"ШАРТТЫ ҚЫЗМЕТ"
Қараша айының аяғында Ресей Украинаны баллистикалық зымыранмен атқылап, осындай типтегі қаруды соғыс мақсатында бірінші рет қолдану жайлы айтқан Иманғали Тасмағамбетов Ресей "Орешник" жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болды деп түсіндірді. Мәскеу бұл қару нысанаға ядролық оқтұмсық жеткізе алады деп мәлімдеген.
Бір аптадан кейін Ресей астанасында өткен баспасөз мәслихатында Тасмағамбетов "Орешниктің" теңдесі жоқ екенін айтып, таяуда Ресейдің ядролық доктринаны жаңартып, жаппай қырып-жою қаруын пайдалану негіздерін кеңейткенін еске салды. Сонымен бірге НАТО-ның белсенді әрекет ете бастағанына тоқталды.
"Беларусь немесе Ресейдің батыс жақ шекарасынан басып кіруі мүмкін деп елестетсек, бұл НАТО-ның барып тұрған бассыздығы болмақ", – деді Тасмағамбетов 4 желтоқсан күні.
ҰҚКҰ-ның бас хатшысы 2022 жылдың ақпан айында Ресей әскері басып кірген Украина аумағындағы соғыс туралы да пікір білдірді. Тасмағамбетов Киевке қорғану үшін қару жеткізуді айыптады.
"Украинадағы жағдайды бұрынғыдан бетер ушықтыру жалғасып жатыр. Ұрыс алаңына ажалға әкеп соғатын қару-жарақты жаппай жеткізу қақтығысты бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін алыстатып отыр", – деп мәлімдеді Тасмағамбетов.
Мәскеудегі баспасөз мәслихатында ол "дұшпан елдер" деген сөз тіркесін айтты (Ресей үкіметі түзген мұндай мемлекеттер тізімінде 50-ге жуық ел бар).
"Дұшпандық көзқарастағы елдердің ақпараттық шабуылы сөзсіз жалпы қауіпсіздікке әсер етпей қоймайды. Бір ғана USAID, мәселен, сөз бостандығы, адам құқығы және басқа мәселелермен байланысты ақпараттық науқанды жүргізу үшін деген бетперде тағып алып, ТМД елдеріне шамамен 300 млн еуро көлемінде қаржы бөледі. Бұл қомақты қаражат, сондықтан біздің мемлекеттерге күшті ақпараттық жүктеме артылып отырғаны түсінікті", – деді Тасмағамбетов.
ҰҚКҰ-ның бір мүшесі саналатын Қазақстанның басшылығы (бұл ұйымға Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресей кіреді; Армения биыл мүшелігін тоқтатып қойды) әдетте мұндай сөздерді айтпайтын. Сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатынын ресми түрде мәлімдеп жүрген Астана мейлінше амалын тауып бұлтаруға тырысады. Әйтсе де, кейінгі уақытта тепе-теңдік сақтау барған сайын қиындап барады. Қазақстан Ресеймен одақтас екенін жариялағанымен, Батыспен де өзара байланыста. Елде америкалық және еуропалық ұйымдар жұмыс істейді, олардың арасында Тасмағамбетов атап айтып отырған, Қазақстан үкіметімен әріптестік байланыс орнатқан USAID те бар. Осынау америкалық мемлекеттік орган арқылы Вашингтон шетелдегі түрлі жобаларға қолдау көрсетеді.
Батыс елдері Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына миллиардтаған доллар инвестиция құйған. Қазақстан өз аумағындағы кен орындарын АҚШ-тың алпауыт мұнай компанияларымен бірге игеріп жатыр.
– ҰҚКҰ-дағы негізгі дауыс Ресейдікі. Ұйымның бас хатшысының ұстанымы әрқашан Кремльдің көзқарасымен сай келетіні түсінікті. Бас хатшы деген – көбіне шартты қызмет. Бұған дейін Ресейдің ұстанымына қарсы келген бірде-бір бас хатшы болған емес. Сондықтан [Тасмағамбетовтің сөзінде] таңғалатын түк те жоқ, – деді Азаттыққа пікір берген қазақстандық саясаттанушы, "Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев. – Егер басқаша бір пікір айтса, Ресей дереу оны орнынан алып тастауды талап етер еді. Себебі ҰҚКҰ-ның бас хатшысын таңдауға нақты Мәскеудің ұстанымы айтарлықтай ықпал етеді.
Тасмағамбетовтің аузынан шыққан Кремльдің ұстанымы оның Қазақстанда көп жылдан бері қалыптасқан "ұлт мүддесінің жоқшысы" деген имиджіне қайшы келеді.
2000 жылы Иманғали Тасмағамбетов басы-қасында болған экспедиция Моңғолияға барып, VIII ғасырдағы түркі жазуы ескерткіші саналатын Күлтегін ескерткішінің көшірмесін Қазақстанға алып келді. Жиырма жылдан кейін қазақ тілінде шығатын газеттердің біріне берген сұхбатында Тасмағамбетов тастың көшірмесін әкелу арқылы "қазақтардың тарихы жоқ, төл мемлекеті болмаған дегендердің аузына құм құйылды" деді.
Қазақтың тарихын жоққа шығарушылардың аты-жөнін атаған жоқ. "Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған" деген тұжырым ресейлік пропаганда өкілдерінің көбінің аузымен айтылды. Осыған ұқсас пікірді Владимир Путин де айтқан: Ресей президенті 2014 жылы Қырымды басып алғаннан кейін осындай мәлімдеме жасады. Ұзамай Қазақстан билігі 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдығы деп жариялап, мерейтойға орай бірқатар іс-шара өткізді.
Тасмағамбетов Кейкі батырдың (Нұрмағамбет Көкембайұлы) сүйегін жерлеуді мемлекеттік деңгейде атқаруға бастамашы болды. 1916 жылғы патшалық Ресейге қарсы көтеріліс көшбасшыларының бірі болған батырдың бас сүйегі ондаған жыл бойы Петербургтегі Кунсткамерада сақталып тұрған еді. 2016 жылы жәдігер Қазақстанға қайтарылып, бір жылдан кейін батырдың сүйегі өзінің туған жері – қазіргі Қостанай облысында жерленді.
Премьер-министрдің орынбасары болып тұрған кезінде Тасмағамбетов елдегі балабақшаның бәрін қазақ тіліне көшіруді ұсынды.
2017 жылы вице-премьер қызметіндегі Тасмағамбетов Алашорда ұлттық автономиясын жариялаған қазақтың ұлт зиялылары құрған "Алаш" қозғалысының 100 жылдығына дайындықты қадағалады. Автономия үкіметі мың күнге жетер-жетпес қана басшылық етті. "Алаш" көсемдері сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып, қозғалыстың басында тұрған ағартушы ғалымдар мен ақын-жазушылардың мұрасы ондаған жылдар бойы тыйым салынған әдебиет қатарында болды.
Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов Тасмағамбетов ҰҚКҰ бас хатшысы болғандықтан Мәскеудің ұстанымын жариялауға мәжбүр деген пікірге келіседі.
– Өйткені бұл ұйым Ресейде толық үстемдік етіп тұр. Дегенмен, оның қазіргі істеп жатқан тірлігі қазақ қоғамындағы бейнесіне кері әсер етеді, – деп есептейді Әлжанов.
"НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨНІМІ"
Иманғали Тасмағамбетов 37 жасында президенттің көмекшісі болып, 39-ға толғанда вице-премьер лауазымына тағайындалды, ал 45 жасында үкіметті басқарып, Қазақстанның жаңа тарихында министрлер кабинетіне жетекшілік еткен жас шенеуніктердің біріне айналды.
Совет одағы тұсындағы жастар ұйымы – лениндік комсомол жастар одағы орталық комиетінің (ЛКЖО ОК) басшысы болған Тасмағамбетовтің қызметі 2000-жылдары өрлей бастады. Ел ішінде сүйкімі бар, қазақ тілін жетік меңгерген (совет билігі кезінде білім алған истеблишмент өкілдерінің көпшілігі орысша оқығандықтан қазақшаға шорқақ болатын) Иманғали Тасмағамбетов "келесі президент болуы мүмкін" деген әңгіме жұрт арасында айтылатын.
Әйтсе де, советтік саяси бюроның шекпенінен шығып, Совет одағы құлағанға дейін-ақ Қазақстанда билік тізгінін қолға алған Нұрсұлтан Назарбаевқа қыр көрсету қауіпті еді: президенттіктен ойы барын жариялаған жалындап тұрған экс-премьердің бірі Әкежан Қажыгелдин "сыбайлас жемқорлыққа жол берді" деген айыппен сырттай сотталып (ол Ұлыбританиядан саяси баспана алған болатын), 10 жылға бостандығынан айырылды. Әрі Тасмағамбетов Назарбаевқа адал екенін бірнеше рет ел алдында жария түрде мәлімдеген.
"Егер президент болмағанда, мен ешқашан бүгінгі Тасмағамбетов бола алмас едім. Тіпті кейде үкіметке қарсы шығып, өз пікірімді айтып жүргенім де – президентіміздің маған сіңірген тәрбиесінің нәтижесі. Ол кісінің қасында ұзақ уақыт жұмыс істей жүріп жағдайды өз бетімше бағамдауды үйрендім, – деді Тасмағамбетов 2000 жылы "Республика" газетіне берген сұхбатында. – Сондықтан мен Назарбаевтың өнімімін".
Назарбаев президент болып тұрған кезде Тасмағамбетов атқарған лауазымдар қатарында президент әкімшілігінің жетекшісі, өзі туып-өскен мұнайлы Атырау облысының, астананың және елдегі ең ірі мегаполис Алматының әкімі қызметтері бар.
Тасмағамбетов әкім болып қызмет атқара жүріп, "шаруаға мығым басшы" деген имидж қалыптастырды. Оның кезінде Алматыда жолдар мен жолайрықтар құрылысы қызу жүріп, мұнай бағасының жоғары болуы тұрғын үй құрылысына тың серпін берді. Тасмағамбетов қала маңындағы ықшамаудандармен мықтап айналысып, жерді "басып алушыларға" қарсы майдан ашты. Қаланың инфрақұрылымына кірмейтін жер телімін алып, үй салған адамдарды "әлеуметтік аутсайдерлер" деп атады. Ол адамдар негізінен ауылды жерлерден Алматыға күнкөріс қамымен көшіп келгендер болатын.
2006 жылдың жазында Бақай ықшамауданында бульдозерлер ондаған отбасын баспанасыз қалдырып, олардың үйін қиратты. Шаңырақ ықшамауданында мұндай сценарий қайғылы аяқталды: заңсыз салынды деген үйлерді сүруге тұрғындар жанкештілікпен қарсылық көрсетті. Шаңырақ тұрғындары кепілге алған жас полиция қызметкері ауыр жараланып, ауруханада қайтыс болды. Оның үстіне жанармай құйып, өртеп жіберді.
Бірақ бұл жағдайлар Тасмағамбетовтің мансабына кері әсер еткен жоқ. Екі жылдан кейін ол Астана қаласының әкімі лауазымына тағайындалып, онжылдығын атап өткелі отырған елорданы көркейтуге аттанды. Бұдан кейін жұрт арасында "Назарбаев ізбасарын анықтап алды, Тасмағамбетовті жанына тартты" деген қауесет желдей есті.
"Бүгінде ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру Қазақстанның және жеке ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең табысты жобасы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Астана еліміздің саяси және әкімшілік орталығы, заманауи қала ретінде қалыптасты, – деді Тасмағамбетов 2008 жылы қаланың даму жоспары мен тәуелсіздіктің 20 жылдығына дайындық барысы туралы "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында. – Біз халықаралық қауымдастыққа Қазақстанның жаңа астанасын құру жобасының ауқымы мен осы бірегей жобаны жасаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешуші рөлін жеткізуге тырысамыз".
Арада екі жыл өткенде, Назарбаевтың 70 жылдығы қарсаңында (оның туған күні Астана күнімен "сәйкес" келеді) президенттік "Нұр Отан" партиясының отырысында әкім Тасмағамбетовті аяқтан шалу көрінісі қылаң берді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қызды-қыздымен, "қазір азаматтың үй алатын конституциялық құқы шенеуніктің көңіл-күйіне байланысты болмауы керек" деп мәлімдеді.
Тасмағамбетовтің басына тағы да қара бұлт үйірілгендей көрінгенімен, тәуелсіздіктің 20 жылдығында ол әлі де астананың әкімі қызметінде отырды.
Әскер қатарында болғанын растайтын дерек жоқтығына қарамастан, 2014 жылы Иманғали Тасмағамбетов қорғаныс министрі болып тағайындалды. Осы министрлікті басқарып отырған уақытта Каспийде әскери қызметкерлерге қатысты төтенше жағдай болды: оқу-жаттығу жиыны кезінде бірнеше БТР суға батып кетіп, төрт сарбаз қаза тапты. Тасмағамбетов "Батыс" тобының басшылығын қызметтен алып тастады. Ұзамай өзі де министр қызметінен кетті.
Алты жыл Астананың әкімі, екі жыл қорғаныс министрі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов одан кейін жарты жылға жетер-жетпес уақыт вице-премьер болды (21 жылдық үзілістен кейін үкімет басшысының орынбасары қызметіне қайта оралған болатын). 2017 жылы Назарбаев дипломатиялық қызметте ешқандай тәжірибесі жоқ Тасмағамбетовті Ресейге елші етіп жіберді.
"Ұзақ уақыт жанымда жүріп қызмет еткен Тасмағамбетовті Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадым. Өзінің Мәскеуде осы қызметті атқарсам деген өтініші де ескерілді. Мәскеу – біздің негізгі серіктесіміз, жақын көршіміз және одақтасымыз. Ол жерде Қазақстандағы жағдаймен қатар Ресейдегі жағдайды да жақсы білетін адам отыруы керек. Сондықтан бұл орынды тағайындау деп ойлаймын", – деді Назарбаев жарлығын түсіндіріп.
Бұл уақытта Қазақстанда билік транзитіне дайындық жүріп жатқан еді: елді 30 жылға жуық басқарған бірінші президент парламент сенатының төрағасы және кәсіби дипломат, премьер-министр қызметін атқарған және БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып үлгерген Қасым-Жомарт Тоқаевқа орнын берді. Кейін Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында билікті беру сценарийі бірнеше жыл бойы талқыланғанын мойындады.
"Біз бұл жөнінде кейінгі үш жарым жылда айтып жүрдік. Үш жарым жыл бұрын маған келесі президент болатынымды айтып қойды. Барлығы уақыттың еншісіндегі шаруа еді, біз оңтайлы сәтті күттік", – деді Тоқаев Батыс ақпарат құралдарының журналистеріне.
Тасмағамбетов билік транзитінен тыс қалды. Оның президенттің ізбасары болуы ықтимал екенін 2021 жылы Назарбаевтың бұрынғы саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та айтқан тұғын.
"Менің ойымша, мінез шешуші рөл ойнаған сияқты. Тоқаевпен салыстырғанда, Иманғалидың мінезі мейлінше қатал әрі сезімтал. Психологиялық сәйкестік деген бар. Ол бір сәтте көрініс береді... бір кезде бәрі жақсы сияқты болады. Бір жыл, екі, үш, бес, жеті жыл өткеннен кейін амбиция бой көрсетіп, алғашқы күдік-күмән пайда болып, қиындық туады. Мұны түсіндіру өте қиын, әрі түптеп келгенде, бұл Назарбаевтың таңдауы ғой", – деп мәлімдеген Ертісбаев қазақстандық Orda.kz басылымына.
– Мен Тасмағамбетовті саясаткер деп санамаймын. Ол – орындаушы. Осы жүйені құрған адамның бірі. Тоқаев та, Тасмағамбетов те Назарбаевпен бірге осы жүйені құрды. Билікке келген болса, Тасмағамбетов те Назарбаевтан мұраға қалған үлгіге сай әрекет етер еді, Тоқаев та солай жасап жатыр, – деді Азаттыққа пікір берген саясаттанушы Дос Көшім.
2019 жылдың желтоқсан айында Иманғали Тасмағамбетов 63 жаста толды, "зейнет жасына жетуіне байланысты" оны Ресейдегі елші қызметінен босатты. Қазақстанның жағдайында бұл саяси сахнадан кету дегенді білдіреді. Қазақстанның Хорватиядағы елшісі, бұрын президент әкімшілігін басқарып, вице-премьер болған, Атырау және Ақтөбе облыстарын басқарған, саяси салмағы бар Аслан Мусинді де дәл осылай зейнетке шығарып салған болатын. Зейнеткер Мусинге жаңа қызмет табылмаған.
Тасмағамбетовке де Қазақстаннан жұмыс табылмады. 2020 жылғы сұхбатында ол "ел қатарлы" зейнеткер екенін, "жеті рет өлшеп, бір рет кесіп", зейнет демалысына кету туралы шешім қабылдағанын айтты.
Ондаған мемлекеттік орден мен көптеген медаль иесінің зейнетақысы жайлы өмір сүруге артығымен жетер еді: ол әлеуметтік аутсайдер қатарында емес. 2024 жылдың сәуір айында Астанадағы Ұлттық музейде Тасмағамбетовтің жеке коллекциясынан XVIII – XX ғасырларға жататын 300-ден астам әшекей бұйым көрмеге қойылды. Олар Орталық Азия, Иран мен Кавказ шеберлерінің жұмыстары еді. Музей қызметкерлері коллекцияның бағасын айта алмады, себебі бұл жеке секторда бір күн де жұмыс істемеген адамның коллекциясы болатын. Тасмағамбетовтің отбасында бизнеспен үлкен қызы Әсел мен күйеубаласы Кеңес Рақышев айналысады. Рақышев Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша бай кәсіпкерлер тізімінде 19-орында, ол бірқатар кен өндіру және металлургия кәсіпорнына иелік етеді.
ЖАҢА ҚЫЗМЕТТІҢ ОРАЙЫ
Зейнеткер Тасмағамбетовке қызмет Мәскеуден табылды. 2022 жылдың аяғында оның ҰҚКҰ-ның бас хатшысы қызметіне кірісетіні белгілі болды. Ұйымның Ереванда өткен саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан өкіліне жаңа қызметте табыс тіледі.
Әскериге жақын ҰҚКҰ альянсы 32 жылдық қызметінде бір рет күшін көрсетті: 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға екі мыңнан астам әскери қызметші жіберді. Қаңтар кезінде үкіметке қарсы көпшіліктің наразылығы бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласып, Тоқаев "елге шетелде дайындықтан өткен мыңдаған содыр мен террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, одақтастардан әскери көмек сұраған болатын. Бұл ҰҚКҰ-ның араласуын ақтағандай көрінді (террорлық шабуыл туралы тұжырым сол күйі дәлелденген жоқ).
Бақылаушылардың пікірінше, ұйымның әскери күшін жіберуге Астанадағы элитааралық қақтығыс себеп болған, сол уақытта отставкаға кеткеннен кейін де кең көлемді өкілеттігін сақтап қалған Назарбаевтың айналасындағылар мен Тоқаевтың адамдары арасында қақтығыс туды десті. ҰҚКҰ әскері екі аптадан кейін Қазақстаннан шығып кетті.
– 2022 жылдың қаңтар айында билікті сақтап қалу мәселесінде Кремльге арқа сүйеу дұрыс болған жоқ, – деп санайды Димаш Әлжанов. – Қазақстанға ықпалын жүргізіп қалса, Тоқаев та ізбасар таңдау жолымен жүрсе, Кремль келесі президентті таңдауға ықпал етуге тырысуы әбден мүмкін.
Қаңтардан кейін Тоқаев билікті өз қолына алды, Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, көптеген артықшылығынан айырылды. Оның кейбір туыстары, соның ішінде туған немере бауырлары Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш "жымқыру" және "билікті асыра пайдалану" деген айыппен сотталды.
Елде экс-президент туралы әңгіме сиреді, мемлекет астанасында оның ескерткішін алып тастады, тағы бір ескерткіші музейден алынды. Үш жыл Нұр-Сұлтан деп аталған бас қалаға Астана деген бұрынғы атауы қайтарылды. Кезінде Назарбаевтың шашбауын көтерген шенеуніктердің көпшілігі одан іргесін аулақ салды.
Өзін "Назарбаевтың өнімі" деп атаған Иманғали Тасмағамбетов экс-президент туралы жағымсыз пікір айтқан жоқ. 2022 жылдың қараша айында кезектен тыс өткен сайлауда халықты қазіргі президентке дауыс беруге шақырды.
"Еліміз үшін сын сағаты туғанда президент Тоқаевтың басшылық тізгінін берік ұстап, мемлекеттің күйреуіне жол бермегеніне бәріміз куә болдық, – деп мәлімдеді Тасмағамбетов. – Осындай қысылтаяң уақытта ел тізгіні геосаяси жағынан көреген, дипломатиялық тұрғыда мықты, туған халқының мүддесін бәрінен биік қоюға қабілетті тұлғаның қолында болуы керек".
Биыл күзде қазақстандық ақпарат құралдары кезектен тыс президент сайлауы болуы мүмкін деп жазып, елде Тоқаев келесі жылы қызметтен кетеді деген қауесет жүргенін хабарлады. Қауесет желдей есіп, ақыры сенат спикері Мәулен Әшімбаев пікір білдіріп, бұл ақпаратты өсек-аяң деп атады.
Қараша айында, Ресейдегі баспасөз мәслихатында пікір білдіргеннен бұрын Иманғали Тасмағамбетов Мәскеудегі жұмыс орнынан үш мың шақырым ұзап шығып, туған өлкесінен де жыраққа сапар шекті. Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Шымкент қаласындағы Сейітжан қари мешітіне барды. Экс-шенеуніктің жанында күйеубаласы Кеңес Рақышев пен Forbes тізіміндегі тағы бір миллионер, осы мешітті салған бизнесмен, Назарбаевпен жекжат болып үлгерген Серікжан Сейітжанов еріп жүрді (2018 жылы Сейітжановтың ұлы сол кездегі ықпалды бизнесмен Қайрат Сатыбалдының қызына үйленген).
Шымкент мешітінде зиярат еткеннен кейін Тасмағамбетов жергілікті молдалармен сөйлесіп, мешіт ғимаратын қарап, ішін аралады. Желіге жүктелген видеоның соңында 68 жастағы ҰҚКҰ бас хатшысының мешіт алдындағы баспалдақтан сергек әрі сенімді түрде түсіп бара жатқаны көрінеді.