74 жастағы Павел Новиков Алатау бөктеріндегі 832 гектар жерге иелік етеді. Ол жердің нарықтағы құнын шартты түрде есептесе, зейнеттегі генерал-майор Forbes Kazakhstan рейтингіндегі аса ауқатты елу адамның қатарына қосыла алады. Азаттық Алматының қымбат ауданындағы жер Новиковтың иелігіне қалай өткенін анықтап көрді.
АТАУЫ БІРДЕЙ КОМПАНИЯ МЕН ҚОРДЫҢ ИЕСІ
Алматы қаласының Іле Алатау ұлттық паркімен шектесетін тұсы. Бостандық ауданының таулы, қыратты бөлігіндегі "Ерменсай" ықшамауданына тиіп тұрған 832 гектар жер "Международная ассоциация клубов" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл компанияның түпкі иесі – 74 жастағы отставкадағы генерал-майор Павел Новиков. Ол көп жыл мемлекеттік қызметте, армияда түрлі жұмыс істеген адам.
Павел Новиков 1990-жылдары Қорғаныс министрлігінің әскери спорт ұйымы – Алматыдағы ЦСКА клубын басқарған. Кейін 12 жыл осы министрліктегі спорт комитетінің төрағасы қызметін атқарды (1996-2008). Бұдан соң жеті жыл Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімовтің кеңесшісі болды (2008-2015).
Дәл осы кезеңдерде 15 жыл Қазақстан теннис федерациясының президенті, 20 жылдан астам уақыт ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, 11 жыл жеңіл атлетика федерациясының президенті сияқты қызметтерді қоса алып жүрді.
Мемлекеттік тіркеу органының дерегінде 1996 жылғы 1 қазанда негізі қаланған "Международная ассоциация клубов" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалғыз құрылтайшысы – Павел Новиков деп көрсетілген. Ал 2004 жылы құрылтайшы қатарына "Клубтардың халықаралық ассоциациясы" қоғамдық қоры қосылған.
1998 жылғы 12 қазанда құрылған бұл қордың да құрылтайшысы – генерал Новиков. 2006 жылы қор құрылтайшысының бірі болып Жанна Байтенова қосылған. Байтенова 2009 жылдан бері осы қордың да, ЖШС-тің де атқарушы директоры қызметінде.
200 МЛН ДОЛЛАР ТҰРАТЫН ЖЕР
Генерал Новиковтың меншігіндегі "Международная ассоциация клубов" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелік етіп отырған 832 гектар жер биыл маусым айында парламентте сөз болды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл жер неге мемлекетке қайтарылмағанын сұрап, үкімет пен прокуратураға сауал жолдаған.
Премьер-министр депутаттың сауалына жауап ретінде мемлекетке қайтарылып жатқан жерлер туралы жазғанымен, әңгіме болып отырған 832 гектар туралы ештеңе айтпады. Ал прокуратура ол жерді тексергенін, "заң бұзу фактісі анықталмағанын" хабарлады.
Даулы жер туралы қоғам пікірі екіге жарылды. Біреулер генерал Новиковтың "жерді табиғи қалпында сақтап қалғаны – мақтауға тұрарлық іс" десе, енді бірі "осынша жерді бір адамның иелігіне беру әділетсіз, мемлекет мүлкін қайтарсын" десті.
Генерал Новиковке тиесілі 832 гектар жердің нақты құны белгісіз. Бірақ Krisha.kz сайтында қазір бұл ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 сотық жердің құны орта есеппен 1,1 миллион теңге тұрады деп көрсетілген. Ондай бағамен шартты түрде генерал Новиков қазір шамамен 91,3 миллиард теңге немесе 204,6 млн доллар тұратын активке ие.
Мұндай активі бар адам Forbes Kazakhstan журналының Қазақстандағы аса ауқатты 50 тұлғаның қатарына ұялмай енеді. Мысалы, 204 млн доллары бар адам биылғы рейтингте 36-орынға жайғасар еді.
Өмір бойы әскерде, спорт саласында қызмет атқарған генерал Павел Новиковке мұншама жылжымайтын мүлік қалай біткен? Осынша жерге иелік етуіне генералдың бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен, Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовпен жақын қатынаста болуы әсер етпеді ме?
Бұл сұрақты жерді иеленіп отырған "Международная ассоциация клубов" компаниясына жазбаша жолдадық. Ертесіне редакцияға Павел Новиковтың өзі хабарласып, кеңсесіне шақырды. Азаттық тілшісімен әңгімеде генерал 36 жыл әскерде қызмет еткенін, жерді заңды түрде иеленіп отырғанын және оны бүлдірмей, сақтап қалғанын айтты.
– [832 гектарды] қаламыз үшін, халқымыз үшін сол күйінде сақтадым. Біле білсең, ол – ғимарат тұрғызылмаған, табиғи қалпы бұзылмаған, апорты сақталған қаладағы жалғыз жер, – деді Новиков Азаттық тілшісіне. Ол жерде қарапайым жұрт серуендей ала ма деген сауалға генерал "жоқ, өткен-кеткен жүретін жер емес, олай қыдыруға арналған саябақтар бар ғой, соған барсын" деп жауап қатты.
Бұл жер Совет Одағы кезінде "Алатау" совхозының аумағында болған. Онда 1960-жылдардан бері алма өсірілген. Соның 800 гектардан астамын Павел Новиков 1990-жылдардың басында 49 жылға жалға алған. 1999 жылы оған жерді тұрақты пайдалану құқығы берілген. 2004 жылы жердің құнын мемлекетке төлеп, меншігіне алған.
– "Алатау" совхозы Қазақ ССР министрлер кеңесінің шаруашылық басқармасына қарады. Ол басқарма жойылды. Совхоздың бірнеше мың гектар жері болған. Сол жерді 1990-жылдары қалай алсам, содан бері әлі күнге дейін сол қалпында. Жердің осы бөлігі ғана қазірге дейін бұзылмай сақталды, – деді Новиков.
Ол жерді қаншаға сатып алғанын бірнеше қайтара сұрағанымызбен, генерал әскери құпияны жасырғандай, айтпай қойды.
– Мемлекет бағалаған құны қанша болды, сонша төледім, – деді ол.
2004 жылы Новиковтың компаниясы 830 гектардан астам жер үшін мемлекетке 25 миллион теңге төлеген. Бұл – сол кездегі валюта бағамымен алғанда шамамен 180 мың доллар. Мұны Азаттыққа "Международная ассоциация клубов" ЖШС директоры Жанна Байтенова айтты.
Мемлекет бағалап сатқан құнын білген соң Павел Новиковке тағы хабарластық. 2004 жылы ол қорғаныс министрлігіндегі спорт комитетінің төрағасы лауазымында отырған. Мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктің жер сатып алуға қомақты ақшаны қайдан алғанын сұрадық.
– Қаржыны достарымнан сұрап алдым, – деп жауап берді Новиков.
Кейін компанияның директоры Жанна Байтенова Азаттыққа хабарласып, "Новиков достарымнан сұрадым деп сізге қалжыңдап айтты. Ол 25 миллион теңгені өз қалтасынан төлеген жоқ. Қаржы компанияның атынан төленді" деді.
100 ГЕКТАР АЛМА БАҒЫ
"Ерменсай" ықшамауданына тиіп тұрған, Іле Алатауы табиғи паркімен шектесетін 832 гектар жерге кез келген адам аяқ баса алмайды, оны жергілікті адамдар да растады. Аумақтың айналасы қоршалған, кіреберісіне қақпа, күзет қойылған. Азаттықтың түсірілім тобын онда генерал Новиковтың рұқсатымен ғана кіргізді.
Аумағы Алматыдағы Ботаника бағынан сегіз есе үлкен жер қоршалған, Іле Алатауымен шектесетін бөлігі ғана ашық.
832 гектардың 100 гектарында алманың бірнеше түрі, соның ішінде әйгілі апорт та өседі. Алмұрт та бар. Қалған жүздеген гектар жер бос жатыр. Новиков бұл жерден пайда көріп отырмағанын айтты.
– Ешкім мұндай бизнеспен айналыспас еді. Бұл – табысты кәсіп емес.
– Онда сізге бұл жердің не қажеті бар?
– Сіздер үшін, апортты сақтап қалу үшін, сіздер сол жерді біреуге көрсетсін, мақтансын деп сақтап келемін. Климат жақсы болса, кіріс беретін кезі де бар.
Генерал Новиков өзі құрған "Международная ассоциация клубов" компаниясы арқылы Алматыдағы қымбат аудандардың бірінде орналасқан "Бағанашыл" спорт және ойын-сауық кешенін де басқарады. Кешенде екі қонақ үй, мейрамхана, ашық және жабық теннис корттары, футбол алаңы, спорт орталығы мен емхана жұмыс істейді. Өзге мекенжайда садақ ату, шахмат клубы бар.
Statsnet дерек базасының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылдан бері "Международная ассоциация клубов" компаниясының жыл сайынғы жалпы кірісі 1-2 миллиард теңгенің айналасында. Компания мемлекеттік спорт клубтары мен мектептерден де тендер, тапсырыстар алады. Ал ол аттас қор мемлекетке жылда 4 миллион теңгеден астам салық төлеп келеді.
АҚЫСЫ ТӨЛЕНБЕГЕН 30 ГЕКТАР
Биыл 1 тамызда Алматының экономикалық соты Павел Новиковтың компаниясы меншіктеп алған 30 гектар жерді заңсыз алынған деп тапты. Бұрын Қарасай ауданына тиесілі болған, ал қазір Алматының Бостандық ауданы аумағына енетін бұл 30 гектар жер әлгінде айтылған 832 гектардан бөлек жатыр.
Алматы прокуратурасының дерегінше, 2004 жылы "Международная ассоциация клубов" компаниясы осы 30 гектар жерді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінен алған. Бірақ 1,1 миллион теңге кадастрлық құнын мемлекетке төлемеген. Ал 2006 жылы ол жерді басқа компанияға тұрғын үй салуға болатын жер ретінде сатып жіберген. Сот осы 30 гектар жерді сату туралы барлық келісімдердің күшін жойып, оны мемлекет иелігіне қайтаруды бұйырды. Сот құжатында осы жердің 25,4 гектарының құны 7,1 миллиард теңгеге бағаланғаны айтылады.
"Международная ассоциация клубов" ЖШС атқарушы директоры Жанна Байтенова сот шешімімен келіспейді.
– Сот мүлде заңсыз шешім шығарды. Судья неге мұндай шешім шығарғанын түсіндірген жоқ. Шағым түсірген прокуратура не себепті мұндай талап қойғанын негіздемеді. Олар жай ғана "солай ойлаймыз" деді. Сот соған сүйеніп, шағым еш дәлелденбесе де, прокуратураның талабын орындады, – деді Байтенова Азаттыққа.
Ал сот құжаттарына қарағанда, "Международная ассоциация клубов" компаниясы сотта жердің ақысы төленгенін дәлелдей алмаған. Компания өкілі оқиғаға 19 жыл өткенін, ақша төленгені туралы құжаттың түбіртегі сақталмағанын айтқан.
Алматы прокуратурасының 30 гектар жерді мемлекетке қайтаруды сұрап сотқа жүгінуіне 2008 жылы сотталған Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Жылқыбек Жанқойлықовтың ісі себеп болған. Сот үкімінде Жанқойлықов Қарасай ауданының сол кездегі әкімі Болатби Құтпановпен және басқа да лауазымды тұлғалармен алдын ала сөз байласып, мемлекетке тиесілі жерді заңсыз жекеге бергені дәлелденгені айтылған. Аудан әкімі Құтпанов 2002 жылы Жанқойлықовпен алдын ала уағдаласып, жерді мемлекет меншігінен шығару туралы құжаттарға қол қойған деп жазылған үкімде.
Алматының экономикалық соты осы деректі негізге алып, "Международная ассоциация клубов" компаниясы 2004 жылы иемденіп, кейін сатып жіберген 30 гектар жерді мемлекетке қайтарды.
Бұл Болатби Құтпановтың аты-жөні аталатын жалғыз жер дауы емес. Мысалы, 2007 жылы "Алатау" совхозының 80 тұрғыны аудан әкімі Құтпановтың үстінен президентке шағымданған. Олар Құтпанов жер сұраған ауыл тұрғындарына ештеңе бермейді, бірақ таңдаулы тұлғаларға жерді гектарлап үлестірді деп наразы болған.
Биыл сәуірде Қарасай ауданының соты 2004-2019 жылдары бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа 40-қа жуық гектар жер заңсыз сатылған деп тапты. Прокуратура ауданның бұрынғы әкімі марқұм Болатби Құтпанов пен әкімдіктің жер ресурстарына жауапты қызметкерлерін жерді арзанға, негізсіз жеңілдіктермен сатқан деп айыптады. Сот ол жерді де мемлекет меншігіне қайтарды.
ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛА МА?
Генерал Новиковтың компаниясы да 832 гектар жерді (қазір Бостандық ауданының аумағында) 2004 жылы Болатби Құтпанов Қарасай ауданының әкімі болып тұрған кезде меншіктеп алған.
Алматы прокуратурасы Азаттыққа Бостандық ауданындағы 832 гектар жердің құжатын тексергенін, ешқандай "заң бұзу фактісін таппағанын" хабарлады.
Мәжіліс депутаты, жер қатынастары заңгері Бақытжан Базарбек генерал Павел Новиковпен кездескенде түсірілген видеоны жариялады. Базарбек Орман кодексіне сүйеніп, табиғи-техногенді жолмен қалыптасқан орман жеке меншікте болмауы тиіс екенін айтып, биыл күзде бұл мәселені парламентте тағы да көтеретінін мәлімдеді. Генерал ол жерді уақытында, заңды жолмен алғанын қайталады.
Заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында ашылған Elge Qaitaru қоғамдық қорының басшысы Оразалы Ержановтың сөзінше, Қазақстанда кезінде мемлекет меншігінде болған мүлікті күмәнді жолмен иемденіп, кейін заңдастырып алғандар аз емес. Ондай мүлік мемлекетке қайтарылуы керек деп есептейді қор жетекшісі.
– Совет кезінде мүліктің бәрі ХОЗУ деген жабық акционерлік қоғамның меншігінде болған. Мемлекеттік органдар Алматыдан Астанаға көшкеннен кейін министрліктен қалған, орталық комитеттен қалған барлық нысан сол акционерлік қоғамға өтті. Соның бәрін [қолы жеткендер] жекешелендіріп алды. Оның ішінде Назарбаевтың өзі және жоғары билікке жақын болған тағы басқа бірнеше адам бар. Солар Алматыдағы көп нысанды жекешелендіріп, кейін құжаттарын заңға сәйкестеп алды. Соның бәрі елге қайтарылуы керек, – деді Оразалы Ержанов.
Ал Новиков болса мемлекетке қайтарылған жер талан-таражға түседі, ол жерді әкімдік игере алмайды деп есептейді.
– Онда кім жұмыс істейді? Әлде жерді құрылысқа бермек пе? Қазір мемлекет деген не өзі? Әкімдікте жермен айналысатын адам бар ма? Тракторшы, бағбан, гүл өсірушілер ше? Жоқ. Оларға еңбекақысын кім төлейді? Бұл жағдайда мемлекет жерді әлдекімге құрылыс салып, сатуға [береді], қоқыс төгетін жерге айналдырады, басқа ештеңе емес, – деген уәж айтты генерал.
Павел Новиков Қазақстанды 30 жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаевпен біраз жыл жақын байланыста болғанын жасырмайды. Онымен 1980 жылдан бері таныс екенін айтты.
Генерал бір сұхбатында Қазақстан спортын Назарбаевтың есімімен байланыстырған. 1995 жылы Назарбаевпен бірге "Абай" шыңына шыққан 10 шақты альпинистің қатарында Новиков те болған.
Новиков Алматыда қымбат мүлікке иелік етуіне экс-президент Назарбаевпен, Алматының бұрынғы әкімі Есімовпен және биліктегі лауазымды өзге де адамдармен жақын байланысының ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару керегін айта бастаған. Биыл мамырда Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 1,7 млрд доллардың активі қайтарылғанын мәлімдеді.
"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" әзірленген заң жобасының қоғам белсенділері сынаған тұстары өзгертілмей қабылданды. Биыл шілде айында күшіне енген заң бойынша, түрі жолдармен есептелген құны кем дегенде 100 миллион доллардан асатын жылжымайтын мүлік пен оның иесі активтерді қайтару туралы комиссияның назарына ілігеді. Активтерге мониторинг және талдау жасау үшін ел аумағында тыйым салынбаған кез келген ақпарат мүлік иесін тексеру тізіміне енгізуге негіз бола алады.
Билік заңсыз иемделінген мүлікті қайтару шарасы бір кезде халықтың игілігінде болған, кейін талан-таражға түскен мүлікті қайтадан орнына қойып, әділеттік орнатуды көздейтінін айтады. Ал қоғамда әзірге айтарлықтай нәтижесі байқалмайтын бұл шара кейінгі отыз жылда мемлекеттік деңгейде даңғазалықпен қабылданып, бірақ аяғында сиырқұйымшақтанып, "шелек жалаған тұтылып, айран ішкен құтылып" кеткен кезекті көзбояушылыққа ұқсайды деген сынға да қалып жүр.
ПІКІРЛЕР