Accessibility links

"Тәжікстанға – шын пейілмен". Қазақстан журналистері әріптестеріне жылу жинады


Тәжікстанға жеткізілген гуманитарлық көмекті ұшақтан түсіріп жатыр. Көрнекі сурет.
Тәжікстанға жеткізілген гуманитарлық көмекті ұшақтан түсіріп жатыр. Көрнекі сурет.

Қазақстан журналистері COVID-19 жұқтырып, пандемия кезінде жұмыссыз қалған тәжікстандық әріптестеріне жәрдем жинады. Коронавирустың барын сәуірдің соңына дейін жоққа шығарып келген Тәжікстанда тілшілер "пневмонияға тұтас редакцияларымен шалдыққан".

Әлемнің көптеген елі коронавирустың таралуын тежеу үшін карантин жариялап, қатаң шаралар қабылдап жатқанда, Тәжікстан билігі елде COVID-19 барын жоққа шығарды. Тоғыз миллион тұрғыны бар Тәжікстан – Орталық Азиядағы ең кедей елдердің бірі. Әлемде пандемия жарияланған тұста бұл елде бұқаралық шаралар, спорт ойындары ұйымдастырылып, мектептер жұмысын жалғастыра берген еді.

Респираторлық аурулар мен өлімнің күрт көбейгені туралы жазып, шенеуніктерге сұрақтар қойған журналистерді полицияға шақырып, қысым да көрсетті. Оның үстіне ел билігі сәуірдің соңына дейін әлеуметтік қашықтықты сақтау шарасын қабылдаған жоқ. Осындай жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болған көптеген тәжікстандық журналист коронавирус инфекциясын жұқтырған.

"Адамдар тұтас редакция болып, топ-тобымен пневмонияға шалдығып жатыр" деп жазды тәжікстандық тілшілерге жылу жинау бастамасын жариялаған қазақстандық журналист Ольга Каплина Facebook әлеуметтік желісіне. Пандемияға байланысты жарнама көлемі азайып, медиабизнес қиналып қалды (бұл тек Тәжікстанда ғана емес), ал журналистер табысынан айырылды. "Олар отбасына азық тауып бере алмай отыр. Оған қоса көбі ауырып жатыр" деп жазды Каплина.

Қазақстандық журналистер әріптестеріне қалай көмектесе аламыз деп сұрады. Душанбеден: "Азық-түлікпен" деген жауап келді.

ЖЫЛУ ЖИНАУДЫ БІР ТӘУЛІККЕ ЖЕТПЕЙ ЖАПТЫҚ

Қазақстан журналистері бастамаға жылдам қосылды. Олар ақшаны бір тәулікке жетпей жинап үлгерді. Әріптестерінің жағдайына немқұрайды қарамаған адамдар санаулы сағатта 2250 доллар көлемінде ақша жіберді. Бұл қаражатқа Тәжікстан басылымдарының қызметкерлеріне азық-түлік (ұн, май, күріш, қант және тағы басқа) пен жеке қорғаныс заттарын сатып алынбақ.

Жылу жинауды ұйымдастырушылардың бірі Марина Михтаева Азаттыққа мұның журналистердің жеке бастамасы екенін, ұсыныстың үкіметтік емес құрылымдардан келмегенін айтты. Халықаралық медиаұйым өкілеттігінің қызметкері Михтаеваның сөзінше, бастамашылар мұндай реакция болады күтпеген.

- Әр бес минут сайын банк картасына Украинадан, Өзбекстан мен Ресейден қолдау жазып, ақша аударып жатты. Біздегі журналистердің бірі "Тәжікстанға – шын пейілмен" деп жазыпты, бұл сөз біздің хештегімізге айналды. Біз жинаған қаражат күткенімізден асып түсті. Бәлкім көмектесер адамдардың тізімін кеңейтерміз, - дейді Марина Михтаева.

Қазақстандық журналист Марина Михтаева.
Қазақстандық журналист Марина Михтаева.

Оның сөзінше, Тәжікстандағы әріптестерімен бірге көмекке мұқтаж 150 адамның тізімі жасалған. Олардың арасында коронавирус жұқтырғандар да бар. Әрқайсысына құны 15 долларлық жәрдем жіберу жоспарланып отыр.

- Тізім "расымен мұқтаж адамдар" арасында жасалды. Көбіне бұл – елдің бүкіл аумағындағы шағын басылымның қызметкерлері. Тізімде мемлекеттік медиа қызметкерлері де бар. Біз адамдарды бөлмедік. Адамның құқығы, өмірі және денсаулығына келгенде кімнің қай редакцияда істейтіні маңызды емес, - дейді ол.

Қазақстанның көптеген танымал журналисі тәжікстандық әріптестерін қолдау үшін әлеуметтік желіде жылу жинау бастамасын таратып, өздері де ақша аударды. Олардың арасында Жұлдыз Әбділда да бар. Ол Тәжікстанда болғанын, ондағы баспасөздің ауыр жағдайын көзімен көргенін айтты.

- Маған қатты әсер еткені – әріптестеріміз бен олардың отбасы мүшелерінің қарапайым азыққа зәру болғаны. Олардың сұрағаны – ақша емес, нан. Мұндайда қалай көмектеспеуге болады? Біздің әріптестеріміз коронавирустың барын соңына дейін жоққа шығарып келген жүйенің құрбанына айналды. Журналистерді елі бойынша бөлген дұрыс емес. Оларға шама келгенше көмектесу керек, - дейді қазақ журналисі.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘРІПТЕСТЕРГЕ РАҚМЕТ"

Тәжікстандық медиасарапшы Наби Юсупов Азаттыққа биліктің кеш қимылдауына байланысты көптеген журналистің коронавирус жұқтырғанын растады. Оның сөзінше, ешкім вирус жұқтырған баспасөз журналистері мен қызметкерлері бойынша статистиканы жүргізіп отырған жоқ.

Тәжікстандық медиасарапшы Наби Юсупов.
Тәжікстандық медиасарапшы Наби Юсупов.

- Мен ауырып жатқан не аурудан жазылған кемі жеті адамды білемін. Олар – жеке және мемлекеттік басылымдардың бас редакторлары мен жетекшілері. Құрамында 15-ке жуық газетті басқаратын үш холдинг жабылып қалды. Жұмыссыз қалған жалғыз журналистер емес. Корректорлар, беттеушілер, техникалық мамандар мен басқа да қызметкерлер бар. Мысалы, бір телеарнаның жетекшісі қызметкерлерінің жоқтығынан күйеуімен бірге жұмыс істеп, соңында екеуі де ауырып қалған. Жергілікті газеттің басшылығы түгел редакция болып ауырғанын хабарлады, – дейді Наби Юсупов.

Тәжікстандағы Журналистік зерттеу орталығының директоры Хуршед Атовулло мұқтаж адамдарға азық-түлік, антисептик пен жеке гигиена қорғаныс заттарын беріп көмектескен. Оның айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созған.

- Қазақ әріптестерге рахмет. Олар елемей өтіп кете алар еді, бірақ олай жасамады, көмектесті. Тәжікстандағы әріптестер көмекке расымен мұқтаж: кей отбасылардың қандай жағдайда өмір сүретінін көрдім, - дейді Хуршед Атовулло.

Тәжікстандағы Журналистік зерттеу орталығының директоры Хуршед Атовулло.
Тәжікстандағы Журналистік зерттеу орталығының директоры Хуршед Атовулло.

Тәжікстан билігі тек сәуірдің 30-ы күні, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері келер алдында ғана елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар барын алғаш рет растады. Билік азаматтық қоғам қысымынан ДДСҰ мамандарын елге кіргізуге мәжбүр болды.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда коронавирусты төрт мыңнан астам адам жұқтырып, 48 адам қайтыс болған. Елдің авторитар билігі көп жыл бойы сыни пікірді жаншып, сөз бостандығына кедергі келтіргені үшін сынға ұшырап келді. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" баспасөз қорғау ұйымы коронавирус дағдарысы жағдайында Тәжікстаннан хабар тарату "қиындап кеткенін" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG