Шетел инвестициясы Қазақстаннан теріс айнала бастады: былтыр елдің жаңа тарихында алғаш рет шетелдік инвестиция теріс мәнге ауысты – минус 2,5 миллиард доллар болды. Ал экономикасы Қазақстаннан екі жарым есе кіші көрші Өзбекстан болса 2024 жылы шетелден 2,8 миллиард доллар тікелей инвестиция тартты. Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы орнынан айырылуы мүмкін бе?
Былтыр күзде Ташкентте қытайлық NETA электромобиль брендін көпшілікке таныстыру ерекше салтанатпен өтті – Өзбекстан мен Қытай тулары ілініп, оркестр музыка ойнап, гүлмен безендірілген жаңа автосалон су жаңа көліктерді жұрт назарына ұсынды. Бұл Орталық Азияда ашылған алғашқы NETA автосалоны еді. Салтанатты ашылу рәсіміне өзбек шенеуніктері мен Қытайдан келген автоөндіруші компания өкілдері қатысты.
Қытайлық бренд иесі Орталық Азия нарығына шығатын басты алаң ретінде Өзбекстанды таңдауы бекер емес екенін, себебі бұл ел аймақтың экономика және көлік хабына айналып келе жатқанын мәлімдеген. NETA auto вице-президенті Вильсон Сунь компания осы елде электромобиль өндірісін ашуды жоспарлап отырғанын айтқан.
Сол жылы күзде Ташкент қаласында Германияның люкс санатындағы көлік шығаратын Porsche брендінің аймақтағы бірінші шоурумы ашылды. Жапонның Sumitomo компаниясы Өзбекстанда логистикалық орталық пен баждан босатылған сауда аймақтарын құруға ниетті екенін жариялады.
2024 жылы жаңадан ашылған, көптеген әлемдік брендтер мен бөлшек сауда ритейлдерінің назарына ілінген Tashkent City Mall Орталық Азия аймағындағы ең үлкен молл атанды. Оның көлемі – 225 мың шаршы метр, бұл Алматы мен Астанадағы ірі делінген сауда – ойын-сауық орталықтарынан асып түседі.
Осыдан он жыл бұрын мұндайды елестетудің өзі қиын еді. Өзбекстан бірінші президент Ислам Каримов басқарған жылдары ұзақ уақыт бойы сыртқы әлемге жабық ел болды. Ал Шавкат Мирзияев билікке келген соң басталған реформалар елді инвестицияға ашық бағытқа бұрды.
Өзбекстан шетелдік инвестицияға қолайлы елге қалай айналды?
2017 жылы Ташкент қаржы секторын жаңғыртуды бастап, валютаны еркін айырбастауды қолданысқа енгізді. Оған дейін елде доллардың ресми бағамы бір басқа, ал қара нарықта мүлде басқа баға болатын. Валютамен есеп айырысу бизнеске үлкен қолайсыздық туғызатын. Мирзияев билікке келген соң инвестицияны қорғауға кепілдік беретін заң қабылданып, шетелден қаражат тартумен айналысатын мемлекеттік институттар құрылды. Шетелдік бизнес белгілі бір мерзімге салық төлеуден босатылды және басқа да жеңілдіктер жасалды.
Инвесторлар көп күттірмеді. 2019 жылы Hilton қонақүй желісі Ташкентте отель ашты. Одан кейінгі жылдары ондаған интернет-компания Өзбекстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркелді. Олардың арасында Netflix, Google Commerce, Google Voice, Apple Distribution International, Samsung Electronics сынды белгілі компаниялар да бар.
2023 жылы Nike трансұлттық компаниясы Әндіжан облысында спорт аяқ киімі өндірісін ашты. Онда тігілген кроссовкалар Орталық Азия мен Пәкістан нарығына шығады.
Ел шикізат қана емес, экспортқа шығаратын дайын өнім көлемін де жылдан жылға арттырып жатыр. Мысалы, шетке тоқыма бұйымдарын ("Made in Uzbekistan" белгісі бар киім-кешек Орталық Азияның өзге елдерінде нарықтан ойып тұрып орын алды), ауыл шаруашылық өнімдерін, тыңайтқыштар, машиналар сатады. 2023 жылы экспорт көлемі 8,4% өсіп, 27 миллиард долларға жетеқабыл болды. Оның 60%-дан астамы – дайын өнімдер.
Ал оған көрші Қазақстан, Орталық Азияда ең ірі экономикасы (ЖІӨ 288 миллиард доллардан асады, яғни Өзбекстанның көрсеткішінен екі жарым есе көп) бола тұра, былтыр экспортқа 81,6 миллиард доллардың өнімдерін шығарды, бұл 2023 жылғы көлемнен 3,1% артық. Экспортқа шығарылатын өнімдердің 77%-ға жуығы – минералды шикізат және аз өңделген металдар.
Кейінгі он жылда Қазақстан экспортының көлемі аздап қана, 4,3% өскен болса (78,2 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға дейін), Өзбекстан экспортының көлемі екі есеге жуық артқан (2014 жылы 13,5 миллиард долларға тең болатын).
— Кейінгі бірнеше жылда Өзбекстанға [инвесторлардың] ынтасы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұрын шетелдік делегациялар негізінен тек Қазақстанға баратын, ал қазір олар сапар жоспарына Ташкентті де қосатын болған, – деді Vlast.kz интернет ресурсының редакторы әрі Орталық Азия жөніндегі сарапшы Паоло Сорбелло. — Шетелдік инвесторлар пайыз мөлшерлемесі жоғары екендігіне қатты қызығып отыр, олар тіпті тәуекелге бел буып, мемлекеттік қарыз нарығына да инвестиция салуға әзір. Бұрын валюта бағамы құбылмалы әрі тұрақсыз болуына байланысты қауіп-қатер күшті болғандықтан ондай қадамға ешкім бармайтын.
АҚШ мемлекеттік департаменті 2024 жылға арналған инвестициялық климат туралы есебінде Өзбекстанды экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде сипаттаған. Құжатта Өзбекстан үкіметі шетелдік инвестицияларды "елдің даму саясатының асқақ мақсаттарына — кедейлікті жою және 2030 жылға қарай ортадан жоғары табысы бар елдер қатарына қосылу — қол жеткізу үшін аса қажет" деп қарайтыны айтылған. Мемлекеттік департамент Өзбекстанның экономикалық тұрғыдан аймақ көшбасшыларының біріне айналуға әлеуеті барын, бұл ең алдымен 37 миллион адам тұратын елдің ішкі нарығы ірі екендігінің әрі жылдам ұлғайып келе жатқанының, түрлі табиғи ресурстардың мол қоры және салыстырмалы түрде дамыған инфрақұрылым сияқты факторлардың арқасында мүмкін болып отыр деп жазған.
Ташкент өз әлеуетін барынша пайдалануға ұмтылып жатыр және ондай іс-әрекеттерінен нәтиже бары да байқалып отыр. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) бағалауынша, былтыр Орталық Азия елдерінің экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі 39 пайыз азайғанымен, Өзбекстанда оң көрсеткіштер тіркелген. Өзбекстанның ұлттық банкінің дерегінше, 2023 жылмен салыстырғанда Өзбекстанға тартылған ТШИ көлемі 32 пайыз артып, 2,8 миллиард АҚШ долларына тең болған.
Былтыр Қазақстанға келетін ТШИ айтарлықтай азайды. Ұлттық банктің ресми деректері бойынша, 2024 жылы елден кеткен таза капитал – 2,55 миллиард АҚШ доллар болған, осылайша өз тарихында алғаш рет теріс мәнге шықты. 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған инвестициялық саясат тұжырымдамасында 2024 жылы ТШИ көлемі 5,1 пайыз өсіп, 24,8 миллиард долларға жетеді деп жазылған еді. Бірақ іс жүзінде ол 28,5 пайыз төмендеп, 17,2 миллиард доллар деңгейіне түсті.
ҚАЗАҚСТАНҒА ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЮ НЕГЕ БӘСЕҢДЕДІ?
Қазақстан экономикасына инвестиция құюдың бәсеңдеуіне "өндіруші салаға, мәселен, мұнай-газ секторына салынатын инвестиция көлемінің қысқаруы негізгі себеп болып отыр. Бұл сала ұзақ уақыт бойы елге шетелдік капитал тартудың негізгі драйвері болатын" деп жазды қазақстандық "Halyk Finance" инвестициялық компаниясы.
Шетелден инвестиция тарту мақсатында құрылған Kazakh Invest ұлттық компаниясы шетелдік инвестиция көлемінің төмендеуінің негізгі себебін Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнында "Болашақ кеңейту жобасы" деп аталатын ірі өндірістік жобаның аяқталуымен байланыстырады. Бұл жобаға шамамен 46 миллиард доллардың инвестициясы құйылған.
"Елге келетін таза ТШИ ағынының төмендеуі бірқатар объективті экономикалық факторларға байланысты, – дейді ұлттық компания өкілдері шикізат нарығындағы жаһандық құбылмалы жағдайға сілтеп. Kazakh Invest капиталдың кетуі Қазақстанның инвестициялық саясатының кемшілігінен емес деп түсіндіреді. – 2024 жылы тіркелген [төмендеу] жайтқа – объективті экономикалық және циклдық факторлар әсерінен туған уақытша құбылыс деп қараған жөн".
Қазақстандық экономист, Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленов Kazakh Invest компаниясының әлгіндей сөзіне ішінара ғана келіседі. Ол басты мәселе – сыртқы емес, ішкі факторларда, атап айтқанда, мемлекеттік институттардың жұмыс тиімділігінің төмендігінде деп есептейді. Қайырленов елде Kazakh Invest компаниясынан басқа сыртқы істер министрлігі құрылымында инвестициялар жөніндегі комитет, аймақ басшыларының инвестиция тарту жөніндегі кеңесшілері барын, бизнесті қолдау бойынша түрлі құрылымдар құрылғанын, бірақ тұщымды нәтиже бермей отырғанын айтты.
– Ең алдымен әңгіме мемлекеттік басқару сапасының кемігені туралы болып отыр. Қазір жаңа Салық кодексін кеңінен талқылап жатыр. Салық – елдің инвестициялық тартымдылығы үшін аса маңызды нәрсе. Үкімет қосылған құн салығын (ҚҚС) көтермекші. Әуелде 20 пайыз деген, кейін 16 пайыз деп айтып жүр. Салық бойынша есепке қою шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету жоспарланған, бірақ кейін ол 40 миллион теңге болатыны айтылды. Алғашқыда ҚҚС өсімі есебінен 7,5 триллион теңге жинау жоспары болған, кейін ол 5 триллион теңге деп айтылды. Мәжілісте заң жобасының бірінші оқылымынан кейін енді 2,8 триллион теңге туралы сөз болып жатыр. Яғни бастапқы жоспарланған шамадан үш есе аз! Бұлайша құбылу қабылданып жатқан шешімдердің сапасы қандай екеніне нақты дәлел, – деді Қайырленов.
Оның есебі бойынша, үкімет ұсынып отырған өлшемдегі салық реформасы халықтың нақты табысын шамамен 12%-ға дейін азайтады. Бұл айтарлықтай құлдырау дейді экономист.
– Халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығын көлемі 56-57 пайызға дейін өседі. Салыстыру үшін айтар болсақ: Қаңтар оқиғасы кезінде бұл көрсеткіш 54 пайыз болған. Кейін 50 пайызға түсті. Біз әлеуметтік-экономикалық қауіп-қатердің күшеюіне тап боламыз. Ал инвесторлар ондайды ұнатпайды, – деді Қайырленов.
АҚШ мемлекеттік департаментінің 2024 жылғы есебінде Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бергі кезеңде нарық экономикасын құруда, институционалдық және құқық реформаларды жүзеге асыруда елеулі прогреске қол жеткізгенімен, сыбайлас жемқорлық, шектен асқан бюрократия, заңдарды өз ыңғайына қолдану және кейбір аймақтар мен салаларда білікті жұмыс күшінің тапшылығы мәселе туғызатыны айтылған. Есепте жазылғандай, шетелдік инвесторлар заң үстемдігі саласында жағдайды жақсарту керек, адам капиталына тереңірек инвестиция салып, көлік және логистика инфрақұрылымдарын жетілдіру, сауда саясатын ашық әрі икемді қылу, жұмысқа рұқсат беру тәртібін қолайлы жасау және салық әкімшілігін тұтынушыға бағытталған әрі бірізді ету қажет деген".
Қазақстан мен Өзбекстан: аймақтағы бақталастық тарихы
Совет тұсында Қазақстан мен Өзбекстан элиталары арасында Мәскеудің ықыласына ие болу үшін үнсіз бәсеке бар болатын. Совет өкіметі тарап кетті де, билік басында бұрынғы партноменклатура өкілдері Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан) пен Ислам Каримов (Өзбекстан) қалды.
Сол кездегі жағдайға куә болған саясаткерлер мен дипломаттар бұл екі автократ басшының өзара қарым-қатынасы күрделі, ал көптеген мәселелер бойынша көзқарасы көбіне қарама-қайшы болды дейді.
Каримов Өзбекстанды сыртқы саяси және экономикалық күштерден оқшаулауға тырысты, ал Назарбаев болса, елдегі аса бай мұнай қорына шетелдік компанияларға есік ашып, Қазақстанды шетелдік инвесторларға ашық прогрессивті ел ретінде көрсетуге тырысты деп жазды өз естелігінде АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Джордж Крол. "Тұнжырап" жүретін Каримов әлемдік лидерлердің тілін табуды меңгерген Назарбаевты аса "жақтыра бермейтін" дейді ол.
2016 жылы Каримов қайтыс болған соң орнына келген Шавкат Мирзияев Орталық Азиядағы көрші елдермен тату-тәтті, достық қатынас орнатуға бет бұрды. Көлемі және экономикасы жағынан аймақтағы екі ірі ел – Қазақстан мен Өзбекстан 2022 жылы одақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойып, ол былтыр күшіне енді. Ресми Астана мен Ташкент бір-бірін сан ғасырлық ортақ тарихы бар стратегиялық серіктес және бауырлас ел деп атайды.
Алайда кейбір бірлескен жобалар кібіртіктеп жатыр. 2020 жылы екі ел шекарада бірлескен көлік-логистикалық хаб салу туралы жоспары барын жариялап, тиісті хаттамаға қол қойған. БАҚ оны Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада жұмыс істеп тұрған "Қорғас" сауда-экономикалық орталығы сияқты жоба болады деп жазды. Жаңа орталықты Сарыағаш пен Ташкент арасындағы "Жібек Жолы" және "Гишт-Куприк" шекаралық өткізу бекеті орналасқан ауданда салу жоспарланып отыр деген ақпарат болған. Осы жерден Өзбекстанды Қазақстан арқылы Ресеймен және Еуропамен жалғайтын аса маңызды құрлық дәлізі түседі, осылайша Өзбекстаннан шыққан жүкті теңіз портына дейін жеткізуге мүмкіндік туады деп айтылған.
Бірақ содан бері бес жыл өтсе де, ол хабтың әлі он екіде бір нұсқасы жоқ. Қазір жобаны қайта жаңғыртып, "Атамекен" мен "Гулистан" шекара бекеттері маңынан салу жоспарланып отыр. Үкімет шенеуніктері жоба жүк тасымалын тездетіп, логистика шығындарын азайтуға, соның арқасында тұтынушы пайдаланатын өнімнің түпкілікті бағасын төмендетуге септеседі деп тағы да бұрынғы әңгімені айта бастады.
Екі ел арасындағы қарым-қатынаста бәсекелестік пен қызғаныш бар ма? Иә деп те, жоқ деп те айтуға болады дейді сарапшылар.
– Қазақстан мен Өзбекстан арасында ТШИ тарту бойынша ашық тайталас болмаса да, белгілі бір деңгейде бәсекелестік жүріп жатыр. Өйткені Орталық Азияға бағытталған инвестиция көлемі шектеулі. Яғни, бір елге инвестиция көбірек құйылса, екіншісіне азаятыны заңдылық, – дейді Паоло Сорбелло.
Марат Қайырленов қазіргі таңда мемлекеттік басқару сапасы жағынан Өзбекстан Қазақстаннан алда тұр деп есептейді. Қазақстан экономикасы жағынан Орталық Азиядағы көшбасшы рөлінен айырылуы мүмкін бе деген сұраққа экономист "теория жүзінде бәрі де мүмкін" деп жауап қатты.
– Іс жүзінде еліміздің экономикасы – 288 миллиард доллар, ал Өзбекстанда бірнеше есе аз. Дегенмен, бұл арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес. Былтыр инвестиция көлемі ЖІӨ-нің 14 пайызына тең болды, бұл кейінгі 27 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Біз шынымен де экономикалық саясатты түбегейлі жақсартып, мемлекеттік басқару сапасын арттырып, жаңа басқарушылар іздеуге кірісуіміз керек, – деді ол. – Тек бар нәрсені қайта ойлап табудың қажеті жоқ. Облыс әкімдерін сайлау жүйесін енгізу керек, мемлекеттік қызметте және жекеменшік компанияларда өзін жақсы жағынан көрсете білген менеджерлерді іздеген жөн. Сайлау жүйесі бірнеше кезеңнен кейін ең қабілетті, дарынды, экономиканы дамыту қолынан келетін менеджерлерді іріктеп шығарады.
Қазақстанда шикізатқа тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру қажеттігі жайлы айтылып келе жатқалы ондаған жыл өтті. Бірақ іс жүзінде өзгеріп жатқаны шамалы. Ал инвесторлар болса Өзбекстанға көбірек назар аудара бастаған.
– Өзбекстан экономикасы анағұрлым әртараптандырылған. Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ секторында шоғырланған, – дейді Орталық Азия бойынша маман Паоло Сорбелло. – Ал Өзбекстан инвесторларға әлдеқайда кең мүмкіндіктер спектрін ұсынып, болашақтағы экономикалық дағдарыстарды Қазақстанға қарағанда жеңіл еңсеруге кепілдік бере алады. Өйткені Қазақстанның ЖІӨ-сі шикізат бағасына тым қатты тәуелді.
ПІКІРЛЕР