Accessibility links

Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды


Қытай қазағы Өмір Бекәлі Шыңжаңда қамалған туыстарының суретін ұстап тұр.
Қытай қазағы Өмір Бекәлі Шыңжаңда қамалған туыстарының суретін ұстап тұр.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы арнайы есебінде Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттайды. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босату талап етеді.

Қыркүйектің 9-ы күні жарық көрген 117 беттен тұратын Human Rights Watch ұйымының есебі Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағындағы (әрі қарай Шыңжаң - ред.) мұсылмандардың репрессияға ұшырауы мәселесіне арналған. Есеп Шыңжаңда тұрған 58 адамның сұхбаты негізінде жасалған. Олардың 19-ы соңғы жарты немесе бір жыл ішінде Шыңжаңнан көшіп кеткен.

Ұйымның жазуынша, бұл есепте Шыңжаңдағы мұсылмандардың азапталуы мен қысымға ұшырауы туралы жаңа деректер келтіріледі.

АЗАПТАУ ПЕН ҚЫСЫМ

Есепте Қытайда саяси лагерьлерде қамауда отырған бес адамның көрген-білгені және қамаудағы азаматтардың туыстарының айтқандары келтіріледі. Солардың бірі Нұр есімді азамат былай деген:

“Мен азапталған және соққыға жығылған бес адамды көрдім. Біреуі 18 жаста болатын. Оның туыстары Египетте болды. Туысы тыйым салынған орында суретке түсіріп, оған Египет билігі жалған айып таққан. Сол үшін бұл 18 жастағы азаматты әр апта сайын соққыға жығып отырды. Оған терроризм бойынша тағылған айыпты мойындатқызуға тырысты”.

Айнагүл есімді әйел күйеуінің қысымға ұшырауы туралы: “2017 жылы қыркүйекте 13 жыл түрмеде отырған [күйеуім] босап шықты. Мен мұны туыстарымнан естідім. Бірақ көп ұзамай ол саяси тәрбиелеу лагеріне ауыстырылған. 13 жыл бойы түрмеде отырып, қайтадан сол жаққа кету қандай жаман? Оның не кінәсі бар?” деген.

Ұйымның жазуынша, шамамен 11 миллион ұйғыр, 1,6 миллион қазақ тұратын Шыңжаң аймағында жақыны немесе туысы қамалмаған адамды табу қиын.

"ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕС КАМПАНИЯСЫ"

Есеп авторларының жазуынша, 2014 жылы Шыңжаңда терроризмге қарсы қатаң кампания жарияланды. Содан бері ресми түрде қамалушылардың саны алдыңғы бес жылмен салыстырғанда үш есеге көбейген.

Қытай оларды тергеу изоляторларында, түрмелер мен саяси тәрбиелеу лагерьлерінде қамап келеді. Соңғы айтылған мекеме - саяси тәрбиелеу лагері Қытай заңымен мүлде реттелмеген.

Ұйым өкілдері Қытай билігінің "экстремизм және терроризммен күрес" және "аймақ тұрақтылығын сақтауды" желеу етіп, Шыңжаңдағы мұсылмандарды қыспаққа алуын сынайды.

“Шыңжаңның ресми өкілдері бұл проблеманың төркіні түркітілді мұсылмандардың "проблемалық идеясында" жатыр деп есептейді. Мұндай идеяларға биліктің сипаттауынша, радикалды діни догмалар, сонымен бірге өзін Хан-Қытайлық емес деп есептейтін кез келген көзқарас жатады. Мейлі ол ислам діні, түрік, ұйғыр немесе қазақ тілі болсын. Билік өкілдері мұндай сенім және соған ұқсас жағдайлар жойылуы тиіс деп санайды” делінген баяндамада.

"ҚАМАУ ОРЫНДАРЫНДА БАЛАЛАР МЕН ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР ДЕ БАР"

Зерттеуге сәйкес, шамамен бір миллионға жуық мұсылман қамауда отырған орындарда қысым мен азаптаудан бөлек, кез келген адам стреске ұшырайтындай қиын жағдай қалыптасқан. Адам көп, орын жоқ. Көбі қанша мерзімге дейін отыратынын білмейді. Қатты науқас болса да, сотталушыларға ешқандай жеңілдік жоқ.

Ұйымның хабарлауынша, кейбір жерлерде балалар, аяғы ауыр әйелдер мен бала емізетін әйелдер, мүгедектігі бар адамдар да кездеседі. Соның салдарынан мұндай орындарда өлім де бар.

Ұйым Radio Free Asia ақпарат құралының дерегіне сүйеніп, жыл басынан бері бес адамның өлгенін айтады.

ТЕХНОЛОГИЯ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ, BIG DATA

Ұйымның жазуынша, Шыңжаңдағы қамау орталықтарынан бөлек, бостандықта жүрген азаматтардың да жағдайы қиын. Олардың пікір айту құқығы, діни наным-сенім таңдау еркіндігі сияқты негізгі құқықтары бұзылған.

Соңғы жылдары Қытай үкіметі аймақты бақылауға алу үшін ірі көлемде қаржы, адам және техникалық ресурстар бөлген. Ұйымның жазуынша, Қытай билігі Шыңжаңдағы азаматтарды бақылау мақсатында технология тетіктерін барынша қолдануда.

“Шыңжаң билігі адамның дауысы және ДНҚ сияқты биометрикалық деректерді жинақтауды міндеттеген және Шыңжаңда әрбір адамды анықтау, жеке дерек қорын жинақтау және бақылау үшін жасанды интеллекті мен big data-ны қолданады” делінген есепте.

Адам құқығын қорғау ұйымының бағалауынша, Қытайдағы адам құқығының жағдайы 1966-76 жылдардағы мәдениет төңкерісінен бері осыншалықты деңгейде құлдырамаған.

ҮКІМЕТТЕРГЕ ҰСЫНЫС

Есеп соңында зерттеу авторлары Қытай үкіметі және қуғындау мәселесіне қатысы бар елдердің үкіметіне ұсыныстар жасаған.

Ұйым Шыңжаңдағы жағдай Қытай конституциясы мен елдің халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, Қытай билігін барлық саяси лагерлерді жауып, ондағы азаматтардың барлығын босатуға шақырған.

Human Rights Watch ұйымының өкілдері Қазақстанды Қытай үкіметін түркітілді мұсылмандарға қарсы репрессияны тоқтатуға көндіруге шақырады. Ұйым "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп санайды.

ҚЫТАЙ ЖАУАБЫ

Халықаралық ұйымдар Қытайдағы этникалық азшылықтардың қысымға ұшырауы туралы мәселесін алғаш рет көтеріп отырған жоқ.

Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қытай билігінің шамамен миллион ұйғырды “экстремизммен күрес орталықтарында” ұстап отырғанын мәлімдеген. Ұйғырлардан бөлек Шыңжаңдағы саяси лагерьлерде қазақ пен татар сияқты басқа да мұсылман азшылық өкілдерінің бар екені анықталған.

Іле-шала Қытай Шыңжаңға "шабуыл жасауды жоспарлаған исламшыл содырлар мен сепаратистерден" қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген. Ел билігі Шыңжаңдағы адам құқықтарының жай-күйін сынауды "аймақтағы жағдайды нашарлатып, тұрақтылықты шайқау" деп сипаттаған.

Есепте айтылған ұсыныстарға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа хабарласқан едік. Ол HRW ұйымының есебімен әлі таныспағанын, кейінірек хабарласуды өтінді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG