Accessibility links

Әлиев режимін жарнамалайтын автобәйге


«Формула-1» автобәйгесіне қатысатын көліктің Бакудегі жарыс жолын сынап жүрген сәті.
«Формула-1» автобәйгесіне қатысатын көліктің Бакудегі жарыс жолын сынап жүрген сәті.

Әзербайжанда бүгін «Формула-1» автобәйгесі басталады. Авторитарлық режим өзін насихаттау үшін өткізіп жатқан жарыстың пайдасынан гөрі зияны көп дейді билік оппоненттері. Бакудің кей тұрғындары жарысты пайдаланып ақша тапқысы келеді.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН ҚАБАТТАСҚАН ШАРА

Баку тұрғыны Вахид Велиевке бүгін басталатын «Формула-1» жарысында кім жеңсе де бәрібір, ол бұл доданы пайдаланып табыс табуды көздеп отыр. Валиев Әзербайжанда тұңғыш рет өткізілетін жарыс жолы бойында орналасқан үйдегі пәтерінің балконын жалға бермек. Қожайын үстел мен орындықтар қойылған шағын балконын күніне 200 долларға өткізгісі келеді, ал үш күнге түгел жалдайтын адам табылса арзанырақ беруге дайын. Үкімет Баку тұрғындарына балкондарын жалға беру туралы ақыл айтқан соң Вахид та газетке хабарландыру берген.

Бакуді әлемдегі спорт пен мәдениеттің орталығы ретінде жарнамалап жатқан Әзербайжан үкіметінің бұл шарасынан халық басқа да жолдармен пайда көріп жатыр. Көлік жарысы елдің ең басты табыс көзі – мұнай бағасы арзандап, экономиканың кетеуі кете бастаған қиын тұста өткізілгелі отыр.

«Формула-1» жарысына дайындаған орындардың бірі. Баку, 15 маусым 2016 жыл.
«Формула-1» жарысына дайындаған орындардың бірі. Баку, 15 маусым 2016 жыл.

Инфляция көлемі екі таңбалы санға жетті, Әзербайжан мемлекеттік банкі ұлттық валюта – манаттың құнсыздануына жол бермеу үшін 10 миллиард доллар жұмсағанымен, ақырында оны бәрібір екі рет девальвациялауға мәжбүр болды.

Жиырма шақты спорт автокөлігі сағатына 340 километр жылдамдықпен жүйткитін «Формула-1» жарысының қызығын көретін Вахид сияқты адамдар бірен-саран ғана. Халықаралық доданың өткізілуі Баку тұрғындарына көп қиындық туғызып жатыр.

Әзербайжан үкіметі Бакудің орталығынан жарысқа арнап 6 километрлік арнайы жол салды. Жарысты тамашалауға арналған трибунадағы орындарға билет құны 99 бен 665 доллар аралығында. Оны тек мұнай кенінің игілігін көріп отырған ат төбеліндей элита өкілдері сатып алмаса, орташа айлық жалақысы 300 долларды құрайтын қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермейді.

ЖАРЫС ҚҰНЫ

Бар түйткіл тек билет бағасында ғана емес. Әзербайжан билігі үш жылда бір болатын бұл жарысты өткізу құқығын иелену үшін қомақты қаржы жұмсаған. Нақты қанша ақша кеткені беймәлім. Былтыр жастар ісі және спорт министрі Азад Рахимов «Формула-1» автобәйгесін өткізуге шамамен 66 миллионнан 86 миллион долларға дейін қаржы кетеді деп мәлімдеген. Бірақ, басқа ақпарат көздері, соның ішінде Autoweek Baku спорт журналы шығын 150 миллион доллар деп отыр. Ақпарат құралдарының хабарлары бойынша, Бакуде арнайы инфрақұрылым салуға тағы 90 миллион доллар кеткен. Сонда жалпы шығын көлемі 240 миллион долларды құрайды.

Халыққа көп қолайсыздық келтірсе де, үкімет әйтеуір әлемдік деңгейдегі шараны ойдағыдай өткізге бар күшін салып жатыр. Осы жарысқа бола Әзербайжан білім министрлігі мектептер мен университеттерде жыл сайын 15-20 маусым аралығында болатын емтихандарды биыл екі апта бұрын өткізді.

Бұған қоса биыл үкімет жылдағы әдетінен жаңылып, наурызда жазғы уақытқа ауыспай қалды. Жартылай мемлекеттік Turan ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Формула-1» жарысын ұйымдастыратын халықаралық автокөлік федерациясы Бакудегі жарыс «Ле-Манның 24 сағаты» деп аталатын басқа бір автобәйгемен қабаттасып қалды деп ескерткен. Әзербайжан сағат тілін алға жылжытпай қалғандықтан, енді екі жарыс қатар келмейтін болды.

«Формула-1» жарысын өткізу үшін Бакудегі тарихи орындардың кейбірінде ескі тас жолдың үстіне асфальт төселді.
«Формула-1» жарысын өткізу үшін Бакудегі тарихи орындардың кейбірінде ескі тас жолдың үстіне асфальт төселді.

Оның үстіне үкімет «Бакудің көне кварталының тарихи келбетін сақтаймыз» деген бұрынғы әнінен жаңылып, ескі тас жолдардың үстін қалың жылтыр асфальтпен жауып тастады. Қаланың ең көрнекі тарихи ескерткіштері, соның ішінде орта ғасырда салынған тас мұнара орналасқан жер заманауи сипатқа ие болды.

Үкімет көз алдау үшін жарыс жолының бойында тұрған ескі ғимараттардың сыртына матадан жасалған әдемі «қабырғалар» жапсырды.

Шараға дайындық барысындағы қарбалас өз алдына, көшелер бір аптаға жабылып, Баку тұрғындарына үлкен қолайсыздық туғызды. 29 мамырда әзербайжандық жүргізушілер F1 машиналарын сынау үшін жолмен жүріп көргенде тұрғындар көліктердің даусы құлақты жарардай қатты болды деп кейіген.

– Жер сілкінген сияқты гүріл естілді. Кетіп бара жатқан бір ғана көлік екен. Бірнеше автокөлік қатар жарысқанда не болатынын көз алдыңызға елестетіңіз. Бұл маңайдағының бәріне кесірін тигізіп жатыр, - деді жарыс жолының бойындағы үйде тұратын Вусала Маммадова.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ НАШАР АХУАЛЫ

Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар Әзербайжанда халықтың пікіріне ешкім құлақ аспайды дейді. Үкіметті сынаушыларды аяусыз қудалаумен аты шыққан президент Ильхам Әлиевтің үкіметі тіпті F1 сияқты жарысты өткізіп, өз елін жарнамалап жатқанда да оппозицияға қысымды тоқтатқан жоқ.

– «Формула 1» - Әзербайжан өткізген халықаралық шаралардың бірі ғана. Бұған дейін мұнда 2012 жылы Eurovision ән байқауы және былтыр Еуропа ойындары өткен. Бұл шаралар – ащы шындықты жасыру мақсатындағы үгіт-насихаттың бір бөлігі, - дейді Әзербайжандағы адам құқықтары мәселесіне назар аудартуды көздейтін «Құқықты қолдайтын спорт» (Sport for Rights) халықаралық кампаниясының үйлестірушісі, бұрынғы дипломат Ребекка Винсент.

«Формула-1» жетекшісі, британ миллиардері Берни Экклстоун (ортада) көмекшілерімен бірге.
«Формула-1» жетекшісі, британ миллиардері Берни Экклстоун (ортада) көмекшілерімен бірге.

Бұл ұйым «Формула-1» тобының атқарушы директоры, британ миллиардері Берни Экклстоунды жарыс платформасын пайдаланып, Әзербайжандағы адам құқықтарының жайына назар аудартуға көндіре алмай келеді. Экклстоунның адамдары бұл ұйымның өкілдерімен кездескен, бірақ оларға ешқандай уәде бермеген.

«Құқықты қолдайтын спорт» ұйымы жарыс кезінде өнер көрсетеді деген Хулио Иглесиас, Крис Браун және Фаррель Уильямсты ән айтудан бас тартуға шақырып өтініш жасаған. Әншілердің баспасөз хатшылары Азаттық радиосының осы жайтқа қатысты сұрақтарына жауап бермеді.

Amnesty International ұйымы да «Формула-1» компаниясын адам құқықтары мәселесін алға тартып, Бакуге қысым жасауға шақырған. Осы аптада бұл ұйым: «Шымылдықтың сыртында (Әзербайжан) өкіметі сынаушыларды қамап, қоғамдық ұйымдарды жапты, олардың басшыларын тұтқындап не қудалап жатыр» деген мәлімдеме жасады.

Халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң өткен айда сот Азат Еуропа / Азаттық радиосының тілшісі Хадиджа Исмаилованың бас бостандығынан айыру мерзімін қысқартып, оны түрмеден босатты. Қолдаушылары оның Әлиев отбасының жемқорлыққа қатысы туралы зерттеу мақаласы үшін «жазаланғанын» айтады.

Соңғы айларда тағы бірнеше журналист пен оппозиция өкілі босатылды, алайда елде түрмеде отырғандар әлі де көп.

Freedom House ұйымының мамырда таратқан мәліметі бойынша, Әзербайжанда әлі 80-нен астам саяси тұтқын абақтыда отыр. 2016 жылға жасаған есебінде бұл ұйым Әзербайжанда азаматтық бостандық деңгейінің күрт төмендегенін айтқан.

(Чарльз Рекнагель мен Арзу Гейбуллаеваның материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG