Accessibility links

"Кісі танымастай күйіп кеткен". Өрт сөндіруге жіберілген инженер мен жоғалған тракторшы


Абай облысының шығысында өртеніп жатқан орман. 12 маусым, 2023 жыл.
Абай облысының шығысында өртеніп жатқан орман. 12 маусым, 2023 жыл.

Абай облысындағы орман өртінен 15 адам қаза тапты. Бәрі – орман шаруашылығының қызметкерлері. Марқұмдардың туыстары Азаттыққа қайғылы оқиға болған күні не көргенін айтып берді.

"ҚЫСҚА ТАЯУ ҮЙЛЕНЕМ, АҚША ЖИНАП АЛАЙЫНШЫ"

Серікжан Тоқтасыновтың ата-анасы қайғыдан қан жұтып отыр. 27 жастағы жігіт Абай облысындағы өрттен қаза тапқан 15 адамның қатарында.

Серікжан Тоқтасынов. Отбасы архивіндегі сурет.
Серікжан Тоқтасынов. Отбасы архивіндегі сурет.

Сол күні сағат 19.00 шамасында "Семей орманы" табиғи резерватының Жаңа Шүлбі филиалында орман қорғау инженері болып жұмыс істейтін Серікжан Тоқтасынов үйінің жанынан өтіп бара жатып, "Әке, өрт болып жатыр, соған кеттім" деген.

– Жанымнан өте шықты, сол күйі көрген жоқпын, – дейді әкесі Бақытбек Жұмаділов.

Әкесінің сөзінше, заң бойынша, инженер өрт сөндіруге бармай, орман шаруашылығы орталығында отырып, жұмысты үйлестірумен айналысуы керек. Бірақ адам жетпей, басшылар Серікжанды өрт сөндіруге жұмсаған.

– Өрт бізден 40 шақырым жерде болып жатты. Көрші орман шаруашылығында, ол күні қатты жел соғып тұрған. Артынан білсем, "Келе жатқан өртті тоқтат, жерімізге өтіп кетеді, барыңдар!" деп, бұзылып тұрған "Нивамен" жіберіпті. Ол инженер болды ғой. Сағат 21.00-ге қарай Успенкаға барып, орманшы қызды алып, тағы кім барын білмеймін, "Нивамен" өртке кеткен. Өзі бұзылып тұрған көлік. Өрт қарқынмен жайылып келе жатқан ғой. Артынан Успенка орман шаруашылығынан тағы 10 адамды бір жігіт жекеменшік "УАЗ-ымен" алып кеткен. Өрт сөндіру көлігі артынан жүріп отырған, – дейді Бақытбек Жұмаділов.

Марқұмның әкесі орманшылар қараңғыда төбеден келген өрттің арасынан шыға алмай қалған деп топшылайды.

– Семейдегі мәйітханаға екі рет бардым, ала алмай жатырмын әлі. Танымадым, кісі танымастай болып күйіп кеткен. Енді ДНК қорытындысын күтіп отырмын. Оған дейін 7-10 күн өтеді ғой, – дейді Серікжанның әкесі.

 Абай облысы әлі өртеніп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Марқұмның отбасы қайғылы оқиғаға орман шаруашылығы басшылығын кінәлайды.

– Өртке директоры мен орынбасары жіберген. "Маған бар деп айтты" деді. Басшылықтың жауапсыздығынан кешкісін 14 адамды өртке жіберіп отыр. Ар жағын ойламай, көліктің жағдайына қарамай, жібере салған, – дейді марқұмның әпкесі Жанаргүл.

–14 адамның қаны екеуінің мойнында, алдыма келіп, көңіл айтуға да жараған жоқ, – дейді анасы Дәмелі Байбазарова.

Бақытбек Жұмаділов 11 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, орманшыларға техника жетпейтінін айтқан. Бірақ оның сөзін еш жерден көрсетпеген, қарт кісі "шағымымды қиып тастаған шығар" дейді. Баласының қазасынан кейін Бақытбек Жұмаділовтің қолына миллион теңге салынған конверт ұстатқан. Кейін "Халық банктегі" шотына тағы миллион теңге түскен.

Марқұмның анасы Дәмелі Байбазарова азалы көңілге ақша жұбаныш болмайтынын айтты.

– Жүрегімді, жанымды жаралап кетті. Кәмпит бергендей алдап жатыр ма жылап-еңіреп отырған халықты? Баламның өмірі ақшамен өлшенбейді. Әбден кеш батқанда өртке жіберіп... Жап-жас баламды отқа тастап жіберді, – дейді Дәмелі Байбазарова күйініп.

Серікжан Тоқтасын Боровлянка ауылында тұрған. Жақсы оқыған, жауапкершілігі мол азамат болған, орман шаруашылығы колледжін қызыл дипломмен бітірген. Мамандығы бойынша бес жыл ғана жұмыс істеп үлгерген.

– Үйленген жоқ, "қысқа таяу үйленем, ақша жинап алайыншы" деп жүрген еді, – дейді әкесі.

15-АДАМДЫ ІЗДЕУ

11 маусымда Азаттық тілшілері әлеуметтік желіде өртке оранды деген видеосы тараған Талица ауылына бармақ болды. Бірақ жете алмады: журналистер көлігін полиция тоқтатты. Олар ауылға рұқсаты бар адамдарды, мәселен, депутаттарды ғана кіргізді. Журналистердің "төтенше жағдай жарияланған аумақтан хабар таратуға құқығымыз бар" деген сөзі елеусіз қалды.

Полициямен жақын маңда тұратын ауыл тұрғындары да тартысты. Олар ауылда қалған шаруашылығы мен мүлкін ойлап, уайымдады.

– Ол жақ қауіпті, қалың түтін, түсіндіре беруден шаршадым. Олардың рұқсаты бар, – деді формадағы адам.

Тұрғындар арасындағы екі әйел өрт кезінде жоғалған тракторшы Сергей Архиповтің туыстары болып шықты. Олар басында журналиспен сөйлесуден бас тартып, кейін сұхбат береміз деп өздері келді.

Ормандағы өртті сөндіруге тракторын мініп кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған Сергей Архиповтің туыстары. Сол жақтағы – келіні Әсемгүл Архипова. Абай облысы, 12 маусым, 2023 жыл.
Ормандағы өртті сөндіруге тракторын мініп кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған Сергей Архиповтің туыстары. Сол жақтағы – келіні Әсемгүл Архипова. Абай облысы, 12 маусым, 2023 жыл.

Жоғалған азаматтың туыстары биліктен іздестіру жұмысы туралы ақпарат ала алмай отырғанын айтты.

– Бізді өткізбей жатыр, орман шаруашылығына хабарлассақ, ешкім жауап бермейді. Тікұшақпен іздеуге болмай ма? Трактормен кетіп еді. Трактор қайда тұрғанын табуға болады ғой. Бородулиха жақтан көрсе, сол жақты үстінен қарап шығу керек. Ешкім іздеп жатқан жоқ. Ешкім ештеңе айтпай отыр, – деді Архиповтің келіні Әсемгүл Архипова.

9 маусымда Мостик ауылының тұрғыны Сергей Архипов Қаштақ ауылында жұмыс істеп жүрген. Туыстарының айтуынша, ол үйден трактормен жер жыртуға шығып, хабарсыз кеткен. "Архипов жоғалды" деген ақпарат тек 12 маусымда, яғни ол жоғалып кеткеннен кейін төртінші күні бір-ақ хабарланған. Іздестіру жұмысы да сол кезде басталған.

Полицияның дерегінше, біреулер Архиповті Бородулиха ауылында көрген. Ол әлдекімнен темекі сұрап, ары қарай кеткені айтылады.

Азаттықтың телеграм-арнасына Архиповтің туыстарының сұхбаты шыққаннан кейін редакцияға полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарласты.

– Кешеден бері күндіз-түні іздеп жатырмыз. Полиция ауылдарды аралап, тракторшыны соңғы рет көрген адаммен сөйлесті. Ол кісінің айтуынша, Архипов темекі сұрап, Камышинка орман шаруашылығына қарай кеткен, – деді баспасөз қызметінің өкілі.

Баспасөз хатшысы таңертең тракторды іздеуге Ми-2 тікұшағы жіберіледі деп уәде берді.

Бірақ таңды күтпей, трактор түнде табылды.

"Полиция тракторды тапты. Абай облысындағы із-түзсіз жоғалған кісіні соңғы рет осы тракторда көрген" деп жазды полиция департаменті.

Трактор Бородулиха ауданындағы Дмитриевка ауылынан бес шақырым жерден табылған. Жазық далада тасжолдан бір шақырымдай жерде тұрған трактор еш бұзылмаған. Бірақ жүргізушінің өлі-тірісі, қайда екені белгісіз болды.

ӨРТ ӘЛІ ӨШКЕН ЖОҚ

Абай облысындағы өрт әлі өшкен жоқ. Оқиға орнында 2000-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Өрттің жалпы ауданы – 60 мың гектар. 43 мың гектар жерден "белсенді термонүктелер" табылған. Бұл жердегі ағаштардан түтін шығып жатыр, кез келген уақытта қайта өрт шығып кетуі мүмкін.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қаза тапқандардан бөлек, екі азамат қою түтіннен уланғанын айтты. Олардың бірі ауруханадан үйіне шыққан, екіншісі ортақ палатаға ауыстырылған. Ресми дерек бойынша, үш тұрғын үй мен екі техника жанып кеткен.

Билік өрт ауқымын үшінші күні бір-ақ мойындады. Оған дейін "бәрі бақылуда" деп келіп еді. Қазір Абай облысындағы өрт үкімет кабинеттерінде талқыланып жатқан басты тақырыпқа айналды. 13 маусымда премьер-министр Әлихан Смаилов 10 күн ішінде "өрт неден басталғанын анықтап, есеп дайындауды" тапсырды. Марқұмдардың отбасына "Қазақстан халқына" қорынан 7 миллион теңге, бұл үйлердегі кәмелет жасына толмаған әр балаға 2 миллион теңге төленеді, олар баспанамен және дербес жәрдемақымен қамтылады.

Салаға жауапты вице-премьер Роман Скляр журналистердің сұрағына жауап беріп, кісі өліміне "жағдайды дер кезінде дұрыс бағаламай, шара қолданбау" себеп болғанын айтты.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов оқиғаға себеп болуы мүмкін жайттардың қасақана өрт қою, жауаптылардың өз ісіне салғырт қарауы және найзағай сияқты үш нұсқасы бар деді. Қазір істі арнайы прокурорлар қарап жатыр.

Осы материал жарияланғаннан кейін, Абай облысында өрт кезінде жоғалған Сергей Архипов өлі табылған деген хабар келді. Оның тракторы табылған жерден кинология қызметінің иті иіс алып, ізіне түскен. Архипов өрт өшіріліп жатқан жерден 50 шақырымдай қашықтан табылған деп хабарлады полиция.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG