Алматыдағы "Кенжехан" базарының бұрынғы иесі активін қайтарудан үмітін үзе бастаған. Ол базар елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы – Әнипаның ықпалында және қазіргі иесі экс-президент әулетіне жақын адам деп санайды. Бірақ мұны базардың жаңа иесі жоққа шығарады. Кәсіпкер Қуаныш Жамбурбаев 2022 жылдан бері құжатын арқалап, әділдік талап етіп жүр.
Алматының сауда орындары көп орналасқан, жұрт арасында "Барахолка" аталып кеткен ауданында"Кенжехан" атты базар бар. Оның бастапқы атауы "Сұлтан Қорған" болған. Сауда орны салынғанға дейін оның орнында қоқыс полигоны жатқан. 1998 жылы алматылық кәсіпкер Қуаныш Жамбурбаев пен оның достары қоқыс орнын тазалап, тегістеп, контейнерлер орнатқан. Базар жұмысы енді жүре бастағанда елдегі ең ықпалды әулеттің "адамы" пайда болған.
– Базарды бір жылда салып бітірдік. Содан кейін Сыбанқұлов деген бір адам пайда болды. Әуелі ол Әнипа Назарбаеваның күйеуін жұмысқа орналастырып беруді сұрады, кейінірек "дұрысы, оны құрылтайшылар қатарына қосыңдар" деді. Ол кезде бізде басқа мүмкіндік болмады, "жарайды" деп қабылдадық. Ол кезде Сыбанқұлов Медеу ауданы прокурорының көмекшісі еді, – деді Қуаныш Жамбурбаев Азаттыққа.
Оның айтуынша, әлгі адам "базарды тартып алу жоспарын" көп өтпей іске асыра бастаған. 2000 жылы Жамбурбаев аяғы сынып ауруханада жатқанда Сыбанқұлов базардың бухгалтерін алып тастап, орнына туысын қойыпты.
– Бұл базарды құрғанға дейін мен "Барахолкада" "Алатау" әмбебап базарында жұмыс істедім, Сыбанқұлов сол кезде де келген, Әнипа Назарбаеваның жеке куәлігін көрсетіп: "Мен оның жиенімін, туысқанымын" деген. Сол куәлікпен барлық жерге кіріп жүрді. Оған қалай сенбейсің? Ол базарға қанша ақша салдық, қанша еңбек еттік, тәуекелге барғымыз келмеді. Сосын "Алсақ, алайық" деп серіктес жігіттерді көндірдім. Бұл менің қателігім болды, білемін, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, прокурор Сыбанқұлов базардың 50 пайыз акциясын Әнипа Назарбаеваға жазып беруді талап еткен. Алайда базар иелері 30 пайыз акция жазып беруге келісіп, жарғы капиталын сұрамастан бас құрылтайшы етіп тағайындаған. "Мұның бәрін Сыбанқұлов сұрады, біз сөзге келмей істедік" дейді кәсіпкер.
БАНКРОТ БОЛҒАН БАЗАР
Алайда Әнипа Назарбаеваның нұсқасы басқа. Ол тергеушілерге "бізге қосыл" деп кәсіпкер Жамбурбаевтың өзі ұсыныс жасап келді деген.
Базардың бұрынғы иесінің шағымымен осы оқиғадан жиырма жыл өткен соң – 2022 жылғы мамырда "Ірі көлемдегі алаяқтық" бабымен іс қозғалды. Істе Әнипа Назарбаева – қорғалуға құқығы бар куәгер. Ол тергеу кезіндегі беттестіруде бұл іске прокурор Сыбанқұловтың қатысы барын жоққа шығарған.
Әнипа Назарбаеваның тергеу кезінде берген жауабынан үзінді:
"Қуаныш Жамбурбаевпен 1999 жылы таныстым. Ол кезде маған өзі келіп, "базар ашып жатырмын, бірге жұмыс істесейік" деп ұсыныс жасады. Ұсынысына келістім, содан араласа бастадық. Оған еш өшпенділігім жоқ. Ернат Сыбанқұловпен Қуаныш Жамбұрбаев арқылы таныстым, нақты қай кезде екені есімде жоқ. Онымен туыс емеспіз. Ернат Сыбанқұлов менің сыныптасымның баласы екенін кейін білдім. "Сұлтан-Қорған" ЖШС-ны банкрот деп тануға менің ешқандай қатысым болған жоқ. Бұл шешімді сот шығарды. "Сұлтан-Қорған" ЖШС банкрот деп танылғаннан кейін "Кенжехан" ЖШС-ны құрдым. Мен жалғыз құрылтайшысы болдым және базардың да атын "Кенжехан" деп қойдым. Кейін Алматы қаласының әкімдігі арқылы базардың жер телімін жалға алдым, сосын оны сатып алдым".
20 қазан, 2022 жыл
Кәсіпкер Жамбурбаев базардың банкрот болуы кездейсоқ емес деп санайды. "Өз атына жазып алу үшін Назарбаеваның қасақана әрекеті" дейді.
"ЖИЕН" БЕ, "СЫНЫПТАСТЫҢ БАЛАСЫ" МА?
"Назарбаеваның жеке куәлігін ұстап жүрді" делінетін Ернат Сыбанқұловтың прокурор болғаны рас. Ол өзін "Назарбаевтардың жиенімін" деп таныстырса, Әнипа Әбішқызы "Сыбанқұлов сыныптасымның баласы" дейді. Ол 1973 жылы Алматы облысы Кеген ауданында туған. Прокурордың көмекшісі қызметінен Қазақстанның бас көлік прокуроры лауазымына дейін өрлеген. Базар құрылған 1998 жылы Медеу және Түрксіб аудандарында прокурордың орынбасары болған. Кейін Алматы, Жамбыл, Атырау облыстарында прокурор қызметін атқарды. 2017 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен "3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі" шенін алған. 2019 жылдың сәуірінен 2022 жылдың шілдесіне дейін Қазақстанның Бас көлік прокуроры болды. Бас прокуратура дерегінше, оның бұл жұмыстан кетуіне басқа қызметке ауысуы себеп болған. Бірақ қандай қызметке ауысқаны ашық айтылмаған.
Бас прокуратура Азаттықтың "Ернат Сыбанқұлов прокуратура құрылымдарында әлі де жұмыс істей ме, 1995 жылдан бергі құқық қорғау органдарындағы қызметі бойынша қандай да бір тексеріс жүргізілді ме?" деген сұрақтарын жауапсыз қалдырды. Оны "жеке дерек, мемлекеттік құпия" деп атады.
"Қызметкердің жазбаша білдірген келісімінсіз оның дербес деректерін үшінші тарапқа беруге жол берілмейді. Оған қоса "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңның 42-бабының 5-тармағына сәйкес қызметкердің жеке ісінде және есепке алу құжаттарында қамтылған мәліметтер мемлекеттік құпияларға жатады" делінген Бас прокуратураның Азаттыққа жауабында.
Орган Сыбанқұловты "қызметкер" деп атағанына қарағанда ол әлі прокуратурада істеп жүрген болуы мүмкін. Дегенмен мұны нақты айту қиын. Бірақ бір белгілісі - інісі Ержан Сыбанқұлов 2022 жылдың тамызынан бері Жетісу облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарады. Ол да мансап жолын ағасымен қатар Алматы қаласының аудандарынан бастаған.
ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРЫЛМАҒАН СЫБАНҚҰЛОВ
Ернат Сыбанқұлов "ірі көлемдегі алаяқтық" бабымен қозғалған істе тергеуге шақырылмаған. Тергеу бір жылға жуық жүргізіліп, іс 2023 жылы сәуірде "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен тоқтатылған. Жәбірленуші кәсіпкер "істің соңына жетпеуіне лауазымды адамдар ықпал етті" деп есептейді.
Жамбурбаевтың сөзінше, тергеу кезінде Сыбанқұлов базарға ешқандай ақша салмағанын мойындаған. Алайда, оны бәрібір тергеуге шақыра алмаған.
– Тергеу жүріп жатқанда Назарбаевамен қоса барлығын сұраққа алды ғой. Сол кезде ол базарға ешқандай ақша салмағанын мойындады. Сосын Сыбанқұловты да тергеуге әкелуі керек болды. Бірақ тергеу оны әкеле алмады, өйткені ол – прокурор, Бас прокуратура қызметкері, оған қоса тергеуге қысым жасаған болуы керек, іс жабылып қалды. Оны іске ешбір жолмен тарта алмады, біз бұл соның әрекеті болды деп болжап отырмыз. Менің ойымша, сол генерал шені мен прокуратурадағы байланыстарының арқасында бұл істі жауып тастаған.
"Куәгер Ернат Сыбанқұлов неге тергелмеді, әлде оны тергеуге шақырмады ма?". Азаттықтың бұл сұрағын Алматы прокуратурасы да, полиция департаменті де жауапсыз қалдырды. Департамент дерегінше, істі 2023 жылы тергеуші тоқтатқан, ал Алатау ауданының прокуроры тергеудің шешіміне келіскен. Кәсіпкер Жамбурбаев аудан прокурорының бұл әрекетіне келіспей, бірнеше жерге арыз жазғанымен, талабы қараусыз қалған. "Істің тоқтатылуына Бас прокуратурада қызмет атқаратын жоғары лауазымды тұлғаның ықпалы себеп болды ма? Полиция департаментінің істі тергемей тастауына жоғары тұрған органнан берілген қандай да бір нұсқаулық ықпал еткен болуы мүмкін бе?" деген сұрақтар да жауапсыз қалды.
ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫНАН КЕЙІНГІ КЕЗДЕСУ
Кәсіпкердің айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін Әнипа Назарбаева өзін Қаскелеңге шақырған. Бәрін қалпына келтіруге келіскендей тарасқан. Бірақ… көп ұзамай базар сатылып кетіпті.
– Ол бізді өзі шақырды. Қаңтар оқиғасынан кейін, қар еріп жатқан уақыт еді. Шақырды. Машина жіберді, біз Қаскелеңге бардық. Онымен сөйлестік, мен: "Қане, бәрін ұмытайық, жігіттермен ақылдастым. Құдайға шүкір, бәріміз аман-есенбіз, деніміз сау. Бәрін жаңа парақтан бастайық, ұмытайық. Екі жақтың заңгерлері кездесіп, мәселені талқылап, бейбіт шешейік" дедім. Дәл сол кезде Құрбан айт па, әйтеуір мұсылмандар мерекесі, наурыздың алды болатын. Келіскендей болып кетістік. Бірақ содан кейін үнсіздік пайда болды. Бір ай өтті, ол үнсіз. Кейін білдік, ол 4 сәуірде бұл базарды сатып жіберіпті.
Жамбурбаевтың айтуынша, Назарбаева оған базардағы үлесін бермек болған, ал кәсіпкер "барлығын заң аясында шешуді, өзі жалғыз емес екенін, басқа құрылтайшылардың да үлесі барын" айтқан.
– Ол өзі: "Процентіңді беремін" деді. Мен: "Жоқ, болмайды" дедім, өйткені достарыммен біргемін ғой. Біз көлікте отырып ұзақ сөйлестік. Заңгерлермен бірге кездесеміз деп келістік. Осылай қоштастық. Осыдан соң ол ақылға келген шығар, шақырады ғой деп ойлап жүрдім, сөйтсем, ол базарды сатып жіберіпті, – дейді Қуаныш Жамбурбаев.
Әнипа Назарбаева базарын сатайын деп жүрген тұста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік теңсіздік туралы көп айтқан. Ол 16 наурыз күні "Қазақстанда олигархиялық топтардың ықпалы негізсіз күшейді, мемлекет байлығын тең бөлуіміз керек" деп халыққа жолдау жасаған. Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін ел байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында деп, елдегі теңсіздікті сынап, онымен күрес басталған-ды.
Тергеу кезінде белгілі болғаны – Әнипа Назарбаева 2022 жылы 29 наурыз күні "Кенжеханды" 640 миллион теңгеге сатқан. Кәсіпкер Жамбурбаевтың Назарбаева әлі де базарды жақын серіктестері арқылы басқарып отыр деген күдігі бар. Ашық үкімет порталының дерегінше, "Кенжеханның" қазіргі иелері Александра Манушина мен "МИТРА консалтинг" деген компания. Оның да құрылтайшысы Александра Манушинаның өзі. "Кенжехан" базарының әкімшілігі Азаттыққа берген жауабында "Назарбаева 2022 жылғы наурызда "Кенжехан" ЖШС-ны толық сатты. Содан бері бұл компанияға да, базарға да ешқандай қатысы жоқ" деп жазды.
НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ "БАЙЛЫҒЫ" ЖӘНЕ "АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ" НАУҚАНЫ
"Freedom House" ұйымы, OCCRP – жемқорлықты зерттеуші журналистер Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі кезінде Қазақстанда клептократиялық жүйе қалыптасты деп жазды. Қаңтар оқиғасынан соң экс-президенттің марқұм інісі Болат Назарбаевты, бауыры Қайрат Сатыбалдыны, оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны, экс-президенттің қыздарын рейдерлік жолмен бизнесімізді тартып алды деп айыптаған кәсіпкерлер шықты. Алайда көп іс соңына жетпеді. Нәтижеге қол жеткізе алған бір адам – кәсіпкер Тұрсын Алагөзов. Ол Galanz Bottlers деген сусын шығаратын компаниясын қайтарып алған. Бүгінге дейін Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалды ғана "аса ірі мөлшерде ақша бопсалады", "озбырлық жасады" деп айыпталып, 12 жылға сотталды.
Қаңтардан кейін мемлекеттің жекеменшікке заңсыз өткен активтерін елге қайтару туралы комитет құрылып, жұмыс істей бастаған. Бүгінге дейін экс президенттің туыстарынан бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев пен бауыры Қайрат Сатыбалдының активтері мемлекетке қайтарылғаны айтылады. Мемлекет мүлкін жымқырды деп сотталған Қайрат Сатыбалды "жаздым-жаңылдым, тісім батқан адамдардан кешірім сұраймын" деп, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
Заңсыз активтерді қайтарумен айналысқан комитеттің атауы биыл қыркүйекте "Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті" деп өзгерді. Бас прокуратура жұмыс жалғаса береді деп сендірсе де, кейбір қоғам белсендісі "комитеттің жұмысы жабық, президент бастамасы түпкі мақсатына жетпеді" деп сынайды.