Accessibility links

Санкция құрсауындағы Ресейдегі саммит. БРИКС несімен маңызды?


Ресей президенті Владимир Путин БРИКС саммитіне келген шетелдік делегация мүшелерімен сәлемдесіп тұр. Қазан, Татарстан, 22 қазан, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин БРИКС саммитіне келген шетелдік делегация мүшелерімен сәлемдесіп тұр. Қазан, Татарстан, 22 қазан, 2024 жыл.

Татарстан астанасында БРИКС саммиті өтіп жатыр. Ұйымға мүше тоғыз мемлекетті қосқанда жиынға 36 елдің ресми өкілдері қатысып отыр, олардың арасында БРИКС құрамына кіруге асықпайтын Қазақстан президенті де бар. Бұл саммит несімен маңызды? БРИКС-тің әлемдік геосаясаттағы рөлі қандай?

2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін халықаралық изоляция мен санкция құрсауында қалған Ресей содан бері өз жерінде алғаш рет осынша көп елдің ресми делегациялары қатысқан үлкен жиын өткізіп жатыр. Оған Батыс елдерінен ешкім барған жоқ.

Киев Швейцарияда биыл жазда 90-нан астам елдің өкілдерінің қатысуымен өткен "Бейбітшілік саммитіне" қатыспаған БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериштің Қазандағы саммитке барғанын айыптап, "БҰҰ-ның беделіне нұқсан келтіретін" қадам деп сынға алды.

Гутерриштің өкілі Фархан Хак "БҰҰ бас хатшысының саммитке қатысуы маңызды, өйткені БРИКС елдерінде әлем халқының жартысы өмір сүреді" деп уәж айтты. БҰҰ бас хатшысы бұған дейін Ресейдің Украинаға басқыншылығын бірнеше рет сынап, Мәскеу бастаған соғыс бейбітшілікке "қауіп" төндіріп отыр деген.

Гутерриш Қазандағы саммитке қатысатын елдердің басшылармен, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеспекші.

БРИКС-ке қатысатын елдердің басым бөлігі Ресейге салынған санкцияларға қосылмай, бейтарап статусты ұстанады. Ондай елдер қатарындағы Бразилия мен Сербия президенттері бұл жолы "себепті жайттарға" байланысты Қазандағы саммитке өздері бара алмайтынын айтып, дәрежесі төмендеу шенеуніктерін жіберген.

БРИКС ұйымына мүше елдердің жалпы отырысы. Қазан, Татарстан, Ресей, 23 қазан, 2024 жыл.
БРИКС ұйымына мүше елдердің жалпы отырысы. Қазан, Татарстан, Ресей, 23 қазан, 2024 жыл.

Кейде БРИКС+ деп аталатын халықаралық ұйымға тоғыз ел – Бразилия, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Иран, Қытай, Оңтүстік Африка республикасы, Үндістан, Ресей және Эфиопия мүше. Олардың қатары әлі де кеңеюі мүмкін. Ресей президенті Владимир Путин ұйымға мүше болуға ынта білдірген я ойланып жүрген жиырмаға жуық мемлекетті – арасында Әзербайжан, Беларусь, Түркия мен Моңғолия бар – Қазандағы саммитке шақырған.

Сарапшылардың пікірінше, Кремль бұл саммитті Украинаға соғыс ашқаны үшін Мәскеуге санкциялар салған Батысқа "әлемнен оқшау қалған жоқпын" деп қыр көрсетуге пайдаланып, БРИКС ғаламдық деңгейдегі саясат пен саудада Батыспен тайталасуға қабілетті бола алады дегенге өзгелерді сендіруге тырысып бағады.

Толғанай Үмбетәлиева
Толғанай Үмбетәлиева

– Қазір Батыс басылымдары "Ресей өзінің изоляцияда емес екенін көрсеткісі келеді" деп жазып жатыр. Менің ойымша, Ресей халықаралық изоляцияда емес екенін баяғыда көрсетіп қойды. Қазір Ресей [БРИКС-ті] "жаһандық Оңтүстікті" күшейтіп, G7 (үлкен жетілік елдері - ред.) келбетіндегі "жаһандық Батысқа" сес көрсеткісі келеді. Ресей үшін БРИКС осы жағынан маңызды, – деді қазақстандық саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Бұл тұрғыда Мәскеу мен Пекиннің ұстанымы ұқсас, Қытай билігі Батыстың дамыған елдеріне, әсіресе АҚШ үстемдігіне қарсы балама күш ретінде жахандық Оңтүстік деп аталатын дамушы елдердің көшбасшысы болуға ұмтылып жүр. Қытай басшысы Си Цзиньпин БРИКС ұйымын Пекин стратегиясы бойынша дамытқысы келеді дейді сарапшылар.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) БРИКС саммитіне барған Қытай басшысы Си Цзиньпинмен қол алысып тұр. Қазан, Татарстан, Ресей, 22 қазан, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) БРИКС саммитіне барған Қытай басшысы Си Цзиньпинмен қол алысып тұр. Қазан, Татарстан, Ресей, 22 қазан, 2024 жыл.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Стюарт Патрик "Қытай мен Ресей БРИКС+ Батыстың ықпалындағы халықаралық тәртіпке қарсы тұрып, АҚШ-тың үстемдігін жоятын күш болады деп үміттенеді" деді.

Былтыр Оңтүстік Африка Республикасында өткен 15-ші БРИКС саммитіне Владимир Путин бармаған. Құқық қорғаушылар халықаралық сот шешіміне меңзеп, Ресей президентін "әскери қылмыскер" деп атап, ОАР-ға барса тұтқынға алуды талап еткен.

Биылғы саммит қарсаңында Путин "БРИКС өзін ешкімге қарсы қоймайды. Әлемдік аренадағы күштердің өзгеруі қалыптасқан факт" деп мәлімдеді.

ҰЙЫМ ІШІНДЕГІ ҚАЙШЫЛЫҚ

Қазақстандық саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаев БРИКС аясында Ресеймен салыстырғанда Қытайдың ықпалы басым деп есептейді.

Досым Сәтпаев
Досым Сәтпаев

– Қытай Батыс және АҚШ-пен текетіресте өзін экономикалық, әскери, саяси орталық ретінде көрсеткісі келеді. Сол себепті Қытай БРИКС сияқты халықаралық ұйымдарды өз маңайына жұмылдыруға ынталы. БРИКС-тен бөлек, Қазақстан мүше Шанхай ынтымақтастық ұйымы бар. Бірақ БРИКС Қытай үшін маңызды. Себебі ол өзі басқарып, Батыс ықпалына қарсы қойғысы келетін жаһандық Оңтүстіктің бір бөлігін қамтиды, – деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, Украинадағы соғыс барысында әскери держава, экономикалық ойыншы емес екенін көрсетіп қойған Ресей қазір экономикалық тұрғыда Қытайға тәуелді, шикізат саудасында тіпті Үндістанға тәуелді болып қалды. Оған қоса БРИКС-тің ішіндегі ірі ойыншылар арасында да қайшылықтар бар.

– Мысалы, Қытай мен Үндістан арасында келіспеушілік бар. Себебі Үндістанның өз амбициясы жетерлік. Ол Азия аумағында көшбасшы болғысы келеді және ол амбициясын ашық көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, екі елдің арасында шекара дауы бар. Даулы шекарадағы қақтығыс соңғы рет 2022 жылдың қарашасында ғана болған, – деді Досым Сәтпаев.

БРИКС қандай ұйым?

БРИКС ұйымына мүше елдер әлем картасында
БРИКС ұйымына мүше елдер әлем картасында

2006 жылы Бразилия, Қытай, Ресей және Үндістан БРИК тобын құрды. 2010 жылы Оңтүстік Африка республикасы қосылып, БРИКС ұйымы пайда болды.

Бұл маңызды дамушы елдердің басын біріктіріп, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаның бай мемлекеттеріне балама күш қалыптастыру мақсатымен құрылған бастама еді. БРИКС мүшелері әлем елдеріне несие беретін Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк сияқты бүкіләлемдік ұйымдарда Батыс елдері басымдыққа ие, оларға тепе-тең күш керек, дамушы экономикалардың да үні естілуге тиіс деген идеяның айналасына бірікті.

2014 жылы БРИКС инфрақұрылымдық жобаларға несие беретін Жаңа даму банкін құрды. Қаңтарда ұйымға Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Иран, Сауд Арабиясы мен Эфиопия шақырылды. Кейін Сауд Арабиясының министрі Эр-Рияд БРИКС-қа қосылған жоқ деп мәлімдеді.

БРИКС құрамына Аргентина да шақырылған, бірақ 2023 жылы жаңадан сайланған президент Хавьер Милей қызметіне кіріскеннен кейін ұйымға қосылудан бас тартты.

Қазір БРИКС елдерінде жалпы саны 3,5 млрд адам, яғни әлем халқының 45 пайызы тұрады. Ұйым елдерінің жиынтық экономикасы 28,5 триллион доллар деп бағаланған. Бұл – әлемдік экономиканың 28 пайызына тең.

Егер Сауд Арабиясы ұйымға қосылса, БРИКС әлемдегі мұнайдың 44 пайызын өндіретін күшке айналмақ.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ БРИКС

Қазақстанға да БРИКС қатарына қосылу туралы ұсыныс жасалған. Астана таяу арада БРИКС ұйымына мүше болуға өтініш бермейтіні Қазандағы саммит басталардан бір жұма бұрын айтылды.

"Себебі ұйымға қосылу мәселесін қарау көп сатыдан тұратын процесс, сондай-ақ Астана "ұйымның келешегіне байланысты басқа да мәселелерді ескеріп отыр", – деді Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Оның сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "БҰҰ да кемшіліксіз емес, бірақ әлемдегі әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым" деп қарайды. Әйткенмен Қазақстан президенті Қазандағы БРИКС саммитіне қатысып, кеңейтілген отырыста сөз сөйлеуді жоспарлап отыр. Тоқаев 23 қазан күні Қазанға ұшып барды.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов "Кремль мен Ақорданың тығыз қарым-қатынасын ескере отырып, Қазақстан Путин үшін маңызды PR оқиғаны ескерусіз қалдыра алмады" деген пікірде.

Димаш Әлжанов
Димаш Әлжанов

– Бұл жерде есеп президенттер арасындағы қарым-қатынаспен өлшенеді. БРИКС-тің текетірестік күн тәртібінен алшақтау үшін Ақорда бірнеше күн бұрын Берік Уәлидің мәлімдемесін таратты. Таңқалатын ешнәрсе жоқ. Себебі Қазақстандағы режим тұрақтылығы Батыс елдеріне сататын мұнай бағасына байланысты. Елдің саяси басшылары мен оларға адал олигархтар тобы халықаралық қаржы жүйесіне қол жеткізуді қажет етеді. Өйткені олар активтерін елден шығарғысы келеді. Оларға әлемді қайта құруға қатысты күн тәртібі қажет емес, – деді Димаш Әлжанов.

Толғанай Үмбетәлиева Қазақстан Батыс елдерінен алшақтағысы келмейтіндігі себепті де БРИКС сияқты "жаһандық Оңтүстік" блогына қосылуға құлықсыз деп санайды.

– Қазақстан онсыз да Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Еуразия экономика одағына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Ресеймен бірге мүше. Бұл қазірдің өзінде "жаһандық Оңтүстік" екені түсінікті. Территориялық тұрғыдан да біз "жаһандық Оңтүстікке" жатамыз. Менің ойымша, Қазақстан "жаһандық Оңтүстікке" тереңдеп кіргісі келмейді, Батыс елдері мен Еуропадан қатты алшақтағанды қаламайды, – деді Үмбетәлиева.

Ол Қазақстан Ресеймен жақсы қарым-қатынасты сақтауға мүдделі, бірақ үнемі Ресейдің жетегінде болуға, соның мүддесін ескеруге дайын емес деген пікірде.

– Тоқаев ылғи да сілтеме жасайтын халықаралық келісімдер оның Батыс елдері алдында жақсы көрінуіне мүмкіндік береді, – деді Үмбетәлиева.

Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті кезінде. Астана, Қазақстан, 4 шілде, 2024 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті кезінде. Астана, Қазақстан, 4 шілде, 2024 жыл.

Досым Сәтпаевтың сөзінше, Қазақстан үшін БРИКС түсініксіз ұйым болса да, Ақорда Мәскеуден именетіндіктен осындай саммиттерге қатысады.

– Бұл Қазақстан үшін кезекті рет үндеу жасайтын халықаралық форум. Тоқаев сондай [үндеу] жасағанды жақсы көреді ғой. Жаһандық деңгейде жалпылама, Қытайдың риторикасына ұқсайтын мәлімдемелер жасайды. Бұл жерде таң қалатын ешнәрсе жоқ, ол қытайтанушы ғой. Сол себепті ол дипломатиялық мәлімдемелерінде Қытайдың ұстанымын немесе Кремльдің айтқандарын қайталайды, – деді Сәтпаев.

Саясаттанушы "БРИКС сияқты ұйымдарға қатысудан Қазақстанға қандай пайда?" деген сұраққа ешкім жауап бермегеніне назар аударды.

– Назарбаевтың тұсында да, Тоқаевтың кезінде де ешқандай жауап жоқ. Қазақстанға қандай ұйымдар тиімді, қандай ұйымдар тиімсіз? Еуразия экономика одағы тиімсіз, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы тиімсіз екені түсінікті. Бірақ Қазақстан бұл ұйымдарға мүше. Себебі Ақорда Кремльден сескенеді. Тоқаев қалай болғанда да Ресеймен жақын қарым-қатынаста. Басқа ұйымдарды сараптау керек. Бізге нәтижесінде қандай пайда бар, соны анықтау қажет, – деді Досым Сәтпаев.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ НЕЛІКТЕН БРИКС-КЕ ҚОСЫЛУҒА ЫНТЫҚ?

БРИКС ұйымына мүше елдердің әлемде шашыраңқы орналасуы кейде қиындық туғызуы мүмкін, әйткенмен Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысы, Қытай мен АҚШ арасында күшейіп бара жатқан тайталас сияқты геосаяси келеңсіз жағдайларға қарамастан, БРИКС кеңейіп жатыр.

Лондондағы корольдік біріккен қорғаныс зерттеулері институты талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Карлос Солардың Азаттыққа айтуынша, БРИКС ұйымына қосылуға ынтық елдер көбейген. Дамушы мемлекеттердің көбі бұл топты геосаяси тепе-теңдік жолындағы пайдалы құрал көреді.

"БРИКС құрамында ғаламдық амбициясы бар Қытай, Ресей, Үндістан мен Бразилия сияқты ел көп, – деді Солар. – Бірақ ұйымға қосылуға сұранған елдер өзгелермен тәуір қатынаста болудың әртүрлі жолы болғанын қалайды, мысалы, ұйым мүшелері Бразилия мен Үндістанның Батыс елдерімен байланысы мықты, басқа одақтарға да мүше".

БРИКС мүшелері доллардың әлемдік саудадағы басымдығын азайтқысы келеді, кейбірі тіпті БРИКС валютасын енгізуді ұсынған.
БРИКС мүшелері доллардың әлемдік саудадағы басымдығын азайтқысы келеді, кейбірі тіпті БРИКС валютасын енгізуді ұсынған.

БРИКС мүшелері үшін маңызды мәселенің бірі – қаржы координациясы. Олар доллардың әлемдік саудадағы басымдығын азайтқысы келеді, ал Бразилия мен Ресей тіпті БРИКС валютасын енгізуді ұсынған.

БРИКС елдері өзара сауда мен қаржы қатынасын дамытып, кеден және салық рәсімдерін үйлестіргісі келеді.

Ғаламдық резервтік валюта енгізу туралы келіссөздер әлі нәтиже бермегенімен, БРИКС мүшелері сауданы өз валютасында жүргізуді бастап кеткен. Бұл Украинаға басқыншылығы үшін Батыс салған санкциялардан зиян шегіп отырған Ресейге тиімді, оған Қытай мен Үндістан нарығына жол ашылды.

"БРИКС Ресей экономикасын құтқарады, өйткені оған жаңа нарықтар керек", – деді Карлос Солар.

ҚАЗАН САММИТІНІҢ КҮН ТӘРТІБІ

Кремль үшін бұл саммит дипломатиялық қарым-қатынаста толық оқшауланып қалмағанын көрсететін, Батыстың басымдығын жоюды көздейтін бастамалар көтеруге таптырмас алаң.

"Путин үшін бұл саммиттің символикалық мәні бар. Ол Батыс Ресейді оқшаулап тастағысы келгеніне қарамастан, Мәскеудің әлі де досы көп екенін күллі әлемге паш еткісі келеді", – деді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Стюарт Патрик.

Украинаға басқыншылығы үшін Батыс салған санкциялар салдарынан экономикасы қатты зиян шегіп отырған Ресей жаңа нарықтар тапқысы келеді.
Украинаға басқыншылығы үшін Батыс салған санкциялар салдарынан экономикасы қатты зиян шегіп отырған Ресей жаңа нарықтар тапқысы келеді.

Путин Батыс санкцияларынан қорғалған халықаралық төлемдердің жаңа платформасын құру туралы келіссөздер бастайды деген болжам бар. Әлемдегі ең ірі бидай экспортері Ресей БРИКС астығын сататын биржа ашуды ұсынуы мүмкін. Ондай сауда алаңы – ауыл шаруашылық өнімдерінің әлемдік нарықтағы бағасын белгілейтін Батыс елдері биржасына балама болмақ.

Мәскеудің бұл ұсыныстары қолдау таба ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Ұйымға жаңадан қосылатын кей мемлекеттер Кремльдің Батыспен тайталасу идеясын құптамауы мүмкін.

Патриктің айтуынша, БРИКС мүшелері "қазіргі халықаралық тәртіп пен әлемдік экономиканы басқаратын құрылымдар әділетсіз, бәрі Батыс елдерінің қолында" деген сөзге бірауыздан келіседі. Бірақ әлемдік тәртіпті өзгерткісі келетін, БРИКС-ті сол мақсатқа пайдалануды көздейтін Қытай, Иран, Ресей мен ұйымды осы қалыптасқан әлемдік тәртіпті реформалау амалы ретінде қарастыратын өзге елдер арасында келіспеушіліктер барын ұмытпау керек.

"БРИКС Батыс басқаратын әлемдік тәртіпке қарсы, – деді Патрик. – Бірақ қазір бұл геосаяси емес, символикалық маңызға ғана ие".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG