Accessibility links

Газ дауынан кім ұтты, кім ұтылды?


Украина премьер-министрі Юлия Тимошенко мен ЕО-тың энергия комиссары Андрис Пибалгс баспасөз-мәслихатында. Киев. 20 қаңтар, 2009 жыл.
Украина премьер-министрі Юлия Тимошенко мен ЕО-тың энергия комиссары Андрис Пибалгс баспасөз-мәслихатында. Киев. 20 қаңтар, 2009 жыл.

Сонымен Ресей - Украина газ дауына нүкте қойылғандай. Бұл қос ел де, Еуропа елдері де едәуір шығынға батты. Бұл жолғы газ дауында ресми Брюссель қос елдің ешқайсысына да жақтасқан жоқ. Бар болғаны тараптардың өз дауларын бір-бірінің міндеттемелерін сыйлай отырып шешулеріне шақырумен болды. Алайда осы теке-тірестен кім ұтты, кім ұтылды?...

Ресей-Украина газ дауының салдарынан Еуропаның Ресей газынсыз тығырыққа тірелетіні одан әрі белгілі болды. Сондықтан бір көрмекке Ресей бұл жолы жеңіске жеткендей әсер қалдыруы мүмкін. Алайда жағдай шынымен де осылай ма?

Киевтегі Мемлекет және демократия атты ұйым жетекшісі Иван Лозовый:

“Менің ойымша, бұған біршама дәрежеде Батыс Еуропа кінәлі. Мен Украинадан гөрі бұл жағдайға Еуропаны көбірек айыптар едім. “Ресей, өркениетті негізде әрекет ет!” деп батыл айта алатын саясатшылар қайда болды?”- деді.

Украина болса бұл теке-тіресте біраз беделінен айрылғандай. Осы дағдарыстың созылып кеткені үшін ЕуроОдақ Киевті қатты сынға алған болатын.

Қызғылт-сары төңкеріс арқылы билікке келген, Украинаны Батыспен жалғастырғысы келетін Виктор Ющенконы Кремль ұнатпайтын. Ал 2010 жылғы президенттік сайлауға үміт артып отырған Юлия Тимошенкомен бірлесіп іс жүргізуге болады деп есептеуде.

Шындығында Ресеймен қаңтардың 19-ы күні газ келісіміне қол жеткізген осы Тимошенко болып отыр. Газ еуропалық тұтынушыларға қаңтардың 21-і күні жетті.

Осы себептерге байланысты Кремль Тимошенкоға Украина президенттік сайлауы кезінде ешқандай тосқауыл жасамайтын сыңайлы.
Ал газ келісімінен шеттеп қалған президент Ющенко болса, ол келісімді өте қымбат іс болды деп сынап отыр.

Келісім бойынша Ресей Украинаға газдың әрбір текше метрін еуропалық бағамен салыстырғанда 20 пайызға арзанға сататын болады. Яғни бұрынғы 179 доллар 50 центтің орнына 360 долларға сатпақшы.

Украина ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда бұл бағаның едәуір арзандайтынына сенімді. Себебі баға әрбір тоқсан сайын қайта есептелетін болады. Әлемдік деңгейдегі газ құнының төмендеуіне байланысты таяу арада Украина газ үшін 250 доллар төлеуі мүмкін.

Тимошенко өз сайлаушыларына жағдайды түсіндіре келіп, бұл жерде екі мәселеде ұтып отырмыз дегенді білдірді.
Украина үкімет басшысы Ресейдің тасымал үшін төлейтін ақысы жөнінде көп айта қоймаған еді. Ол баға 2008 жылғы деңгейінде сақталады да, тек 2010 жылы ғана нарықтық деңгейге көтерілетін болады. Яғни ол кезде тасымал Ресейге қымбатқа түспекші.
Бұл дағдарыстан үш жақ та қатты зардап шекті.

Егер Украина газға төлемақысын тіпті қысқа уақытқа болса да төлей алмаса, онда газсыз жұмыс істей алмайтын елдегі метал өңдеу және химия өндірістері тоқтап қалатын болады.

Ал Ресей ішкі жалпы өнімінің оннан бір бөлігі сыртқа газ сатудан түсіп отыр. Онсыз да 60 миллиард доллардай қарызы бар "Газпром" сол газ дағдарысы кезінде күніне 100 миллион доллар шамасында шығынға ұшырап отырды.

Еуропа болса, өз шығындарын енді есептеуге кірісті. Өнім өндірудің тоқтап қалуы себепті Еуропа бірнеше жүздеген миллион доллар шығынға батты.

20 күнге созылған бұл дағдарыс ЕуроОдақтың қосымша энергия көздерін табуға жедел кірісуі керектігін дәлелдеп берді дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG