Accessibility links

"Мылқауларды сыпырушы не тігінші көреді"


"Восток" қалалық мәдениет және демалыс бағында өткен мүгедек өнерпаздардың шығармашылық фестиваліне қатысушылар. Теміртау, 15 маусым 2013 жыл.
"Восток" қалалық мәдениет және демалыс бағында өткен мүгедек өнерпаздардың шығармашылық фестиваліне қатысушылар. Теміртау, 15 маусым 2013 жыл.

Қазақстанда құлағы нашар еститін, я естімейтін 18 мыңнан аса азамат бар. Билік олардың құқығының сақталуына бірнеше конвенция мен заң кепілдік береді дейді. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандар мен сарапшылар "өмір сүру оңай емесін" айтады.

61 жастағы Александр Ковалев – Өскемен қаласының тумасы. Қазір Алматыда тұрады. Үш жасында құлағы ауырып, дәрігерлер емдей алмаған. Есту қабілеті жыл сайын нашарлап, кейін мүлде естімей қалған ол қазір ым тілімен сөйлеседі.

"ЖҰМЫСҚА АЛМАЙДЫ"

- Өскемен қаласында құлағы естімейтіндерге арналған мектеп жоқ. Алматыға келіп, осында оқуға түстім. Кейін Алматыға көшіп келдік. Университетте оқымадым, мектеп қана бітірдім. Бұрын үйленгенмін, бірақ кейбір кедергілерге байланысты ажырасып кеттік. Бір ұлым, бір қызым бар. Ұлым бәрін естиді, жақсы сөйлейді. Ал екіншісінің құлағында мүкісі бар, - дейді ол.

Зейнет жасына таяп қалған Александр тұрақты жұмыста істемеген. Түрлі жылдары бірде ағаш ұстасы, бірде жүк тасушы болған ол жұмысқа орналасу қиын екенін айтады. "Қазір аз ақшаға ыдыс жуушы болып істеймін" дейді ол.

Александр Ковалев.
Александр Ковалев.

​- Көп жерге жұмыс іздеп бардым. Барлығы "орын жоқ" деп қайтарады. Естімейтінімді, сөйлей алматынымды көріп, "сіздермен жазып сөйлесу бәрібір қиындық тудырады" деп жұмысқа алмайды. Жұмыс табу қиын, тапқан күннің өзінде айлығы аз, ештеңеге жеткізе алмайсың. Тамағымызға ғана жетеді. Ауырып, дәріге ақша таппай қалатын кездер де болады, - дейді ол.

20 жылдан бері балаларымен жүздеспеген Александр ұлы мен қызын көруді аңсайды. Алайда жол жүруге қаражаты тапшы екенін айтады.

- Балаларым анасымен бірге Ресейде тұрады. Менің барғым-ақ келеді. Бірақ Ресейге барып-қайтуға, онда тұруға көп ақша керек, - дейді Александр Ковалев.

Алматыдағы құлағы естімейтіндерге жәрдем көрсетумен айналысатын "Үміт" үкіметтік емес ұйымының қызметкері Елена Рыжаяның пікірінше, жұмыс орындарымен қамту – мемлекеттің бақылауындағы мәселе.

- Жұмыс берушілерді "қызметке ал" деп мәжбүрлеу мүмкін емес. Іштей түсініктерін өзгеріп, өздері-ақ жұмысқа алатындай болуы керек. Алайда көбі мылқауларды техникалық қызметкер, аула сыпырушы, тігінші ретінде көреді. Жақсы жұмыс ұсынуы сирек, - дейді ол.

Құлағы нашар еститін азаматтарға көмектесетін "Үміт" қорының сурдоаудармашысы Елена Рыжая.
Құлағы нашар еститін азаматтарға көмектесетін "Үміт" қорының сурдоаудармашысы Елена Рыжая.

"Қазақ естімейтіндер қоғамында" сурдоаудармашы болып істейтін Наталья Колесникова да жұмысқа тұру мәселесі қиын екенін айтады.

- Көбіне ерлер – аяқ киім шебері, әйелдер тігінші болып жұмыс істейді. Жұмыс іздейміз. "Құлағы естімейтін тәжірибесі бар әйелді жұмысқа алыңыздаршы" дейміз. Алады да, ертеңіне "Кешіріңіз, бірақ жазысып отыратын уақыт жоқ" деп қайтарып жібереді, - дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда есту қабілеті бұзылып, мүгедек ретінде танылған 18,4 мың адамның 28 пайызы – 5,2 мыңы ғана жұмыс істейді. Естіп, сөйлей алмайтын 4,7 мың адамның мыңнан астамының ғана жұмысы бар.

"ЖӘРДЕМАҚЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ"

Елена Рыжая естуі нашар мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы аз деп санайды.

- [Естімейтін азаматтарға] берілетін әлеуметтік жәрдемақы жыл сайын азайып барады. Бірақ барлығына ақша да жетпейді ғой, амал жоқ. Қазақстанда үшінші топтағы мүгедек (есту қабілеті нашар мүгедектер осы санатқа жатады – ред.) көп әрі олар жұмысқа да жарамды. Өкінішке қарай, осылай. Бәріне жеңілдік болатындай совет кезі емес қой. Қазір қиындау. Мемлекетке де қиын, - дейді ол.

Елена жұмыс істейтін "Үміт" қоры 1997 жылы балаларының құлағы нашар еститін ата-аналардың бастамасымен құрылған. Ұйымда есту қабілетіне байланысты мүгедектігі бар адамдардың туыстары жұмыс істейді. Қызметкерлердің бірінің әке-шешесі, бірінің келіні мен немересі естімейді, я сөйлей алмайды.

Қоғам мүгедектерді қабылдамайды. Оларға есік аша бермейді.

- Сондықтан мылқаулардың жағдайын жақсы білеміз. Бізге ешкім "осылай етіңдер" деген жоқ. Өз күнімізді өзіміз көріп, күресіп жатырмыз. Баласы саңырау ата-аналар жиі келеді. Осында үйреніп, бейімделіп, жұмысқа орналасып жатады, - дейді ол.Елена Рыжая мәселе көбін айтса да, "мемлекетке ризамыз" дейді.

- Сурдотехника құралдары жақсарып келеді. Мемлекет ақырын қамтамасыз ете бастағанын байқап жатырмыз. Өмір сапасын арттыруға тырысып жатыр. Алайда қоғам мүгедектерді қабылдай бермейді. Оларға есік аша бермейді. [Жұмыс берушіге] барып, "жұмысқа алыңдаршы" деп сұраймыз. Бірақ "біз сөйлесе алмаймыз, түсінбейміз" дейді. Алмайды, - дейді ол.

АНАСЫ МЕН ҚЫЗЫ

46 жастағы Рәзия Мұратбекованың құлағы туғаннан естімейді. 11-сыныпқа дейін Шымкенттегі арнаулы мектеп-интернатында оқып, одан соң колледжге түскен. Тігінші болып істеп, кейін тұрмысқа шығып, бала тапқан.

Тігінші Рәзия Мұратбекова.
Тігінші Рәзия Мұратбекова.

- [Қызымды туған соң] ешқандай қиындық болған жоқ. Үнемі өзім қарап, барлығын сатып алып, өскенше қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Жат адамдардың қолына берген жоқпын. Тек өзім қарап өсірдім, - дейді ол.

1990 жылдардан бері тігінші болып жұмыс істеген Рәзия былтыр наурызда жеке компаниялардың біріне жұмысқа кіріп, қазір сол кәсібін жалғастырып жатыр.

Азаттық тілшілерінің Рәзия Мұратбековамен сөйлесуіне қызы – "Үміт" орталығында сурдоаудармашы болып істейтін Айнұр Мұратбекова көмектесті. Шешесінің құлағы естімейтін Айнұр "ым тілін кішкентайымнан білемін" дейді.

- Қазір қолымнан келгенше құлағы естімейтін мүгедек жандарға көмектесіп жатырмын. Өзіміз – оңтүстіктенбіз. Алматыға келіп, ым тілін оқып дамытқым келді. Күнделікті қолданыстағы сөздерді ғана білетінмін. Қазір жаңа сөздерді үйрендім, әлі де үйреніп жатырмын, - дейді ол.

Рәзия Мұратбекова мен сурдоаудармашы қызы Айнұр Мұратбекова.
Рәзия Мұратбекова мен сурдоаудармашы қызы Айнұр Мұратбекова.

Айнұр естімейтін адамдарға көбірек жағдай жасалғанын қалайды.

- Құлағы естімейтін бір қыз "кинотеатрда субтитрлер болса екен. Көріп-еститін адамдарға [төмендегі жазу] кедергі жасамайтын шығар" деп ұсыныс айтқан, - дейді ол.

БИЛІКТІҢ КЕПІЛІ

Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа берген ресми жауабында "Білім саласында кемсітушілікке қарсы күрес конвенциясыны ратификациялау туралы", "Білім туралы" және "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" заңдар есту қабілеті бойынша мүгедек азаматтардың құқығына кепілдік беретіні" жазылған.

Министрліктің дерегінше, Қазақстанда есту қабілеті кем балалар оқитын 19 арнаулы мектеп бар. Ел бойынша ресми тіркелген құлағы нашар еститін не естімейтін алты мыңнан астам баланың екі мыңнан астамы осы мекемелерде оқиды.

Сондай мектептердің бірі – Шымкент қаласы есту қабілеті нашар балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Әбілова өздерінен шыққан балалардың көбі университетке емес, колледжге оқуға түсетінін айтады.

Құлағы естімейтін балаларға сабақ өткізіп тұрған ұстаз. (Көрнекі сурет.)
Құлағы естімейтін балаларға сабақ өткізіп тұрған ұстаз. (Көрнекі сурет.)

- Дизайнер, тігінші, программист сияқты мамандықтарға түседі. Себебі сурдоаудармашыға мүмкіндік жоқ - қарастырылмаған. "Әрі қарай деңгейлері көтерілмейді" деп ойлайтындықтан шығар, - дейді ол.

Ресми дерек бойынша, былтыр құлағында мүкісі бар 6357 бала тіркелген. Оның 1917-сі естімейді, 4440-ы нашар естиді. Мүгедектік статусын, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, "3-4 дәрежелі есту қабілетінен айырылған, бала кезінен мүгедек" анықтамасы бар балалар алады.

Естіп, сөйлей алмайтын азаматтар "азғантай пенсияларын алып күн көретінін, көлік жуып, аяқ киім жөндеп ақша табатынын" айтқан Ләззат Әбілова жұмыс орындары жоғары білімді талап ететіндіктен, оларды колледждің дипломымен жұмысқа ала бермейтінін ескертеді.

СУРДОАУДАРМАШЫ ТАПШЫЛЫҒЫ

Ал Наталья Колесникова арнаулы мектеп-интернаттан шыққан балалардың кейбірі спорт академиясына түсетінін, мылқау азаматтар басқа мамандықты қаласа да құжат тапсыра алмайтынын айтады.

- "Қалай оқиды? Оқи алмайды" дейді. Себебі сурдоаудармашы университет штатында жоқ. Алса, оған ақша төлеуі керек болады. Оқуға түсу емтиханына барғанда да аудармашы болмайды. [Сурдоаудармашыны мылқаулардың] өздері жалдап, ақысын өздері төлейді, - дейді ол.

2018 жылға дейін мемлекет естіп, сөйлей алмайтын әрбір адамға жылына 30 сағат сурдоаудармашы қызметін тегін қамтамасыз еткен. Натальяның сөзінше, былтыр бұл 60 минут болып өзгерген. Ол мұның да аз екенін айтады.

- Бір тәулікте 24 сағат бар. Ал мылқауларға жылына 60 сағат беріледі. Бұл өте аз. 60 сағатты олар дәрігерге, нотариусқа баруға пайдаланады, - дейді Наталья. Қор қызметкерінің сөзінше, құлағы нашар еститін адам не есту аппаратын, не сурдоаудармашыны таңдайды. "Есту аппаратын алса да, ол еркін естіп, сөйлей алмауы мүмкін. Бірақ аппарат алып қойғандықтан, сурдоаудармашыны ала алмайды. Бұл да – бір кедергі" дейді ол.

"БАҚ НОРМАЛАРДЫ САҚТАМАЙДЫ"

​Белсенді, Алматы қаласы әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Вениамин Алаев "естіп, сөйлей алмайтын адамдардың ең үлкен мәселесі – ақпараттың қолжетімді болмауы" деп санайды.

Ақпараттың ыңғайлы берілмеуінен мылқаулар сапалы білім де ала алмайды​.

- Қоғамдық көлікте келесі аялдаманың қандай екені жазылып тұратын тақтайша жоқ. Олар не сұрай алмайды, не ести алмайды. Ақпараттың ыңғайлы берілмеуінен олар сапалы білім де ала алмайды, - дейді Алаев.

Наталья Колесникова Қазақстанның кейбір республикалық арналарында әлі күнге дейін сурдоаудармашы жоқ екенін айтады. Ал сурдоаудармашы бар телеарналар, Елена Рыжаяның сөзінше, халықаралық стандарттарды сақтамайды.

- Ашық түсті киім киіп алуы мүмкін. Мылқаулар қарап отырғанда одан көзі бұлдырап кетеді. Қол да көрінбей қалады. Киім артқы фонмен тұтасып кетуі мүмкін. Әшекей болмауы керек. Оның өзі кедергі келтіреді. Рамкалар да кішкентай. Үлкейту керек. Үлкен теледидар алуға бәрінің шамасы келе бермейді. Шаш үлгісі де әсер етеді. Шашын түзей беретін аудармашылар бар, - дейді ол.

Елена Қазақстанда осындай талаптардың орындалғанын талап ететін эксперттік комиссия болғанын қалайды.

- Әлгі комиссияның телекомпанияларды тексеріп, соларға сөзі өтетіндей құзыреті болса. Құлағы естімейтін адамдарға қалайша қолайлы боларын телеарнаның бәрі түсіне бермейді ғой, - дейді ол.

Қазақстандағы құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын азаматтардың құқықтары мүгедектер құқығы туралы конвенция мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңда жазылған. Конвенцияның 9-бабына сәйкес, құжатты 2014 жылы ратификациялаған Қазақстан "мүгедектерге тәуелсіз өмір сүруі үшін басқалармен тең дәрежеде көлікке, ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті". Ал заңның 14-бабында "мүгедектер ақпарат алуға, жұмысқа тұруғы құқылы" деп жазылған.

Материалды дайындауға Айтолқын Райхан мен Балнұр Қуанышова қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG