Accessibility links

Иран депутаты әйелдерді «есекке» теңеді


Иран парламенті сайлауы кезінде дауыс беруге келген әйелдер. 26 ақпан 2016 жыл.
Иран парламенті сайлауы кезінде дауыс беруге келген әйелдер. 26 ақпан 2016 жыл.

Иран парламентіндегі қатаң саясат ұстануды жақтайтын депутат «парламентте әйелдердің жұмыс істеуіне рұқсат етпеу керек» дегені үшін сынға ұшырады.

Депутат Надер Газипурдың «Парламент әйелдердің жұмыс істейтін жері емес, бұл еркектерге арналған орын» деген видеосы интернетке жарияланды. Ол әйел депутаттарды кемсітіп, оларды есекке теңеген.

ТЕҢЕУ

«Мемлекет тізгінін қолға алу бізге оңайға тимейді, енді ол жерге түлкі, бала-шаға, есектерді жіберуге болмайды. Парламент есектерге арналған орын емес» деді ол.

Дауыс беруге келген Иран әйелі.
Дауыс беруге келген Иран әйелі.

57 жастағы Газипур өткен аптада Батыс Әзербайжан провинциясындағы туған қаласы Урмияда парламентке қайта сайланды. Жоғарыдағы пікірді ол сайлау кампаниясының штаб пәтерінде айтса керек. Биыл парламенттегі әйел саны Иран тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр, ақпанның 26-сы күнгі сайлау нәтижесі бойынша 20-ға жуық әйел парламентке депутат болмақ.

Газипурдың әйелдер туралы дөрекі пікірі YouTube желісінде жарияланып, оған интернетте де, басқа басылымдар арқылы да реніш білдіргендер көп болды, кейбіреулер оны қызметінен босатуды талап етті.

Иран жаңалықтар сайтының жазуынша, Иран үкіметінің әйелдер және отбасы істері жөніндегі кеңесі төрағасы Захра Нежадбахрам Газипурды депутаттық мандатынан айыруға шақырған.

Нежадбахрам наурыздың 2-сі күні «Ол мемлекет тұрғындарының жартысының ар-намысына тиетін сөз айтты, енді оған жауап күтіп отырған шығар, жауабымыз сол - оны өкілеттігінен айыруды талап етеміз» деді.

«Төңкерісшіл әйелдердің ислам қоғамы» ұйымының Урмия қаласындағы филиалы өкілдері «Надер Газипурды тұрпайы және әйелдерді қорлаған пікірі үшін мандатынан айыру керек» деді.

Урмия қаласының имамы Мехди Горейши де жұма намазы кезінде Газипурдың сөзін сынап, оның аты-жөнін тікелей атамаса да, «қорлау мен кекету ислам қауымына тән емес» деп, реніш білдірді. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, имам «дөрекілік пен әдепсіздік біздің қалада әдетке айналмауы керек» деп мәлімдеген.

Әлеуметтік желілерде біраз адамдар Газипурдың сайлауға қатысуына рұқсат берген Конституциялық қадағалау кеңесінен оны өкілеттігінен айыруды талап етті. Басқалар оны Иранның бұрынғы дөрекі президенті Махмұд Ахмадинежадпен салыстырды.

КЕШІРІМ СҰРАУ

Instagram парақшасында Газипур Урмия әйелдерінен кешірім сұрап, өзін Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеидің «қызметшісі және солдаты» деп атады.

Иран парламенті депутаттары. Тегеран, 1 наурыз 2016 жыл.
Иран парламенті депутаттары. Тегеран, 1 наурыз 2016 жыл.

«Урмия ханымдарының намысына тиген пікірім үшін кешірім сұраймын, мен олар туралы айтпаған едім. Менің ізіме түсіп, видеоны жариялағандар өздеріне күмәнмен қарасын, себебі олар қазір Газипурды мұқатамыз деп отырып, адамдардың берген дауысына күмән келтірді» деген депутат «өз көзқарасын өзгертпейтінін» ескертеді.

Газипур шахта және өнеркәсіп жөніндегі парламенттік комиссияның мүшесі. Өмірбаянына қарағанда, ол 1980-1988 жылдары Иракпен соғысқа қатысып, «өз елі мен ислам құндылығын қорғаған». 1981 және 1985 жылдары ол Әли Хаменеидің кампаниясына жетекші болған. Бұл өмірбаян туралы деректер парламенттік зерттеу орталығының сайтында келтірілген.

Гүлназ Эсфандиаридің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG