Accessibility links

Құлсарыдағы тасқыннан кейінгі өтемақы. Қанағат тұтқан да, соттасып жатқан да бар


Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. Атырау облысы, 9 сәуір, 2024 жыл.
Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. Атырау облысы, 9 сәуір, 2024 жыл.

Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалау аяқталды. Ресми ақпарат бойынша, 2650 үй иесі әкімдікпен келісімшартқа отырған. Оларға 72 млрд теңгеге жуық өтемақы төленген. Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындардың кейбірі өтемақы көлеміне келіспесе де, әкімдікпен келісімшартқа отырғанын айтты. Келісімшартқа отырудан бас тартқан кей тұрғын "әділетті өтемақы" талап етіп, сотқа жүгінді.

"ӨТЕМАҚЫ ӘДІЛЕТТІ ТӨЛЕНСІН!"

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Алмагүл Жауынбаеваның арызы бойынша бірінші сот отырысы 1 тамызда қаралды. Келесі отырыс 14 тамызда өтпек. Жауынбаеваның бес бөлмелі үйін техникалық тексеру қорытындысында "күрделі жөндеуге жатады" деп жазылған. Әкімдік белгілеген бағалау комиссиясы үйге 19 млн теңгенің шығыны келген деп, оған өзге де дүние-мүлікке келген нұқсанды қоса есептеп, Жауынбаеваға жиынтығы 21 млн теңге өтемақы төлеуді ұсынған.

Бағалау комиссиясының есебіне күмән келтірген Алмагүл кейін 150 мың теңгеге маман жалдап, үйінің техникалық жағдайын қайта тексерткен. Сарапшы "үй бұзылуға жатады" деп қорытынды шығарыпты. Жауынбаева әкімдікке үш рет арызданғанын, бірақ нәтиже болмағанын айтты. "Қабырғалары жарылып жатқан үйді бұзып, қайта салмаса, жыл сайын жөндеумен әуре боламын" деген тұрғын бағалау комиссиясының шешімін өзгертіп, үйді қайта салатындай мөлшерде өтемақы есептеп беруді талап етеді.

Құлсары қаласының тұрғыны Алмагүл Жауынбаева. Атырау облысы Жылыой ауданы. 29 маусым, 2024 жыл.
Құлсары қаласының тұрғыны Алмагүл Жауынбаева. Атырау облысы Жылыой ауданы. 29 маусым, 2024 жыл.

– Үй бұзудың өзіне 2 млн теңге сұрап тұр жұмысшылар. Құрылыс материалдары да қымбаттап кеткен. Мен үйді қайта салуым керек. Оған ақша жетсе дауласпай, келісімшартқа қол қояр едім. Осы уақытта үйге кіретін уақытым болды ғой, – деп кейіді Алмагүл.

Бағалау комиссиясының қорытындысы негізінде белгіленген өтемақы көлеміне келіспеген Алмагүл Жауынбаева өтемақы әділетті болуын талап етіп, сотқа жүгінді. Үш баласы бар Алмагүл тасқын су қиратқан бес бөлмелі үйде 11 адам: өз отбасы, ата-енесі, қайнысы мен келіні екі баласымен бірге тұрғанын айтады. Сәуірден бері жалға алған пәтерде амалдап тірлік қылған отбасы қазір Құлсары қаласындағы Алмагүлдің қайынсіңлісінің бос тұрған үйінде тұрып жатыр.

ЗАРДАП МӨЛШЕРІН БАҒАЛАУ

Қазір Құлсары қаласында тасқын судан зардап шеккендердің баспанасын қалпына келтіру ісі қарқынды жүріп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, мыңнан астам адам жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Кейбірі ауласындағы жердің әбден кепкенін күтіп, "үйді келесі жылы саламын" деп отыр. Енді бірі әкімдік берген өтемақыға басқа жерден үй сатып алып, көшіп кеткен. Олардың арасында Атырау, Ақтөбе қалаларына қоныс аударғандар бар.

Құлсары қаласының тұрғыны Рәзия Есенбаева. Атырау облысы Жылыой ауданы. 29 маусым, 2024 жыл.
Құлсары қаласының тұрғыны Рәзия Есенбаева. Атырау облысы Жылыой ауданы. 29 маусым, 2024 жыл.

Бағалау комиссиясы алты баласы бар құлсарылық Рәзия Есенбаеваның көктемде су тасқынынан бүлінген үйі "күрделі жөндеуге жатады" деп ұйғарым жасаған. Тұрғынның есепшотына 36 млн теңге аударылған. Рәзия да комиссия қорытындысына келіспей, өз қаржысына сарапшы жалдап, баспанасының техникалық жағдайын тексертіпті. Маман "үй бұзылуға жатады" деген қорытынды шығарған.

Рәзия биылғы тасқын 2022 жылы салынған үйінің қабырғасын сөгіп, тоздырып жібергенін айтып шағынды. Әуелгіде билік белгілеген өтемақыға риза болмай, сотқа жүгінуге оқталғанын, бірақ басқа барар жері болмағандықтан, ол ойынан айнып, күзге дейін үйіне кіру үшін жөндеу жұмыстарына кіріскенін айтты.

Жеті баланың әкесі Нұрболат Жұмабаевқа да бағалаушылар үйін жөндеуге жатады деп, тасқыннан келген шығынды 15 млн теңгеге бағалаған. Бірақ ол "үй құлауға шақ тұр, қайта салмаса болмайды" деп отыр. Жұмабаев бағалау комиссиясының шешіміне келіспей, әкімдікке бес рет арызданғанымен онысы қанағаттандырылмаған. Ол жаңа үйдің құрылысын ауласындағы "жер әбден кепкеннен кейін бастаймын" деп отыр. Қазір оның отбасы Ақтөбе қаласындағы Нұрболаттың апасының пәтерінде тұрып жатыр.

Құлсары қаласының тұрғыны Маран Шығыр. Атырау облысы. 29 маусым, 2024 жыл.
Құлсары қаласының тұрғыны Маран Шығыр. Атырау облысы. 29 маусым, 2024 жыл.

Ал бірінші топ мүгедектігі бар зейнеткер Маран Шығыр бағалау комиссиясының қорытындысына разы болмаса да, ұсынылған өтемақы көлеміне келісіп, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Көктемде оның ауласындағы төрт үйді – өз шаңырағы мен үш ұлының баспанасын су алған. Бағалаушылар үш үйді бұзуға жатқызып, бір үйді күрделі жөндеуге болады деп шешім шығарған. Маранның 1997 жылы салынған үйі 20 млн теңгеге, ал жөндеуге жатқызылған бір ұлының үйі 21 млн теңгеге бағаланған.

Бірақ Маран Шығыр ауладағы бұзылған үш үйдің орнына енді екі үй тұрғызуды ұйғарыпты. "Берілген ақша соған ғана жетеді" деп отыр. Айтуынша, ұлының үйін жөндеу жұмыстары аяқталып қалған. Қазір үйдің ішінде көк иісі білінбейді деді ол.

Құлсары қаласының іргесіндегі Болашақ ықшам ауданында тасқыннан зардап шеккендерге жаңадан 100 үй салынып жатыр. Осыдан бір ай бұрын басталған құрылыс, жоспар бойынша, тамыздың аяғына дейін бітуге тиіс. 80 үйдің құрылысын "Қазақстан халқына" қоры қаржыландырса, қалған 20 үйдің құрылысына облыстық бюджеттен қаражат бөлінген.

Құлсары тұрғындарының қолына тәуелсіз техникалық зерделеу және бағалау қорытындылары берілген. Бағалау комиссиясының ұйғарымына разы болмаған тұрғындар "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу" жөнінде аудандық комиссияға өтініш білдіре алады деді жергілікті әкімдік өкілдері Азаттыққа. Сондай-ақ, комиссия қорытындысына келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылы.

ӘКІМ: БАСЫМ КӨПШІЛІГІ ӨТЕМАҚЫҒА КЕЛІСТІ

Ресми ақпарат бойынша, көктемде болған тасқын салдарынан Құлсарыда 3 мыңға жуық үй-жайды су алып, төрт адам қазаға ұшырады.

2 тамызда Атырауға премьер-министр Олжас Бектенов келгенде облыс әкімі Серік Шәпкенов:

– Қазіргі таңда біз 2635 үймен келісімге келіп, ақшасын түгел төлеп қойдық. 15 үй бойынша қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады.

Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов (сол жақта) Жылыой ауданы әкімдігі алдында халықпен сөйлесіп тұр. Үй-жайын тасқын бұзып кеткен тұрғындар үкіметтен өтемақы талап етіп жиналған. Құлсары, 15 мамыр, 2024 жыл.
Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов (сол жақта) Жылыой ауданы әкімдігі алдында халықпен сөйлесіп тұр. Үй-жайын тасқын бұзып кеткен тұрғындар үкіметтен өтемақы талап етіп жиналған. Құлсары, 15 мамыр, 2024 жыл.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақованың Азаттыққа берген дерегі бойынша, Құлсарыда 1453 үй апатты жағдайда тұр деп танылған, ал күрделі жөндеу қажет ететін үй саны – 1180.

"Қазір үш отбасы, барлығы – 21 адам эвакуация пунктінде тұрып жатыр. Құлсарыда қазіргі таңда ахуал тұрақты", – деді әкім орынбасары.

Билік өкілінің айтуынша, тасқыннан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен және атыраулық ірі компаниялар мен меценаттар есебінен де қаржылай төлем жасалған.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақованың айтуынша, тап қазір үш арыз бойынша сот ісі жүріп жатыр. Ол "өтемақыға келіспегендер әуелі аудандық әкімдік жанындағы комиссияға, кейін сотқа жүгінеді. Бұған әр адам құқылы" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG