Accessibility links

Жаңаөзенде полиция Азаттық тілшілерін ұстады


Азаттық тілшілері Сәния Тойкен және Санат Нұрбеков.
Азаттық тілшілері Сәния Тойкен және Санат Нұрбеков.

Ақпанның 27-сі күні таңертең Жаңаөзенде Азаттықтың екі тілшісін полиция ұстаған. Ұстау кезінде тілшілердің біріне күш қолданылған. Бес сағаттан астам уақыт бойы полицияда болған тілшілер кешке бір-ақ босатылды.

Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесі туралы хабар дайындау үшін барып, ұсталған Сәния Тойкен мен Санат Нұрбеков полиция тергеуінен ақпанның 27-сі күні кешке шықты.

Олар тікелей эфирде оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді.

Тікелей эфирді көріңіз: Сәния Тойкен оқиға туралы.

Сәния Тойкен мен Санат Нұрбековты полиция сәрсенбі күні таңертеңгі сағат 10:30 шамасында (Ақтау уақытымен) Жаңаөзендегі "Неке сарайы" ғимараты алдында ұстаған.

- Жаңаөзендегі жұмыспен қамту орталығы маңында түсіру жұмыстарын бастап жатқанда арнайы қызметтің екі сарбазы мен бір полицей келіп, "сіздің үстіңізден арыз түсті" деп көлікке отырғызып, алып кетті. Ақтауға, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне алып келді. Қазір мен Назарбай Жамбаев деген тергеушінің алдында отырмын, - деді түстен кейін телефонмен хабарласқан журналист Сәния Тойкен.

Сәния Тойкеннің айтуынша, ұстау кезінде полиция оның екі қолын қайырып, күш қолданған. "Айфонымды тартып алды. Сынған күйі қайтарып берді" деді тілші кейінірек тікелей эфирде.

Тілшілердің ұсталуына Шаудиров есімді Жаңаөзен тұрғынының шағымы негіз болған. Шағымда автор "тілшілердің Жаңаөзенге келіп, халықпен кездесетінін білген соң халық арасында әлеуметтік нараздық туып кете ме" деп алаңдағанын, сол себепті "полицияға арыз жазуға мәжбүр болдым" деп көрсеткен.

Тергеу кезінде Сәния Тойкен өзіне "Қандай мақсатпен Жаңаөзенге келдіңіз? Қандай хабар бермекшісіз? Тікелей эфирде хабар таратасыз ба әлде монтаждап бересіз бе?" деген сияқты сұрақтар қойылғанын айтады.

Оның сөзінше, оператор Санат Нұрбековтен де сол департаменттегі Мақсат Молдабаев есімді өзге тергеуші сұрақ-жауап алған.

Сәния Тойкеннің айтуынша, сәрсенбі күні таңертең Жаңаөзенде қауіпсіздік шараларының күшейгені байқалған. Көшелерде полиция машиналары жиі көзге түскен. "Әсіресе "Нұр Отан" кеңсесі мен жұмыспен қамту кеңсесінің алдында полиция көліктері қойылған" деді тілші.

ПОЛИЦИЯ ЖАУАБЫ

​Сәрсенбі күні түстен кейін Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әйгерім Ибадуллаева Сәния Тойкенді "бір азаматтың шағымы бойынша полицияға апарғанын" жеткізген еді. Бірақ операторды не үшін ұстағанын түсіндіріп бере алмаған.

"Сәния Тойкенге қандай айып тағылып отыр?" деген сұраққа баспасөз қызметінің өкілі "Білмеймін. Бірақ оның өзіне түсіндірген ғой" деп жауап берді. Ол ресми сауал жолдау керектігін айтып, қосымша сұрақтарға жауап бермеген.

ВИДЕО: Азаттық тілшісі халықаралық сыйлық алды (мамыр айы 2017 жыл)

Жаңаөзен тұрғындары бірнеше аптадан бері қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы "Неке сарайы") алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұрап келеді. Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың түрлі кәсіпорындарындағы орташа айлық жалақысы 110 мың теңге болатын жұмыс орындарына 3800-ден астам өтініш қабылданған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде тұрғындар наразылығына байланысты қалаға әскерилердің кіргені туралы ақпарат тараған. Алайда облыс әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, қалада жағдай "тыныш" деп мәлімдеген.

ВИДЕО: Жаңаөзенде не болып жатыр? (25 ақпан 2019 жыл)

Ақпанның 26-сы күні Маңғыстау облыстық полиция департаменті қалада ешкімнің ұсталмағанын, ешкімге айыппұл салынбағанын мәлімдеген.

Бірақ ертесінде билік кереғар ақпарат таратты. Ақпанның 27-сі күні Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде "қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлады.

Прокуратураның мәлімдеуінше, қамалғандарға "қоғамдық орындарды ластады, былапыт сөйледі" деген айып тағылған. Прокуратура бұған қоса, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің жанында "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық алауыздықты қоздыруға бағытталған сөздер айтқан" тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанын да жеткізген. Бұл бап бойынша, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаңаөзен қаласы Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 150 шақырым жерде орналасқан. 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасынан соң Қазақстан үкіметі 2012 жылы мамырда "Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын" жасап, Жаңаөзенді моноқалалар тізіміне енгізген. Моноқалалардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бұл бағдарламаға сай Жаңаөзенді дамыту үшін 2013 жылы - 13 миллиард теңге, 2015 жылы - 224 миллион теңге бөлінген.

Жаңаөзендегі негізгі жұмыс көзі - "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы мен "Қазақ газ өңдеу" зауыты. Ресми статистика бойынша, қалада 130 мыңнан астам адам тұрады. 2018 жылдың алғашқы төрт айында Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG