"Жерге жығып, ұрып-соғып, қылқындырды"
Озодлиқ редакциясының қолына түскен фотода милиция қызметкерлері бір ер адамды жерге жығып, қолын бұрап, кісен салмақ болып жатыр. Суретті түсіргендердің айтуынша, жерде жатқан адам – Қашқадария облысы Қамашы ауданындағы шаруа Сирожиддин Құрбанов.
Озодлиқ телефон шалып сөйлескен Құрбанов фотодағы адам өзі екенін растады.
Оның айтуынша, оқиға биыл 17 мамыр күні Қамашы ауданында болған. Милицияның үш профилактика инспекторы фермерге күш қолданып, прокурорға апарған.
"Милиционерлер аудандық бөлімге баруың керек деді. Мен жұмысты тастап кете алмайтынымды, алқапта 20 қыз еңбек етіп жатқанын, суару жұмыстарын ұйымдастыруым және алыстағы егістік басына жұмысшыларды қайта апаруым керек екенін айттым. Олар "жоқ" деп, қолымды қайырып, жерге жығып, ұрып-соғып, тепкіледі. Біреуі мені қылғындырып, есімнен танып қалдым. Ес-түссіз жатқанымда да азаптады. Содан кейін қолыма кісен салып, милиция бөлімшесіне алып барды", – деді Сирожиддин Құрбанов.
Фермердің айтуынша, инспекторлар оны жұмыс киімін ауыстыруға мұрсат бермей, жалаңаяқ күйінде алып кеткен.
"Бізге ештеңе болмайды"
Құрбанов өзін инспекторлар құдды бір "аса қауіпті қылмыскер" сияқты ұстап жатқан сәтте оны милицияға не үшін апармақ болып жатқанын мүлде түсінбегенін айтты. Милиция бөліміне күштеп жеткізілгеннен кейін ғана оған жібек құрты пілләсін тапсыру жөніндегі жоспарды орындамадың деп айтқан.
"Мені ішкі істер бөлімі басшысының алдына алып барды, ол маған келісімшартқа қол қоюың керек деді. Мен піллә сатып алмағанмын. Бірақ піллә маусымы аяқталуға жақын қалған шақта мені мәжбүрлеп, келісімшартқа қол қойғызып алды", – деп шағынды фермер.
Сол күні Сирожиддин Құрбановты милицияда сағат 23:00-ге дейін ұстап, кейін босатқан.
Фермердің айтуынша, ол үйге келген соң жағдайы нашарлап, туыстары жедел жәрдем шақырып, 102 нөміріне телефон соғып, ішкі істер бөліміне хабар берген. Алайда мемлекеттік мекемелердің ешқайсы ешқандай шара қолданбаған.
18 мамырда "бүгін сараптау орны жұмыс істемейді" деген сылтаумен Құрбановтың арызын қабылдамаған. Тек 20 мамырда фермер облыстық прокуратураға шағым жазып, денесіне түскен жарақаттардың суретін қоса ұсынғаннан кейін ғана, араға төрт күн салып оған сараптамадан өтуге жолдама берілген. Ол кезде денесіндегі ұрып-соққаннан түскен көгерген іздерден ештеңе қалмаған еді.
Фермердің қолына сараптама қорытындысы әлі тиген жоқ. Ол өзін ұрып-соққандар жазасын алады дегенге сенбейді. Құрбановтың айтуынша, әлгі инспекторлардың бірі оған:
"Мың жерден шағынсаң да, біз мұндай күнде жасаймыз, бізге ештеңе болмайды", – депті.
"Жеріңді тартып аламыз деп қорқытады"
Өзбекстанда бірнеше жыл бұрын жібек шаруашылығын жекеменшік секторға беру туралы президент қаулысы күшіне енген болатын. Ресми мінбелерде өндіріс орталықтандырылып, жібек құртын өсіретін плантация саны жеткілікті болады деген уәде жиі айтылады.
Алайда сұхбат берген фермерлер аудан әкімі, прокурор я милиция басшысы сынды билік өкілдері оларды жібек құртын өсіру туралы келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлейтінін, егер көнбесең жеріңді тартып аламыз деп қорқытатынын айтады.
Журналистер Telegram-топтардағы жүздеген жазбаны зерттеген:
"Піллә тапсырмағанымыз үшін айыппұл салмайтын заман туа ма екен?"
"Менде шынымен пілләға қарайтын адам жоқ, жапырақ сатып алуға ақшам да жоқ. Күнара тракторшылардың еңбекақысын төлеп жатырмын. Қазір маған бидайға суспензия алуға және мақта егу науқанын аяқтауға кемінде 30 миллион сум қажет. Жібек құртына қарайтын адам екі қап ұн, май сатып әпер, тұт жапырағын кесетін жұмысшының еңбегіне және бензинге ақша төле деп отыр. Фермерлерді қорғаймыз дейтіндер, бұған не айтасыздар? Мен заң бұзған жоқпын, өтірік айтпаймын. Бірақ заңды белден басатындар бізге жұмыс істетпей жатса, не істеуіміз керек?".
Мессенджерлерде мұндай шағымдар жүздеп жарияланған. Кей фермерлер піллә таба алмай, жоспарды орындау үшін піллә сатып алуға мәжбүр болғанын айтып шағынған. Өзбекстанның кей өңірінде тұт ағашы мүлде өспесе де, билік шаруалардан піллә жоспарын орындауды талап етеді.
Бұл аз болса, мемлекет пілләні төмен бағамен сатып алады, яғни шаруашылық өзін-өзі ақтамайды. Қазіргі уақытта қабылдау орындары фермерлер мен үй шаруашылықтарынан бір келі пілләні 35-40 мың сумнан (2-3 доллар) сатып алып отыр. "Қара базардағы" бағасы – 70-75 мың сум (5-6 доллар).
Фермерлерге күш көрсету және өзіне қол салғандар
Өзбекстан заңы фермерге жібек шаруашылығына байланысты қандай да бір жеке жауапкершілік жүктемейді.
2020 жылы президент Шавкат Мирзияев шығарған "Өзбекстан Республикасында жібек және қаракөл шаруашылығын әрі қарай дамыту шаралары туралы" жарлықта бұл саланы отбасылық мердігерлік негізде дамыту, ал азық базасын жаңа тұт плантацияларын салу және қолда барын жаңғырту жолымен нығайту керек деп жазылған.
Оған қоса, "Фермер шаруашылығы туралы" заңның 22-бабына сәйкес, мемлекеттік және басқа органдар, олардың лауазымды тұлғалары фермердің шаруашылық қызметіне араласпауы тиіс.
Ал Өзбекстан Азаматтық кодексінің 354-бабында келісімшарт жасау азаматтар мен заңды тұлғалардың өз еркінде деп көрсетілген.
Бірақ іс жүзінде басқадай. Аудан әкімшілігі, прокуратура мен милиция өкілдерінің фермерге тікелей қысым жасап, күш көрсетуі жиі кездеседі.
2018 жылы Қашқадария облысы Қаршы ауданында милиция бастығы тұрғындарды бидай тапсыру жоспарын орындамағаны үшін соққыға жыққан. Ол әлгі адамдарға жоспарды орындау үшін көрші ауданнан бидай сатып ал деп талап қойған.
2024 жылы Сырдария облысы Баяут ауданының хокимі (әкім) Дильфуза Уралова жергілікті фермерлерді қорлап, милицияға олардың бірін астық жинау жоспарын орындамағаны үшін ұстауға бұйрық берген соң, Өзбекстанның Либерал-демократиялық партиясы ресми мәлімдеме жасады.
Партия telegram-арнасында жариялаған мәлімдемесінде кейінгі кезде елде фермерлер мен кәсіпкерлерге қысым күшейгенін, оларға өз мүлкіне иелік етуіне кедергілер жасалып жатқанын айтқан. Осы партияның депутаттары ел басшылығынан шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне қарсы шара қолдануды сұраған.
Шаруалар арасында қысым мен қорлықтан әбден зәтте болып, өзіне қол салатын жағдайға дейін жеткендер де бар:
- 2019 жылғы 24 сәуір – Қарақалпақстандағы Бируний ауданында 29 жастағы Шухрат Сапаевты өзіне қол салмақ болған жерінен туыстары дер кезінде байқап, аман алып қалған. Фермер мұндай шалт қадамға, мақта орнына көкөніс еккен жерін билік орындары тартып алғаннан кейін барған.
- 2018 жылғы 14 қазан – Сұрхандария облысы Денау ауданы тұрғыны 61 жастағы Шерали Бекназаров үйінің кіреберісінен өлі табылған. Туыстары мен көршілері журналистерге аудан басшысы оны мақта өткізу жоспарын орындамағаны үшін жұрттың көзінше қорлағаннан кейін фермер өзіне қол салды деп айтқан.
- 2018 жылдың маусым айы – Қашқадария облысы Миришқор ауданында 50 жастағы Шерали Давронов мезгілсіз қазаға ұшырады. Туыстары оны аудан басшысы бидай тапсыру жоспарын орындамадың деп айыптап, қорлап, ұрғаннан кейін Давронов өзіне қол салды деген.
- 2017 жыл – Қашқадария облысы Қасан ауданында 43 жастағы Өктам Ешмурадов өз егістік алқабындағы жазғы террасадан өлі табылған. Озодлиқ дереккөздерінің айтуынша, ол бидай тапсыру жоспарын орындамадың деп аудан әкімі ұрып-соққаннан кейін өзіне қол салған.
- 2015 жыл – Әндіжан облысы Избаскан ауданында 29 жастағы Нодирбек Хайдаров өмірін өзі қиды. Куәгерлердің айтуынша, өмірден кенеттен өтер алдында оны қоғамдық жиында аудан хокимі мен прокуроры бидай тапсыру жоспарын орындамаңдың деп сөгіп, қорлаған.
- 2014 жылдың қазан айы – Хорезм облысы Хазарас ауданында фермер Хабибулло Егамбердиев мақта жоспарын орындамағаны үшін жергілікті әкімдікке шақырылып, сөз естігеннен кейін өзіне қол салған.
- 2013 жыл – Ташкент облысы Янгийул (Жаңажол) ауданында фермер Турсунали Содиковты милиция бастығы ұрып-соққаннан кейін, ол жүрегі қысып, кейін ауруханада қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР