Accessibility links

Қосымша грант тізімі қайдан шықты?


Рамазан Әлімқұлов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры. Астана, 15 тамыз 2017 жыл.
Рамазан Әлімқұлов, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры. Астана, 15 тамыз 2017 жыл.

Білім және ғылым министрлігі «жоғары балл алып, білім грантын иелене алмай қалғандардың» наразылығынан соң қосымша 1500-ге жуық грант бөлді. Министр Сағадиев бұл жұмысқа ата-аналар да қатысқанын айтады. Ойындағы оқуға түсе алмай қалған мектеп түлегінің туысы «білім жүйесіндегі өзгерістердің жиілігі жылдағы дауға себеп» десе, ҰБТ орталығының директоры техникалық мамандықты таңдау керек дейді.

Астана тұрғыны Индира Әбікенова жиені Батухан Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) жоғары 126 балл алғанда отбасымен қатты қуанғанын айтады. Ол жиені білім грантын жеңіп алып, отбасы оқу ақысын төлеуге қиналмайтын болды деп сеніп отырған. Алайда тамыздың 10-ында ҰБТ нәтижелері жарияланғанда Индираның да, Батуханның да қуаныштары су сепкендей басылды. ЖОО-ға білім грантын алып түскендердің тізімінде жиені жоқ болып шықты.

ҚОС ТІЗІМГЕ ДЕ ІЛІНБЕУ

«Жоғары балмен қалайша білім грантын алмады» деп Индира білім және ғылым министрлігінен түсініктеме сұрап, шағымданған. Алайда жиенінің есімі тамыздың 14-інде жарияланған білім грантын иеленгендердің қосымша тізімінен де табылмады. Сол күні білім және ғылым министрлігі «резервтерден тағы 1500-ге жуық білім грантын» бөлгенін мәлімдеген.

Жоғары бағамен гранттан қағылғандар наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Батухан жақында ашылған жекеменшік Астана университетіне құжатын тапсырып, оқуға түскен. Индираның сөзінше, ҰБТ-дан жоғары балл алған жиеніне университеттің қабылдау комиссиясы бірден ректор грантын берген. Бірақ ол грантты Батухан жылда бәсекеге түсіп жеңіп отыруға тиіс.

Астана тұрғынының жылда қайталанатын мемлекеттік білім гранттарын бөлу дауының себептері туралы өз болжамы бар.

- Заң дұрыстап қабылданып, тұрақтанса, ақпараттандыру жұмысы кеңінен жүргізілсе, ата-аналар жылда министрлік алдына келмес еді. Ал жаңа министрдің тағайындалуы еш жақсылық әпермейді. Жаңасы келіп, тағы өзгеріс жасап, дау жалғасады, - дейді Индира Әбікенова.

МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАҢА ТІЗІМІ

Тамыздың 11-інде мектеп түлектері мен олардың ата-аналары «ҰБТ-да жоғары балл жинаса да, білім грантын неліктен алмағандарын, өздерінен төмен балл жинағандардың неліктен грант алып кеткендерін сұрап» министрлік алдына жиналған болатын. Дау кезінде министрлік өкілдері «төмен балл жинаса да, оқуға түскендердің квотасы немесе «Алтын белгі» жеңілдігі болуы мүмкін» деген себеп айтқан. Ата-аналар «Алтын белгі» иелеріне жеңілдік жасалмайтыны туралы министр сөзін» уәж еткен. Квота әлеуметтік жағдайы нашар, асыраушысынан айырылған, ауылдық жерден шыққан және дімкәстігі бойынша мүмкіндігі шектеулі түлектерге тағайындалады. Ал «Алтын белгі» иелеріне жеңілдік берілмейтіні туралы министрлік хабарлап қойған жаңа ереженің әлі заң жүзінде бекітілмегені өткен апта белгілі болған.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев
Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев

Тамыздың 15-інде өткен үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қосымша гранттарды бөлу үшін республикалық комиссия жұмысына «министрлікке келген ата-аналар да қатысқанын» айтты.

- Меніңше, қосымша грант бөлген республикалық комиссия екі күнде көп шаруа жасады. Жалпы дұрыс шешім қабылдады деп санаймын. Бұл жұмысқа министрлікке келген ата-аналар да қатысты. Компьютердің, жалпы процестің тазалығына көз жеткізді, - деді министр.

Сағадиев журналистердің қосымша гранттардың ненің есебінен бөлінгені туралы егжей-тегжейлі сұрақтарына жауап бермей кетіп қалды. Бұған дейін министрлік өкілдері қосымша гранттардың «университеттер, білім және ғылым министрлігі және денсаулық сақтау министрлігінің қорларынан бөлінгенін» жалпылама хабарлаған.

«ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚ ГРАНТЫН КӨБЕЙТІП ЖАТЫРМЫЗ»

ҰБТ орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, ата-аналардың наразылығынан кейін комиссия тамыздың 10-ында жарияланған білім грантын иеленгендердің тізімін түзетіп, тамыздың 14-інде қайта жариялаған. Қосымша 1487 грант иесінің кім екенін анықтаған.

- Халыққа уәде берілгендей (ҰБТ нәтижелері-ред) «Алтын белгі» факторынсыз есептелді. Кешегі [қосымша тізімді] қарасаңыз, жоғары балл алғандар бірінші тұр. «Алтын белгісі» бар, бірақ төмен балл алғандарды екінші тізімге шығардық. Өйткені [«Алтын белгісіз»] жоғары балл алған балаларға кедергі жасамасын деп. Шындығын айту керек, кейбір жерде 67 балл алған «Алтын белгі» иелері өтіп, 138 балл жинаған «Алтын белгісі» жоқтар өте алмай қалғандар болды ғой, - дейді Рамазан Әлімқұлов.

Мектеп бітіруші түлектер. Көрнекі сурет
Мектеп бітіруші түлектер. Көрнекі сурет

«Алтын белгі» - орта мектепті үздік бітірген түлектерге берілетін марапат. Рамазан Әлімқұловтың сөзінше, ата-аналардың наразылығын тудырған және бір жайт – тізімдегі төмен балл жинаса да, «түрлі квоталармен оқуға түскен» талапкерлер туралы ақпараттың анық-қанығы. Оның сөзінше, бұл мәселеге қатысты ата-аналар тест орталығына арыз жазып, қажетті мәліметін анықтай алады. Әлімқұлов гранттарды «белгіленген параметрлерді енгізу арқылы арнайы компьютерлік бағдарлама есептеп шығарғанын» айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Білім беру сарапшысы Ерсайын Ерғожа ҰБТ нәтижесін күнбе-күн жариялауды ұсынады

Білім гранттарын бөлуге байланысты даулардың жылда қайталануына қатысты ҰБТ орталығы директорының өз уәжі бар.

- Гранттың өзі шектеулі. Барлығына жетпейді. Сонымен бірге елімізде техникалық мамандықтарға гранттарды көбейтіп жатырмыз. Бірақ, өкінішке орай, жыл сайын [талапкерлердің] көбі гуманитарлық мамандықтарға, экономика, құқықтану, қаржы, медицина сынды салаларға барады. Ал онда грант шектеулі. Көбінің квотасы болса да, жоғары балы болса да, далада қалып жатады. Содан дау шығады, - дейді Рамазан Әлімқұлов.

Ресми ақпарат бойынша, 2017 жылы қазақ тіліндегі топтарда оқитын талапкерлерге 49 858, орыс тіліндегілерге 13 311 білім гранты бөлінген. Өткен аптадағы даудан кейін бұған қосымша 1487 грант бөлініп отыр. Биыл 4 мың «Алтын белгі» алған оқушының 800-і ҰБТ кезінде аз балл жинаған.

XS
SM
MD
LG