қорытындысымен келіспейтініміз жайлы берген арыздарымызды кері қайтарып алуды, сайлауға қатысты жұмысымызды доғаруды талап етті, - дейді Серік Әбішев Азаттық тілшісіне.
Әбішев өзімен әңгімелескен адамдардың ұрып-соқпағанын, тек "психологиялық қысым" жасап, егер айтқанға көнбесе "кез келген сәтте оқыс жағдайға тап болуы мүмкін екенін" ескерткенін жеткізді. Тәуелсіз бақылаушы болса қолға алған жұмысын әрі қарай да жалғастыра беретінін айтады. "Түркия, Египет, Грузия мен Әзербайжан елдеріндегі сайлауды бақылаған тәжірибеммен бөлісіп, тәуелсіз бақылаушылардың республикалық қозғалысын құру ойымда бар" дейді ол.
Серік Әбішевтің айтқанына байланысты Азаттық тілшісі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдады. ҰҚК-ден әзірге жауап келмеді.
Сайлау нәтижесіне тәуелсіз бақылаушылар неге наразы? 18 маусым 2019 жыл.
"ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫН БАҚЫЛАУДЫ АЙТҚАН СОҢ ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ"
Маусым айының басында құрылған "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының мүшесі, алматылық белсенді Әсем Жапишева да биылғы кезектен тыс президент сайлауы күні Алматы қаласындағы сайлау учаскелерін бақылаған. Сол күні Алматыда сайлауға наразылық білдірген жүздеген адамды көшеден әкеткенде олардың арасында Әсем де болған.
Белсендінің сөзінше, сайлау күні елдегі 10 мыңға жуық сайлау учаскесін жиырма шақты қоғамдық ұйым атынан шамамен екі мыңнан аса адам бақылаған. Олардың басым бөлігі сайлау учаскелеріндегі түрлі заңсыздықтарды тіркеп, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жеткізіп отырған. Жапишева сайлау кезінде белсенділік танытқан бақылаушылардың өздері "бақылауға алынды" дейді.
- Қазір астанадамын, алғашқы күндері қонақ үйде тұрғам, қазір танысымның үйіндемін. Танысыма көшіп келген күні-ақ учаскелік полиция қызметкері келіп "Бұл үйде кімдер тіркелген?", "Кімдер тұрады?" деп сұрады. Бұл, әрине, кездейсоқ емес. Меніңше, билік осылайша бақылаушыларға сес көрсетіп отыр. Себебі осы жолы бақылаушылар бұған дейін болмаған белсенділік танытты. Жуырда Алматыда "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысы алдағы парламенттік сайлауға он мың бақылаушы жинайтынын мәлімдеген соң қысым күшейгені байқалды,- дейді Әсем Жапишева.
Бұған дейін "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының бақылаушылары президент сайлауында жинаған тәжірибесін қорытындылап, алдағы парламент сайлауында бақылаушы санын 10 мыңға жеткізетінін (елдегі сайлау учаскелері санымен шамалас - ред.) мәлімдеген. Қозғалыс өкілдері "егер барлық сайлау учаскесіндегі жағдайды белсенді түрде бақылай алсақ, онда сайлау қорытындысына әсер ете аламыз" деп санайды.
Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы елде кезектен тыс өткен президент сайлауы жайлы маусымның 24-і күні жариялаған қорытынды мәлімдемесінде тәуелсіз бақылаушылардың қысымға тап болғанын айтып, алаңдаушылық білдірді.
Құқық қорғаушы ұйым "Сайлау кезінде сайлау учаскелерінде болған заңбұзушылықтарды тәуелсіз бақылаушылармен бірге мұқият қайта тексеріп, кінәлілерді заңға сәйкес жауапқа тарту керек" деп санайды. Бюро жетекшісі Евгений Жовтис елде бұған дейін де бақылаушылардың қысым көргенін, алайда қазір жасалып жатқан қысым ерекше екенін айтады.
- Бұған дейінгі сайлауларда да бақылаушыларға қысым жасалған. Бірақ ол сайлау күні болған еді. Сайлау учаскелеріне кіргізбей, хаттамаларды бермей, егер өз құқығын белсенді қорғай бастаса полиция шақыртатын. Бұл жолғыдай сайлаудан кейін, оның үстіне арнайы қызмет өкілдерінің қатысуымен қысым жасау болмаған. Меніңше, бұған дейінгі сайлауларда қызметтегі президенттің зор басымдықпен жеңіп шығатыны баршаға аян болғандықтан ондайды (қысым) қажет қылған жоқ. Ал осы жолы (бақылаушылар белсенділігі) оларды кәдімгідей абыржытып, жүйкесін жұқартқанға ұқсайды, - дейді құқық қорғаушы.
Жовтис бұған дейінгі сайлауларда бақылаушылар арызданғанымен, ешқандай іс қозғалмағанын еске салады. Ол тәуелсіз бақылаушылардың заңбұзушылықтар жайлы берген арыз-шағымы бойынша ресми орындардың тексеруіне қол жеткізудің өзі алдағы парламент сайлауына оң әсер етуі мүмкін деп санайды.
- Меніңше, бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық БАҚ-қа "әділ сайлау өтуіне кепіл боламын" деген мәлімдемесі септігін тигізді. Сондықтан амалсыз қандай да бір реакция білдіріп, әйтуір қадам жасап жатқан түрі. Бұл, әрине, сайлау нәтижесін өзгертпейді, дегенмен кінәлілер жазалануы әбден мүмкін. Бірақ соның – қылмыстық жазаға тартудың өзі, алдағы парламенттік сайлауда учаскелік комиссия мүшелерінің заңсыздыққа бармауына септігін тигізеді деп ойлаймын, - дейді Евгений Жовтис.
Бұған дейін тәуелсіз бақылаушылар сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, оның ресми қорытындысын жарамсыз деп тануды талап еткен. Мамандығы заңгер Серік Әбішевтің айтуынша, "Сотталғандар құқығын қорғау коалициясы" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан бақылаушы болған бір топ белсенді кезектен тыс президент сайлауы күні анықталған заңсыздықтар туралы прокуратура мен ішкі істер органдарына 162 арыз түсірген. Соның ішінде 36 арызға байланысты Қылмыстық кодекстің 151-бабы ("Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу") бойынша іс қозғалған, қазір тергеу жүріп жатыр.
- Егер ең болмағанда бір адам жазаланса өзгелеріне сабақ болар еді, - дейді Серік Әбішев.
Биылғы президент сайлауында көптеген заңбұзушылықтарды тіркегенін мәлімдеген бақылаушылар сайлау өткелі бері Қылмыстық кодекстің "Сайлау құжаттарын бұрмалау" бабы бойынша бірде бір адамның жауапқа тартылмағанын айтады. Заңда ондай қылмыс жасаған адамға "төрт мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе төрт жылға бас бостандығын шектеу я сол мерзімге бас бостандығынан айыру" жазасы қарастырылған.
"Ешкім жоқ, бюллетеньді тез-тез салыңдар!"
Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауында елді отыз жылдай басқарғаннан кейін биыл наурызда президенттік өкілетін кенеттен тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жетпіс пайыздан астамы Тоқаевқа қолдау білдірген.
Сайлау кезінде де, ресми нәтижесі шыққан соң да Қазақстанның бірнеше қаласында мыңдаған азамат наразылыққа шығып, кейбірі сайлауға бойкот жариялап, кейбірі дауыс беру нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті. Кейін билік сайлау күні және одан кейін елде төрт мыңдай азамат "митинг туралы заңды бұзғаны" үшін ұсталғанын хабарлады.
Алматыда полиция азаматтарды ұстады. 9 маусым 2019 жыл.
Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.
Сайлаудан соң тәуелсіз бақылаушылар да дауыс беру кезінде жаппай заңбұзушылық болғанын мәлімдеген. Олардың кейбірі бақылаушылар алған хаттама мен сайлау комиссиясы бекіткен хаттама нәтижелерінде айырмашалық барын айтып, Тоқаевты "заңсыз президент" деп тануды талап еткен. Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, "карусель" сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тараған. Қазақстан прокуратурасы "сайлау нәтижесіне күмән тудыратын заңбұзушылықтар болмағанын" мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР