Accessibility links

Карантиннен шыққан дәрігерлер үстеме ақы аларына сенбейді


Нұр-Сұлтан қалалық №2 аурухана медицина қызметкерлері. Сурет Ғабит Нұрханұлының (Gabit Nurhanuly) Facebook парақшасынан алынды,
Нұр-Сұлтан қалалық №2 аурухана медицина қызметкерлері. Сурет Ғабит Нұрханұлының (Gabit Nurhanuly) Facebook парақшасынан алынды,

Нұр-Сұлтан қалалық №2 ауруханасының елуге жуық қызметкері коронавирус жұқтыруы мүмкін деген қауіппен үш күн жұмыс орнында қамалып қалды. Олар төтенше жағдайға байланысты медицина қызметкерлеріне белгіленген үстеме ақыны алатын санатқа жатпаймыз деп шағымданады.

«КАРАНТИНДЕГІ ДӘРІГЕРЛЕР»

Коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен жұмыс орындарында үш күн қамалып қалған дәрігерлер шағын палаталарда бірнеше адамнан жатып, ас-судан тарыққанын айтады. Олар ауруханаға келген үш пациенттен коронавирус инфекциясы табылған соң карантинге алынған.

Карантиндегі дәрігерлердің ашу-ызасын наурыздың 31-іне Facebook қолданушысы Ғабит Нұрханұлы (Gabit Nurhanuly) жариялады.

Дәрігер Ғабит Нұрханұлы. Сурет Facebook парақшасынан алынған.
Дәрігер Ғабит Нұрханұлы. Сурет Facebook парақшасынан алынған.

- Мынау карантинде жатқан N2 қалалық аурухананың пульмонология және торокаль хирургия бөлімінің қызметкерінің жанайқайы. N2 перинаталды орталық, «Мейірім» МО, Ақмола облыстық ауруханасы, орталық теміржолшылар ауруханасының пульмонология және неврология бөлімшесі қызметкерлерінің ішінде тура осындай жағдайда жатқандар бар. Ең сорақысы, карантиндегі қызметкерлерінің тамағын да дұрыс ұйымдастыра алмай отыр, - деп жазады ол.

Өзі де дәрігер Ғабит Нұрханұлының жазуынша, №2 қалалық аурухана дәрігерлері мен медицина қызметкерлері коронавирус жұқтырғандармен күнделікті жұмыс істейді. Сондықтан вирус жұқтыруы қаупі зор. Олар қауіпті жерде жүріп, карантинде жатса да медицина қызметкерлеріне белгілеген үстеме ақы алатынына күмәнмен қарайды.

- Дәрігерлер тегін жұмыс істеу міндетті деген "шолақ белсенділерді" шақырыңыздар, солар пульмонолог, кардиолог, акушер- гинеколог болып қызмет атқарсын,- деп жазады Ғабит Нұрханұлы.

«БІРІНШІ КҮНІ АШ БОЛДЫҚ»

Коронавирус жұқтырғандарды емдей жүріп, өздері де карантинге қамалған медицина қызметкерлері шағым жазған. Шағымда «№2 қалалық ауруханада үш пациентттен коронавирус анықталғанын» айтады.

- Аурхананың қабылдау бөліміне келген ерлі-зайыптыларға «пневмония» деген диагноз қойылды. Компьютер томографиясы көрсеткен синдромдардан кейін коронавирус бар екені расталды. Бұл пневмониямен ауыратындарды тексерген қызметкерлердің ауру жұқтыру қаупі аса жоғары екенін көрсетеді. Үшінші науқастың вирус жұқтырғаны қабылдау бөлмесінде анықталды. Оны кардиологтар екі мәрте, түнгі және күндізгі ауысым қызметкерлері екі мәрте қарады,-дейді шағымда.

Шағымданушы медицина қызметкерлері сын көтермейтін карантинде жатқанын жазған. Шағымда бір кісілік палатаға екі кереует, екі кісілікке үш -төрт кереует қойылғаны, 7 науқастан өзге де қызметкерлердің өте көп болғаны айтылған.

Дәрігерлерге ұсынылған тамақ. Сурет Ғабит Нұрханұлының Facebook парақшасынан алынған.
Дәрігерлерге ұсынылған тамақ. Сурет Ғабит Нұрханұлының Facebook парақшасынан алынған.

- Бірінші күні мүлде аш болдық, кешкі асты түнгі 22.00-де әкелді. Екінші күнгі түскі асты кешкі 17-де жеткізді. Суып кеткен дәмсіз күріш сорпасы, езілген макарон мен тауықтың аяғы астың қалдығына ұқсайды. Стресс жағдайында жүрген қызметкерлер үкіметтің медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу туралы қаулысының өздеріне қатысы барына да күмәнданып отыр, - дейді.

Карантиндегі медицина қызметкерлерінің шағымына қарағанда үстеме ақы алатын санатқа Нұр – Сұлтан мен Алматыдағы көп салалы ауруханалар кірмегенге ұқсайды. Олардың жазуынша, коронавирус жұқтырған адаммен көп салалы ауруханалардың функционалистері, орта және кіші медициналық қызметкерлер, аурухана жүргізушілері де қарым-қатынаста болады.

- Вирус жұқтырған адамдармен тікелей қарым-қатынастағы көп салалы аурухананың медицина қызметкерлері негізінен пульмонологтар мен терапевтер ол санатта жоқ. Олар да тәуекелге бел буып жүргенімен есепке алынбай, инфекционистер ғана ескеріліп отыр,- дейді дәрігерлер.

Карантиннен шыққан дәрігерлердің шағымын №2 қалалық қалалық аурухананың пульмонология бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Әбішев те растады.

-Тағам нашарлығы емес басшымыздың астамдық көрсеткені жүйкемізге тиді. Маған «сен карантинге кете бер» дейді. Ұжымымды қалай тастап кетемін? Біздегі орта және кіші медициналық қызметкерлердің әрқайсысының көп жыл еңбек өтілі бар. Қиын-қыстау күндері адам өмірін арашалаудан бас тартып отырған жоқпыз, -деді ол.

Мейіржан Әбішевтің сөзінше пульмонологтар инфекционистермен бірге жұмыс істейді. Cондықтан үкімет қаулысымен бекітілген дәрігерлердің жалақысына қосылатын үстемеден көп салалы аурухана дәрігерлері де тыс қалмауы тиіс.

«ҮСТЕМЕ АҚЫНЫ КІМ АЛАДЫ?»

№2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли қызметкерлері көтеріп отырған мәселені «өзектілігін жоғалтқан мәселе» деп атады. Оның сөзінше, шағымдарын әлеуметтік желіге жариялаған дәрігерлер мен медбикелер заңды білмейді.

- Мен оларды инфекция әрі қарай тарамасын деп бөлімдерінде қалдырдым. Карантиннің бірінші күні кеш болса да жеткізілген ас аурухана нормативіне сай. Әрине жатын орны қолайсыз болғаны рас, қиындыққа төзе білу керек, - деді ол Азаттыққа.

«Бөлімшеде басқа да аурулар болған. Дәрігерлер вирус жұқтыруы мүмкін деген медицина қызметкерлерімен бір бөлімде карантинде болғанын қалай түсіндіресіз?» деген сауылымызға:

- Қаладағы басқа медициналық орталықтарда вирус жұқтырған дәрігерлер бар. Ал, бізде ондай бір қызметкер жоқ,-деп жауап берді.

Қазақстандағы ауруханалардың бірі. Наурыз 2020 жыл.
Қазақстандағы ауруханалардың бірі. Наурыз 2020 жыл.

№2 қалалық аурухана медицина қызметкерлерінің шағымы жайлы сауалымызға денсаулық сақтау министрлігі жауап бермеді. Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп үстеме ақы туралы президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың жарлығы мен мемлекеттік комиссия шешімі талқыланбайтынын айтып, басқа сауалдарды тыңдамады.

30 наурызда Қазақстан билігі коронавируспен күресуге атсалысқан дәрігерлер жалақысына 212 мың - 850 мың теңге аралығында үстеме ақы қосылатынын жариялаған.

Бірінші топ - реанимация бөлімдерін қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері барлығы - 3284 маманның жалақысына 850 мың теңге көлемінде үстеме ақы қосылады.

Екінші топ - провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері барлығы - 11 951 маманның жалақысына айына 425 мың теңге қосылады.

Үшінші топ - карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқа барлығы - 10 994 қызметкердің жалақысына айына 212 мың теңге қосылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан үкімет отырысы. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан үкімет отырысы. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.

Ал, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық аурухана дәрігерлері бұл санатқа жатқызыла ма, жоқ па, әзірге нақты айту қиын.

Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова 1 сәуір күнгі брифингте Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматыда дәрігерлерге коронавирус жұққанын хабарлады. Бірақ нақты санын айтпады.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 373 адамнан коронавирус табылған. 26 науқас жазылып, үш адам қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG