Accessibility links

Халықаралық ұйымдар қамаудағы Ерлан Балтабайды қолдау науқанын бастады


Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы IndustriALL одағымен бірігіп, кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды босату бойынша ғаламдық кампаниясын бастады. Бұл туралы қарашаның 8-і күні қазақстандық адам құқығын қорғау бюросы хабарлады.

Шымкенттік кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай қазір қаладағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Биылғы жылы ол сот үкімімен екі мәрте түрмеге қамалған.

Қазанның 16-сы күні Шымкент қаласының соты Балтабайды 5 ай 8 күнге қамау туралы үкім шығарған. Оның алдында, тамызда Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша жеті жылға сотталып, кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан.

Қазанда сот үкімін оқыған судья президент рақымшылығынан соң Ерлан Балтабайдың түрме жазасы 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) айыппұлмен алмастырылғанын, бірақ Балтабайдың оны төлеуден бас тартқанын алға тартқан еді. Соттағы сөзінде Балтабай бұған дейінгі соттарда "өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысқанын, бірақ оған мұрсат берілмегенін" мәлімдеген.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы мен IndustriALL одағы бірігіп, кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды босату бойынша ғаламдық кампания бастады деп хабарлады қарашаның 8-і күні Қазақстанның адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау бюросы.

LabourStart сайтында жарияланған шағын мәлімдемеде ұйым өкілдері азаматтарды Ерлан Балтабайға тағылған айыпты алып тастап, босатуды талап еткен хат үлгісіне қол қоюға шақырады.

"[Халықаралық еңбек ұйымының] Ережелерді қолдану жөніндегі комитеті биыл маусым айында Қазақстанды негізгі еңбек шарттарын бұзғаны үшін (комитет есебінің) арнайы параграфына енгізіп, санкция салды. Шын мәнінде Қазақстанның репутациясы өте нашар және жұмысшылар құқығы қорғалмаған әлемдегі он елдің қатарында" делінген мәтінде.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл хатқа қол қойған адамдардың шағымы Ақорда, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігі және өзге органдар мен ұйымдарға жіберілмек. Сайтта бірақ қазірге дейін қанша хат жолданғаны туралы дерек жоқ.

Бұған дейін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы кәсіподақ белсендісінің негізсіз қамалғанын мәлімдеп, босатуға шақырған.

Шілде айында Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша кінәлі деп тауып, жеті жылға соттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

Қазан айында оны бес айға қамаған сот Балтабайдың алғашқы іс бойынша айыппұл төлеуден бас тартқанын алға тартқан еді. Ал Балтабай бұған дейінгі соттарда "өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысқанын, бірақ оған мұрсат берілмегенін" айтты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG