Accessibility links

Суға уран араласты ма? Тасқыннан соң өзен ластанды ма деген қауіп күшейді


Тобыл өзені, Ресейдің Қорған облысы.
Тобыл өзені, Ресейдің Қорған облысы.

Биыл көктемде Қазақстанның батысы мен шығысын және Ресейдің оңтүстік өңірлерін әбігерге салған алапат су тасқыны екі елдің аумағымен ағатын өзендерді қаншалықты ластады, салдары қандай болмақ деген сұрақ тудырды. Екі ел арқылы ағатын Тобыл өзеніне су басқан ұңғымалардан уран араласып кеткен болуы мүмкін деген ақпарат тәуелсіз экологтарды алаңдатып қойды. Егер су ресурстары радиациямен ластанатын болса, Астананың қандай да бір іс-шара жоспары бар ма?

УРАН ҰҢҒЫМАЛАРЫ СУ АСТЫНДА ҚАЛДЫ. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

"Мына "теңіз" – Тобыл өзені", – дейді кадр сыртындағы адам телегей су басқан даланы көрсетіп. Бұл видео биыл сәуір айында тасқын қарқыны күшейіп, Ресейдің Қорған облысындағы он шақты елді мекенді су алған кезде Труд ауылында түсірілген. Бұл ауылдың жанында уран өндіретін "РрДобровольное" кен орны бар.

Тәуелсіз экологтар тасқын су Тобылға кеніштің кен өндіру жұмыстары тоқтатылған бөлігіндегі ескі ұңғымалардан радиоактивті қалдықты ағызып әкеткен деп мәлімдеді. Аймақтың суреті мен видеосынан және спутниктен түсірілген карталардан айтарлықтай үлкен аумақ су астында қалып қойғаны көрінеді.

– Труд және Знание кентінде тұратын адамдармен сөйлестім, олар пайдаланылмайтын ескі уран ұңғымаларын деңгейі бір жарым метр биік су басып қалғанын айтты, – дейді ядролық қауіпсіздік жөніндегі ресейлік сарапшы, физик әрі ядролық қаруға қарсы қозғалыс белсендісі Андрей Ожаровский. – Губернатор жариялаған карталар бар, егер сол карталардан кен орындарын тауып қарасаңыз, бір бөлігі су астында қалғаны анық көрінеді. Оның тасыған өзен суы екеніне және Тобылға радиоактивті заттар араласып кеткеніне сенімдімін.

Ожаровский алғаш болып дабыл қаққандардың бірі. Тобыл – ондаған елді мекенді сумен қамтамасыз ететін маңызды өзен. Ол Ресейдің Орынбор облысы мен Қазақстанның Қостанай облысы арасындағы шекарадан бастау алады; алдымен шекараны бойлай ағып, содан кейін Қазақстан аумағымен, одан соң Ресейдің Қорған және Түмен облыстары арқылы өтіп, Ертіске, яғни келесі бір трансшекаралық өзенге құяды. Ауыз суға араласқан уран адам ағзасын ішкі жақтан сәулемен улауы мүмкін, бұл сырт жақтан ағзаға әсер еткеннен әлдеқайда қауіпті дейді маман. Уран – нефроулы ауыр металл, яғни бүйрек жұмысын бұзады, ал радиоактивті әсері қатерлі ісік ауруын қоздырады.

– Адамдардың көп бөлігі болмашы сәуле әсеріне ұшырауын "ұжымдық" немесе "топтық" доза деп аталады. Ал ағзасы ондайды көтере алмайтын және тым сезімтал адамдардың денсаулығына бұл айтарлықтай қатер төндіреді, – деп түсіндірді Ожаровский.

Бұдан біраз жыл бұрын ресейлік физик Алексей Шварц бірнеше жыл сайын ауқымды су тасқыны болатын және жерасты сулары жер бетіне жақын жатқан аймақта уран өндіру өте қауіпті екенін айтқан. Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың Қорғандағы штабын басқарған ол қазір Германияда тұрып жатыр. Шварц "Добровольное" кен орнындағы қазба жұмыстары бұған дейін де аймақ экологиясы мен халықтың денсаулығына үлкен қатер төндіріп келді және төндіре бермек дейді.

Физик Андрей Ожаровский
Физик Андрей Ожаровский

– Кен орны өзеннің жанында тұр. [Жер астын сілтісіздендіру әдісімен уран өндіруде қолданылатын] қышқыл жер асты суына түседі, одан барып Тобыл өзеніне қосылады. Енді сел жүрсе не болатынын елестетіп көріңіз? Осы бір бөлшектер біздің шүмегімізге ағып келеді, ол суды ішсек, ағзамызға түседі, ары қарай қатерлі ісік есігіңді қағып тұр дей беруге болады, – деп түсіндіреді Шварц 2019 жылғы видеода.

Биыл көктемдегі су тасқыны кезінде өзенге уран көп түспеген болуы мүмкін, өйткені Тобыл суы мол өзен дейді ядролық сарапшы Андрей Ожаровский. Бірақ бұл қатер жоқ деген сөз емес. Андрей Ожаровскийдің айтуынша, "тамшылап тұрған" ұңғымалар мәселені ушықтырып жіберуі ықтимал.

– Мен осы қараусыз қалған кен орнын аралап жүргенде, ұңғымалардың басын көрдім. Олар видеомда бар. Сонда бір бөлігінен сұйық зат тамшылап тұрды. Осының алдында су тасығанда уран ерітіндісінің бір бөлігі шайылып кеткен еді. Одан бері біраз уақыт өтіп, басқа шөгінділер жиналып үлгерді. Енді, міне, олар су астында қалды. Олардың толық шайылу-шайылмауы химиялық формасына байланысты. Шөгінділер еритін күйде деп сенімді түрде айта алмаймын, бірақ мен бет жағына мөлдір су ағып тұрғанын көрдім, ал оның құрамында уран тұзы бары анық. Ол топыраққа түскенде химиялық реакциялар жүруі мүмкін. Жай кеуіп кетсе, уран еритін күйде қалады да, шынымен шайылады. Ал егер ерімейтін формаға ауысса, құм немесе саз бөлшектеріне қонып, су басқан кезде Тобыл өзенінің негізгі арнасына ағып баратын суға уран тұздары қосылуы ықтимал, – дейді Ожаровский.

Ресейдің Қорған облысындағы тасқын су басқан елді мекен.
Ресейдің Қорған облысындағы тасқын су басқан елді мекен.

Ресейдің Қорған облысында кен өндірумен айналысатын еншілес кәсіпорын, Ресейдің "Росатом" атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясы тәуелсіз экологтардың Тобылға уран ағып жатыр деген ақпаратын жоққа шығарды. 23 сәуір күні "Атомредметзолото" "Добровольное" уран кен орнындағы ұңғымалар су астында қалды деген хабарламаны жалған ақпарат деп атап, әңгіме пайдаланылған және жұмыс істеп тұрған барлық ұңғымалар туралы екенін баса айтты.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІП ТӨНЕ МЕ?

Қорған облысы Тобылдың төменгі ағысында орналасқан. Бірақ мектептегі химия пәтінен білетініміздей, су керемет еріткіш. Өзендер тасып, бірнеше апта бойы үлкен аумақтар су астында қалғанда, ондағы еріген металл тұздары ағынмен жоғары көтерілмейтініне ешқандай кепілдік жоқ.

Ширек ғасырдан астам ғұмырын радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін зерттеуге арнаған биолог, Голдман халықаралық экологиялық сыйлығының лауреаты Қайша Атаханова:

– Радиоактивті бөлшектер су арқылы балықтар мен суда жүзетін құстардың ағзасына, сосын қоректік тізбектер арқылы топыраққа түсуі мүмкін. Ластанған өзендерге іргелес орналасқан елдімекендерде тұратын халық қазір немесе болашақта зардап шекпейтініне ешкім жүз пайыз кепіл бола алмайды. Радиацияның кумулятивті әсері болғандықтан ішкі ағза аздап қана сәулеленгеннің өзінде адам денсаулығы сыр береді. Бұл процесс бірден емес, ақырын және жасырын жүріп отырады, – дейді Азаттыққа.

Атаханова Қазақстанмен шекаралас Ресей өңірлерінің көпшілігінде атом индустриясының радиациялық қауіпті объектілері орналасқанын атап өтті. Су тасқыны кезінде трансшекаралық өзендер арқылы лас судың тасымалдану қаупі айтарлықтай артады.

Тасып жатқан Тобыл өзені. Қазақстан, Қостанай облысы, 9 сәуір, 2024 жыл.
Тасып жатқан Тобыл өзені. Қазақстан, Қостанай облысы, 9 сәуір, 2024 жыл.

Қазақстандық тәуелсіз эколог, Чернобыль атом электр станциясында 1986 жылы болған апатты жоюға қатысқан Дмитрий Калмыков Ресей аумағындағы ұңғымалардан өзенге түскен радиоактивті заттардың Қазақстан аумағына ағып келу қаупі өте төмен дейді. Бірақ ластануы мүмкін судың салдарын зерттеу қажет деп атап өтті ол.

– Теориялық тұрғыдан қауіп бар, бірақ бұл уранның ізіне енді "түсе алмаймыз". Оның қайдан шыққанын ешкім анықтай алмайды, өйткені судың үлкен массасы оны ерітіп жібереді де, сіз оның қай жаққа қарай ағып кеткенін біле алмайсыз. Дегенмен салдарына баға беру керек. Су қайтқаннан кейін экологтар келіп, су басқан орындардан сынамалар алып, радиоактивті, химиялық, пестицидтік, бактериялар сияқты қауіпті заттар пайда болды ма, жоқ па, анықтауы үшін ақша бөлу керек. Уәкілетті органдар бар, азаматтарды қорғау және оның салдары қандай екенін тексеру солардың міндеті, – дейді Дмитрий Калмыков Азаттыққа.

24 сәуір күні Азаттық Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауалдар жолдаған. Мамыр айында редакция Экология министрлігінен жауап алды.

Ресей тарапы Астанаға Тобыл мен Тобыл құятын Ертіс өзеніне радиоактивті заттар түсуі мүмкін екені туралы хабар берді ме деген сұраққа ведомство: "бұл факт бойынша Ресей тарапынан хабарламалар түскен жоқ", – деп жауап берді.

Ал "Қазақстан тарапы жағдайды анықтау үшін Ресейге хат жолдады ма?" деген сұрақ жауапсыз қалды.

Экология вице-министрінен келген жауап хатта мемлекеттік орган халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады делінген. 22-26 сәуір аралығында "Қазгидромет" ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің Қостанай облысы бойынша бөлімшесі улы компоненттердің трансшекаралық өзендер арқылы тасымалдануын мониторлау шарасы шеңберінде Тобыл мен Ертістен суынан сынамалар алды.

"Тобыл өзенінің трансшекаралық тұсындағы (Милютин тұстамасы, ауыл шегінде, тереңдік өлшегішпен) және Әйеттегі (Варваринка ауылы, ауылдан 0,2 км жоғары, тереңдік өлшегішпен) жер үсті суларынан, су түбі шөгінділері мен топырақтан сынамалар алынды және сынамаларды микроэлементі және радионуклидті талдау үшін энергетика министрлігінің "Ядролық физика институтына" жіберілді. Қорытындысы талдау жүргізілгеннен кейін ұсынылады", – деп хабарлады ведомство.

Осы мақала жарияланған сәтке дейін талдау қорытындылары келмеді.

Азаттық трансшекаралық өзенге радиоактивті заттардың түсуі қазақстандық елді мекендерге, жергілікті флора мен фаунаға қаншалықты қауіп төндіретінін сұрады. Үкімет ықпал ету деңгейін анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу керек деп жауап берді.

Қазақстандағы трансшекаралық өзендерді радиация ластаған жағдайда қандай да бір іс-қимыл жоспары бар ма деген сұраққа Экология министрлігі бұл шаруа оның құзыретіне кірмейтінін айтты.

Трансшекаралық өзендер: Суға тәуелді Қазақстан

Қазақстандағы ірі өзендердің түгелге дерлігі – Ертіс, Іле, Сырдария, Орал, Тобыл, Есіл және Шу – трансшекаралық өзенге жатады. Трансшекаралық өзендер елдегі су ресурстарының 40 пайыздан астамын құрайды. Сондықтан Қазақстан суға тәуелді мемлекет саналады.

Астана осы трансшекаралық өзендер ағып өтетін мемлекеттердің үкіметімен өзенді пайдалану жөнінде келісімдер жасасқан. Іле және Ертіс өзендері бойынша – Қытаймен, Шу және Талас өзендері бойынша – Қырғызстанмен бірлескен комиссиялар құрылды. Сырдария өзені бойынша су қатынастарын Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан бірге реттеп отырады.

Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін жеті трансшекаралық өзен бар: Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Елек, Қиғаш, Қараөзен және Сарыөзен.

Трансшекаралық су айдындарын мониторлау жөніндегі бірлескен келісімдер бойынша елдер қандай да бір төтенше жағдайлар туса, бір-біріне ақпарат беруі тиіс дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының басқарма төрағасы Лаура Мәлікова.

– Көріп отырғанымыздай, Ресей тарапы судың ластанғанын жоққа шығарды. Сондықтан біздің тарапымыздан мониторинг жүргізіп, шаралар қабылдау қажет, – дейді Мәлікова.

Дмитрий Калмыков Тобыл ластануы мүмкін екенін халыққа хабарламау – барып тұрған "жауапсыздық" деп сын айтты.

Эколог Дмитрий Калмыков
Эколог Дмитрий Калмыков

– Билік халыққа ескерту қажет деп санамайтынға ұқсайды. Бұл ықтимал жағдай, құтылып кетеміз деп ойлайды. Мұны жауапсыздық және бас алып қашу деп қана атауға болады. Олар үшін гидрология, гидротехникаға қатысты істің бәрін маңызсыз. Ал кешегі алапат апаттың жанында уран – теңізге тамған тамшыдай ғана. Оны біз ураннан бұрын [су тасқыны кезінде] көрдік: қалалардың, кенттердің тазарту жүйелері, мал қорымдары, зираттар, қауіпті қалдық қоймалары, реактивтер қоймасы – бәрі қалт-құлт етіп тұрған болып шықты. Бұдан былай су тасқыны мен оның салдары тіптен нашарлай түседі, өйткені климат өзгеріп жатыр, – дейді Калмыков.

Атаханованың пікірінше, Қазақстан су қауіпсіздігі мәселелерін, оның ішінде төтенше жағдайларға ден қою шараларын түбегейлі қайта қарауы қажет. Ол үкімет пен өкілетті органдар экологиялық апаттардың, су қауіпсіздігі саласындағы су тасқыны, құрғақшылық ластану, су ресурстарының сарқылуы, жер асты су қорлары, апаттар мен климаттық өзгерістер сияқты төтенше жағдайлардың алдын алу жоспарын барынша кең ауқымда және ашық талқыға ұсынуға тиіс деп есептейді.

– Қазақстан трансшекаралық факторларды ескере отырып, сумен жабдықтау, гигиена және санитария секторындағы төтенше гуманитарлық жағдайларға үйлестірілген және пропорционалды мемлекетаралық/халықаралық деңгейде ден қою шараларын дамытуы керек, – дейді сарапшы.

"Қазгидрометтің" ақпарат бюллетендерінде Тобыл онсыз да көп жылдан бері қолайлы өзендер қатарында емес. Ол радиациялық ластынуды қоспағанның өзінде осындай. Биыл қаңтарда гидрологтар Тобыл суының сапасына "ең нашар" деген баға берді. Мамандардың қорытындысы мынау: өзен суында хлоридтер, магний, кальций бар және "су қандай жағдайда да пайдалануға жарамсыз".

Дей тұрғанмен Тобылдың суы 41 елді мекенге, Қостанай және көрші ауылдарға баратын Қостанай су құбырына құяды. Тобыл Лисаковск және Рудный сияқты қалаларды ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бұл өзеннің суын, жалпы алғанда, Қазақстанның солтүстігіндегі жүздеген мың адам ішеді.

XS
SM
MD
LG