Accessibility links

"Бизнеске қысым күшейеді". Қазақстандағы шағын және орта бизнестің пандемия кезіндегі жайы


Алматының базарында жүк тасып жүрген адам. Көрнекі сурет.
Алматының базарында жүк тасып жүрген адам. Көрнекі сурет.

Сарапшылар елдегі шағын және орта бизнестің 30 пайызы қайта аяққа тұрмай, біржола жабылуы мүмкін деп есептейді. Олар Қазақстандағы бизнес пандемияға дейін де дағдарыс жағдайында болғанын айтады.

1-ХИКАЯ. "ТОЛЫҚ БАНКРОТ БОЛДЫМ"

37 жастағы кәсіпкер Вячеслав Воликов – Нұр-Сұлтанның ескі орталығындағы халық көп жүретін аудандардың бірінде орналасқан шағын бутиктің иесі. Воликов тұтынушыға полиграфия қызметін ұсынып, визитка, фото, баннер шығарумен айналысады.

Кәсіпкер аумағы он шаршы метр бутикті гүл сататын серіктесімен бірге жалға алған. Карантинге дейін Вячеслав Есілдің сол жағалауындағы іскерлік ауданда жұмыс істеген, бірақ карантин кезіндегі шектеуге байланысты кәсіпкер ол жердегі сауда орнын жабуға мәжбүр болған. Қазір Вячеслав кәсібін қайта бастауға тырысып жатыр.

Вячеслав Воликов.
Вячеслав Воликов.

– Карантин басталған соң тапсырыс тоқтады. Жалдау ақысын төлейтін ақша болмады. Екі ай табыссыз отырғаннан кейін кәсібімді жабуға тура келді. Толық банкрот болдым, – дейді Вячеслав Воликов.

Воликов сияқты жеке кәсіпкерлерге үкімет әзірге таңертеңгі сағат оннан кешкі алтыға дейін жұмыс істеуге рұқсат берген. Бутиктің жабылуына бірнеше минут қалғанда бір қыз бен жігіт кірді. Қыз жүз теңгеге мәтін, жігіт төрт жүз теңгеге сурет шығарып беруді сұрады. Бұрын Воликов уақытын үнемдеп, кей клиентке қызмет көрсетуден бас тартатын болса, қазір ол үшін әр тұтынушы қымбат. Сондықтан Вячеслав оларға асықпай қызмет көрсетті.

– Тұтынушы саны үш есе қысқарды. Бірақ күн сайын клиенттер ақырындап көбейіп келеді. Есебім бойынша, кәсібімді толықтай қалпына келтіру үшін кемі бір жыл уақыт керек, – дейді Вячеслав.

Воликов мемлекеттен 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алмақ болып екі рет өтініш беріпті.

– Екі рет те өтінішімді қанағаттандырмады. Ешкім себебін түсіндірген жоқ. Банктегі несиемді төлеу мерзімін ұзартуды өтіндім, бірақ аяқ астынан төлем мөлшерін көбейтіп жіберді, – дейді кәсіпкер.

Воликов әлі де мемлекеттен көмек болар деп үміттенеді. Ол мемлекеттің қолдауынсыз кәсібі күзде қайта күшеюі мүмкін деп хабарланған эпидемияның екінші толқынына төтеп бере алмайтынын айтады.

2-ХИКАЯ. "КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ДЕ ЖҰМЫС ТОҚТАМАДЫ"

Нұрхан Жұмабеков – Қарағанды облысы Абай қаласындағы тігін фабрикасының қожайыны. Оның иелігіндегі өндірісте жүзден астам адам жұмыс істейді.

Нұрхан Жұмабеков.
Нұрхан Жұмабеков.

– Қазір жұмыс жақсы жүріп жатыр. Бұрын бүкіл киімді Қытай, Ресей мен Өзбекстаннан әкелетін. Қазір шекара жабық. Сатып алушылар қаласа да, қаламаса да, жергілікті кәсіпкерлерге жүгінуге мәжбүр. Сондықтан тапсырыс көбейді. Тіпті мемлекет те тапсырыс бере бастады. Мүмкін бұған біздің тез, сапалы әрі арзан тігетініміз әсер еткен болар, – дейді Нұрхан Жұмабеков.

Нұрхан Жұмабеков кәсібін 2014 жылы шағын тігін цехынан бастаған. Былтыр ол бір кездері өнімімен елге танымал болған Абай тігін фабрикасын өз есебінен жартылай қалпына келтірген. Кәсіпорын арнаулы киім тігеді. Оған қоса фабрика қарапайым тұрмыстық киімдер де шығарады.

– Киім тігуге тапсырысты негізінен жекеменшік құрылыс және өндірістік компаниялар береді. Дәрігерлерге маска мен қорғаныш костюмін тігеміз. Сала осындай болғандықтан, жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргідей уақытта азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім өндірушілердің жұмысы тоқтамауы керек шығар. Бәріне тамақ, киім, дәрі-дәрмек керек. Қазіргідей тапсырыстың көбеюін басқаша түсіндіре алмаймын, – дейді Нұрхан Жұмабеков.

Кәсіпкердің сөзінше, ірі кәсіпорындардың тапсырысы арқасында фабриканың жұмысы карантин кезінде де тоқтамаған.

Алдағы уақытта кәсібін басынан бастауға мәжбүр болған Вячеслав Воликовқа да, медициналық тапсырыстар арқасында коронавирус дағдарысынан аман қалған Нұрхан Жұмабековке де оңай соқпайды. Неге екенін қазір түсіндіріп көреміз.

"ЖІӨ 30 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ҚЫСҚАРУЫ МҮМКІН"

Экономист Мұхтар Тайжан бизнестің, қарапайым азаматтардың, бюджеттің және жалпы экономиканың жағдайы күрт нашарлауы мүмкін деп болжайды.

Мұхтар Тайжан.
Мұхтар Тайжан.

– Жалпы ішкі өнім кемінде 30 пайызға қысқаруы мүмкін (жеті айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,9 пайызға төмендеген – ред.). Бір жағынан ішкі сұраныс азаяды, екінші жағынан әлемдік нарықта мұнай да арзандап жатыр. Бір баррелі қырық доллар болса, еш пайда түспейді. Елдегі мұнай өндірісінің өзіндік құны өте жоғары, – дейді Тайжан.

Ол Қазақстандағы бизнес банкрот болудың алдында тұр деп есептейді.

– Кейінгі екі айда Алматыда тұрып жатырмын. Әртүрлі кәсіпкермен кездесіп, таныстарымды сырттай бақылап, көбінің кәсібі банкрот болудың алдында тұрғанын түсіндім. Бұл жағдайдан шығу үшін билік саяси және экономикалық реформалар жүргізуі керек. Сонда елде оң өзгерістер басталады деп үміттенуге болады, – дейді Мұхтар Тайжан.

"БЮДЖЕТТІК КЕЛІСІМШАРТЫ БАРЛАР ЖАҚСЫ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР"

Наурыздың ортасында елде төтенше жағдай жариялаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қолдауға үш жүз миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеген.

Сәуірдің соңында Тоқаев 1,6 миллион азамат пен 11,5 мың шағын және орта бизнес субъектісінің жалпы көлемі 360 миллиард теңге несиесін төлеу мерзімі ұзартылғанын хабарлады.

– Шағын және орта бизнес қазір қиын жағдайда қалып отыр. Бүгін оған дағдарысқа төтеп беруге қол ұшын бермесек, ел экономикасын қалпына келтіру туралы айтудың өзі артық, – деді президент.

Бірақ шағын бизнеске мемлекеттің көмегі сезілмегенге ұқсайды.

Юрий Пааль.
Юрий Пааль.

– Сауда орталықтары жалдау ақысынан босатқан бизнес өкілдерінен басқа кәсіпкерлердің көбі мемлекеттің қолдауын мүлде сезінген жоқ. Біздің сала жойылып кетуге шақ тұр, – дейді Алматыдағы үш жүзге жуық кәсіпкердің басын қосқан Қазақстан мейрамхана бизнесі қауымдастығының басшысы Юрий Пааль.

Пааль осы нарықтағылардың шамамен 60 пайызы қысқарғанын, қалғаны шама-шарқынша тіршілігін жалғастырып жатқанын айтады.

– Жақын уақытта мемлекеттен ешқандай көмек болмаса, қазіргі отыз пайыздан да айырылып қаламыз, – дейді қауымдастық басшысы.

Паальдың сөзінше, қазір дәмхана, мейрамханалардың он пайызының ғана жағдайы жақсы. Бірақ олардың көбі бюджеттік келісімшарты бар немесе ірі халықаралық желінің өкілі саналатын мекемелер.

– Салық, айыппұл немесе бизнесті жабу. Қазір мемлекет бізге осындай үш нұсқа ұсынып отыр. Басқадай жол да, диалог та жоқ, – дейді ол.

"ЖҮЙЕ ТҮЗЕТІН КӘСІПОРЫНДАРҒА" БЕРІЛГЕН КӨМЕК

Eximar форсайт агенттігінің директоры, экономист Айман Тұрсынхан билік шағын және орта бизнеске көмек туралы көп айтқанымен, ақыр соңында ол көмекке "жүйе түзетін кәсіпорындар" ғана қол жеткізгенін айтады.

Оның сөзінше, билік бизнеске бірқатар уәде берген:

  • корпоративті табыс салығынан босату;
  • 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін мүлік салығынан босату;
  • салық қарызын төлеу мерзімін ұзарту;
  • агробизнес арқылы қаржыландыру бағдарламасы бойынша бөлінетін қаржы көлемін көбейту;
  • айналымдағы капиталды ұлғайтуға, жаңа өндіріс ашуға 6% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие көлемін көбейту;
  • "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша әуелі 650 млрд теңгеге, кейін 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу;
  • жаңа өндіріс ашып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту үшін 7-10 жылға дейін 6% мөлшерлемемен несие беру.
Айман Тұрсынхан.
Айман Тұрсынхан.

– Кешенді жоспарды қабылдаған кезде, "қаржы бөлініп жатыр, бірақ оны тек шағын және орта бизнес өкілдері ғана емес, бірінші кезекте ірі бизнес субъектілері алады" деп айтылды. "Жүйе түзетін кәсіпорындар" тізіміне қатысты болған дау есіңізде ме? (Қоғам наразылығына тап болғаннан кейін үкімет "жүйе түзетін кәсіпорындар" тізімін жасаудан бас тартып, оның орнына "экономиканың басым салаларын" бекіткен. Бұл салаларға осыған дейінгі тізімде болған кәсіпорындар кірді – ред.). Бұл маған Тоқаев шағын және орта бизнеске беріледі деп айтқан қаржының көп бөлігі осындай ірі кәсіпорындарға бөлінгендей әсер қалдырды. Сонда мемлекет шағын және орта бизнеске көмек беру ұранымен бюджеттен қаржы алып, оны ірі бизнесті қолдауға жұмсап отыр ғой. Яғни ШОБ-қа көмек пен қолдау көрсетілген жоқ. Шағын және орта бизнес өлді деуге болады, – дейді Айман Тұрсынхан.

КӘСІПКЕРЛЕР СӨЗІ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ЕСЕБІМЕН ҚИЫСПАЙДЫ

Адамдар мен бизнестің ғана емес, мемлекеттің де жағдайы нашар екені Қазақстандағы бюджет тапшылығының ұлғаюынан да байқалады.

Ерболат Досаев.
Ерболат Досаев.

– [Үш жылдық] республикалық бюджет жобасында мемлекеттік бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан жасалатын трансферт көлемін едәуір арттыру қарастырылған. Нәтижесінде болжам бойынша, 2023 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің 30,8 пайызын Ұлттық қор қаржысы құрап, жұмсауға болмайтын қаржы көлеміне жақындаймыз (жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы). Сол кезде Ұлттық қордың жинақтау қызметін қолдап, мұнай тапшылығын азайту үшін қолдау шараларын жүргізу керек болады, – деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 25 тамызда өткен үкімет жиынында.

Ұлттық қор осыдан 20 жыл бұрын болашақ ұрпаққа арналған қор ретінде құрылған. Бірақ үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін қордың көмегіне жиі жүгінеді. Алдағы үш жылда Ұлттық қордан тағы 8 трлн теңге алынбақ.

Кәсіпкерлер мен экономистердің сөзі ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың есебімен қиыспайды. Министрдің есебінше, өткен жеті айда қызмет өндіру көлемі небәрі 6,2 пайызға азайса, тауар өндірісі 2,1 пайызға көбейген.

Статистика жөніндегі комитеттің деректері де оптимизмге толы. Ведомствоның 2020 жылы 1 шілдедегі мәліметінше, жаңадан ашылған шағын және орта бизнес субъектілері 1,2 пайызға, ал жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер саны небәрі бір пайызға азайған.

"ҮКІМЕТТІҢ ШАРАЛАРЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУГЕ ЕМЕС, ОНЫҢ ҚҰЛАУЫН ТЕЖЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН"

Financial Freedom қоғамдық қоры директоры, қаржыгер Расул Рысмәмбетовтың пікірінше, үкімет бизнесті қолдаудың ақылға қонымды шараларын қабылдаған.

Расул Рысмәмбетов.
Расул Рысмәмбетов.

– Экономика құрылымының жер қойнауын игеру бағытындағы диспропорциясынан біздегі дағдарыс пандемия мен карантинге дейін басталғанын ескерсек, үкімет дұрыс шара қабылдады. Бізде екі дағдарыс қатар жүріп жатыр. Бірі – бірнеше жылдан бері болып жатқан ұзақмерзімді, екіншісі – пандемия кезінде байқалған қысқамерзімді дағдарыс. Экономикадағы қиындықтарды шешу қысқамерзімді бола алмайды, сондықтан үкімет карантин кезінде қолға алынған шаралар экономиканың проблемаларын шешуге емес, оның құлауын тежеуге бағыттылғанын түсінеді деп ойлаймын, – дейді маман.

Рысмәмбетов бизнестің кез келген түрі соңғы іскерлік белсенділіктің төмендеуінен зардап шегіп, қазіргі күрделі шақта да қиын жағдайда қалып отырғанын айтады.

– Бәрінен де сауда, көлік пен логистика салалары зардап шекті. Саудадағы импорт көлемінің үлкен болғанына қарамастан, саладағы белсенділіктің төмендеуі теңге бағамына уақытша үзіліс алуға мүмкіндік бергені қызық. Шекараның жабылуы да оң әсер етті, өйткені қазақстандықтар доллар сатып алуды азайтты. Бірақ бұл уақытша ғана үзіліс, карантин шектеуі алынған кезде бизнеске қысым күшейеді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі мен тұтынушы белсенділігінің төмендеуі шағын және орта бизнес үшін дағдарысты одан әрі ушықтырады, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда кәсіпкерлер үшін мәселеден шығудың қисынды жолы – интернетке көшіп, карантинге тез бейімделген елдердің тәжірибесін пайдалану.

– Дегенмен карантинге бейімдеуге келмейтін бизнес түрлері бар. Олардың қатарына спортзал, сұлулық салоны, ірі сауда орталықтары жатады. Өкінішке қарай, бизнестің бір бөлігі жабылып, қайтадан аяққа тұра алмайды. Сондықтан мемлекет шағын және орта бизнеске назар аударып отыр, өйткені ШОБ не тезірек аяққа тұрады, не оның орнын бәсекелестері басады. Сауда 15-20 пайызға қысқарып, жалпы ішкі өнімнің азаюына әсер етеді деген қауіп бар. Экономика ауқымында бұл қиын, бірақ қайғылы жағдай емес, – дейді Расул Рысмәмбетов.

ҰКП САУАЛНАМАСА: ӘРБІР ТӨРТІНШІ КӘСІПКЕР МҮЛДЕ ТАБЫССЫЗ ҚАЛҒАН

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы биыл шілдеде пандемия кезінде зардап шеккен салаларда жұмыс істейтін 41 мыңнан астам бизнес субъектісін қамтыған сауалнама жүргізді. Оған қатысқан әрбір төртінші кәсіпкер мүлде табысы жоғын, кәсіпкерлердің 12 пайызы "бизнесін жауып, қызметкерлерін қысқарту ықтималдығы жоғары" екенін айтқан.

Бизнес өкілдері ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-омбудсменге хат жазып, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзартуға көмектесуді сұрап жатыр. Олардың пікірінше, салық заңнамасындағы міндетті түрде мүлік және банк кепілдемесін беру туралы ережелер "бизнестің қазіргі экономикалық жағдайдағы мүмкіндігіне сай келмейді".

– Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүлкін жалға алушыларды жалдау ақысынан босату уақытын жыл соңына дейін ұзарту жайлы жақын арада оң шешім қабылданады деп күтіп отырмыз. Коронавирусқа байланысты жағдай реттелгенше, салық органдарының мүлікті күштеп тартып алу шараларын тоқтатып, шағын және орта бизнес субъектілеріне төлем мерзімін қосымша ұзартуды сұрау керек, – дейді үкіметке жолдаған ұсыныстары туралы айтқан Қазақстандағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов тамыздың соңында.

Бизнес-омбудсмен отандық бизнес тап болған жағдайға қатысты да пікір білдірді.

Рүстем Жүрсінов.
Рүстем Жүрсінов.

– Кей бағалау бойынша, бизнестің отыз пайызына жуығы нарықтан кетуі мүмкін. Біреу төмен, біреу жоғары деңгейде бұл жағдайға дайын болды. Бұл – өмір. Бірақ мен сандарға аса сене бермеймін. Қанша бизнес кетіп, қаншасы қалатыны сұраныстың қаншалықты азайғаны, адамдардың дағдарыстан өз бетімен қайтіп шыға алатыны сияқты көп факторға байланысты, – дейді Азаттықтың сауалына жауап берген Рүстем Жүрсінов.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте парламентте халыққа жолдауын жариялаған кезде шағын және орта бизнеске мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік бойынша жалдау төлемін есептеуді тоқтата тұруды тапсырды. "Жағдай әлі де күрделі" екенін айтқан Тоқаев Ұлттық банктің "ауыр зардап шеккен салаларда" жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнеске арналған айналымдағы қаражатты толтыру жөніндегі арнайы бағдарламасының қолданыс мерзімін ұзартуды тапсырып, бұл мақсатқа қосымша 200 миллиард теңге қарастырған жөн деп мәлімдеді.

"Қосымша көмек ретінде шағын және орта бизнесті барлық қолданыстағы несие бойынша 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен мемлекеттік субсидиямен қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Тоқаев.

Дүниежүзілік банктің "Дағдарысты еңсеру" деп аталатын соңғы баяндамасына сәйкес, "Covid-19 пандемиясының экономикалық салдары Қазақстан экономикасына кейінгі жиырма жылдағы ең ірі соққы болып, қазірдің өзінде экономикалық өсімге кері әсер етіп жатыр".

Баяндамада "ұзаққа созылған дағдарыс 2020 жылы кедейлік деңгейінің болжанған 8,3 пайыздан 12,7 пайызға (800 мыңнан астам адам) артуына әкеп соғады" делінген. Дүниежүзілік банк үкіметке "білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру және жұмысшылар мен жұмыс берушілерді уақытша қолдау үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламадағы ресурстарды қайта бөлуге" кеңес береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG