Accessibility links

Бір адамдық пикет қоғамға қауіп төндіре ме?


Әлия Садырбаева сот ғимаратында. Қарағанды. 19 желтоқсан, 2018 жыл
Әлия Садырбаева сот ғимаратында. Қарағанды. 19 желтоқсан, 2018 жыл

Бірнеше айдан бері бес баланың анасы, азаматтық белсенді Әлия Садырбаева әкімдіктің бір адамдық пикет ұйымдастыру өтінішіне салған тыйымына қарсылық білдіріп жүр. Биліктегілер бұл пикет «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді» деп ұйғарыпты. «Жеке көзқарасын білдіретін көп балалы ана қандай қауіп төндіруі мүмкін?» деген заңды сұрақ туады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ АРЫЗДАНҒАННАН БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ

Қарағандылық көп балалы ана, азаматтық белсенді Әлия Садырбаева Бақытжан Сағынтаев басқаратын қазіргі үкіметі отставкаға кетуі керек дегенді жиі қозғап келеді. Оның айтуынша, үкімет азаматтардың тұрмысын жақсартуға тырыспайды, сондықтан көп балалы аналар кедейлік шегінен төмен өмір сүреді.

Белсенді Әлия Садырбаева 2018 жылғы қыркүйекте жергілікті әкімдікке өтініш беріп, Қарағандыда бір адамдық пикетке шығуға бірнеше рет талпыныс жасады. Бірақ оған билік рұқсат етпеді. Алдымен өтінішін қолдамады, артынша пикетке шығуға мүлде тыйым салды. Ол Қарағанды қаласының ортасында, облыс әкімдігінің алдында пикет ұйымдастырмақ болған. «Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты осылай пікір білдірмек болдым» дейді ол.

- Біздің үкімет азаматтардың өмірін жақсартуға әрқандай бір шара қолданбайтыны ешкімге құпия емес. Көп балалы аналар көмек пен қолдауға зәру, олардың жұмысқа тұруы қиын, білім алу мәселелері бар деген пікір айтқанда жұрт осы проблемаларды біліп айтады. «Пікір айтуыңызға тыйым саламыз» деп тұйықталып отырмай, бұл мәселелерді шешу керек. Білім, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік дәрежесіне жұрттың көңілі толса, елімізде бейбітшілік, тыныштық және тәртіп болады, - деді Азаттыққа берген сұхбатында Әлия Садырбаева.


Белсенді пикетке шығуға тыйым салған әкімдіктің әрекеті заңсыз екенін дәлелдемек болып, бірнеше ай уақытын сарп етті. Осы аралықта түрлі инстанцияда бірнеше сот процесі болды. Сот процесі кезінде ол түсінік беру үшін Конституциялық кеңеске жүгіну туралы өтініш айтты. Оның айтуынша, бұл бір адамдық пикетке тыйым салудың заңсыздығына және бір дәлел болуы керек еді. Бірақ сот мұнысын да қолдамады. Нәтижесінде аудандық сот судьясы Марат Мақажанов белсендінің талап арызын қанағаттандырудан бас тартып, азаматтық іске жауапкер ретінде қатысқан Қарағанды қаласы әкімдігі заңгерлерінің талабын қолдады.

Сот шешімі белсендінің көңілін біраз түсіріп тастады. Әкімдік пикет өткізуіне тыйым салып, сотта жеңілгеніне қарамастан, Әлия Астанада балалардың өліміне әкелген өрттен соң әлеуметтік желі арқылы үкімет басшысына хат жазды.

«Сіз басқаратын дарынсыз үкіметтің кесірінен көп балалы аналар балаларын асырау үшін түнде жұмыс істеуге мәжбүр! Сонда да әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынып отырған атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы сәтті болды деп ойлайсыз ба? Жыл сайын ешкімге қажет емес салтанатты шараларға жүздеген миллиард теңге ақша шашқанша, бұл қаржыны адамдарды қорғауға жұмсасаңыздар қайтер еді! Қазақстанда осы бақытсыздар сияқты балаларының жарқын болашағына нәпақа жинау үшін күн, түн демей жұмыс істеп жүрген отбасылар қаншама?», — деп жазды Садырбаева.

«САЯСИ БАСШЫЛЫҚ ТІПТІ БІР АДАМНАН ДА ҚОРҚА МА?»

Жергілікті биліктің айтуынша, қарағандылық әйелдің «үкімет отставкасын талап ету» мәселесі қазіргі заңнамада қарастырылмаған әрі «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» заңға қайшы келеді. Оның үстіне, Қарағандыда мұндай талап қоюдың өзі орынсыз, себебі «үкіметтің отставкасына қатысты шешім қабылдайтын мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалар Қарағанды қаласында орналаспаған».

Әкімдіктің 2018 жылғы 1 қазандағы қаулысымен белгіленген орында және уақытта пикет ұйымдастыруға тыйым салынды. Биліктегілер қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін болса, «жергілікті атқарушы орган жиналыс, митинг, шеру, пикет не демонстрация өткізуге тыйым салады» деген талапқа сүйенді.

- Мониторинг жүргізіп, талапкердің әлеуметтік желідегі постына жағымсыз комментарийлердің жазылғанын, жұрттың пикет өтетін жер мен уақыты туралы сұрағанын байқадық, яғни қауіп төнді. Қоғамдық тәртіпке қауіп төндірсе, пикет өткізуге тыйым салынады, - деді Қарағанды қалалық әкімдігінің өкілі, заңгер Руслан Қансейітов.

Әлия Садырбаева (оң жақта), Ерлан Қалиев (ортада) және әкімдік заңгері Руслан Қансейітов сот кезінде. Қарағанды. 4 ақпан, 2019 жыл
Әлия Садырбаева (оң жақта), Ерлан Қалиев (ортада) және әкімдік заңгері Руслан Қансейітов сот кезінде. Қарағанды. 4 ақпан, 2019 жыл

Сотта белсенді Әлия Садырбаеваның мүддесін қорғаған заңгер Ерлан Қалиев жалғыз адамның «төндіретін қаупіне» күмән келтіреді.

- Демек, саяси билік бір адамның өзінен қорқатын болғаны ма? Егер биліктің қандай да бір күмәні болса, онда оны өзіне шақырып, мәселесінің мән-жайын талқылауы керек еді: Егер олар айтқандай, облыстық әкімдіктің жанында пикет ұйымдастыруға болмайтын болса, онда басқа орын мен уақытты ұсынуы қажет. Тағы бірдеңе дұрыс емес десе, тақырыпты ауыстыр десе де болар еді. Бірақ бұл процедура сақталмаған, - деді Азаттыққа берген сұхбатында Ерлан Қалиев.

«БІР АДАМДЫҚ ПИКЕТ ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ ЕМЕС»

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис белсенді Әлия Садырбаеваның ісін «ақылға сыймайтын тұстары көп» «классикалық іс» деп санайды. Оның айтуынша, мұнда әңгіме саясат туралы болып тұр. Жовтистің айтуынша, сот заң мен халықаралық стандарттардың емес, «қажеттілік пен саяси нұсқаулардың» аясында әрекет етіп отыр.

- Билік наразылық шарасын азаматтардың пікір білдіруінің ерекше формасы деп емес, қауіп деп қарастырады. Бір адамдық пикет қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді. Осыдан екі жыл бұрын БҰҰ комитеті бір адамдық пикеттің бейбіт жиынға еш қатысы жоқ деген шешім шығарды. Онда адам ешкіммен бірге жиналмайды, бұл – пікір білдіру әдісі және рұқсат сұрау тәртібімен емес, құқық арқылы жүзеге асырады. Мемлекет авторитарлық болғандықтан, билік халықпен қарым-қатынаста күштеу әдісін қолданады. Олар аяғын аңдап басып, мүлде ештеңеге жол бермеуге тырысады. Осы арқылы халықтың іштегі буын шығару тетіктерінінің барлығын жауып, суы қайнағалы тұрған қазанның қақпағына жаңа бұранда бұрап жатқанын түсінбейді. Бұл – өте залалды позиция, - деді Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис
Евгений Жовтис

«Тіпті бір адамдық пикеттерді өткізуге рұқсат бермей, оған тыйым салудың заңсыздығын дәлелдеу үшін соттасу қажет пе?» деген сұраққа құқық қорғаушы «бұл бассыздыққа қарап отырмай, әрекет ету керек» деп жауап берді.

- Біз режимнің бейнесін көрсетеміз. Бұған қоғамның назарын аударамыз, сот процестерін тарихта қалдырамыз. Мұның бәрі кейін БҰҰ комитетіне арызданып, олардың [биліктің] емес, біздің айтқанымыз рас екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Күндердің күнінде тарихи әдебиетте, мәселен осы шешімді шығарған судьяның аты-жөні жазылуы мүмкін. Олар тарихта «нашар» атпен қалады. Бұл ерте ме, кеш пе, барлығына тиісті эпитеттерді беру үшін қажет, — дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушының айтуынша, әкімдіктер көбіне мәслихаттардың ұсыныс түріндегі қаулыларын кез келген шараның өткізілуіне рұқат бермеуге негіздеме ретінде қолданады. Жаңаөзен оқиғасынан соң құқық қолдануда биліктің реакциясы тым қатаңдап кетті.

5 ақпанда штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы «Әлемдегі еркіндік – 2019» есебін жариялады. Алдыңғы жылдардың есептеріндегі сияқты бұл жолы да Қазақстан «еркін емес» елдер қатарында қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG