Accessibility links

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау – 2022: Тоқаев және бәсекелестері


2022 жылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауға түсетін Қазақстан президенттігіне кандидаттардың суретінен коллаж (ОСК тіркеген ретпен берілді).
2022 жылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауға түсетін Қазақстан президенттігіне кандидаттардың суретінен коллаж (ОСК тіркеген ретпен берілді).

Қазақстандықтар 20 қарашада ел президентін сайламақ. Биылғы науқан бұрынғы сайлауларға өте ұқсас: бұл жолы да кезектен тыс өтеді және билікте отырған басшы қайтадан сайлауға түсіп жатыр. Сарапшылардың көбі бұл сайлау да алдыңғылары секілді шынайы саяси бәсекеден жұрдай, нәтижесі де бәз баяғыдай болады деп топшылайды.

Себебі, Қазақстанның сайлау туралы заңы президент лауазымына таласқысы келетін тәуелсіз үміткерлердің мүмкіндігін қатты шектейді, саяси алаңнан оппозицияны аластап, жаңадан партия тіркеу елекпен су тасығандай өнбейтін әуре-сарсаңға айналған дейді талдаушылар.

Бұл жолы президенттікке кандидат болып тіркелгендердің көбін жұрт онша танымайды, кейбірі билікке етене жақын адамдар. Азаттық тілдескен кандидаттардың кейбірі қазіргі президенттің саясатын қолдайтынын, өзі президент болуға ұмтылмайтынын айтты.

Орталық сайлау комиссиясы президент болудан үміткерлер арасынан осы сайлауға кандидат етіп ресми тіркегендер тізімінде алты адам бар. Қазіргі президент Тоқаевтан басқа екі кандидат зейнет жасынан асқан, тағы біреуінің жасы 2024 жылы толмақ. Тізімдегі екі кандидат әйел президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі.

2022 жылғы 20 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауға түсетін Қазақстан президенттігіне кандидаттар тізімі (ОСК тіркеген ретпен берілді):

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, 69 жаста, Қазақстанның қазіргі президенті. Парламенттегі билікшіл үш партия мен ондаған қоғамдық ұйым біріккен "халық" коалициясы ұсынған. Қазақстанды совет дәуірінен бастап отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент лауазымын көп жылғы серігі Тоқаевқа тапсырып кеткен. Сол жылы маусымда Тоқаев өзі белгілеген кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысы бойынша бес жылға Қазақстан президенті болып сайланған. Ол жолғы сайлау мен ресми қорытындысына келіспеген мыңдаған адам ел астанасы мен Алматыда және басқа қалаларда наразылық акциясына шыққан. Биыл қаңтарда Тоқаев Конституцияны билігін ұзарту мақсатында өзгертпеуге уәде еткен, алайда кейінгі бірнеше айда елдің негізгі заңы екі рет өзгертілді. Маусым айында Тоқаевтың бастамасымен өткізілген референдумнен кейін Конституция баптарының үштен бірге жуығы өзгертілсе, қыркүйекте президент енді бұрынғыдай бес жылға емес, жеті жыл мерзімге сайланатыны туралы түзету енгізілді. Президенттің айтқанына қарсы шығып көрмеген парламент бұл өзгертулерді едел-жедел мақұлдап тастады.

Мейрам Зекешұлы Қажыкен, 61 жаста, "Аманат" кәсіподақтар бірлестігі президенттікке кандидат етіп ұсынған. "Астана" халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеу институтын басқарады, қазіргі заманғы қоғамды зерттеу институты директоры. 2000 жылдары Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі, индустрия және сауда министрлігі өндіріс және ғылыми-техникалық даму комитетінің төрағасы болған. Биыл көктемде Yntymaq партиясын құратынын жариялаған бастамашыл топтың жетекшісі.

Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев, 67 жаста, "Ауыл" партиясынан кандидат. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының агроөнеркәсіп кешені комитетін басқарады. 2019 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың маусымына дейін "Қазақстан фермерлер одағы" ассоциациясы президенті қызметін атқарған. 1970 жылдары Жамбыл облысы Луговой ауданындағы "Коммунизм жолы" колхозында комсомол ұйымының хатшысы, совет кезіндегі қайта құру жылдары Луговой ауданындағы Жамбыл атындағы колхоз басқармасының төрағасы болған. Биыл наурызда әлеуметтік желідегі парағына Тоқаевтың жолдауына қолдау білдірген пост жариялаған.

Қарақат Жақсылыққызы Әбден, 48 жаста, "Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" ұсынған. Биыл мамырда президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құрамына енген. Әр жылдары мемлекеттік саясат ұлттық мектебі директорының орынбасары, биліктегі "Нұр Отан" партиясында (биыл наурызда атауы "Аманат" болып өзгерген) инновация комитетінің инспекторы болып істеген. Астана қалалық мәслихаты депутаты болған. 2019 жылы оның авторлығымен шыққан "Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!" деген кітаптың мазмұнын кейбір белсенділер сынаған, бұған қоса кітап мемлекеттен бөлінген қаржыға басылған деген күдік айтылған. Өзі басқаратын "Қазақ қызы" ұйымын Әбден "Мәдени-инабаттылық қыздар институты" деп сипаттаған, 2016-2019 жылдары астана әкімдігі осы ұйымға жүздеген миллион теңге аударған.

Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова, 48 жаста, "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған. Былтыр наурызда Тоқаев Тұрсынбекованы президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары етіп тағайындаған. Әр жылдары Жоғарғы Сотта, өзге де мемлекеттік органдарда қызмет атқарған, Қазақстан бас прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі болған. Бас прокуратура институты директоры болып істеген. Оны құқық қорғаушы деп атайды.

Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев, 65 жаста, өзін оппозициямыз деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған кандидат. Бұрынғы Коммунистік партия мүшесі Әуесбаевтың бір кезде Астанада совет көсемі Владимир Ленинге ескерткіш қою жайлы бастамасы сәтсіз болған еді. ЖСДП бұл жолғы кезектен тыс сайлауға саяси ұйымнан президент болуға үміткер таңдау барысында партия ішіндегі бәсекеде (праймериз) Әуесбаев өзгелерден озды дейді.

Биылғы сайлауда дауыс беру бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген графа енгізілді, бірақ бақылаушылар ол сайлауға еш әсер етпейді деп есептейді, өйткені тіпті дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбі "бәріне қарсымын" деп белгі соққан күннің өзінде сайлау жеңімпазын анықтау барысында ол есепке алынбайды. Тоқаев 2021 жылы қаңтарда парламент сайлауы өткеннен кейін сайлау бюлеттеніне "бәріне қарсымын" графасын енгізуді ұсынған.

Сайлау туралы заң талабына сәйкес, президенттікке кандидат болып тіркелу үшін үміткер өзін жақтаған кемінде 118 мың сайлаушының қолын жинап, тапсыруы керек.

ОСК Тоқаевтың заңда көрсетілген межеден үш есе көп қол жинап өткізгенін айтып, оны басқа үміткерлерден бұрын президенттікке кандидат етіп тіркеді.

КАНДИДАТ БОЛА АЛМАЙ ҚАЛҒАН ҮМІТКЕРЛЕР

Орталық сайлау комиссиясы биылғы сайлауға "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі президенттікке кандидат ретінде ұсынған бұрынғы парламент депутаты, 70 жастағы Жұматай Әлиев пен футбол әуесқойлары лигасы ұсынған астаналық мемлекеттік кіріс департаменті қызметкері, 46 жастағы Бақыт Жаңабаевты "жинаған қол жеткіліксіз болды" деген уәжбен тіркемеді.

ОСК президенттікке кандидат болуға ұмтылған 44 жастағы Нұржан Әлтаевты да тіркеген жоқ. Бұрын парламент депутаты, министр орынбасары болған оны "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігі үміткер ретінде ұсынған. Бірақ ұйым ішінде шыққан дау-дамай сотқа жетіп, ОСК Әлтаев кандидатурасының заң талабына сәйкестігін тексеру процесін тоқтатып қойды.

Орталық сайлау комиссиясына жиынтығы 12 үміткер құжаттарын өткізген. ОСК олардың үшеуін – "Асар" оралмандар бірлестігі ұсынған Хайролла Ғабжалиловты, Қазақстан құрылысшылар одағы ұсынған Талғат Ерғалиевті және "Практикалық психология" қоғамдық бірлестігінен Фатима Байзақованы "талаптарға сәйкес келмейді" деп тіркемеді. Сайлау туралы заңда президенттікке кандидат болып жасы 40-тан асқан, кемі бес жыл мемлекеттік қызметкер болып немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте істеген, Қазақстанда туған және кейінгі 15 жылда елде тұрған адам тіркеле алады деген талаптар бар.

Бұл талаптарға сай келетіндіктен сайлауға түсетінін мәлімдеген оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин түрлі кедергіге кезіккені жайлы Facebook-те хабарлады. Жақтастарымен бірге "Алға, Қазақстан!" партиясын құруға талпынған Қуанышәлин жеті айдан бері билік түрлі сылтаумен оппозициялық ұйымды тіркемей әуре-сарсаңға салып қойғанын, өзін үміткер ретінде ұсынатын республикалық қоғамдық бірлестік таба алмағанын айтады. Осы айда әділет министрлігі жаңа ұйымды тіркеуден кезекті рет бас тартты. ЖСДП атынан үміткер болуға ынта білдірген Қуанышәлин оларға "жоғарыдан" қысым жасалды деп есептейді. Ал өзін "оппозициямыз" деп атайтын ЖСДП өкілдері болса, партияға ешкім қысым жасаған жоқ, ұйым ішіндегі іріктеу (праймериз) нәтижесінде, президенттікке кандидат болуға партияның астаналық филиалы жетекшісі лайық деген шешім қабылданды дейді.

Қуанышәлинге партия құруға тағы да рұқсат бермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

АЗАМАТТАР ТАЛАБЫ

Орталық сайлау комиссиясына журналист Инга Иманбай мен қазір Польшада тұратын, ұлты қазақ шетел азаматы Балли Мажец президенттікке өзін өзі ұсынып, өтініш тапсырған. ОСК оларды тіркеуден бас тартты. Иманбай – наурыздан бері абақтыда отырған, тергеу органдары "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деп айыптап, үстінен іс қозғаған, тіркелмеген Демократиялық партия лидері Жанболат Мамайдың әйелі.

Иманбай мен Мажец Қазақстан заңында елде өмір сүріп жатқан азаматтардың басым көпшілігін және шетелде тұратын оппозиция өкілдерін президент болу құқынан айыратын тосқауылдар барын іс жүзінде көрсету үшін әлгіндей талпыныс жасағанын айтады.

Қоғамда кезектен тыс сайлау науқанына наразылық білдіріп, сынап жатқандар аз емес. Кейбір тіркелмеген партиялар мен бірлестіктер бұл сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді. Өздерін тіркелмеген NagyzAtajurt партиясы өкілдеріміз деп атаған адамдар сайлау өткізуге қарсы екенін айтып, интернетте жүздеген видео жариялады. Мамыр айында бір топ белсенді NagyzAtajurt партиясын құратынын мәлімдеген. Шетелдегі оппозиция өкілдері, мысалы, Қазақстан билігін сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов пен жақтастары Қазақстан қалаларында наразылық акцияларын өткізетінін мәлімдеген. Алматылық белсенді Әлнұр Илияшев қазіргі президентті осы жолғы сайлауда президенттікке кандидат етіп тіркеген ОСК шешіміне қарсы сотқа арыз түсірді. Қазақстан соты арызды қанағаттандырмады.

Тоқаев президенттікке кандидат болып тіркелген соң және сайлауалды үгіт науқаны ресми түрде басталғаннан кейін де президент ретінде аймақтарды аралауды жалғастырып, жұртпен кездесіп жүр. Саяси алаңы шынайы бәсекеден ада елде билік басындағы президент тағы да сайлауға түсетінін Ақорда өкілдері бұл науқан басталмай тұрып-ақ айтқан. Мысалы, жергілікті журналиске берген сұхбатында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елде билікке бәсеке тудыратын шынайы оппозиция жоғын ашық мәлімдеген еді. Биылғы сайлауда Тоқаевқа бәсекелес ретінде көпшілікке беймәлім біреулер түсуі мүмкін екенін билікке жақын саясаттанушылар да жасырмады. Алайда олар кейінгі жылдары елде оппозициялық белсенділердің партия тіркете алмай әуре-сарсаңға түсетіні, ал биліктің өзіне жақпайтын акцияларға қатысқандарды әдетте ұстап әкетіп, қамап, айыппұл салып жазалайтыны туралы мүлде айтпайды.

Билік өкілдері мұндай пікірді тәуелсіз сарапшылар Ақорда Қаңтар оқиғасы сайлаушылар сеніміне селкеу түсірген соң, Тоқаевтың биліктегі мерзімін ұзарту үшін ерте сайлау өткізгенді жөн деп тапқан болуы мүмкін деген болжам айтып жатқанда білдіріп отыр. Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев күш құрылымдарына көшеде ескертусіз оқ ату туралы бұйрық бергенін мәлімдеп, Мәскеуден әскери көмек сұраған.

Қазақстанда президент сайлау осымен жетінші рет өтіп жатыр. Қазір билік басында отырған президент екінші мәрте сайлауға түсіп отыр. 2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев қызметтен кеткенде өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 70 пайыздан көбі қолдаған. Оның алдында 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткен сайлауларда үнемі Назарбаев озды деп айтылатын. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан бері Батыс бақылаушылары елде өткен сайлаулардың ешбірін еркін әрі әділетті деп таныған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG