Accessibility links

Билікшіл партия Жамбыл Ахметбековті президенттікке екінші рет ұсынды


Жамбыл Ахметбеков – Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президент сайлауына үміткер. Нұр-Сұлтан, 26 сәуір 2019 жыл.
Жамбыл Ахметбеков – Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президент сайлауына үміткер. Нұр-Сұлтан, 26 сәуір 2019 жыл.

Билікшіл ҚКХП кезектен тыс президент сайлауына мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековті үміткер ретінде ұсынды. Ол 2011 жылы да ерте президент сайлауына осы ұйымнан түсіп, 1,36 пайыз дауыс алған.

Билікті қолдайтын Қазақстан коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Қазақстанда маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына саяси ұйымның орталық комитетінің хатшысы, парламент мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбековті үміткер ретінде ұсынды. Бұл туралы шешімді сәуірдің 26-сы күні Нұр-Сұлтан қаласында Park Inn қонақ үйінде өткен партияның кезектен тыс 14-съезіне қатысушылар бірауыздан қолдап дауыс берді.

ҚКХП кезектен тыс президент сайлауына үміткер ұсынды:

58 жастағы Жамбыл Ахметбеков өзіне съезд делегаттары артқан сенімді ақтауға уәде берді. Партиялас серіктеріне саяси платформасын таныстырған ол кедейлікпен күреске баса мән беретінін мәлімдеді. "Кедейлікпен күрес бағдарламасын ұсынамын. Отандық өнімдерге қолдау көрсетіп, халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болатындай етемін" деп сөз берді ол.

- Үстеме кіріске кенеліп жүргендерге табыс салығын көбейтемін. Олардың кім екенін өздеріңіз де білесіздер, - деді ҚКХП үміткері жиынға қатысушыларға.

Бұған қоса Ахметбеков сөзінде "жастарды интернеттің теріс әсерінен қорғау" және "батыстың жалған құндылықтарының ықпалынан арылу" туралы да айтты.

- Ақша культі, кез келген жолмен табыс табу, моральдің құнсыздануы сияқты батыс дәстүрлері - отанымыздың түбіне жетеді, - деді ол.

Саясаткердің сөзінше, Қазақстан "байлығын дұрыс пайдалана білсе" халық әл-ауқаты жағынан "Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері не Норвегиямен теңесе алады".

Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков. Нұр-Сұлтан, 26 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков. Нұр-Сұлтан, 26 сәуір 2019 жыл.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартып, "елдің дамуына бағытталған" барлық бағдарламаларды құптайтынын айтқан сөзінде Ахметбеков үкіметтің "Нұрлы жер" бағдарламасы мен Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" бастамасын да атап, оларды "саяси емес, экономикалық бағдарламалар" деп сипаттады. Ол Еуразия экономикалық одағы аясында көрші елдермен экономикалық интеграцияны қолдайтынын айтты.

Жамбыл Ахметбеков бұған дейін 2011 жылы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына осы партияның атынан түсіп, 1,36 пайыз дауыс алған. Ресми мәлімет бойынша, ол сайлауда 95,5 пайыз дауыс жиған Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен болатын.

Қазақстанда бұған дейін өткен президент сайлауларында ҚКХП атынан түскен кандидаттарға дауыс берген сайлаушы саны екі пайызға да жетпеген. 2005 жылы Ерасыл Әбылқасымовқа сайлаушылардың 0,34 пайызы ғана дауыс берсе, 2015 жылғы сайлауда Тұрғын Сыздықовты сайлаушылардың 1,61 пайызы қолдаған.

Бақылаушылар ҚКХП саяси ұйымы кезінде оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясына қарсы, коммунистік идеологияны қолдайтындар арасында іріткі салу мақсатында құрылған деп санайды. Серікболсын Әбділдин басқарған оппозициялық коммунистік партия 2015 жылы сот шешімімен жабылған.

Қазақстан коммунистік халық партиясы ресми тіркелгеннен кейін көп ұзамай, 2005 жылы Жамбыл Ахметбеков партияның орталық комитеті аппараты жетекшісі болып тағайындалған. 2007 жылы наурызда ол партия хатшысы әрі ҚКХП орталық комитеті бюросының мүшесі болып сайланды. Ол 2012 жылдан бері Қазақстан коммунистік халық партиясынан парламент мәжілісінің депутаты.

Жамбыл Ахметбеков 1961 жылы қазіргі Ақмола облысы Қорғалжың ауданында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығының инженері мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген соң бірталай жыл туған ауданында комсомол, партия ұйымдарында қызмет атқарған. Кейін жергілікті атқарушы билік органдарында, білім саласында жұмыс істеген.

Ашық дереккөздерінде оның зайыбы Қарлығаш Ахметбекова - орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ерлі-зайыптының төрт баласы бар деп көрсетілген.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Ерте сайлауға кандидаттар ұсыну сәуірдің 28-іне дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-і күні аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG